ТУҒАН ТІЛ АЯСЫН КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ ОЙЛАР
1. «Ана тілді менше сүй...»
Ұлтаралық және конфессияаралық келісім аумағы деп танылған Астанамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үшінші съезі өтіп жатты. Ілеспе аударма мұндай халықаралық іс-шаралардың ажырағысыз атрибуттарының бірі болғандықтан, басқа тілдерге ау- дарма жасайтын әріптестерімізбен бірге қазақша-орысша аударма жа- сау үшін съезд жұмысына біз де тартылған едік. Үйреншікті әдетпен өз орнымызға жайғасып, іс-шараның материалдарымен танысып отырғанымызда, буддизм өкілдеріне тән киім киген бір қатысушының
біздің кабиналарымызға қарай беттеп келе жатқанын байқадым. Шет жақтан бастап, қолындағы қағазын бір-бірлеп таратып келе жатқан қонақ әр кабинаның қасына тоқтап, бір жайды ежіктеп түсіндіруден жалыққан жоқ. Кезі келгенде бізге де қайталап: съезде сөйлейтін сөзінің мәтінін ағылшын және орыс тілдеріне аударып, көбейтіп әкелгенін, өзі ана тілі – монғол тілінде сөйлейтінін, ал біздің қағаздағы аудармасын оқып, сөзіне ілесіп отыруымызды өтінді. Бұл – Монғолия Будда университеті білім және ғылым департаментінің директоры Магсаржавын Ганхуяг еді.
Съездің жұмыс тілдеріне ілеспе аударма жасайтын аудармашы- лардың әрқайсымен сөйлесіп, келісіп алған қонақ көңілі жайланған болуы керек, жүзінде әдемі жымиыс ұялап, қайта-қайта басын иіп, залдағы өз орнына қарай беттеді. Ешкімнің назарын аудармай, ешқандай дабырасыз, тіпті бұл қадамының терең мәнін пенделердің біреуі түсінсе, біреуі түсіне бермейтін қарапайым адамның өз ана тілін сүюдің үлкен үлгісін көрсеткені де көпшілікке мәлім бола қойған жоқ. Сол жердегі ілеспе аудармашылар ғана, бір-бірімізге терең мағыналы көз тастап, бір-бірімізге бас бармағымызды көрсеттік. Қонақтың тек ілеспе аудармашылар ғана куә болған әрекетін Абай бабамыздың сөзін сәл өзгертіп айтсақ, «ана тіліңді сүйсең, менше сүй» деген сөздермен бейнелеуге болар еді деген ой келді.
Экономикасының дамуы тұрғысынан алғанда озық елдер қатарына әлі жете қоймаған, ата кәсібі, тұрмысы жағынан қазақтарға ұқсас ел өкілінің өз ана тілінің қолданылу аясын кеңейтуге деген талпынысы, монғол тілінің үлкен жиындар тіліне айналуын көксеуден туған қадамы еріксіз сүйсіндірді. Бұдан бұрын да, кейін де, түрлі халықаралық кон- ференцияларда ілеспе аударма жасай жүріп, мұндай оқиғаға тағы талай рет куә болғанбыз. Бұл оқиғалар тілінің көркеюі үшін ешкімге жария етпей жасалған әлгіндей қадамның әсері кейбір саясаткердің мінберге шығып ұрандата сөйлеген сөзінен әлдеқайда артық екенін ұқтырды. Мұндай жайлар қай-қайсымыз да ана тіліміз еркін қанат жайып, оның қолданылу аясы кеңеюі үшін өз орнымызда, өз ортамызда қал- қадерімізше қызмет етуіміз керектігін еске салатындай.
