«ҒАЗИЗАГҮЛ, ҚАРАҒЫМ-АЙ...»
Ел астанасынан, қайнаған өнер ортасынан алыста туып-өсіп, өмір бойы сол өңірден ұзап шыға қоймаса да, аты атала қалса сан тараптағы өнер сүйер қауымды елең еткізер өнерпаздар болады. Қорабай Есенов, Гүлбаршын Ақпанова, Жақсыгелді Сейілов, Табылды Досымов... Осы қатардан лайықты орын алар өнерпаздың бірі – Ғазиза Жұмекенова де- сек, қателеспейміз.
Біздің бала кезімізде ол туған Торғай өлкесінде Ғазизаның атын білмейтін, оның сыбызғыдай сызылған әсем әнін еліте тыңдамайтын адам жоқ сияқты көрінетін маған. Аудан мен ауданның арасы 200-300 шақырымға созылатын кең байтақ далада сапарға шыққан жолау- шыларды бір ауылда Ғазизаның әні шығарып салып, екінші ауыл- да Ғазизаның әні күтіп алып жатушы еді. Ол айтқан әндер ел ішіне лезде тарап, жастың да, кәрінің де аузынан түспейтін әнге айналатын. Жұмсақ алақанымен шашымнан сыйпап отырып, әжемнің ол айтатын
«Маржан қызды»: «Мәскуәдан өрдін ап, келген күні Маржан-ай» деп отыратын үні әлі күнге құлағымда. Содан да болар, мен үшін туған жер, балалық шақ пен Ғазиза үні бір-бірінен ажырағысыз, егіз ұғым болып қалыптасты.
Кейін білдім, Ғазизаның әніне тек торғайлықтар ғана тәнті емес екен. Ол гастрольдік сапарларда болған жерлерде тыңдармандар жүрегіне әнімен өшпес өрнек салып кетеді екен. Қазақстан журналистерінің Түркістан қаласында өткен екінші конгресінде атыраулық бір әріптесім:
«Торғайлық болсаңыз Ғазиза Жұмекенованы танитын шығарсыз? Сәлем айта барыңыз, кеңес заманынан бері бізге келген жоқ, даусын сағынып жүрміз» деді. «Ғазиза ма? Ара-тұра радиодан бұрын жазы- лып алынған концерттері беріліп тұрады. Даусы ғажап қой» деп, таныс есімге елеңдеп, семейлік әріптесім әңгімеге араласты. Мен өз атыма мақтау естігендей марқайып қалдым. Бірақ... Ғазизаны танымайтын едім деп оларға айта алмадым.
Ол рас, әнші Ғазиза Жұмекенованың өнеріне бала кезімнен тәнті болсам да, қай жерде жүрсем де оның шығармашылық жолын жіті қадағалап, қол жеткізген табыстарына бір туған туысындай, жақын жанашырындай-ақ қуансам да, өмірде бетпе-бет келіп, оның әнін сүйетінімді, өнерін аса жоғары бағалайтынымды айтуға бата алған емеспін. Себебі, әнімен елді ұйытып, сахнаға шыққанда қалың жұрттың демін ішіне тарттырған ол мен үшін бала күннен ерекше қадірлі, биік тұлға, қазіргі жастардың тілімен айтсақ – кумирім еді. Ал екінші бір себебі, оның өнерін аты қазақтың ардақ тұтқан азаматтары менен әлдеқайда бұрын тамсана тамашалап, лайықты бағаларын беріп те қойған-тын.
Дала қызының күміс қоңыраудай үніне алғашқылардың бірі болып көңіл аударған қазақтың қайраткер ұлдарының бірі Еркін Әуелбеков
екен. Ол Амангелді ауданының Байғабыл мектебінде ұстаздық етіп жүрген Ғазизаны Арқалыққа алдыртып, еліміздегі фольклорлық- этнографиялық ансамбль дердің алғашқы қарлығашы – «Шертердің» құрамына қосады. Ғазиза осы ансамбльмен, кейіннен «Торғай әуендері» ансамблімен Қазақстанның бүкіл облыстарын аралап шықты десе де болады. Жай ғана аралаған жоқ, барған жерлерінен сирек айтылатын халық әндерін, жергілікті әуесқой композиторлардың әндерін үйреніп, өз репертуарын байыта түсті. Қазіргі кезде ол орындайтын көне ән
«Халдариға» – сондай ізденістерінің жемісі.
