«ЖОҚ, ЕШКIМ КЕЛГЕН ЖОҚ!»
Мен соғысты Прагада аяқтап, сол қаладан қайттым.
Надежда Сергеевнамен Мəскеу-Новосібір пойызында кездестiм. Ол вагон сөресiнде жантайып жатқан күйеуiнiң қасында отырып, əртүрлi əңгiмелер айтады. Бет жүзiнде ендiгi бейбiт күннiң де алғашқы ауыртпалықтарын сезiнген байсалдылық бар. Өткен соғыс тауқыметi бұған еш белгi салмаған, қажығандық нышаны мүлдем байқалмайды. Анда-санда ғана екеуара əңгiмемiзге жеңiл күлкi, əзiл араласып, iшкi сарайына сəуле құйылып, жадырап қалатыны бар.
Бұл əйелмен ең алғаш Солтүстiк-Батыс майданның госпиталында танысқанмын. Алғашқы күйеуi сонау Фин соғысында қаза тапқан ол өз еркiмен от пен оқтың арасына санитарлық жұмысқа аттанған. Қауiп-қатердi басқалармен бiрдей көрiп, қайтып келе жатқан бетi.
Қасындағы қос балдақты кексе солдат Белоруссияның немiстер жермен-жексен етiп кеткен бiр селосынан екен. Бiр аяқтан айрылған кемтар адам соңғы жарым жылдың iшiнде əйелi, балаларын қоса iздестiрген. Орман-орманнан ағылып, күлге айналған өз селоларына келiп жатқан жандардың арасынан өз туғандарын кездестiре алмайды. Ауылдастарынан сұрап бiлгенi бұл село тұрғындарының көбiн фашистер жойып жiберiптi.
Əбден күдер үзген Степан Григорьевич ендiгi халiн анық болжап, өзiн госпитальда ұзақ күткен Надежда Сергеевнамен көңiл қосады. Ақыры онымен Қазақстанға жүрiп кетпекке келiскен. Степан Григорьевич бiздi оңаша қалдырғанда Надя мұның бəрiн шыншыл жүрекпен айтты.
Ресейдiң бiр қаласында үшеуiмiз Алматыға апаратын поезға ауысып мiндiк. Мұнда Надяның үй-жайы, кəрi шешесi бар екен. Сонда бұлар тұрмыс құрмақ. Бұл кезде жиырма бiрде ғанамын. Менiң де он екi мүшем сау емес. Оң қолыма протез кигенмiн.
Алматыда университетке оқуға түсуiм оңай болды. Алғашқыда үш айлық дайындық курсынан өттiм де, сол жылдың күзiнде-ақ студенттер партасына отырдым.
Сырт болмысымнан жалындаған жастық ажары байқалғанмен сұрапыл жылдар санамды сартап қалып тастаған ба, маған оқу қонбай қойды. Жатақханадағы у-шу кедергi жасап жүр ме, оңашада бағымды сынайыншы деп, Надежда Сергеевнанның үйiне келдiм. Ол қуана-қуана маған бiр бөлмесiн босатып бердi. Мұнда да оқуды өгiздей өрге сүйреп əкетпегенмен тыныштықтың қолайлы жағы болды. Лекциядан келген бетте кiтапқа жармасып, түнгi сағат үште əрең бас көтеремiн. Өң мен түстей өтетiн осы ұзақ уақыт iшiнде тырс еткен дыбыс берiп ешкiм көңiлiмдi бөлмедi. Надя менiң жағдайымды ұғып, күйеуiмен сыбырласып сөйлеседi. Тек анда-санда балдағымен едендi тоқ-тоқ еткiзiп, Степан Григорьевичтiң ары-берi өткенiн естимiн.
Маған ең жеңiл пəндердiң өзiн игеру қиынға тидi. Үш беттi он рет оқып шығып, соның үш сөзiн дұрыстап ұстай алмған шақтағы қынжылғаным əлi есiмде. Бiрақ табандылығым басыма шығушы едi. Өзiмдi тасқа жанығандай жiгерлене түсетiнмiн.
Кейде көзiмнiң майы таусылып, қажалған шақтарда Надежда Сергеевнамен дидарласып, желпiнiс жасайтынмын. Надежда Сергеевна:
– Қалқам-ау, соншама неге көп сарғаясың? Миың айналып кетпей ме?– дейдi.
