20.06.2022
  168


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

КҮЗГI ДАЛАДА

 


Жаз айлары əлдеқашан таусылған. Бақша iшiнде алтын күздiң шашағы төгiлiп тұрған шақ. Ертелi-кеш үзiлiп соққан қырдың желi ғана мұның берекесiн кетiредi. Кəрiнiң шашындай дудырап, жапырағы жұлқыланған тал-қайың мезгiлсiз жапа шеккенге ұқсайды. Жаз рахатын еске түсiретiн шуақ күндер сирек.


* * *


Қарт ана Ақбибi бүгiн елең-алаңда оянысымен-ақ, өзiн əдеттегiден ширақ сезiне бастады. Сонау егiн даласынан əрi сары топырақты төбе басында мен мұндалап тұрған бейiт барын бiледi. Сондағы топырағы борпылдақ бiр жас қабiр қарт ананың көзiне ерекше ыстық. Бүгiн сонда барады.
Туған ұлының басында отырып, соңғы күндерi көрген- түйгендерiн түгел тəптiштейдi. Алдымен бiраз уақыт өткiзбек керек. Төсегiнен тұрды да оны-мұныны қолымен iлiп-шалып, келiнiнiң жұмысына қолқабыс тигiздi. Оның қабағын баққан күндегi күйбең əдетi де жоқ. Бүгiн мұнда да ұл барын, бұл да апталдай азаматтың анасы екендiгiн кiмге де болса бiлдiрмек, ұғындырмақ секiлдi.
Келiнiнiң сиыр сауып, табынға қосып қайтқанын дыбысынан бiлдi де, от жағуға кiрiстi. Маздаған оттың ыстығы жүзiн шалып өтiп, iшi-бауырын түгел жылыта бастады. Есiктi сықыр еткiзiп, ертеңгiлiк суыққа қымтанып киiнген келiнi Қалима кiрдi. Ол енесiнiң ерте тұрып бүкшеңдеп от жаққанын көргенде, ақбоз өңiнiң құты қаша таңданды. Оған ең ауыр тиетiнi осы едi. Енесiне жалынышты көзбен қарап:
– Ене-ау, соншама ерте тұрып шала бүлiнгенiңiз не? Өзiм-ақ қайнатам ғой бұл шайды. Ұйықтай бермейсiз бе?– дедi. Сөзiнен, даусынан сағы сынған адамша жетiмсiреген күй байқалады.
– Қарағым-ай, кəрi кiсiде ұйқы бола ма? Сен жұмысқа кешiге ме деп...
Келiнiне ол кiсi əрдайым сақтықпен қарап, олай-бұлай боп кетсе, абай боларлық бiрдеме iздегендей болатын. Жағаласа жүгiрген екi қолдан дəтi шыдамағандай жез шəугiм тас-талқаны шығып iлезде қайнады.
Ертеңгi шай олар үшiн сын сағат едi. Ақбибiнiң түлкiдей сақ көздерi аннан-мұннан қылаң етiп, келiнiнiң мейiрбандығы

