ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ, ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДІ
Адамды, оның игілікті істерін, адами жақсы қасиеттерін ел есінде қалдырудың ең дұрыс жолы – оның жасап үлгірмей кет- кен істерін жалғастыру, арманын алға апару. Оразгүл Әмірәліқызы Нұрмағамбетованың балалары филология ғылымдарының док- торы, профессор аналарының жарияланбаған еңбектерін жарыққа шығаруды ол кісі бақиға аттанысымен іле-шала қолға алған еді. Бірақ, әлдекімдердің кез келген жағдайдан өзіне пайда жасағысы келіп тұратын пендешілік пиғылынан кітаптың жарық көруі кешеуілдеп қалды.
Оразгүл Нұрмағамбетова 80 жасқа толғаннан кейін бір жарым айдан соң қайтыс болды. Жасыратын несі бар, ғалымның осындай мерейлі жасқа жетуі әріптестері, кезінде өзі қызмет еткен ұжымы тарапынан тиісінше еленіп-ескерілмеуі туыс-туғанның жанына батқаны рас. Тіс жарып, сыр бермесе де, баспасөз беттерінде бұл жөнінде ештеңе жа- рияланбауы ол кісіні кәдімгідей-ақ жасытып тастағанын байқадық. Ғалымның өкшелес келе жатқан әріптестерін былай қойғанда, кезінде ғылыми жұмысын қорғауға бағыт-бағдар берген немесе оқуына жағдай жасаған, тіпті өзінің саяжайына паналатып, қамқоршылық танытқан шәкірттері баршылық-ты. Біздіңше, үлкен жүректі ұстаздың аялы алақанын, аналық қамқорлығын сезінген солар үнсіз қалмауы тиіс еді. Ал апам төсек тартып, көзі мөлдіреп жатқанда, ізбасарым болады деп үміт артып жүрген «шәкіртінің» ол кісіден көп томдық «Қазақ со- вет энциклопедиясын» қалап алып кетуі, қайтыс болғаннан кейін ба- лаларынан кітапханасын сұрауы жағамызды ұстатты. Міне, осындай жайлардан кейін балалары ол алып кеткен қолжазбаларды күшпен
қайтарып алуының арқасында ғана осы кітап жарық көріп отыр.
О.Нұрмағамбетованың жылдар бойы жинаған аса бай кітапханасы бар еді. Балаларының айтуынша, біразын қазалы күндердің өзінде- ақ әркімдер қалап алып кетіпті. Бұл да – қынжыларлық жайт. Түбі бәріміздің барар жеріміз бір болғандықтан, біреудің өмір бойы жинаған қазынасына қол сұғып, күнәлі болмай, ол кітаптардың халық игілігіне жарау жағын ойластырған жөн еді. Оразгүл апаның қыздары Алмаш пен Сәуле бұл шаруаны маған тапсырғандықтан, өте сирек кездесетін кітаптардың қалғаны қолды болып кетпеуі үшін әрі өскелең ұрпақ игілігіне айналуы үшін ғалымның мың жарымға жуық кітабын Аста- на қаласындағы «Отырар» кітапханасына тапсырдым. Үстіміздегі жылдың 17-18 мамырында академик Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы аясында осы кітапханадағы Тұрсынбек Кәкішев, Оразгүл Нұрмағамбетова, Мұхаметжан Қаратаев, Рабиға Сыздықова, Мырзатай Жолдасбеков кітаптары қорының ресми тұсаукесері болды. Осылайша, өзі өмірден кетсе де, оның кітаптары, еңбектері елге қызмет етіп, ғылым қуған зерделі жастардың игілігіне айналғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл – халық ауыз әдебиетін, оның ішінде қазақ эпосын жинауға, зерттеуге, жариялауға, сақтауға байланысты өлшеусіз көп еңбек сіңірген, сол үшін кезінде өз әріптестерінен «халық ауыз әдебиетінің қара нары» деген баға алған білімдар ғалымның, өмірдегі рухани анамдай болған адамның атын ұрпақтар есінде қалдыру үшін біздің
тарапымыздан жасалған аз ғана қызмет.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы, Оразгүл апайдың қолынан шыққан ғылыми еңбектер де, жинаған асыл қазынасы – кітапханасы да еліне, ұрпағына қызмет ете беретіні көңілге
– медет, жанға – жұбаныш.
2005 ж.