ШУАҚТЫ ОТБАСЫ
Сырт қараған адамға Серік пен Ханымның өздері сияқты ерлі- зайыпты жұптардан еш айырмашылығы жоқ. Кеңес дәуірінде туып- өсіп, білім алған, отбасын құрып, сол кезеңнің «стандартына» сәйкес бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ата-ана. Мұндай отбасылар елімізде жүздеп, мыңдап саналады. Таяуда бұл жұпты сол өздері сияқты от- басылардан ерекшелендірген, біреуімізді сүйсіндіріп, біреуімізді таңырқатқан бір жай болды. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген ұлағатты сөздерді естіп өскен замандастардың құлағына алтын сырға болсын деп осы жайды көпке баян еткіміз келді.
Әу баста екеуімен танысып, араласа бастауымызға бұл отбасының ұлттық құндылықтарымызға: тілімізге, дәстүр-салтымызға деген өзгеше көзқарастары себепші болды. Орыс мектебін бітіріп, Ленин- градта жоғары білім алған Серік пен Ханымның ана тілімізге, ата салтымызға, төл әдебиетіміз бен өнерімізге деген құштарлығы шет жақтың ықпалымен қалыптасқан осы санаттағы отбасылардан ерек- ше екендігі бірден байқалды. Ресейден оралғаннан кейін екеуі әуелі тың игеру науқаны жүргізілген, одан кейін ауыр индустриясы басым дамыған өңірлерде, қазақ тілі қолданылмайтын салаларда қызмет етеді. Ол кездердегі ахуал бәрімізге белгілі. Ана тіліміздің иісі шықпайтын жүйелерде жұмыс істеген талай азаматтың өз тілін ұмытуына әкеп соққан саясаттың салдары олардан кейінгі ұрпақтарды да шарпығанын білеміз. Бір айырмашылығы: кейбіреулер туған тілін білмейтінін сол саясатқа ысыра салып, әлі күнге екі сөздің басын құрап сөйлей алмай- ды. Ұл-қыздары да қазақ тілінен мақұрым.
Ал екінші топтағылар тілге қатысты тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың құлдығынан арылып, туған тілдің тұнығына құмарлана бас қойды. Біздің кейіпкерлеріміз осы топқа жатады. Сондықтан да, өзі де талмай үйреніп, ортасына да ана тілімізді насихаттап жүретін Ханымның қазақ ақын-жазушыларының 10 мен 15 жас аралығындағы балаларға арналған кітаптарын табуға көмектесуімді сұрағанына таңдана қойған жоқпын. Тек бұлардың қызы мен ұлының қызмет істеп жүргеніне де біршама уақыт болғанын білетіндіктен, «ауылдағы ағайынның балаларына жіберуге ме?» деп сұрағанмын. «Жоқ, үйдегі балаларға, – деді Ханым маған күлімсірей қарап. – Секең екеуміз аяқ астынан екі қызды, бір ұлды болып жатырмыз».
Сөйтсек, оқиға былай болған екен.
Әскери құрылымдарда жұмыс істейтіндердің зейнетке ерте шығатыны белгілі, бірақ іскер, білімді, уақытпен есептеспей жұмыс істеп үйренген бұл сала адамдарының үйде бос отыратындары некен-саяқ. Ер жасына жете салып зейнетке шыққан Серік Ахметов те көп ұзамай бір қызметке орналасады. Бұл ұйымдар мен мекемелерге коммуналдық қызметтер көрсететін, яғни көше сыпыру, еден жуу сияқты ауыр жұмыс істейтін адамдардың жұмысын үйлестіріп отыратын фирма екен. Ешқандай дипломды, жұмыс стажын талап етпейтін мұндай қара жұмысты істейтіндердің басым бөлігі есесі кетіп жатқандармен дауласудан да жүрексінетін, момын, ұяң және ең бастысы – орысша сөйлей алмай- тын оралмандар болатын. «Бізге сенің қазақшаң керек» дейді Серікті жұмысқа шақырған фирманың басшысы.