Осыған орай тағы бір мысал келтіре кеткенді жөн көрдік. Былтырғы (2010) жылдың соңына қарай өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшыларының саммитінде Бела- русь Республикасының басшысы өз тілінде сөйледі. Саяси сахнадағы іс-әрекеттері туралы түрлі әңгімелерге арқау болып жүретін басшының мұнысын әркім әрқалай жорығаны анық. Ал бізге, мұндай жиындардың
өткізілу тәртібінен хабардар болғандықтан, беларусьтік басшының бұлай сөйлеуінде монғолдық делегаттың қадамымен ұқсастық бар сияқты көрінді. Өйткені, ірі форматты халықаралық жиындарда Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс тілдеріне (6 тілге) ілеспе аударма жасау тәртібі орныққан, ол тәртіп мұндай жиындарға жиі қатысатын адамдардың бәріне аян. Ал БҰҰ-ның жұмыс тілдерінен басқа тілдерде сөйлеушілер не өзімен бірге аудармашы ерте келеді, не жоғарыда айтылғандай, сөзінің аудармасын дайындап әкеледі.
Аудармашыны ертіп жүру қазір ешкімге таңсық жай емес, ал деле- гация құрамын жасақтауда шектеу болатын жағдайда, сөздің мәтінін аудартып алудың еш қиындығы жоқ. Әсіресе біз сияқты үш тұғырлы тіл саясаты жүргізіліп отырған, оның үстіне азаматтары орыс тілі мен ағылшын тілін меңгеру жағынан қазақ тілін он орайтын елде бұл тіпті оңай шаруа екенін маман ретінде айта аламыз. Сондықтан болар, үлкен жиындарда басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің өз ана тілінде сөйлеудің кез келген мүмкіндігін пайдалануға қалай тырысатындықтарын көргенде, олардың өз тіліне деген сүйіспеншілігіне қызығушылық пен «шіркін- ай, біздің адамдарымыз да осылардан өнеге алып, елімізден тыс жер- лерде өтетін жиындарда ана тілімізде сөйлесе ғой» деген арман қоса қабаттаса бас көтеретіні.
Бірақ, өкінішке қарай, бізде республикадан тысқары жерлер түгіл, өз еліміздің ішінде де қазақ тілінде сөйлеу мәселесі көңіл көншітерлік дәрежеде емес екені жасырын жай емес. Соны көріп-біліп жүргендіктен,
«Мұның қандай себептері бар?» деген ой бізді ғана мазаламайтыны анық. Ойын ана тілімізде еркін жеткізе алмайтын азаматтарға өкпе жоқ делік, ал ана тілін бір адамдай-ақ меңгерген тұлғаларымыз неге қазақша сөйлеуге құлықсыз?
Оның бір себебін – «ауру қалса да әдет қалмайды» деп түсіндіруге болатын сияқты. Қажетті-қажетсіз жерде орысша сөйлеу – ересектерге кеңес дәуірінде, жастарға «орыс тілін білмесең, адам болмайтын» за- манды көрген ересектер арқылы бойымызға сіңіп қалған әдет. Жиынға қатысатын адамдардың дені қазақша өте жақсы сөйлейтін болған күннің өзінде баяндама жасау, ой айту кезегі келгенде орысша сөйлей жөнелушілік – соның сарқыншағы дер едік. Бұл әдеттен құтылу оңай болмасын жоғарыдағы мәтел де айғақтап тұр.
Екінші бір себеп – жасалатын баяндаманың, сөйленетін сөздің мәтінін даярлайтын көмекшілердің (мемлекеттік қызметте – аппа- рат қызметкерінің) орыс тілді болуы. Баяндаманың түпнұсқасы орыс
тілінде даярланып, қазақ тіліне аударма жасауға үлгермей қалудың салдарынан өңкей қазақ бас қосып, көрші елдің мемлекеттік тілінің көсегесін көгертіп жататын жайларға талай рет куә болдық. Мұндайда, сөйлеу кезегі келген шешен өз қандастарының алдында басқа елдің тілінде сөйлейтініне қысылатыны анық, сондықтан сөзінің алдында
«уақытты үнемдеу үшін орысша айтайын» деп ескерте кететіні бар.