Менi шын ниетiмен аяйтынын аңғарам. Осы аяныш көңілiмдi босаң ете ме:
– Миымның өзi де айналып кеткен ғой, Надежда Сергеевна,– дейтiнмiн оған мұңымды шағып,– тек оқу оқып, оның бұрынғы тоңын, қатпаршағын қайта кигiзбесем бола ма?
Сонда Надя соғысты, қолынан өткен жаралы жауынгерлердi елестете ме, бүкiл денесiмен күрсiнiп салып, өзі де ұзақ мұңға бататын. Тек Степан Григорьевичтi көрiп, селк етiп оянатын да оған тағы қандай қамқорлық жасау керек екенiн бiрден есiне түсiре алмай əлек болатын.
Степан Григорьевич – өмiрi үндемейтiн адам. Бiз Надямен сөйлесiп отырғанда ол едендi тоқ-тоқ еткiзiп қасымыздан өтiп кетедi. Балдаққа əлi үйрене алмаған ба, жүрiсi ауыр, жүзiн жерден алмай, баяу қозғалады. Қос ағашқа бар салмағын салғаннан емес, қай жерде сүйегi қалғаны белгiсiз бұрынғы қатын-баланың қайғысы желкесiнен басып тұрғандай, қос жауырынының ортасы терең шұңғылданып тұратын.
Ал Надя осы кембағал адамды қалай күттi десеңшi. Бөлме еденiн əйнектей жалтыратып, ақ сүлгiмен сүртiп алсаң кiршiк жұқпайтындай етiп, үйдi сондай таза ұстайтын адам едi. Степан Григорьевичтi тамаққа шақырғанда дастарқанына көзiң түссе, ыдыс-аяқтарынан ерекше тазалық белгiсiндей бiр сəуле төгiлiп тұратын. Кексе солдаттың өзi алақанда аяланған нəрестеден айырғысыз. Ескi қауызынан арылып, күннен-күнге ағарып, ақ жұмыртқадай бола бастаған. Адамның шын сарайы осындайда ашылатын сияқты. Степан Григорьевичтiң анда-санда өзiме бiр қадалып қалатын көкшiл жанарындағы айқыш-ұйқыш сурет сəулесi де молайып, қатпар-қатпар өмiр белестерiнiң арғы тасасынан қарап тұрғанға ұқсайды. Надежда Григорьевнаның күнiне үш мезгiл тамақтың ең жеңiл, жұғымды түрлерiн жасап, стол үстiнде буы бұрқыраған күйiнде құлпыртып қоюына қарап, сiрə, жарымжан солдаттың аяғында ғана емес, iш құрылысында да бiр ақау бар ғой деп ойлаймын. Себебi, Степан Григорьевич осы тамақтың өзiнен аз жейдi. Олармен бiрге мен де талай рет дəмдес болғам. Надя не жасаса да аузыңда ерiп, жеген сайын тəбетiң ашыла түсетiн. Степанның осындай дастарқан үстiндегi салқынқандылығы оған деген аяушылығымды молайта түсетiн.
Степан Григорьевич бiраз оңалғасын бiр мекемеге вахтер болып орналасты. Надя майданнан қайтқан алғашқы күннен-ақ осындағы ең үлкен мейманханада кезекшiлiкке тұрған. Соғыс кезiнде шұғыл дайындықтан өтiп қана сестра болған. Ол жағынан арнаулы бiлiмi жоқтықтан бейбiт күнде осы орналасқан жұмысына да көңілi тоқ едi. Бiр тəулiк мейманханада болып, демалуға тиiс үш тəулiгiн түгелдей жан-тəнiмен Степан Григорьевичке арнайды. Оның түстiк тамағын жұмысына апарып бередi.