Жаңа міндетіне белсене кірісіп кеткен Секең жұмыс берушілер мен оны атқарушылардың арасындағы қатынастарды шебер үйлестіріп, екі жақ үшін де сыйлы маманға айналады. Әсіресе, түсінігі мол, жүрегі жұмсақ, арыз-шағымыңа құлақ түріп, ұдайы көмек қолын созуға дай- ын кісінің келгеніне қарапайым жұмысшылар қуанышты еді. Түрлі кеңселерге апаратын қағаздарын толтыруға көмектесіп, қажетті кеңес беріп, қандай да бір қиын мәселелерін шешуге көмектесе алғанына Секеңнің өзі де риза. Бірде кадр бөлімінде істейтін кісі оған ілби басып кетіп бара жатқан бір әйелді көрсетіп: «Байғұстың жағдайы өте ауыр. Моңғолиядан келген, аты Айнагүл. Бері қарай көшкелі отырғанда күйеуі қайтыс болыпты. Үш баласымен «Қояндыда» біреудің сарай- ында тұрады, ішінде пеші де жоқ көрінеді» дейді.
Өткен жылғы қаһарлы қыс көптің есінде болар. Секең күні бойы суық сарайда бүрсең қағып отырған балаларды көз алдына елестетіп, әбден мазасы кетеді. Жұмыс аяғында бағанағы әйелді тауып алып, жағдайын тәптіштеп сұрай бастайды. Алғашында түртінектеп, орал- мандарды айналып шықпайтын көп тексерушінің бірі ме деп қорқып кеткен Айнагүл Секеңнің жанашырлықпен сұрап тұрғанын түсінген соң, жылап тұрып бар жағдайын айтып береді. Айнагүлге басу айтып,
«бір амалын табармыз» деп кеткен Серік іштей бір ойға бекіп, «Ха- ным не дер екен?» деп еш күдіктенбегенін, ол табалдырықтан аттар- аттамастан бар жағдайды баяндап, шешімін де айта салғанын бүгінде ризашылықпен еске алады.
Негізінен Серік пен Ханымның өздері де заманына сай білім алып, қызмет еткен, көзі ашық, көкірегі ояу ата-ананың тәрбиесін алған адамдар. Бақ-дәулеттері бір бастарына жететін сол кісілер ең үлкен бақыт – қорадағы мал емес, қалтадағы ақша емес, адамдардың алғысы
екенін балаларының санасына сіңіріп өсірсе керек. Тіпті бұларды бір- біріне жақындатып, ақыры отау құруға алып келген де бойларындағы ұқсастық: жігіт Серік пен қыз Ханымның біреуге көмектесуге, жақсылық жасауға асығып тұратыны болыпты. Міне, отыз жыл бойы сол әдеттерінен жаңылмаған ерлі-зайыпты Ахметовтер дос-жаранды таң қалдырып, тағы бір қадам игі жасап отыр.
«Жерде бір жетім жыласа, көкте періштенің денесі түршігеді» деп айтып отырушы еді анам, – дейді Ханым. – Секең балалардың пешсіз үйде, шешелерінің мардымсыз жалақысына бірде аш, бірде тоқ күн кешіп жатқанын қиналып айтқаны сонша, екеуміз таңды әзер атырдық. Ертеңіне Айнагүлді балаларымен ауладағы шағын үйге көшіріп алдық».
Содан бері Жантолқын, Қырғауыл мен Бауыржан аналарымен бірге ерлі-зайыпты Ахметовтердің қанатының астында күн кешуде.
«Біз өзіміз қолға үйреткендер үшін жауаптымыз» демеуші ме еді Антуан де Сент Экзюперидің кейіпкері. Серік пен Ханым да ешбір есепсіз, ешкімге дабыраламай үлкен қадам жасап, ата жұртына келгелі жылы қабақ танытпаған ортадан көңілдері қала бастаған балалардың тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойындарына алыпты.