Шынтуайтына келгенде, үлкен жиындарда ілеспе аударма жасала- тын болғандықтан, ол қазақша сөйлесе де тап орысша сөйлегендегідей ғана уақыт кетер еді. Сондықтан кей шешендердің қазақша сөйлемеуін
«қатысушылар уақытын үнемдеу» немесе «отырғандардың барлығына түсінікті болу үшін» деген сөздермен бүркемелеуін – мұндай формат- ты жиынға бірінші рет қатысып отырған адамдар ғана сол қалпында қабылдайды. Ал қалғандар оның «ұялған тек тұрмастың» кебін киіп тұрғанын әрине түсінеді. Бұл жерде бір мәселенің басын ашып алған жөн сияқты (орыс ағайындар мұндайда «расставить приоритеты» дейді ғой, бұл жерде біздің айтпағымыз да сол) – әрбір зиялы, ұлтжанды азамат үшін уақытты үнемдеу туралы ойдан «ана тілім естілсін» деген ой биік тұруға тиіс.
Ал кез келген шешеннің қазақ тілінде сөйленген сөзін орыс тіліне мағынасын бұзбай жеткізе алатын білікті ілеспе аудармашылар қатары біздің елімізде жыл сайын өсіп келеді.
2. Ілеспе аударма – бекзат өнердің бірі
Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мәселесімен шұғылданып жүрген және оны тек қазақи ортаның, той-томалақтың тілі ғана емес, мемлекеттік мәні бар мәселелер қаралатын ірі жиындардың, ғылыми конференциялардың, көп тарапты кездесулердің жұмыс тілі болу деңгейіне жеткізуді көздейтін адамдарға ілеспе аударма дегеннің не екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Жиындарды ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде өткізу қажеттігі туралы Мемле- кет басшысы өткен ғасырдың 90-шы жылдары-ақ айтқаны көзі қарақты оқырманның есінде болар. Одан кейін де бұл мәселеге тұлғалы азамат- тар тарапынан аз назар аударылған жоқ.
«Тіл мәселесі Үкіметте, министрліктер мен ведомстволарда ара- тұра әңгіме болудан әрі аспай тұр...», «Қаржы және банк жүйесі қазақ тілінде сөйлемейінше мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңеймейді»,
«Үкімет үшін экономикалық даму бағдарламасы, өмір сүру, тіршілік ету мәселелері қаншалықты маңызды болса, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселесі де сол деңгейде болуы тиіс», – деп
депутаттар Қазақстан Республикасы Премьер-министріне депутаттық сауалдар жолдаса, бұл ойларды одан әрі тереңдете түсетін пікірлер де баршылық: «Іс-шараларды жайлап жүзеге асыра отырып, қазақ тілінің қоғамдағы қажеттілігін арттыра беру керек. Ол үшін халықаралық деңгейдегі кездесулер, конференциялар, басқосулар тілі қазақ тілі болуына ықпал ету керек, қажет болса талап ету қажет» (филология ғылымдарының докторы Ж.Әбуов, «Полимәдениет және полилингвизм
– Қазақстандағы этносаралық келісімнің және саяси тұрақтылықтың факторлары» дөңгелек үстелінде жасаған баяндамасынан).
Бұл пікірлер мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, жиын- дар тілі қазақ тілі болуына қол жеткізуге зиялы қауым өкілдерінің ын- тасын айғақтайды. Атқарушы билік тарапынан да бұл мәселеге қолдау көрсетіліп, түрлі деңгейдегі жиындар өткізілуде. Бірақ, «халықаралық деңгейдегі кездесулер, конференциялар, басқосулар тілі қазақ тілі болуының» тиімді тетігі – ілеспе аударма екендігіне тиісті дәрежеде мән берілмей, яғни сөз бен іс әлі қабыспай келеді. Мысалы, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының халық талқысына ұсынылған бастапқы редакция- сында ілеспе аудармашыларды дайындау туралы тармақша болатын. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу тұрғысынан алғанда аса ықпалды осы тәсіл – ілеспе аударма, ілеспе аудармашыларды дайындау туралы тармақша бағдарламалық құжатты талқылау сатыларында түсіп қалыпты.
