ЖАДЫРАҒАН ЖАНЫ КҮНДЕЙ ЖЕҢЕШЕМ!
Мен айтқалы отырған жай келін боп түскен қазақ қыздарының кез- келгенінің дерлік басынан өткеніне күмәнім жоқ. Бөтен елге, таны- майтын ортаға келген әр қыздың көңілінде «қалай қарсы алар екен? жылы қабақ танытар ма екен?» деген алаңдаушылықтың болаты- нын ақ жаулықтының қай-қайсысы да мойындайды. Және сол күнгі
толқынысы бұдан кейінгі толқыныстардың бәрінен асып түсіп, сол күнгі сезімі өмір бойы жүрегін лүпілдетіп өтетіні де рас. Кейін сол сезімін күле еске алып, қанша жасқа келсе де келін боп түскен күнгі оқиғаларды ине-жіпке тізгендей етіп айтып беретіндер қаншама! Себебі мұндай сезімді ақ батамен ұзатылып, ақ тілекпен табалдырық аттағандар ғана бастан кешері анық. Ал салт-дәстүрді белден басып, жолдан қосылған, қазіргінің тілімен айтқанда «азаматтық некеде» тұрып, бала туғандардың маңдайына жүрек толқытар мұндай шырай- лы сәттер жазылмайтыны түсінікті.
Осыдан көп жыл бұрын, арманымдай аппақ көйлек киіп, ақ же- лек жамылып, ең бастысы, бақытты болатыныма имандай сеніп, қыз баланың бәрі жүретін жолменен мен де басқа елге келін болып түскен едім. Улап-шулаған жастар тобы өз қызығымызға өзіміз мәз болып жүріп, Торғай мен Қызылорданың арасындағы жолдың ұзақтығын, бірнеше рет көлік ауыстырып мінетінімізді, ол көліктердің біз жүретін станцияларда түйісу уақыттарын, билет табылмай қалатынын ойла- стырмаппыз. Межелі уақыттан кешігуімізді туыс-туған әрқалай жо- рып уайымдаса, қан қысымы ойнақшып, жиі мазалайтын анамыз қатты ауырып қалыпты. Оның бәрін кейін, той тарқап, жұрт аяғы басылғанда білдік қой.
Ал сол мезетте, ауыл қасынан өтетін үлкен автобустан түскен бізді танып, жолға беттеген адамдарға қарай тұра жүгірген жігітім топ алдында келе жатқан ақ жаулықты әйелді құшақтай алғанда, енемнің сол кісі екендігін біліп, жүрегім атқақтай жөнелгені есімде. Жүрісім де баяулап, кібіртіктедім де қалдым. Ана мен бала дүниенің бәрі ұмытып, ұзақ құшақтасып тұрды. Бәлкім анасы баласының отау құрмақ болғанына қуанғанын, қал-қадерінше дайындалып жатқанын, бірақ неше күн хабар бермегеніне уайымдап, ауырып қалғанын айтқан болар... Баласы да анасын әбігерге салғанына қысылып, қайта-қайта кешірім сұраған болуы керек, бетінен сүйіп, иығынан құшақтап... со- дан екеуі әңгімелескен күйі үйге қарай беттегенде... бойымды таңданыс пен абыржу қатар билеген.
Көркем әдебиеттен келін түсіретін үйдің анасы босағасынан аттағалы тұрған жасты маңдайынан сүйіп, ақ тілекпен қарсы алатыны туралы оқып өскендіктен, «тасқа басылғанның бәрі рас» деп қабылдайтын мен өмірде де кітапта жазылғандай болуы керек деп ойлайтыным рас-ты. Оның үстіне қасымдағы қыздар да «бізге неге келмеді?» деп күңкілдесіп қояды. Он тоғыздан енді асқан адам ақылдан гөрі сезімнің
жетегінде жүретіні түсінікті. Оның үстіне қыздардың күңкілі де әсер еткен болуы керек... мен біресе «келгенімді ұнатпады ма?» деп уайым- дап, біресе өкпелеп, шымылдықтың ішінде бұртиып отырдым.