Таңертең əлдекiмге өкпелi адамдай жауырынын күжiрейтiп, қос балдағымен едендi тоқ-тоқ еткiзiп кетiп бара жатқан күйеуiне Надя:
– Степан Григорьевич, бүгiн түсте қандай тамақ апарайын? Ыстық борщ пен қуырылған жұмыртқаға тəбетiң шабар ма екен?– деп сұрайды. Күйеуi артында қалып бара жатқан лажсыз дүниеге бiр қайрылғанындай қинала тоқтап, бар денесiмен бұрылады да, əйелiне қабағын барынша көтерiп, ажырая қарайды:
– Менiң қандай тамаққа болсын тəбетiм шабады, Надежда Сергеевна!– деп, осындай болымсыз сұрақпен өзiн тоқтатқан əйелiне бүкiл тұла бойымен наразылық бiлдiрiп, қалтырақтап, қайтадан өз жөнiмен жүре бередi. Надя бүкiл кеудесiмен ауыр
тыныс алып, оның соңынан қараған күйi тəрбиеге көнбей кетiп бара жатқан бала күйiгiн көтерген анаға ұқсап, қос қолын қарынан айқастырып ұзақ телмiрiп тұрып қалады. Күйеуi сыртқы есiктi баяу сықырлатып, бiр қолының шынтағымен жауып, əрi қақпа сыртында балдағының тоқ-тоқ еткен үнi өшкенше қозғалмайды.
Надежда Сергеевна өмiрi бала сүймеген адам екен. Тағдыр ондай бақыттан ада қылғанмен көкiрегiне қамқорлық сезiмiн толтырып, соның шарасынан асып-төгiлiп тұрған шағы ма? Кейде Надяны аяймын да, онымен əңгiмелесуге бiр сəт уақыт бөлемiн.
Екеумiз оңаша қалғандағы осындай сирек əңгiме үстiнде Надяның көңiлi тез босаңси қалады.
Соғыс тауқыметi бұған оңай тидi ме? Шайқастың неше түрiн көрген мен, ұрыс болып өткен даладан терiп алатын жаралы жауынгерлердi құрғақта қалып, жан тəсiлiм етердей тыпырлап жатқан балықтарға ұқсататынмын. Шым-шымдап аққан қанды шандып орап, онымен бiрге сусып кетiп бара жатқан адам жанына қайыру бергенде, үстi-үстiне келiп, толастамайтын, таусылмайтын осындай жұмыс Надяның өз жанын қалай суырып əкетпедi екен деп таңданатынмын. Мiне, қатер дегенiң көз алдыңда қызыл қан болып аққан сол сұрапыл күндердiң ақыр соңына дейiн жеткен жiгерi тап осы қара басы қалқиған Степан Григорьевичтiң оңайлықпен ашыла қоймайтын қыңыр мiнезi алдында мұқала беретiнi түсiнiксiз едi.
– Қамал-ай, қарашы! Дүние аударылып-төнкерiлiп тұрмаса, бiркелкi алға баса алмай ма? Осы соғыс қанша адамның сорын қайнатты. Аман қалған Степан Григорьевичтiң өзi мынау. Құлағының түбiнен шыбын ызыңдап ұшса соған тыжырынады. Аузына ас салуының өзi бiр қиямет iс. Қайтсем бабын табамын?
– Надежда Сергеевна, оған неменесiне сонша көп күрсiнесiз? Мүмкiн, аяғының жарасын ауырсынып жүрген шығар. Иə, соғыс кiмнiң басына қасiрет əкелмедi? Аман қалған менiң де қолым мынау, қыста да, жазда да қара қолғап киемiн. Оны да қойшы, бəрiнен де басымда бiр тесiк саңлаудың қалмауы жаныма қатты батады. Оқу қонатын емес.
Сөйтiп, Надяны сергiтпек боламын да өз мұңыма түсiп кеткенiмдi аңғармай қалатынмын. Кiм бiлсiн, контузияның əсерi шығар. Ондайда дереу əңгiменi доғаратынмын. Бар күшiм осыған ғана жетедi. Өзi қамкөңiл əйелдiң мойнына су құйып қайтейiн. Ал көңiлдi əңгiме үшiн тiлге тиек етерлiк бiр нышан таба алмай өз бөлмеме сүңгiп кетiп, маңдайымды столға тарс қойып, ұзақ
қыбырсыз қаламын. Степан Григорьевичтiң мiнезiн өз басымдағы хал арқылы Надяға баяндап беруге батылым бармайды. Надя күйеуiн жұмысқа, менi өз бөлмеме жөнелткеннен кейiн ғана қалпына келетiн сияқты. Оны үй шаруасын iстей бастағанынан аңғарамын.