төгiлген жұмсақ назарын адастырып кетедi. Алдына қызылы үйiрiлген ыстық шай келгенде, оның жүзiнен танитын барлық жақсы нышаны бу боп ұшып кеткендей бiр қас қағысып, көз түйiскен сəтте ғайып болады. Одан кейiн əлдекiмнiң жүрiсiн аңдыған кəнiгi көзбен Қалиманың күнге күйiп тотыққан ашаң сұлулығының ой-шұқырынан əлдененi iздеп үнсiз бағады.
Қалима осы бiр жыл iшiнде қандай күйде болды десеңiзшi. Күнiне он қараса тоймайтын күйеуiнiң қас-қабағынан көз жазып қалғаны толмас өкiнiш едi. Жас қабiрдiң топырағын құшып солқылдап жылаған қаралы күндерi жас тəнге таңба басып, ағаш көмiрiндей қарауытып қала берген.
Бейiт басына бұл да барып тұратын. Бiрде енесiнiң үстiнен шығып, сырттан бақылағанында Ақбибiнiң баласының басындағы ерекше ұстамдалығына қатты таңқалған. Неткен тас түйiн адам десеңшi. Көзiне шық түсiрген жоқ. Қоңыр даусы күмбiрлеп шуаққа маужырағандай жас топырақты жаныштап отыра бердi. Айтқанын баласы көз алдында мақұлдап отырғандай өзi де иегi кемсеңдеп, жүдеп-жадаған кейпiмен мейiрлене бас изейдi.
Сонда Қалима өткен бiр бақытты күндердi еске алып, бiр босағада бəрi қайта қауышқандай, кездесу шаттығына ұқсас ең бiр ғажап сезiмдер ағыны бойын билеп əкеткен. Осы үшеуiн саябырлатқысы келiп, жер-ана əлди жырын айтатын сияқты. Бiрақ, бұл тəспiнiң моншағындай жылт ететiн өткiншi сəт едi.
Күрт төмендеп кеткен ене жүзiне қарап, Қалиманың қайғысына қайғы жамалатын. Ендi қараса мұны қинайтын жар күйiгi ғана емес, сол арманда кеткен, жас қосақтың жалғыз аманаты боларлық тағы бiр мiндет бар екен. Ол – мына кемпiрдi жылатпау. Қалима күйеуiнiң басында соңғы болған кездерiңде өзiндегi ойды жеткiзсем дегендей тұла бойы қалт-құлт етiп ұлықсат сұрауға аузы бармаған адамша ернi дiрiлдеп қатты қиналысты бастан кешiретiн. Бiрақ Алмабектiң өзi қабiр iшiнен қайрат берiп, өмiрдегi бар iс пен қызықты бұған тапсырғандай бойын тез жиып алатын.
Сiлейтiп соққан сол Алмабек қазасының шерi тарқамай- ақ ене мен келiн арасында бiр үлкен ор қазылып қалғандай едi. Содан берi өзiне сенiмсiз қарайтын ененiң жабырқаңқы көздерiн көргенде, ол iшiнен қан жылайтын. Енеме адал көрiнсем дейтiн емеурiн оны соңғы кезде жаман күйрек етiп, кейде өзiнен сылтың мiнез көрсетiп алатын.
Қазiр де ене алдында кiрпиiп сұлқ отыр. Оның самаладай ақ жаулығына көз қиығымен ғана қиыла қарайды. Анда-санда енесiне жалт ете түсетiн жанары «ене-ай, неге маған күдiктене

қарайсыз, мен сiздi тастамаймын ғой» дегендi шыншыл сырымен жеткiзетiндей. Ақбибiнiң əншейiнде «қайтейiн, жас адам ғой» дейтiн кешiрiмдi кең дүниесiнiң қайда екенiн мұндайда өзi де ойламайтын.
Күндегi əдет – осы. Келiнi екiншi рет шайы шығарылған шəйнектi енесiнiң алдына сырғытып, жұмысына тұратын. Ақыры жиналып болып, есiктен көйлегiнiң етегi бұлғаң еткенде, ақтық көрiп қалғаным ба дегендей енесiнiң қандай көзбен қарап қалатынын iштен сезетiн ол, жiгерi құм болатын.
Бүгiн де Қалима үйден көңiлсiз шықты. Жүгiре басып сонау қыр басына жеткенше бас көтерген жоқ.
Бұл кезде колхозшы əйелдер қызылша жинауды суыққа, қыс қарына қалдырмау үшiн жанталасып жатқан. Колхоз шаруашылығының да ендiгi қарбаласы соған ауған. Соңғы кезде жүрегiне жақын тұра бастаған бiр адамның өзiн жолда күтiп тұратынын бiлiп, оған бүгiн тiл қатпай өтуге нық бекiдi.
Қалима жас қой. Сол жастықтың сарқылмаған қуаты тар кеудесiнде бұлқына соқса ше?
Бiрақ, енесiнiң қара жалындай түйдектелiп өңешiнен күйiк ататынын ойлағанда, Қалиманың ернi жыбырлап, жүрегi қысылғандай болды.
– Жаным, неге асықтың, сабыр етшi... Сөйлесейiкшi азырақ...
Тоқташы!
– Жоқ, жоқ, Жанай, сөкпе менi,– Орамалын қолымен түзей жүгiре басты Қалима.
Əйелдердiң ақ жаулықтары көкпеңбек көктем жаннаты түстес қызылша егiстiгiне шашырап түскен ақ гүл сияқты. Көз ұшында түймедей болып, оларға тағы бiр ақ жаулық қосылып, көк өңiрге жарасымды тағы бiр ақ гүл қадалды.
Төбе басында ұзақ тұрып қалған көзi баданадай, кеуделi жiгiт Жанай, шарасыздықтан иығы теңселiп барып тракторына мiндi. Əлдекiмнiң ашу ызасын бiлдiргендей трактор көмейiнен қара түтiн атты да күш алған гүрiлiмен жер солқылдатып ырғала қозғалды. Артына тiркелген соқасы сары аңызды қынадай тiлiп төңкерiп барады.