Сол кезде шымылдықтың ар жағындағы әйелдердің әлдекімді ортаға алып «қолың ұзарды, Рахия!», «жеңеше, келініңді көрімдіксіз көрсетпейміз», «абысын, қолымызды майламайынша шымылдыққа кіргізбейміз» деп қуана дабырласқан дауыстары естіліп, іле желбіршегі төгіліп тұрған шымылдықты серпе ашып, Сіз кіріп келдіңіз, Жеңеше!
Ақсары жүзіңіз алаулап, көкшіл көздеріңізден мейрімді сәуле төгіліп
«қане, қане, көрсетіңдерші келінімді» деп жарқылдай сөйлеген Сіздің риясыз қуанышыңыз шымылдық ішін нұрға толтырып жібергендей көрінді маған...
Қайныңызды құшақтап «Құсың құтты болсын, Үлкен бала!» деп, одан кейін мені бауырыңызға бастыңыз да «Қадамың құтты болсын, Ка- маш!» депбетімненсүйдіңіз. Менің осығандейінгіалаңдаушылығымды, уайымымды, өкпемді – бәрін-бәрін Сіздің жарқын жүзіңіз бен бір ауыз сөзіңіз ұмыттырып жіберген-ді.
Той өткен күннің ертеңінен бастап Сіз маған отбасылық тірліктің сабақтарын үйрете бастадыңыз – ақыл айтып емес, өз өнегеңізбен көрсеттіңіз. Ерте тұрып, сиыр сауып келіп, пешке от жағасыз – мен қасыңызда жүремін. Себебі қалада өскен мен үшін бұл тірліктің бәрі де таңсық әрі қолымнан келместей қиын көрінетін. Жаққан отым тұтанбай, менің қорқып тұрғанымды сезгендей алара қараған сиырға жақындай алмай қор болдым. Сіз келіп, үрлеп-үрлеп жібергенде бықсып жатқан пештің оты лап етіп жанып, бауырына Сіз отырғанда жаңа ғана аларып тұрған сиыр бейқам күйсеуге көшетініне таң қалатынмын.
Бір мезгіл жұмысыңызға жүгіріп кетесіз, ондайда мен елеңдеп, жалғызсырап қаламын. Бесікте жатқан Эльмираны шешіп алып, ой- наймын, апамыздың құдайы-шәй, тойлардан әкелген жыртыстарынан ізімнен қалмай жүрген Ботаға арнап, неше түрлі көйлек тігемін. «Іс тігу қолыңнан келеді екен ғой?» деді менің ермек үшін тігіп жүрген көйлектерімді көрген енем сүйсіне сөйлеп. «Келеді», – деймін анамның ісмерлігі бойыма қонғанына іштей тәубе қылып. «Бәсе, маған келген келіннің бір өнері болуы керек-ті», – дейді ол кісі. Даусында марқаю, мақтаныш бар. Сөйтсем Сіз ауылдың бүкіл қыздары сәнді көйлек тіктіретін шебер екенсіз. Енеміз соны мақтан етіп айтып отыр екен.
Сіздің қарыстап өлшеп, көз мөлшерімен пішкен көйлектеріңіз қыздарға қона кетеді. «Мына жеріне желбіршек тігейік, мына жеріне
көлбеу қалта салайық, жағаны үшкір емес дөңгелетіп пішсеңіз, әдемірек болады» деп мен де ұсыныстар айтып қоямын. Сіздің құлақ асатыныңызды байқап, кейде тіпті батылданып кетемін: «Қалада солай тігеді, жеңеше, етекті бүрмей, қатпар салайық, жеңінің аузын, сосын мына бір жерін басқа түсті матамен көмкерсек, тіпті әдемі болады» деймін. Енеміздің екеуара күбірлескен біздерге сүйсіне қарайтынын осы қарым-қатынасымызды құптағаны деп қабылдап, Сізге тіпті жақындай түсемін.
