20.06.2022
  100


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Құбылаға құлады талықсып күн...

Құбылаға құлады талықсып күн,
Түнереді жүрегім қаңысып тым.
Жамау-жамау жаныма жалғыз медет –
Мен өзіңді шатқалға алып шықтым.
Құз-құдірет жабырқау қарсы алғандай,
Менің жаным, сен ұқсаң – сарсаң қандай.
Шың басынан шыңырау ұшсам екен,
Көз алдыңда күйресем паршам қалмай.
Бұл өмірден байқасам маңыз қашқан,
Сен күрсініп, көз жасын тамызды Аспан.
Сонау, соно-ау көненің адамындай,
Боламыз ба,
Білмеймін,
Аңыз-дастан.
Құз қойыны сәт сайын тұмшаланды,
Төңіректі тұмандап, жын-шал алды.
Суалғандай сезімің,
Бұлақ қалай,
Сылдыр қағып ағады мұнша мәңгі?
Сен жатырсың жолыңды таңдап алып,
Шығып едім құсаға сан қамалып.
Езілді еңсем, жүрегім: парша-парша,
Күн де батты кірпігін қанға малып…





Пікір жазу