20.06.2022
  280


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Тұман торлап, сананы саудалаған...

Тұман торлап, сананы саудалаған,
Таусылмайды сұрақтар қаумалаған.
Езілсе де ет-жүрек қасіреттен,
Маңғаздықты мен қалқам, таудан алам.
Сездірмедім келгенше шама-шарқым,
Күлер еді білсе егер, Алаш – артым.
Тілгілеген кеудемді батпан мұң бар,
Жайыменен жұрынның санасар кім?
Таусылғанда шегі шын тағатымның,
Сен алдың ғой астына қанатыңның.
Осалдығым сол менің – білсең, қалқам,
Көздеріңнен мейірім табатынмын.
Табатынмын жұмақтың зәйтүн бағын,
Көкейімде ән болып жәй тынбадың.
Тартылдың-ау шабытты күйім сынды,
Қайтар екен, білмеймін, қай күн бағым?





Пікір жазу