Ең алдымен мектептерін ауыстырды. Жаңа мектептің директо- рына кіріп, балалар асханадан тамақтанатын етіп келісті. Сосын
«Қояндыдағы» бері қарай бірге көшкен жерлестеріне қиналмай барып- келіп жүруі үшін автобуста тегін жүретін билет бергіздірді. Ата-ана- лар комитетіне барып, бір киер киімдерін жаңалатты. «Бұл әшейін ұсақ-түйек қой, «мектептің қорында» жиналатын қаражат түрлі шәй ішулерге емес, осындай мақсатқа жұмсалуы керек, – дейді заңды жақсы білетін Секең. – Ал негізгі заттарын алу үшін Айнагүлдің өзіне ақша беріп, базарға жібердік. Төртеуі шаршап-шалдығып, бірақ мәз боп, бунақ-түйнектерін көтеріп кешке бір-ақ келді».
Бұл кезде Ханым Қырғауыл екеуі дастархан жасап жүр еді. Екеуінің күбірлескеніне құлақ түрдім.
«Тамақ ішкенде дастарханға салатты қоямыз, ал шәй ішкенде то- сапты қоямыз» дейді Ханым баяу ғана. Қызылшадан жасалған салат пен қарақаттан қайнатылған тосапты ұзақ айналдырып қарап тұрған Қырғауылдың оң қолындағы ыдысты «осы» дегендей елеусіз ғана нұсқайды.
«Оны білетін шығар...» – деймін әңгімелеріне араласып.
«Жо-ға, – дейді Айнагүл ақсия күліп. – Біз малшы болдық, ауа райы қатал, жеріміз қуаң. Егіс егумен айналысқан емеспіз. Қай шөптің қалай аталатынын Ханым апайдан сұрап біліп жатырмыз».
Балалардың үлкені – Жантолқын, Қырғауыл одан екі жас кіші екен. Екі қыз жасы 10-ға енді толатын Бауыржанды өбектеп, үстінен шы- бын ұшырмауға бар. Ағайынды үшеудің бір-біріне деген қамқорлығы көрген адамның ішін елжіретеді. Әлде, шекара асқалы тұрғанда қайтыс болған әкелерінің жоқтығын білмей, еркін өссін дей ме екен, небір жылы сөздермен еркелетіп сөйлейтінін айтсаңшы.
Ал Серіктің Бауыржанның болашағына қатысты өзіндік жоспары бар, оны келешекте республикалық ұлан мектебіне бермекші. Таяу- да арнайы барып, мектепке қабылдау ережесімен танысып қайтыпты, онда 5 сыныптан бастап алады екен. Әрине, оған дейін уақытты бос өткізбеуі керек. Бұлшық еттерін шынықтыра берсін деп велосипед алып берді, қыста шаңғы тептіремін деп отыр. «Әкесінен ерте айы- рылды, сондықтан оның түрлі топтарға қосылып кетпеуі үшін, дұрыс тәрбие алуы үшін осындай оқу орнында білім алғаны жөн, екінші жағынан мемлекет қамқорлығында болса, материалдық жағынан шешесіне жеңілдеу ғой» деп ой бөліседі.
Ханым қыздарды үй тірлігіне баулып, түрлі тамақ істеуді үйретуде. Уақыт өте өзі дәріс беретін азпаздық курстарға қатыстырмақ ойы да бар.
«Айнагүл ою ойып, сырмақ сырады екен. Қыздарды да кішкентайынан соған үйретіпті. Көңілі қалаған іспен айналыса берсін деп мата, жіп сияқты керек-жарақтарын алып бердік, ою жапсырылатын жұқа киіз өзінде бар екен. Соларды пайдаланып біршама заттарды жасап шығарды. Өткенде біраз бұйымдарын қала күніне арналған көрмеге шығарып, үшеуі әжептәуір табыс тауып келді», – дейді Ханым.
Бұл да қыздардың болашағын ойластырып қойыпты – тоғызыншы сыныптан кейін осы бағытта оқытатын колледжге бермекші. «Әрі өздеріне таныс кәсіпті игереді, әрі ертерек еңбекке араласып, Айнагүлге көмектесетін болады» деп түсіндірді бізге.
Міне, аяқ астынан көп балалы болып шыға келген Ахметовтер от- басы болашаққа осындай жоспарлар құрып тіршілік етуде.
2010 ж.