Бiр күнi Степан Григорьевичке хат келдi. Почтальон есiк тоқылдатқанда ол жұмыста болатын. Мен өз бөлмемнiң есiгiнен сығалап, коридорға Надяның конверттегi мекен-жайға ұзақ үңiлiп тұрғанын байқадым. Ақыры Надя ол хатты ашқан жоқ. Хаттың күйеуiне екенiн менiң бөлмемнiң тұсынан өтiп бара жатып, маған сыбырлап қана айтты. Əлденеден өңi бозаң тартып, көзiнен бiр жарқ еткен отты байқадым.
Степан Григорьевич жұмыстан келiп, ол хатты төсегiнде шалқасынан жатып оқыды. Надя:
– Бұл неғылған хат?– деп, сыр тарта сұрағанда, Степан Григорьевич төсекке асықпай түргелiп отырып:
– Мұнда сенi де, менi де қуантарлық ешнəрсе жоқ! Неғыласың?– деп, əдеттегiдей сабырмен жауап қайырды. Үлкен тарақ қағазды ұйпалақтай қалтасына сала салды. Надя одан кейiн ол хатқа мəн берген жоқ, тiптi ұмытып та кеттi.
Күндер өтiп жатты. Надяның кəрi шешесi, өзiнiң бөлек кiшкентай бөлмесiнен ешқашан шықпайды. Шашы аппақ қудай, өзi етжеңдi болғасын белi бүгiлiп одан сайын домаланып қалған. Оның ас-суы да бөлек, осы үйде тұратын қалған үш адаммен тiл қатысып, олардың тiршiлiгiне араласып көрген емес. Тек Надя ғана анда-санда оның бөлмесiне бас сұғып, өлi ме, тiрi ме, соны ғана бiлiп шығатын сияқты. Оның бар ынта-ниетiн Степан Григорьевичтiң қамы жұтып бара жатқандай. Бiрақ сарылып, сарқылатын Надя емес, қайта күннен-күнге өңi кiрiп, жасара түскенiн байқайтынмын.
Степан Григорьевичтiң оңаша маған бiр айтқаны:
– Қамал, егер менiң атыма хат келе қалса, почтальон Надежда Сергеевна жоқта сенiң қолыңа берсе, сен оған көрсетпей-ақ, жасырып бергiн.
Мен «құп» деп бас изедiм. «Бiреудiң семьясы – қараңғы ормандай» дейдi орыс мақалы. Тағы жарымжан адамның сырына сұғынып нем бар? Оның мəнiн сұрамадым да. Оқу қинаған өз тауқыметiмдi де көтере алмай жүрген шағым ғой.
Содан берi Степан Григорьевич жұмыстан қайтқан сайын мен жаққа алаңдайтын болды. Мен Надяға бiлдiрмей басымды
шайқаймын. Ол жауабымды ұғысымен басын салбыратқан күйi өз бөлмесiне қарай өтiп кетедi.
Тағы үш-төрт айдың iшiнде екi рет хат келдi. Бiрақ екеуi де ең алғаш Надяның қолына тиiп, ол конверттi ашпастан күйеуiне өзi ұсынды. Ол хаттар да Степан Григорьевичтiң қалтасына сүңгiп, сол күйi жым-жылас болды. Егер мұның жоғалған əйелi, балалары табылып, хат солардан келiп жатса, Надя оны конверт сыртындағы мекен-жайдан-ақ ажыратар едi ғой. Тағы ондай жағдайда Степан Григорьевич өзiн тап мұндай салқынқандылықпен ұстай алмасы хақ. Мүмкiн, алыс ағайын, туғандарынан болар деп жорамалдайтынмын. Тағы бiр байқағаным, Надяның осындай белгiсiз хаттар келген сайын жарымжан күйеуiне ықыласы арта түсетiн. Оның алдында қауындай жарылып, тiптi бiржолата өлiп түсердей, бойындағы барлық ыстық ықыласын аямай төгiп- шашатын. Надежда Сергеевнаның жас кезiнде де бастан кешпеген, бiрақ өмiр бойы жан түкпiрiнде жасырулы жатқан құштарлыққа ұқсас сезiмдi осы бiр кексе солдат өз болмысымен оятты ма екен деймiн.