* * *


Ақбибi бүгiн бейiт басына баратындығын келiнiне айтпай, өзiне де күңгiрт əлде бiр ой түйiнiмен iркiп қалған. Ендi соған жинала бастады. Жолда келiнiнiң көзiне түспеуiн тiлейдi.

Ертеңгiлiк суықтың бетi қайтқан. Түннiң бiр уағынанбасталған таң желiнiң ғана желiгi басылмай, дала үстiнде оқтын-оқтын ойнақ сап кетедi. Ауыл сыртына шыққан Ақбибiнiң кəрiлiктен жiңiшкерген сүйегi аздап жазыла түсiп, туған даланың өңiрiне аттап басқан сайын өзiне бiр жақындықты сезедi.
Бұл өңiрде күз мезгiлiнiң толысқан шағы екенiн айыру оңай. Кейбiр қыраттарды түгел көмкерiп, сонау көк жиекпен астасқан аңыз даласының бетiнде сарғыш сəуле ойнап еркiн құбылады. Асқақ көрiнген құзар тауда күздiң шуақ күнiне деген жылы шырай бар. Алтынға малған алып құс қанатындай бөктерiлiп жатқан осынау туған өлкеге алғыр күн қадала қарайды. Бiр кезде жаз желегiмен желкiлдеп, сағым құлпырған даланың өмiрге деген соңғы ажарын танытатын сияқты. Ақбибi аңыз даласының үстiмен өтiп, маңдай алдындағы қырқадан қайқаң етiп шығатын қара жолда талған белiн көтерiп, таяққа сүйенген күйi iлбiп басып келедi. Астық бастырылып болып, колхоз төңiрегiндегi тiршiлiк бұл кезде саябырлап қалған. Тек əлдеқайда алыстан трактор гүрiлi жетiп тұр, сары күздiң соңын ала далада аябь жырту басталған екен. Қаңқылдаған дауысы құлақ жарып, қарға-құзғындар жайыла ұшып жүр. Кең өлкенiң есiрткен еркесi бұл күнде өздерi болғысы келедi.
Бұл далада кiмдер болып, кiмдер баспаған? Ақбибiнiң маңдайына сыймаған жалғыз ұлы Алмабек те күнi кеше ғана осындағы ерлердiң бiрi емес пе едi? Ол бəрiн есiне алды. Маңдайын күн қақтаған қара домалақ баланың асыр салып ойнағанын көргенде, «жалғызым» деп, өмiрiнде қорлық дегеннiң не екенiн бiлмеген адамдай сезiнетiн өзiн.
Сол көзiнде күн табы бар жұп-жұқа сүйкiмдi бала Алмабектiң көз алдында бұғанасы қатып, ержеткенiн аңғарып па Ақбибi.
Тiптi, сол Алмабектiң өскенiн, есейгенiн көрсем деп аңсамай- тын да, тек көзiмнiң нұры, көңiлiмнiң оты болудан жазбасын деуден əрi аспайтын бiр тiлек қана көкiрегiн жандырмаушы ма едi. Күйбеңмен өткен күндер жағаға бiткен жас шiлiктей Алмабектiң күш-қуатын толықсыта берiптi.
Ол, мiне, иығымен аспан тiрердей көрiнедi ананың көзiне. Қалима, Қалима, ше? Ол бұл үйге күнше жарқырап түскендей едi. Атам қазақтың салтын аяққа баспай, оның да алғашқыда жүзi төмен болғанмен, жалт-жұлт еткен жанары көрiнiп қалатын. Сүйгенiмен ұғысқаны секiлдi.
Жас жұбайлар шынымен бақытты едi. Сол бақыттың жалыны шарпыған Ақбибi қайда шалқып, қайда төгiлерiн бiлмедi. Ол

