20.06.2022
118
Жаным менің жырым-жырым...
Жаным менің жырым-жырым,
Жақыбай,
Кешіп келем,
Көр-жеріңді тат, лай.
Бәдәуилеу күллі өмірім,
Қалғаны –
Бір сәтіме қатар жүрген татымай.
Жанарыңа кіреуке мұң байланған,
Мен де сенің аққуыңа
Айналғам.
Қапас күннің қамырығын жеп жүрсің,
Мен де жедім,
Айырылып айнамнан.
Қарашығың мөлідей тым
Нілденген,
Сұлулығың –
Сұқ қадалып, тілденген.
Тұла бойың көгілдірден аумайтын,
Басқа айдынға қонарыңды білгем мен.
Арман, арман.
Арамызда
Ақ арман,
Жас ағады жабыққанда жанардан.
Өткен күннен ештеме жоқ қашық тым,
Ойлай-ойлай шашымыз да
Ағарған.
Жаным менің жырым-жырым,
Жасыған,
Бір сорлымын бағы тайған басынан.
Түйеқарын секілденіп,
Жел қуған,
Өзім білмес әлдеқайда
Асығам...