Бұған Бағдарламаны іске асыруға қажетті шығындарды азайту үшін барды дейін десек, ілеспе аудармашыларды дайындауға соншалықты көп шығын шықпайтыны анық. Себебі, ілеспе аудармашы – аудар- машы сияқты бірнеше жыл оқытылатын, сондай-ақ жүздеген адамды жаппай дайындайтын мамандық емес. Әдетте, ілеспе аудармашылар бастапқы мамандығы, аударма жасау дағдысы бар адамдардың ішінен іріктеліп алынып, қысқа мерзімді курстарда дайындалады. Және Ал- маты сияқты ірі мегаполисте және түрлі жиындар көп өткізілетін Астанада әрқайсысында он шақты, облыс орталықтарында 2-3 ілеспе аудармашыдан болса, жеткілікті. Сондықтан аталған тармақшаның қысқартылуына жалпы жұртшылықтың, соның ішінде Бағдарламаны келісу рәсімдеріне қатысқан адамдардың, бұл саладан мағлұматы аз екендігі әсер еткен болуы керек деген ой келеді.
Ілеспе аударма дегеніміз не?
Оны жете білмейтін адамға аударманың бұл түрі тіл өнері мен техниканың ғажайып қоспасы сияқты көрінері хақ. Техника
жетістіктерінің арқасында шешеннің сөзі аудармашының құлағына тікелей жетіп, ал өз кезегінде ол шешеннің сөзін әрі қарай тыңдай от- ырып, әлгінде ғана естіген сөйлемді екінші тілге аударып айтады. Егер ізбе-із аудармада аударманың бірінші операциясы (сөйлеушінің сөзін қабылдау) екінші операцияның (сөзді аударуды жүзеге асыру) алдын- да жүретін болса, ілеспе аудармада бұл екі операция бір мезгілде, қоса қабаттаса жүреді.
Сайыс барысында спортшының алдынан не күтіп тұрғаны белгісіз, аса тыңғылықты, мұқият дайындығы болмаған кезде адам өміріне қауіп төндіретін спорт түрлері «экстремалды спорт түрлері» деп ата- лады. Өмірімізді түрлендіріп, қоғамымызды дамытуға ықпал ететін мың сан мамандықтың ішінде де осындай: адамның өміріне қатер төндіретін, атқару барысында жүйке жүйесіне түсірілетін орасан зор жүктелімнің әсерінен денсаулыққа зардабы тиетін мамандықтар бар, оларды сипаттауда да ғалымдар «экстремалды» деген терминді жиі қолданып жүр. Олардың қатарында каскадерлер, жыртқыш аңдарды қолға үйретушілер, жаңа ұшақтарды сынаушы-ұшқыштар және ілеспе аудармашылар аталады.
Ілеспе аудармашылардың бұл қатарға қосылуы олардың өздері үшін де, аталған мамандық иелерімен қатарласа жүріп, қызмет істеген адамдар үшін де, жұмыс барысында ілеспе аудармашыларға түсетін психологиялық әрі физиологиялық салмақтың қандай екендігін білетін мамандар үшін де таң қалатын жай емес. Ал бұл мамандықтың сы- рын біле бермейтін көпшілікке мынадай қарапайым мысалмен түсініктеме бере кеткен жөн болар. Көз алдыңызға елімізге танымал күйшінің сахнаға шығуын, бірақ оның әдеттегідей микрофонға тақап қойылған орындыққа отырып емес, домалаған доптың үстінде цирк артисіндей жүріп тұрып, күй тартуын елестетіп көріңізші. Және ол жұрт көңілін алдарқататын жеңіл-желпі әуен орындаушы емес, нағыз дәулескер күйші ретінде өнер көрсетуі керек. Міне, ілеспе аудармашы мамандығының қиындығын да осылайша сипаттауға болады.
Елімізде ілеспе аударманың пайда болуы мен дамуын ұзақ жылғы зерделеуіміз мына жайларға көз жеткізгендей: мұндай аударманы өзінің ұйымдастыратын іс-шарасына терең мән беріп, оның қоғам өміріндегі белгілі бір проблемаларды шешудегі маңызын түсінетін; сонымен бірге, жиынға қатысушыларға құрметпен қарап, олардың уақытын тиімді пайдалануды; жиында көтерілген мәселелердің көпшілікке түсінікті болуын; ол мәселелер бойынша барынша мол,
жан-жақты ақпарат жинақталуын; айтылған мәселелер бойынша келе- шекте қабылданар шешімнің ортақ тұжырымдамасы түзілуін көздейтін ұйымдар, мекемелер жүзеге асырады. Сондай-ақ, осы жылдары байқаған тағы бір жайды айтпай кетуге болмас: әдетте, жиындарын ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде өткізу сол іс- шараны ұйымдастырушының (бұл жерде: ұйым, мекеме басшысының) патриоттық болмысына, олардың жеке басының қазақ тілін білу- білмеуіне тікелей байланысты болатын жай жиі кездеседі.