үшiн бұл дүниеде бар алтын сарайдың есiгi ашық болды. Сол күндердiң жалт еткен елестей жоқ болғаны несi? Көзi қанталап, дүние тез тарылған едi. Қара түндi жамылып кеп, алқымынан алардай не жауыздық дертi билегенiн кiм бiлсiн. Алмабектiң өлiмi кенет болды. Өткен жылдың жаз айында ол үш күн дамылсыз жер жыртып, төртiншi күнiнде ғана өз кезектесiне тракторын тапсырған. Сол бетiмен жүре бердi де ұйқы қысқасын айдалмай жатқан жерге құлай кетiп, тас ұйқыда жатқанында трактор денесiн жаншып кеткен.
Егер Ақбибi сол бiр сұмырықтай кеп қанатымен қаққан қара түндi еске алар болса, екi қолы көкте дiрiлдеп, кеудесiнде бұл дүниеге деген ешқандай рақымшылық қалмай кетедi. Ол күйiк басқан аспанды ғана көрiп, өрт шалған өңешi түйдектеп қара жалын атады.
Мүмкiн, күйiнiш атаулыны кəрiлiктiң мехнаты да демейтiн шығар, əйтеуiр Ақбибiнiң мұндайда терiсi тым жұқа.
Ол артынан бiр аттылы адамның қуып жеткенiн бiлiп, тезек терген адамдай бұрыла қарады да, осы ауылдағы бригадир Бегiмбайды таныды.
– Уа, шеше, жер көрiп, арқаңызды кеңiткелi шықтыңыз ба?
Ақбибi – əрқашан жақсылықты есте тұтатын адам. Алмабектi бейiт басына апарғанда, шаршы топқа басшылық етiп жүрген осы Бегiмбайдың суырыла сөйлегенi, өлi аруақтың есiмiн ардақтап атап, жас бағланға арнаған жалынды сөздерiн еске алған Ақбибi, оған барынша жылы ұшырай қарауға тырысты. Соның сөздерiнен ғана жалғызының ақықтай қасиетi көп алдында күнше жарқырап қалғандай едi.
– Қарағым-ай, «жарлының көзi жаутаң» деген. Қара емендей қайыспаған болмасақ та, сүлдерiн сүйреген жан болған соң тiрлiк дүниесiн көрмеске лажымыз бар ма? Жұлдызым сөнген соң, арқамның кеңдiгiнен не пайда? Баламның басына барып қайтпақпын. Ендiгi бетiм сол жақ.
Жайшылықтағы дiлмарлығын қазiр де көрсетiп тұр. Сөзiнде тұнығы шайқалмаған сау күнiнiң жүйрiк серпiнi бар. Бегiмбай оған таңданған жоқ.
– Қайғырма деп кiм айтар, шеше, сiзге, орны толмас өкiнiш азасыз қала ма! Бiрақ, бəрiмiздi балаңыздай көрiңiз, баласыз ана болмас, бəрiмiзге де анасыз,– дедi ол, тар қапаста булыққан ана көкiрегiне кеңшiлiк бергiсi келiп.
– Бəрiңнiң де айтатының осы, қарақтарым, жақсы сөзiң үшiн рақмет!– дедi Ақбибi шын ықыласымен емiрене.