Оның даусын естіп, композитор Еркеғали Рахмадиев «Ғазиза – әншінің ақиық асылы, жезтаңдайы, гәкку үндісі» деп баға берсе, әнші сіңлісінің әсем үніне елтіп, тебіренген қазақтың көрнекті ақыны Фари- за Оңғарсынова:
Ән қандай!
Ән болмысты әнші қандай –
Тоң жібіп, әуенінен мұз жанғандай. Сырлы саз Сарыарқадан өскен сайын Барады көңілдерде ызғар қалмай.
Сыры бар бұл әуенде жүректердің, Мұңы бар оралмаған білектердің. Емдей түс жүрегімді ән нәрімен – Ой қазып, ортаңызға жүдеп келдім, –
деп жыр арнайды. Әнші репертуарында Фариза ақынның сөзіне жазылған «Қыз ғұмыр», «Жайықтың толқындары», «Жақсы көру» сияқты әндердің тұрақты болуы және жыл өткен сайын бұл топтаманың молыға түсуі – әншінің ақын апасына өнерімен жасаған әдемі ілтипатындай қабылданады.
Бауыржан Момышұлы туралы жазылған естеліктердің бірінен батыр атамыздың халқымыздың белгілі әншісі Бақыт Әшімованың концертін тыңдап отырып: «Бақыт, айналайын, «Ғазизагүлді» айтшы» деп қиыла өтінгені туралы оқығаным бар. Ал осы әнді Ғазиза Жұмекенованың орындауында тыңдаған белгілі ақын Ә.Жәмішевтің торғайлық өнерпаз қызға арнап «Ғазиза, Ғазизагүл, қарағым-ай» деп өлең жазғаны, С.Тұрғынбеков пен әуесқой композитор Қ.Деріпсалдиннің «Ерке құсым» әнін арнағандары да Ғазизаның өнеріне, ғажайып даусына деген таңдану мен таңырқауды, сүйсіну мен бағалауды білдіреді емес пе?..
Реті келген соң айта кету керек, бүгінде әнсүйер қауымның жүрегінің төрінен орын алған «Ай, қаракөздің» алғашқы орындау-
шысы – Ғазиза Жұмекенова болатын. Бұл әннің ортамыздан тым ерте кеткен, тыңдармандарын егілдіріп кеткен аймаңдай әншіміз Мәдина Ералиеваның репертуарына қосылу тарихын білетіндер бүгінде орта- мызда жүр. 1990 жылы Торғайға гастрольге келген сапарында белгілі ай- тыс ақыны Қонысбай Әбілдің үйінде қонақта болған Мәдина Ғазизаның орындауында «Ай, қаракөзді» алғаш рет тыңдайды. Ән таңдаудағы талғамдары да, ән айту мәнерлері де бір-біріне ұқсас, дауыс диапазон- дары да шамалас екі әнші сол кеште апалы-сіңлідей сырласып, ақыр аяғында Мәдина «осы әніңізді қаладым» деп жиналғандардың көзінше
«Ай, қаракөзді» диктофонға жазып алып кетеді. Арада біршама уақыт өткенде құлпырта өңделген әнді «Адырна» ансамблінің сүйемелдеуімен үзілдіре айтып, үлкен сахнаға алып шықты. Сол күннен бастап «Ай, қаракөздің» ән әлемінде қалықтаған жұлдызды жолы басталады.