Менiң бұл үйде тұрғаныма жылға жуық уақыт болып қалған. Алайда өзiммен парталас студенттердiң алған бiлiмiн мен ала алғам жоқ. Университет мұғалiмдерiне сырымды айтып қойғанмын, олар жегуге жарамаған өлмелi атты арбаның артына жетекке байлағандай, əйтеуiр алға iлбiтiп əкете бердi. «Соғыста көрсеткен табандылығыңды ендi оқуда көрсет, ендi бiраздан соң қатарға қосыласың»,– деп жiгерлендiрiп те қояды. Шынында да соңғы кездерi кiтаптан оқығаным там-тұмдап болса да есiмде қалатын. Мұны миымның соғыстың шаң-тозаңынан арыла бастағаны деп ұғып, əрi мұғалiмдердiң сүйрелеуiмен одан сайын оқуға құныға түстiм. Барлық тыныс-тiршiлiгiм осымен ғана шектелiп, оған етiм өлiп, үйренiп те кеттiм.
Бiр күнi əдеттегiдей кiтапқа үңiлiп отырғанымда ауызғы бөлмеде кiр жуып жатқан Надя аяғын еппен басып келiп, менiң бөлмемнiң есiгiн ашты. Қолында ұйпалақтанған ескi қағаз. Осыдан бiр күн бұрын ғана Степан Григорьевич вахтада тұрғанда киетiн арнаулы киiмдерiн жудыруға ала келген. Надя сондағы көп қалтаның бiрiнен тапса керек.
Бүктеулi жерлерiнен қақырап, үлбiреген ескi қағазды абайлап менiң көз алдыма жая ұстады. Надяның өз жүзiнде ешқандай белгi жоқ, тек менiң сабағыма кедергi жасадым ба деген əдеп қана бар. Қағаздағы жазу мынау:
«Құрметтi Смеляков Степан Григорьевич! Сiздiң туған- туыстарыңызды iздестiру туралы өтiнiшiңiздi алдық. Iздеу қорытындысын өзiмiз хабарлаймыз.
ПНМ бюросы. Минск қаласы.
12 сентябрь 1945 жыл.
Үлкен табақ қағаздағы бар жазу осы ғана. Надяның жүзiне қайта қарағанымда ол аңырайған күйiнде екен. Қайғы табын көрем бе деп сəл бағдарлағанымда Надя ондай осалдықпен сыр алдыратындай емес екен. Қайта осы iске өзi де мүдделi адам секiлдi.
– Мынау ПНМ бюросы деген қандай бюро болды екен?– деп сұрады. Оны мен де ажырата алғам жоқ.
– Кiм бiлсiн, соғыс кезiнде батыс республикалардың көбi тоз-тоз болып кеттi ғой. Ағайын-туғандарынан айрылғандардың өтiнiштерiн орындайтын уақытша құрылған бiр мекеме шығар.
Надяның өз шамалауы да солай. Қағазды қолына ұстап сəл ойланды да:
– Жарайды, мен бұл қағазды көрмеген болып, бiр жерге тығып қояйын. Егер Степан Григорьевич iздеп қалғандай болса жай ештеменi аңғармаған болып бере салайын.
Ол хатты Степан Григорьевич сұраған жоқ, тiптi Надяның өзi де ұмытып кеттi бiлем.
Соғыс аяқталғаннан кейiнгi келесi жылдың күзi келдi. Бұл ауылдық жерлерде егiн жинаудың ең бiр қарбаласы мол шығы. Қалада ағаш жапырағы сарғайған сабырлы күз ғана. Жаз бойы көк мауыты киген жөке, шiлiк алтын түске боялып, өзгеше өңмен құлпырған.
Тап осы күзде Степан Григорьевичтiң семьясы табылғаны жөнiнде хабар сап ете қалды. Бұл iздеу бюросынан едi. Осыдан екi- үш күннен соң əйелi мен балаларынан хат келдi. Мекен-жайларын айтып, егер тез келе қоймаса өздерiнiң сағыныштан жарылғалы жүргенiн аямай сойдақтатып, ұзақ қып жазыпты. Бұрын əр жаққа бiр ши жүгiртiп, семьясына iздеу салғанын, одан жауап хаттар келгенiн iшiндегi бiтеу жарадай сақтап, ол турасында жұмған аузын ашпағанмен мына соңғыларын Надяға бiрден айтыпты.