Төмен тұқырған көзiнен жас ыршып түскенге ұқсайды. Жақсы сөзге жаны иiгендегiсi сияқты.
Бегiмбай биылғы шаруашылықты, колхоз жайын Ақбибiнiң керек қылмайтынын бiле тұра əңгiме еттi. Жұмыстағы Қалиманы аузына алды. Онымен бiраз қаңғырлады да, асыққан адамның кейпiмен оза берiп, артына қайрыла сөйледi:
– Дүние шiркiн кең ғой, шеше. Өмiр күн санап өсiп келедi, соны ойлаңыз. Өзiңiз қарт болғанмен, кеудеңiзде жастың жүрегi болса бəрiмiзге нұр емессiз бе?
– Нұр болып батып, күн болып шығатын болсам жер басып жүрмiн ғой, қарағым,– деген Ақбибiнiң ашық даусы даланың көк зеңгiр ауасын пышақтай тiлiп өттi. Бегiмбай ендi бiрер минуттан кейiн соқтыра жөнелген едi.
Тайпала басқан тағалы тұяқтар жердiң кесегiн ұшырып барады. Ер үстiнде ол жартасқа қонған бүркiттей кеудесiн кере қозғалмай отырған. Үзеңгiге шiрене салған аяқтары ғана ат бүйiрiнен қылтылдап көрiнедi. Жақсы адамның лебi желпiп өткендей, Ақбибiнi бұл дүниенiң таңқаларлық жасамыстығы туралы ойлар баурап, кəрi шеңгел түбiрiне ұқсаған оның қарт көкейiнде тiршiлiкке деген жылы мейiрiм сарғайған сəуле отындай жылт еттi. Көптен берi қара суық ескен тоңғақ далаға көктен күн елжiрегендей оның кəрi жүзiнде бусанған шырай пайда болды.
Ақбибi қырқаға шыққанда күн түске таяп қалған. Айналасындағы аңыз даласы оған алшиып көрiнедi. Арғы түсе берiсте жаңа ғана мұрты ойылған дерлiк қызылша егiстiгi де көкпеңбек болып жатыр. Қызылшашы əйелдер егiстiкке шашырай түскен. Ақ жаулықтар əр жерден бейқам ағараңдайды. Күнi бойы алыстан құлақ тұндырып тұрған гүрiл, ендi өзiне таяуда екенiн сезген Ақбибi оңға бұрылып əудем жерден қырқаға тырмыса берген соқалы тракторды көрдi. Кiшкене шұқанақтарға соқтыққандай тоңқаңдап барып, Ақбибiнiң көз алдында кiлт тынып қалды. Одан алыстан сидам көрiнетiн тракторшы жiгiттiң сұлу денесi сырғып түсiп, беталды жүрiп кеттi.
Бұл қайда барады дегендей, Ақбибi көзiмен оза қарап едi, əрiректен көйлегi желбiреген таныс тұлғасы көзiне оттай басылған бiр ақ жаулықты əйелдi көрдi.
«Əкем-ау, мұнысы кiм?»– деп маңдайын көлегейлей бере тани кеттi. Қалима! Көргенiм анық па дегендей, көз еттерiн шытынатып қайта қарады. Бұл жолы да өз келiнi екенiн айна-қатесiз таныды. Қызылша тазалаудан бiр сəтке сытылып шыққан бетi сияқты.

Маңдайын күнге берiп, қары талған қолдарын жанына сiрестiрiп тұр. Жiгiт қасына жақындап барғанда да селт еткен жоқ. Тек қана талмаураған жүзiнен алау көрсетiп, «сен менiң шаршап- шалдыққаныма қарама, мен жаспын, мен жалынмын» деп тұрғандай.
Айдалада табысып, бетпе-бет келген екеуге, көк аспанда бұлт көшкiнiн түре айдаған дала желi ғана анда-санда бұрқ етiп, жан бiтiргенге ұқсайды.
Мұндай тұрыс бұларды қинайтын сияқты. Əлден уақытта жiгiттiң əлуеттi қолдары сымдай тартыла қалды да Қалиманы өзiне баурады. Сонда ғана ол жан-жүйесi босап, ақтық қорқынышын жұтқандай, ақ орамалының ұшын желге берiп, оның иығына құлады. Тағы бiр бұлқыныспен шалқая күнге шағылысқан ақ тамағын жарқ еткiздi. Ақбибiнiң сорына қарай бiткен өткiр көздерiнен мұның ештемесi қақас қалған жоқ. Оның жан дүниесiн бұрап, iшiндегi ең бiр аяулысы үзiлiп түскендей болды. Емшегiн көкке сауып, балаға деген қарғысты қара беттiкпен айтатын заржақ анаша жүзiн тəңiрге тосқандай көкке көтерiп, жерге таяғын тарс қойды.
Аспандағы ақ бұлтты да көзi көрмей «бiттi... бiттi...» деп жан- дəрмен сыбырлай бердi. Көз жастары ыстық добалдай бетiн сипап өттi.
Бұл көрiнiс оның бүгiнгi баламның басына барам деген құлшынысын қиып түскендей болды.
Жоқ... жоқ! Мына фəнилiктi, мына дүниенiң опасыз қу пендешiлiгiн қойнына суық тастай тығып, баласының басына апара алмайды Ақбибi...
Жоқ... жоқ! Жат несiптi жеткiзiп, жалғызының жанын жараламайды Ақбибi. Осының бəрi бiр сəттiк кiдiрiсте шешiлдi. Ол кəрi дiңгектей шайқатылып кейiн бұрылды. Төбе басындағы екеуге қайта қарағысы келген жоқ. Шалғайы кең ақ көйлегiнiң етегiне сүрiне-қабына келген жолмен қайта салды. Таяғын жерге тарс-тұрс қояды. Бұл жерге шейiн қалай келгенiн байқамаған Ақбибiге ауыл жер шетiнде қалғандай алыс көрiндi.
Мүмкiн, үйге жетпей үзiлiп кетермiн деп ойлады. Егер алда- жалда жетiп құласам, қайта бас көтеру жоқ шығар деп, өзiн дүниеден көшiп бара жатқандай сезiндi.
Ақбибiнiң қазiргi кейпi ақ бұлт көшкен аспаны бар ұшан-теңiз кең дүниенiң бетiнде қанатының далба-дұлбасы шығып жантаңдай басқан жаралы құстай едi. Əрбiр тас кесекке соқтығып, бəрiнен

