20.06.2022
  112


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Кіп-кішкентай көжегім...

Кіп-кішкентай көжегім.
Шұнаңдаған,
Сидырмады бұ тағдыр бұлаңдаған.
Сен кетпексің қиырға шеру тартып,
Жол таба алмай адаспа, тұман – далам.
Құлдыраңдап шабушы ең, салып асыр,
Былдыр-былдыр айтушы ең,
«Ағыла сыр».
Сағынам ғой сені енді, сағынам ғой,
Ақылынан жаңылды кәрі ғасыр.
Әлі күндер көп білем, толғанатын,
Кетпексің бе шынымен, қолқанатым?
Тумай жатып не екенін сағыныштың,
Біліп болдың, өзіңде толған ақыл.
Қу өзегім өртенді,
Жанып, тәмам,
Қайла таппай ақылдан танып, талам.
Періштелер ойнатып, ұйықтап жатып,
Сағынамын кезіңді шалықтаған.
Күттірерсің сар майдай, зарықтырып,
Жақын да емес тұратын барып, біліп.
Қош болып тұр, қайтадан табысқанша,
Көлеңкесін кеудемнің жарық қылып.
Түсінбейсің бірақ сен ештемені,
Өгейсітпес шешеңнің өскен елі.
Аяқ асты – сор кешіп, мүскіндену,
Бақыт деген күттіріп, кеш келеді.





Пікір жазу