Мен өз бөлмемде сабаққа үңiлiп сарылып отырғанымда Надяның жылаған дауысын естiдiм. Ол шыңғырғандай ащы үн шығарып барып бiрақ тез тыйылып едi. Қатты аңыраған мен күйеуi соншама жанын ауыртқандай не айтты екен деп дағдардым. Жарымжан солдаттың түсiнiксiз мiнезiнен көп нəрсенi күтуге болады ғой деген ащы ойға да барып қалғам. Бiрақ екеуi бөлмелерiнен шыққанда Надядан жəбiр көрген, жылаған адамның түрiн байқамадым. Тек бет-өңiрiн, тұла бойын сiрестiрген бiр салқынқандылық бар. Ақыры ол бүгiнге дейiн нəрестедей əлпештеген күйеуiн сонау Белоруссияға аттандырып салғанда да өзiн жақсы ұстады, осы сабырлылығы мен салқынқандылығын жоғалтқан жоқ.
Степан Григорьевичтi поезға отырғызуға мен де бардым. Вокзал басында Надежда Сергеевна соншама таза киiнгендiктен бе бұрынғыдан да сұлулана түскендей көрiндi. Екеуi қысқа ғана сүйiстi. Өзiммен қоштасқанда Степан Григорьевичтiң сəл жасаурай налыған көздерiн байқадым. Бұл адамның халiн ендi ғана ұққандай оның осы кейпi көпке дейiн жадымда қалды.
Надя екеумiз автобусқа мiнiп вокзалдан қайтқанда жол бойы, тiптi үйге келгенде де сөйлескемiз жоқ. Сəл қабағым тұнжыраса қазiргi қалпым, сұлу реңiм сеңдей бұзылып сала берер деген қауiппен тұла бойын, бет өңiрiн күшпен сiрестiрiп, зорлана ұстап тұрғанын аңғарамын. Артық сөзiм жанына тиiп кетер деген сақтықты ойлап, мен де тiс жарып үндегем жоқ. Үйге келiсiмен ол жатып қалды. Бұл кешкi уақыт едi. Сол жатқаннан ертеңiне күн еңкейгенде бiр-ақ тұрды. Осы бiр ұзақ жатыстан соңғы тəулiк iшiнде ол қартайып қалған шығар деп, түр-түсiне абайлай көз салғанымда өзiм күтпеген суреттi көрдiм. Ол ұйқысы қанып тұрған баладай тың, ширақ екен, жүзiнен ешқандай қайғының табы бiлiнбейдi.
Осыдан кейiн Надежда Сергеевна бiр түрлi күтiнiп жүрдi. Жұмыстан бос уақыттарында өз бөлмесiнде иегiн қолдарына сүйеп, əлдеқандай көңiлдi ойда отырады немесе кiтап оқиды.
Степан Григорьевич кеткеннен кейiн көп ұзамай кəрi шешесi де өлген. Надежда Сергеевна ендiгi жалғыздығына өз бойындағы қуат, жiгермен көрiк бермектей киiм киiсiн, шаш түйiсiн түрлендiре түстi. Табиғатында реңдi əйел ғой, өз бағасын өзi ұғатын да шығар, бұл күтiнуi оның сымбатын жарқыратып жiбердi. Сол сымбаттың тасасында көкiрек тұсында шынайы өмiр ағынын аңсаған бiр алапат күштiң де дүрсiлдеп соғып тұрғанын аңғарушы едiм.
Иiлiп тұрған кəрi емес, бəрi кешiрiмдi де ғой. Надежда Сергеевнаның бiр рет жұмыстан өзi қатарлы екi ер адамды ертiп келгенi бар. Бұлар Степан Григорьевичтей емес, тым көңiлдi едi. Алғашқыда, Надежда Сергеевна қонақтарымен өз бөлмесiнде жақсы-ақ отырған, кенет ол жақтан шу естiлдi. Бұл Надежда Сергеевнаның дауысы едi. Ол қонақтарын қуып шықты. Олардың өздерiн тəртiпсiз ұстағанын аңғарып қалдым.