қағажу көретiн бейшара халде. Оны нықырта түскiсi келгендей, ойда жоқта жел көтерiлiп, етек-жеңiн жұлқылап бара жатты. Ақбибi барынша қатты адымдауға тырысты. Аяққа оралған етегiн де қатты бүрiп ұстап алған.
Бiрақ, əудем жер жүрмей-ақ, дымы құрып қалды. Маңдайын таяқ ұстаған қолына сүйеп, қайта жұлып алды да, есi ауып бара жатқан адамша тəңiрге жалбарынды.
Көктен күн көзi шелденiп, оның таза ақ маңдайына, жұмулы көздерiне ыстық табын басып, жан жарасын ауырта түстi. Өзiне қазiр күн ғана емес, табиғаттың барлық түйсiк көздерi қадалып, табалап тұрған сияқты. Көлденең көршiнiң мазағына душар болғандай қатты қылғына қорланды Ақбибi. Аяғын аттап басып, сенделе қозғалды. Таяғы жер құдiреттiң маңдайын тесiп жiберердей тарс-тарс тиедi. Көз алдындағы жаратылыстың бəрi ерсi едi қазiр оған.
Өлiмге асыққандай өзеурей ұмтылды. Иə, тек сол ғана құтқара алады оны, осынау пақыршылық дүниесiнiң топас мазағына қарсы тұрар күш тек өлiм.
Орта жолдан əрi асқанда ғана ол есiн жиды, жоғары қарап едi, көк зеңгiр ауаның теңiз түбiндей алыс қабаттары мен өрекпи соққан жүрегiнiң демiккен дүрсiлiн қабат сезiндi.
Ол сонау қасқа жолды көрдi. Күнде көрiп жүрген қасқа жол болғанмен, көз жұмар алдында ақтық рет бар өмiрiн еске алғысы келгенi сияқты.
Аңыраған көш. Шұбырған шаң. Аттылы-жаяу түйе жетектеген жүн шекпендi адамдар. Солардың арасында-ақ Ақбибi делеңдеп қыз боп өсiп, сол қасқа жолдың бойынан талай рет көшпен бiрге өтпеп пе едi.
Онан кейiнгi уақыттың да дүбелеңiн еске алмай қойған жоқ. Қаншама кiсi өлiмi болды. Осы өкiмет келердiң алдында құбыла шеттен ығысқан қашқындардың лаң түсiрмеген үйi жоқ. Бiреудiң аты ұрланды, бiреулердiң түйесi жоғалды. Сонау қасқа жолдың бойында Ақбибiнiң туған iнiсi мен екi-үш ағайынын бандылар шауып өлтiрген болатын.
Одан кейiнгi тыныштық... Қайта дүрбелең... Соғыс...
Ақбибiнiң көз алдынан қанша заман өтсе де мынау жаратылыс əлi өзгермептi. Сол дүние əлi дүние. Қыз төсiндей керiлген дала таңы айрылып жiпсiген күйiмен өзiнiң шалқар ұлылығын кiмге де болса танытатын едi. Үстiнен бу көлбеп ұшқан өзiңдегi бар жарқын қуатты ашып тастаған.