Елімізде өткізілетін жиындарға келген шетелдік қонақтар сөйленетін сөздерінің міндетті түрде қазақ тіліне аударылуына мән береді. Себебі бұл – бүкіл дүние жүзінде қабылданған әдеп нормасы. Өркениетті елдердің өкілдері үшін оны орындау – заңдылық. Бәрін бүлдіретін өз отандастарымыз. Бұған да бірнеше жыл бойғы ілеспе аудармашылық тәжірибемізде көбіне «жиналғандардың барлығы да орыс тілін түсінеді ғой» деп қарайтын қазақстандық тараптың ыңғайына қарап аударманың шет тілінен орыс тіліне ғана жасалуына ден қойылатынына көз жеткіздік.
Айталық, әлемге әйгілі «Worley Parsons» компаниясының Аста- нада кеңсесі ашылуына байланысты өткізілген тұсаукесерде Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пол Браммелл мырзаға сөз берілді. Ол кісінің аздап орысша сөйлейтінін білетіндіктен, аудармашылары шет жақта, бізбен бірге тұрған. Микрофонға таяған Елші біздер жақты көзімен шолып, қолын бұлғады. Өзіне қарай беттеген ағылшынша-орысша аударма- шыны тоқтатып, маған жақындады да «плиз, казакша» деді. Жоғары лауазымды тұлғаның өз сөзінің қазақшаға аударылуына мән беріп тұрғанына куә болған басқа шетелдіктер де осы жолды ұстанды. Ал өз қандастарымызға бұл жай ой сала қойған жоқ.
Тағы бір мысал келтірейік. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері- нің сьезі Хатшылығының Алматыда өткен екінші отырысында Қытай делегациясы қазақшадан қытайшаға және керісінше аударатын қазақ қызын ерте келді. Жиынның басқа делегаттары түсінуі үшін екі күн бойы өткен жиналыста қытайлық делегаттардың сөйленген сөздерін сол қыз қазақ тіліне аударып, одан әрі ағылшын, араб тілдеріне ауда- ратын аудармашылар үшін біз қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасадық. Уақыт өте сұңғыла көршілеріміз мұндағы «орыс тілін бәрі түсінеді» деген ұстанымды ұға қойған болуы керек, кейінгі жиындарға қазақ тіліне аударма жасайтын маман әкелмейтін болды.
Халықаралық деңгейдегі жиындарға қатысып жүрген, жай қатысып қана қоймай, сондай жерлерде сөз сөйлеп жүргендер – ілеспе аудар- ма тілдің қолданылу аясын кеңейтудің қуатты құралы екендігін жақсы білетінін және сол мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысатынын атап өту парыз. Мысалы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі Хатшылығының басшысы Қ.Тоқаев съезд делегаттарымен 5 тілде емін-еркін пікір алмасып отырса да, съезді және Хатшылықтың оты- рыстарын тек қазақ тілінде жүргізіп келді. НАТО-ның «Роуз-Ротт» Парламенттік ассамблеясының Астанада өткен 71-ші семинарының модераторы болған сенатор Қ.Сұлтанов та семинарға қатысушыларға ілеспе аударма жасалып жатқанын хабарлай отырып, семинарды бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізді.
Соңғы жылдары ара-тұра болса да мұндай мысалдар кездесіп қалатыны қуантады.
