20.06.2022
  113


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жаңа атқан таңдайсың сен

Жаңа атқан таңдайсың сен
Тамылжыған,
Тыңдасам таусылмайтын жаның жүдә, ән.
Сұлулық – сиқыры бар бір құдірет,
Адасып ақылымнан
Аңылжығам.
Тіл жетпес бейнелеуге әрің керім,
Көре алсам қызығымның бәрін көрім.
Барында
Оралымның ойсырадым,
Төкті Алла тауаныма кәрін менің.
Ішінде қалдым, қалқам,
Мұң-батпанның,
Сен де сол беттің әрін пұлдап қалдың.
Қаншалық
Бойыңды аулақ салсаң-дағы,
Кеудеңе қасірет боп құндақталдым.
Қайтейін қайласызбын,
Ақтамағым,
Шығардым шарасыздан ақпалап үн.
Білмеймін, дұрыс бәлкім,
Ләм-мим демей,
Сырымды көрге дейін сақтағаным.
Жаңа атқан таңдайсың сен жарқыраған,
Таң қалар, періштем-ау
Парқыңа адам.
Алыстан нұрыңа бір шомылам да,
Қалжырап қалғанымда
Қарқын алам.





Пікір жазу