22.06.2022
149
ОРКИІК
Бір уыс бұлттай бал дене
Суырылып шығып ақ нұрдан,
Көзімнен ұшқан сәуледей
Зу ете түсті-ау, алдымнан.
Жөнелді-ау, желмен өбісіп,
Тұңғиық түпсіз аймаққа...
Жалғанның жалғыз серісі,
Барасың жалғыз қай жаққа?!
Басыңа қандай туды күн,
Қалды ма көңілің жат елден,
Құйын боп жүрген мұңлығым,
Құтылармысың қатерден?
Еркелеп қырдың таңына,
Жанарың шықтай мөлдіреп,
Кездесермісің тағы да,
Көрісермісің соңғы рет?
Сен бе едің алау шаттығым
Зуылдап өтер бір келіп?
Дүниенің мөлдір пәктігі
Өзіңмен ғана жүр ме еріп?
Кеттің-ау бетке күнді ұстап,
Шыққандай жаңа пейіштен...
Сен ұшқан жаққа бірге ұшты-ау
Менің бір аппақ періштем.