Біз кішкентайлы болғанда «академиялық демалыс аламын» дегенімді енем құптамай, «жұрт Биханның келіні екінші жылға қалып қойыпты дейді, бірдеңе етіп бағамыз» деп баланы өз бауырына салды. Әрине, бала бағудың бар қиыншылығын екеуіңіз көргендеріңізді білемін әрі шексіз ризамын. Қолымызға тоғыз жасында келген ұлыңыздың Сізді
«мама» деп, мені «Камаш» дейтініне титтей де қызғанышым жоғы со- дан болар, Жеңеше.
Қазіргідей емес, дүниенің қат кезі еді ол, бүгінгі сан түрлі дыбыс- бейне-аппаратуралар түгіл телевизордың өзі үй сайын кездесе бермейтін. Бүгінде қос-қос тоңазытқыштың есігін тарс-тұрс ашып, ішінен қалағанын алып жеп жүрген немерелеріңіз біздің жас кезімізде мұны байлықтың, баршылықтың белгісіндей дүние болды десек сенбейтін шығар. Бірақ тоңазытқыш жоқ болса да Сіз ашытқан көже шілденің ыстығында да мұп-мұздай болып, Гүлән жеңгеміз айтқандай,
«аңқам кеуіп келгенде көжесінен маңдай терім бұрқ ете қалды ғой» деп, талай адам алғысын жаудырғанын естігенбіз.
Сіздің оқуға құмарлығыңыз өзгеше бір әңгімеге арқау боларлық жай. Енеміз мұны да айтып отыратын. «Бұл оқымайтын кәзит-жорнал жоқ, күндіз іс тігіп көзінің майын тауысады, түнде қағаз оқиды, көзіңді құртасың десем тыңдамайды ғой» деп маған да айтқан. Тіпті бір-екі рет жарықты сөндіріп тастапты. Енді не істер екен деп, бөлмеңізге бас сұққанда көрпені бүркеніп, қайныңыздың қол шамының (фонариктің) жарығымен кітап оқып жатқаныңыздың үстінен түседі. Ішіндегі жүні собалақтанып қалған көне көрпенің әр жерінен жылтыраған отты көріп, жанып жатыр екен деп ойлап, көрпені жұлып алса, самауырға түскен айдың жарығымен кітап оқыған Горькийдің кейіпкері сияқтанып, оқуға беріліп кеткен Сізді көргенде: «Саған дауа жоқ екен!» депті бар болғаны.
Ауылда болатын жиын-тойларда қызмет істеп зыр жүгірген қыз- келіншектердің ұйытқысы да Сіз болатынсыз, Жеңеше. «Сенің туысың»,
«менің туысым» деп бөлмей, қай үйдің болмасын тірлігіне білек сыба- на кірісіп, тамағын асып, бауырсағын пісіріп, тіпті ыдыс-аяғына дейін жуып, қаз-қатар тізіп кететін Сізге үлкендер ризашылығын білдіріп,
«болсаң, Рахия келіндей бол!» деп батасын жаудырып отырар еді. Ал маған Сіз білмейтін, Сіздің қолыңыздан келмейтін шаруа жоқтай көрінетін.
Күнделікті жұмысыңыз, үй тірлігі, бірінен кейін бірі туған бес баланың тәрбиесі, алыстағы ата-анаға қарайласу, киім тігіп, киіз басу, қайынсіңліңіз бен сіңлілеріңіздің жасауына деп түкті кілем тоқу, оның сыртында ағайын-туғанның шаруасына қолғабыс жасау сияқты шаруалардың ешқайсысын қиынсынбай, жарқылдап жүріп тындыра- тынсыз. Соншама күшті қайда табады екен деп ойлайтынмын. Сөйтсем ол күшті бақытты өміріңіз: сүйікті жарыңыз Мейірхан ағамен тату-тәтті тірлігіңіз, ұл-қыздарыңыздың балдай тәтті қылықтары, үлкендердің алғысы мен біз сияқты соңдарыңыздан ерген жандардың сый-құрметі береді екен. Өмірдің осылай жалғаса беретініне шексіз сенген бо- ларсыз, біз де солай ойлаушы едік. Бірақ әдемі, әсем әлеміңіз бір-ақ күнде тас-талқан болды: он сегіз жасыңызда қосылған жан-жарыңыз, бәрімізге қамқор, мейірімді ағамыз кенеттен қаза тапты...