– Жоғалыңдар, қара ниеттер. Сендер, адамдық ардан безген ақымақсыңдар. Қолдарыңнан жақсылық келмейдi, тек қана жаманшылық үшiн жаралғансыңдар. Өздерiңдi үлкен қызметкер санайсыңдар, бiрақ арамдық пен мансаптан басқа ешнəрсенi ойламайсыңдар. Маған қарай мұндай оймен аяқтарыңды қия басушы болмаңдар!– деп, Надя шаптыға сөйледi. Олар кеткесiн Надежда Сергеевна тағы да өз бөлмесiнде қамалумен болды. Ендi жарық дүниеге көрiнуге бетi жоқтай. Ана екеудi қуған даусын естiп, коридорға мен де жүгiрiп шықтым. Көрмегенiм көрмеген, егер менiң көзiмше Надяға жəбiр боларлықтай артық сөз айтса, сəл қимыл-əрекет жасаса, қан көрiп келген басым шыдай алмасым анық. Протездi қолыммен-ақ шайқасып бағар едiм. Мұның оларға жақсылық əкелмесiне сенiмiм мол. Бiрақ олар жел қуған қаңбақтай аударылып-төңкерiлiп, тез қараларын батырды. Тiстерi ақсия күлiмсiреген жүздерiнен жемтiкке аузы жетпей қалған қасқырды елестеттiм.
Надяның бөлмесiне кiрiп, оны жұбатуым да ыңғайсыз. Əрi баласындай менен өзi де ұялып, жерге кiрiп кете жаздады ма?
Екi-үш күндей бiр-бiрiмiздi көрмей жүрдiк. Əрқайсымыз өз бөлмемiзде шегелендiк. Əлдеқалай күнiне бiр рет ерiн жыбырла- тып амандасу ғана парызымыз сияқты. Ондай жолығысулар үшiн себеп табу да қиын. Мен шайды өзiм қайнатып iшетiнмiн, əрi күнiне екi мезгiл институт асханасынан тамақтанамын. Бiр-бiрiмiзге бара-бара ашыла бастадық. Надя да жайдары қалпына түстi. Ендi жұмысқа бармайтын күндерi мұздай киiнiп, көшеге шығатын. Өзiнiң айтуынша, көбiне күндiзгi киноларды көрiп қайтатын. Кейбiр мейрамдарда Степан Григорьевичтен телеграмма, не хат келушi едi. Оларды Надя ұзақ отырып оқиды. Тiптi төрт-бес күнге дейiн қайта-қайта қарағыштап, əрi қастерлеп сақтайтынын да байқағам.
Бiр қызығы, осы күндерде Надежда Сергеевнада бiр тосындау əдет пайда болды. Жұмыстан, не кинодан, мейлi қай жақтан болмасын, келе сала менiң бөлмеме басын сұғады да:
– Маған бiреу келдi ме?– деп сұрайды.
– Жоқ, ешкiмкелген жоқ?– депсыпайыжауап беремiн. Алғашқы күндерi əлде кiмдi күтiп жүр ме деп ойлағам. Менiң жауабымды естiгенде қабағынан кейiске ұқсас еш белгi байқалмайтын. Менен амандық бiлген қалыпта ақырын есiк жабатын.
Қисынсыз ғой деп те ойламайды, бiр жақтан оралған сайын есiгiмдi ашады да дағдылы сауалын қояды. Көңiлi жарым əйелдiң онысына кейiп қайтейiн, «Жоқ, ешкiм келген жоқ» деген жауабымды айтамын да iштен тынамын.
Апырай, тым болмаса өзi жоқта бiреу келiп күтiп отырсашы, сонда Надя келгенде алдынан шығып: «Надежда Сергеевна, сiз қайда жүрсiз? Сiздi бiр адам келiп күтiп отыр ғой»,– деп жазғыра сөйлеп күлiмдер ме едiм деп қиялдайтынмын. Бiрақ ешкiм келмейдi.
Надяның да ол үшiн жабырқаған түрiн байқаған емеспiн. Осылай күндер өтiп жатты «Маған бiреу келдi ме?»– деген сауалына бара-бара етiм үйренiп кеттi.
Кейiн мен оқуды бiтiрiп, астанамен қоштастым да алыстағы туған аулыма тартып отырдым.