3. Тіл қолданысын кеңейтудің тиімді тәсілі
Елімізде мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданылу аясын кеңейту үшін заңнамалық база жетіспейді деуге ауыз бармайды: қазақ тілінің мәртебесі Конституцияда айқындалып, заңда бекіді. Іс қағаздарын жүргізуді кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшіру туралы Президент Жарлығы шығып, салалық министрліктер мен ведомстволар соған сәйкес нормативтік-құқықтық құжаттарын қабылдады. Қазақстан Рес- публикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, тұсаукесері өтті. Бірақ қабылданған құжаттар санының көптігі тілдің қолданылу аясының кеңейе түскенінің көрсеткіші бола алмайтыны және рас.
Елімізде Конституцияның 93-бабында көзделген «Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техни- калық жағдайдың» бәрі дерлік жасалып отыр деуге болады. Енді қоғамдық санада мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру және орнықтыру арқылы қазақ тілінің қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуын көздейтін амалдар ойластырылуы керек.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюі дегенді оның күнделікті тіршілікте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста, одан қалды қызметтік хат-хабарлар алысуда пайдаланылуын ғана емес, үлкен, мәртебелі жиындардың ана тілімізде жүргізілуін, сөз сөйлеуші шешендердің бәрі болмағанмен, басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлеуін түсінеміз. Сонда ғана – қазақ тілі жаһанды жаңғырту жөніндегі
толғақты ойлар ортаға салынатын ғылыми конференциялардың, зама- науи мәселелер талқыланатын саяси саммиттердің, экономика, қаржы мәселелері қаралатын форумдардың тіліне айналған кезде ғана – оның қолданылу аясы шын мәнінде кеңіді деп айтуға болады. Ал әзірше, дамуының қазіргі кезеңінде, қазақ тілінің мұндай жиындар тіліне айналуының бірден-бір жолы – ілеспе аударма жасау.
Аға ұрпақты былай қойғанда, біздің замандастарымыз, орта жастағы адамдар да осыдан жиырма жыл бұрын қазақ тілінде жиналыс өткізбек түгіл, өзара сөйлескеніміз үшін де ескерту естіген кезімізді ұмыта қоймаған шығар. Ілеспе аударма – кез келген жиынның қазақ тілінде жүргізілуіне, оның баяндамалардан бастап жарыссөз, пікірталас, сұрақ-жауапқа дейін еркін пайдаланылуына мүмкіндік беретін тәсіл. Кеңестік дәуірде қалыптасқан «қазақ тілі – тұрмыстық тіл» деген стереотипті жоюға көмектесіп, халықаралық деңгейдегі биік мінберлерден қазақ тілінің естілуіне жол ашатын да – осы ілеспе аударма. Ол бізге ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде орнығуына берік негіз қалауға үлес қосуымен қымбат.
Бір-бірінен алшақ жатқан мемлекеттер, қоғамдар арасындағы қатынас туралы сөз болғанда «коммуникацияның өз жүйесі, яғни трансляторы болуы керек. Тілдер арасындағы осындай байланыстыру- шы жүйенің ең қарапайым шешімі – аударма. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған факторлардың бірі деуге де бо- лады» (С.Абдрахманов) деген пікірге сүйенсек, аударманың бір сала- сы ретінде ілеспе аударманың көтеріп отырған жүгі тіптен салмақты. Ол ел мен елді елдестіріп, ежелгі байланыстарды қалпына келтіруде, ескіні жаңғыртып, жаңаны дамытуда ғалымдар мен саясаткерлердің, қайраткерлер мен қарапайым жұртшылықтың бір-бірлерін түсінісуіне қызмет атқарып отырған алтын көпір іспетті.
Бүгінде елімізде өтіп жатқан ауқымды іс-шараларды ілеспе ау- дармасыз елестету қиын. Халықаралық деңгейде өтетін ірі жиындар- ды былай қойғанда, республикада Президенттің қатысуымен өтетін барлық жиналыстарда, Парламент отырыстарында, министрліктердің алқа мәжілістерінде ілеспе аударма жасалады. Солай болғандықтан да кез келген жиында қазақ тілінде баяндама жасалып не сөз сөйленуі, сұрақ қойылып, жауап алынуы, пікірталас ашылуы нормаға айналған. Мұны ілеспе аударманың қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі нығая түсуіне қызмет етуінің айқын көрінісі ретінде бағалауға әбден болады.
2011 ж.