Тұп-тұнық көлдей көкшіл көздеріңізді мұң басты. Мойылдай қара шашыңызға ақ түсті. Жетілмеген жас балалар, денсаулығы сыр бере бастаған қарт ене қолыңызда қалды. Сіз майыстыңыз, бірақ сынбадыңыз, Жеңеше!
Бүгінде ойлап отырсам, сонда сіз небары 29 жаста едіңіз ғой, Жеңеше... Ақындар «мен қазақ қыздарына қайран қалам» дегенде Сіз сияқты қыздар туралы айтқан шығар-ақ. Әйтпесе, Сіздің жасыңызда шиеттей бес баламен жесір қалып, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бес бала түгіл, соқа бастарын алып жүре алмай, күн көрудің жеңіл жол- дарын іздеп, ақшалы, қызметті еркектерді жағалап, талай азаматтың ұйыған отбасыларын ойрандап жүрген «қыз-сымақтар» қаншама! Сірә, ондайларға Сіз сияқты өнегелі ана тәрбие бермеген болар.
Ал Сіздің тәрбиеңізді көрген алты балаңыз бүгінде алты ауылдың сәні болып, ұл өсіріп, қыз өсіріп отыр. Әрқайсысы әр салада еңбек етіп, елінің өсіп-өркендеуіне қал-қадерінше үлес қосуда. Олардың өздерін Сіздің алдыңызда шексіз қарыздар екендігін түсінетініне сенімім мол. Олар түгілі мен де өзімді Сіздің алдыңызда қарыздармын деп есептеймін. Қиын кезде мойымауды үйреткеніңіз үшін. Құстай ұшып
келіп, қасымда қарайып отырғаныңыз үшін. Өз өнегеңізбен тағдыр салған қандай сыннан болса да өтуге ұмтылдырғаныңыз үшін.
Бүгінде Сіз ер жеткен балаларыңыздың «жедел жәрдемі» сияқтысыз. Біресе жиеніңізді бағуға Алматыға не Қызылордаға жол тартасыз, біресе немере күтіміне көмектесемін деп Астанаға келесіз. Сіз қолыңызға алғанда осыған дейін шырқырап жылаған бала да ты- нышталып, маужырап ұйқыға кетеді. Бұл да болса, сіздің қолыңыздың қасиетінен болар, Жеңеше. Сіз келгенде бала түгіл, өкшеңізді басып келе жатқан біз де, түйткілді шаруаның бәрі де оңынан шешілетініне сеніп, арқамызды кеңге саламыз.
Балаларыңыз жыл сайын демалыстарында немесе мереке күндері қарлығаштарын ертіп, Манап Көкенов атындағы ауылдың ең ерекше үйін бетке алады. Ерекшесі сол, Сіз осы ауылда аулаңызға гүл егіп, небір жеміс-жидек ағашын отырғызып, тағы бір өнеге көрсеттіңіз. Шілде айында, тоған суы тартылып, ауылға су келетін арық қаңсып жатқанда, Сіз оларды құдықтан су тартып суарасыз. Сондықтан да, басқа ағаштардан өң кеткенде Сіздің аулаңыз жасыл желекке малы- нып, аптаптан бас сауғалағандарды саясына шақырып тұрады. Кейде маған жасыл желекке жамылған аулаңыз Сіздің өзіңізді бейнелейтіндей көрінеді. Сірә, туыс-туғанның тығырыққа тірелген, қиналған та- лай баласына пана болып, олардың аяқтарына нық тұрып кетуіне көмектескеніңізді білетіндігімнен шығар.
Әр жемісті жұлып жеп, ауыздары ағал-жағал болған немерелердің жүрген жүрісін, былдырлаған тілін қызықтап, қарап отырған Сіздің көзіңізден сол баяғы, өзім келін боп түскен күнгі мейірлі нұрды көремін. Көремін де сол нұрдың әлі де ұзақ жылдар бойы жанымызды шуаққа бөлеп жүруін тілеймін, Жеңеше!
2011 ж.