Сол сияқты, Ғазиза орындаған «Төлеген ауылы жігіттерінің әні», «Балапан қаз» әндері қазіргі қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Рымбаеваның, Бағдат Сәмединованың орындауларында облыс ауқымынан шығып, бүкіл ел жұртшылығының жүрегіне жол тапты. Бұрынырақта радиоға берген бір сұхбатында әншінің осы жайлар туралы айта келіп: «Төлеген ауылы жігіттерінің әні» – «Қыз Жібек» операсында хормен айтылатын ән. Соны мен жеке дауыспен айтып жүргенімде елге Роза мен Тасқын келіп, жазып алып кетіп еді. Көп ұзамай-ақ эстрадаға лайықтап өңдеп, аранжировка жасап, жарқыратып сахнаға шығарды. Әннің тынысын ашып, үлкен өмірге жолдама берді, ризамын» дегенін естідім. Мұндай іштарлығы жоқ сөзді шын өнердің адамы ғана айта алады емес пе?
Ғазиза Жұмекенованың концерттерін тыңдай отырып, оның ән таңдау талғамына сүйсінбей тұра алмайсың. Ол өзінің табиғат анамыз тарту еткен мөлдір, кең тынысты, шалқымалы-толқымалы даусына үндес келер әндерді таңдап, оны бүкіл жан-жүрегінен өткізіп орындай- ды. Репертуарындағы кез келген әнді орындағанда оны жай айтып қана шықпайды, сол екі-үш шумақ өлеңде айтылар өмірді сүріп шыққандай болады. Әншімен бірге сол күйді тыңдарман да бастан кешеді. Сүйеді- сағынады, қайғырып-қамығады... Ол айтқан әндердің өміршең бола- тыны, оның үнінің ерекше сезімге бөлейтіні, оның даусы бір тыңдаған адамды сағындыра беретіні сондықтан шығар...
Оның концерттерінен алатын тағы бір өнеге – Ғазизаның қазіргі кезде ортамызда жоқ аға буын композиторлар Ә.Еспаевтың, Ш.Қалдаяқовтың, Б.Байқадамовтың әндерін өз репертуарынан
қалдырмайтыны. Бүгінде сирек айтылатын «Маржан қыз», «Домбы- ра», «Қыз қуу» сияқты әндерді қайта жаңғыртуы арқылы кезінде өзін ынтықтырып, өнер жолына алып келген әсем әндердің авторларына және оларды алғаш орындаушыларға тағзым етсе, екінші жағынан аға буын тыңдарманның ризашылығын алары сөзсіз. Осы әдетіне адалдығынан да болар, ол 1992 жылы Шымкентте өткен Ш.Қалдаяқов атындағы республикалық конкурста «Ақмаңдайлым» әнін айтып, топ жарып, лауреат атанды. Ал келесі жылы әншіге халқының мәдени- рухани тұрғыдан дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген атақ берілді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел басында болған қиындық өнерді де айналып өткен жоқ. Оның үстіне Торғай облысы жабылып, Ғазиза қызмет істейтін өнер ошағы «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен жағдайды бастан кешті. Екіге бөлінген облыс жері сияқты өнерпаздар да байырғы екі облыстың филармонияларына, театрла- рына баратын болды. Тәуекел деп Алматыға, Астанаға аттанғандар да бар. Ал Ғазиза өнерін керек еткен, шығармашылығының дамуына жағдай жасаған жаққа бет бұрды.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова бүгінде Ақмола облыстық халық шығармашылығы орталығының «Кербез сұлу» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі. Осы ансамбль- мен бірге «Ресейдегі Қазақстан жылы» шеңберінде Омбы, Челябинск, Магнитогорск қалаларына барып концерт қойып, көрермен ықыласына бөленгенін, Түмен қаласында өткен «Сібір қайнарлары» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысып, зор шығармашылық табыстармен оралғанынан хабардармыз.
Ғазизаның әр жерлерде өткізген концерттері туралы естіген ел ордасындағы тыңдаушылары да: «Ғазиза Астанаға ат басын қашан бұрар екен?» деп тықыршып жүргені анық...
2011 ж.