АҚ ГҮЛ
Досбол екеуiнiң үйлену тойында құрбыларының бiрi Айжанға ақ гүл ұсынды. Бұл жас отауға жан күйер жақын достар, ағайын-туғандар əкелген небiр əдемi, көз тартар, əшекейi мол дүниелiктердiң бəрiнен де қастерлi, Айжан көкiрегiне ыстық оттай басылған сыйлық едi.
Той өткен күннiң ертеңiне Айжан ақ гүлдi тумбочка үстiндегi үш жақты айна алдына қойды. Бұл жерде ол тiптен тамаша екен. Оң жақ бұрышта бiр шоқ емес, бiрнеше шоқ ақ гүл қатар тiзiлгендей Айжан бөлмесiне ерекше сəулет ендi.
Тегiнде Айжан гүл атаулыға бала жастан құмар. Оның iшiнде күнге тосқан алақандай ақ жапырақтылары қандай тамаша. Жанының ең бiр күйлi пернесiн дəл басып, осындай сыйлықты ескерген құрбысын Айжан əлсiн-əлсiн ойына алып, iштей бiлдiрген ризалығында шек жоқ.
Бұл қуанышын Досболдан да жасырмады. Қолынан жетектеп айна алдына ертiп келдi де, гүл көркiн қоса қызықтатты. Жас жұбайының қуанышына елiккен Досбол осы шақта жас жарына мүлдем сүйкiмдi көрiндi.
Айжан екi қолымен мойнына асыла кетiп, өзiне қарай күшпен тартып, кеудесiнде лаулаған сезiм отына қарай илiктiруге əрекеттендi. Жас жұбайдың көңiл күйiндегi теңiз толқынындай тербелiп келе беретiн бақытты сəттi тез таныған Досбол қарсыласқан жоқ.
Сөйтiп, дала ауасының, қыр лебiнiң барлық қою иiсiн, жұпар демiн саф таза күйiнде əкелген ақ гүл алдында екеуi табысқандай ұзақ сүйiстi.
– Бұл гүлге жай ыдыстан гөрi ақ фарфордан ойып жасалған өрнегi бар ваза болушы едi ғой, соны əкеп қойсақ дұрыс шығар,– дедi Досбол Айжанның құшағынан босана берiп.
– Менiң ойымның дəл үстiнен шықтың, Досбол. Мен де соны айтпақшы едiм,– деп қуанышы қойнына сыймай жүзi алабұртты.
– Тоқта, Айжан. Өзiмiздiң игiлiктi нəрсемiз. Фарфордан гөрi хрусталь ваза əкелсек қайтедi? Ақыр алғасын тəуiрiн алайық, бiр күндiк дүние емес қой.
Айжан қасын кере созыла қарап, белiн қоса бұраңдатты:
– Хрусталь дұрысы дұрыс-ақ. Бiрақ оны қайдан табамыз? Əрi ол қымбат та ғой. Əзiрге бiздiң қаржылық жағдайымыз оған қалай қарар екен?
– Шындап iздесең ол, бiрiншiден, табылады. Ал қаржыға келсек, сенi шын қуантқан нəрсеге ақшаны аяп немiз бар? Ештеме етпейдi. Сенiң бiр күндiк қуанышыңа тұрмайды ол.
Бiрер күнде ақ гүл көздiң жауын алар əдемi хрусталь вазаға орнатылды. Əлi дүние-мүлiктiң басы құралмаған жас отау үшiн бұл үлкен жаңалық едi. Хрусталь ваза «мен қымбатпын, əлi маған жетерештемелерiң жоқ» дегендейкеудесiн кереқарағанғаұқсайды. Досбол мен Айжан оны кезек-кезек қызықтап қолдарын жүгiрте бередi. Тек Айжан оған емес, ақ гүл үшiн көбiрек қуанды. Жан дүниесiнде жай тауып, жапырақ жайған бақытының хас бейнесi ақ гүлге құрмет көрсетiлiп, хрусталь вазаға орнатылғанына көңiлi тоқ. Қалалы жерде өскен ол əр нəрсенiң бағасын жақсы бiлетiн.
Бiрер жұма өткен соң ақ гүл жапырақшаларының айналасында қара сызат пайда болып кiшiрейе түстi. Бұрынғы кiршiксiз ақ түстен де айрыла бастағаны айқын едi. Бiрақ Айжан оны əлi де қызықтай бергiсi келедi, айрылғысы жоқ.
Бiр күнi жұмыстан оралып, өз бөлмесiне енгенiнде оқыс сурет беттен ұрғандай əсер еттi. Ақ гүл жоқ. Оның орнына қызыл, сарғыш түстi тамырынан жаңа үзiлген басқа гүлдер шоқтала қалыпты. Тұрған орнында шегенделiп, қатты да қалды. Хрусталь ваза бұған түсi суық, əрi жат көрiндi. Есiн жия көршi бөлменiң есiгiн итере ашып Досболға барды. Ол чемоданды ақтарып, ескi қағаздардың арасынан əлдебiр нəрсенi таба алмай əуреленiп жатыр екен.
– Досбол, ақ гүл қайда?– дедi даусын əрең шығарып.
– Ол солып, жаман болып қалды емес пе, көрмейсiң бе оның орнына жаңа гүлдер əкеп қойдым ғой,– деп жауап қатты Досбол басын көтерместен.
– Қайда тастадың оны, айтшы?– деп жан дəрмен тағы сұрады Айжан.
Досбол ақтарып жатқан чемоданнан бас көтерiп, Айжанның өзгерiп кеткен кейпiне таңданған пiшiнмен:
– Анда,– деп сырт жақты нұсқай салды. Бұл сөздердi естiгенде Айжанның мүлдем үрейi ұшты. Басқаны елең қылмастан сыртқа ұмтылды.
Ендiгi тағдырына өкiнiшсiз мойынсынып сұлап жатқан ақ гүл- дi тез тапты. Жерден көтерiп алып, көзiн бағжита тiгiп, айналдыра қарап ұзақ тұрды. Ақ гүлдiң нəрсiз бейнесi оған мұңдас үнмен ұзақ сыр шертiп, Айжан ұйып тыңдағанға ұқсайды. Көзiнен ұсақ мөлдiр тамшы екi-үш рет домалап түстi.
– Сен мендей болма,– дегендей ақ гүлдiң өсиетi жанын қатты толқытты.
1970 жыл.