Тiрлiк тынысынан уақыттың қалай өткенiн бiлмедiм. Соғыс ерте есейттi дегенмен шындап есейгенiм сол еңбек жылдарында едi. Ой өстi, бой өстi дегендей кейiн бiр үлкен шаруашылықтың басшысы болып кеттiм. Сөйтiп жүрiп астанаға 15 жыл өткен- де бiр-ақ соғыппын. Осы уақыттың iшiнде мен Надежда Сер- геевнаны мүлдем ұмытқам жоқ. Алғашқыда өзiм келiп түскен мейманханадан iздегем. Бұдан бiлгенiм, зейнетке шығып кетiптi. Үйiне iздеп барғым келдi. Бəрiнен де кейiнгi тағдыры не болғанын бiлу қызық едi.
Жаңа құрылыс Алматының ол кездегi бейнесiн мүлдем өзгер- тiп жiберген. Ойша шамалап жүрiп, Надежда Сергеевнаның тұрағын əрең таптым. Айналасы бау-бақша бұрын үлкен сарайдай көрiнген Надяның үйi өзiне iрге тақастырып, төнiп кеп қалған бес қабатты сұрғылт үйлердiң қасында мүлдем аласарып, жермен- жексен болып кеткен.
Жан-жағыма алақтап, оның қақпасына жақындай бергенiмде көшенiң қарсы жағынан аласа бойлы бiр кемпiр келе жатқанын байқадым. Ол да сол қақпаға бұрыла бердi. Шамасы бiр жақтан келе жатқан адам, үстiнде плащ, ұстаған сөмке, қолшатыры бар. Ол да менiң осында бұрылатынымды байқап, бiр-бiрiмiзге бағжия қарап қалыппыз.
– Надежда Сергеевна!– деп, мен балаша қуанып, айғайлап жiберiппiн.
– Қамалмысың!– деп көзiнiң айналасындағы əжiм қаптаған еттерiн барынша керiп жымиғанында өзiм үнемi есте сақтаған сұлу көркiн сол көп жылдар тасасынан қайта көргендей болдым. Қазiргi халi де толғантпай қойған жоқ. Бiр кездегi сұлу тұлғасы анау зəулiм құрылыстардың қасындағы өзiнiң ескi мекен- жайындай бiр уыс болып, қушиып қалуынан аз-кем шiмiрiктiм де. Осы жайымды ұға қойғандай Надежда Сергеевна менiң түр- түсiме əлi де бажайлай қарап:
– Бiз қартайдық қой, Қамал. Сонау соғыс бiткен жылдары бiздiң үйде тұрғаныңда сүйегiң қатып-сенген, қырым ет жоқ, түсiң бозарған жас бала едiң. Ендi қарасаңшы, қарның шыққан, өзiң еңгезердейсiң, үлкен беделден де құралақан емес сияқтысың. Бұл уақыт қой!– дедi. Бiрақ қапаланып көңiлi босайтындай түрi жоқ.
Ендiгi əңгiменi үйге кiрiп сөйлесейiк деп, қақпадан iшке ендiк. Үйреншiктi аула көзiме оттай басылды. Мұнда ешнəрсе өзгермептi. Тiптi сонау Степан Григорьевичтiң iздерi де сайрап жатқандай.
Есiк ашық екен. Е, iште бiреуболғаны ғой. Ол кiм екен? Мүмкiн, ол жылдары мен кеткесiн күйеуге тиiп, қазiр де қосағымен қоса ағарған жайы бар шығар. Үйдегiсi сол болар, бəлкiм.
Таныс коридормен өтiп, баяғыда мен жатқан бөлменiң тұсына тоқтадық. Надежда Сергеевна оның есiгiн ашып, iшке басын сұққанда оның төбесiнен асып, мен де қарағам.
Баяғы менiң столымда өрiмдей жап-жас қазақтың баласы сабағын оқып отыр. Студент екенiн байқадым. Надежда Сергеевна iшке сəл сұғыныңқырай:
– Маған бiреу келдi ме!– деп сұрады. Студент жiгiт кiтаптан басын əрең көтерiп:
– Жоқ, ешкiм келген жоқ,– дедi.
1971 жыл.