«О, жасаған-ай. Өлiм пендеге бар, мынау дүниеге жоқ»,– деп толғана бiр ащы ой ойлап, өзiнiң де дəрменсiз пенде болып жаралғанына зығырданы қайнады.
Басын қайда қоярға бiлмей жүрегi айныған адамша бiраз тұрды да ауырып қалған сүйек-сүйегiне күш сала қозғалып тағы да алға аттады. Бiрақ ендi асыққан жоқ. Iшi-бауыры түгел қозғалып, бiр-ақ лоқсықпен түсiп қалатындай денесi дiр-дiр етедi. Болары болып, бояуы сiңген iске көнгiсi жоқ.
Зорлықшыл дүниенiң қай қылығына көнбеп едi Ақбибi. Бiрақ, бүгiнгi көрiп-бiлгенi көрер көзге жылтыр тiршiлiктiң бет-пердесiн жұлып тастапты.
Қызық бар, дəурен бар дегендегi өмiр осы. Ол аяғын аттап басқан сайын өз денесiнiң ауырлап бара жатқанын сездi.
Бұл кезде күн қатты жылына бастаған болатын. Сарғыш тартқан күз даласы рахат шуаққа батып тұр. Ақбибiнiң аздап басы ауыра бастады. Ол құдайдан ақтық күш, қуат сұрады. Бiрақ, ұзаққа емес, өз үйiне жеткенше ғана. Не де болса өз төрiн көрiп, өз табалдырығын аттап құлағаны тəуiр едi.
Егер Ақбибi қазiргi күйiгiн бiр сəтке ұмытып аспанға қараса, əттең. Көкiрегiндегi ескi даналық, iзгi сезiм атаулы суық сорған көктем гүлiндей көрiктенiп, жас баланың көңiлiндей ынтыға оянар едi. Күмiс қанаттарын күнге шалдырып, сойқан сұлулықпен оянған қос көгершiн ұшып жүр. Көк жүзiнде жарысып, тұмсық түйiстiргенге ұқсайды. Бiрақ, Ақбибi оны көрген жоқ. Көрген күнде де одан еш түйсiк көкейге қонбас та едi. Бiраз жер жүрiп барып, таяғына сүйенiп тағы тоқтап, өрекпи соққан жүрегiнiң басылуын күттi. Жас толған көздерi айналаны түгел бұлдыратып, ешнəрсенi аңдататын емес едi. Тек күз күнiнiң қатты жадырағанын байқады. Буын-буыны, жотасы түгел тершiп, бұл кезде денесi де жылына бастаған. Алдындағы күз даласы теңiз суындай жарқырап, көз шағылыстырады.
Дүниедегi бар жасырын сұлулық оның көзiн тағы да табалағысы келгендей, жүрегiн онан сайын шайлықтыра бередi. Ол бұл көрiнiске қайтып қарамауға тырысты. Аяқ жолын ғана көретiн адамдай басын төмен тұқырта ұстап, алға қарай ырғатыла басты. Əйтсе де, көзiндегi жасына əлсiн-əлсiн күн сəулесi шағылысып, жанарын өртеп кететiндей.
Жүзiн одан сайын жасыра түскiсi келедi. Ақбибi осы күйiмен үйiне де жеттi. Бау-бақша, қора-жай бəрi де аңырап бос тұр. Табалдырықтан аттап түскенiнде аядай екi-үш бөлме iшiндегi

пендешiлiкпен жиған дүние мұның көзiне бос көрiнген жоқ. Мұндағы əрбiр зат кешегi Алмабегiнiң тiрi көзiн, осы Қалимамен қосылған шақтағы бақытын еске түсiретiндей. Бəрiн де сол жалғызының болашағына жинап, қастерлемеп пе едi.
Ақбибi бiраз сiлейiп тұрды да, ақыры ақ кимешектi аласа ауыр денесi бүлк етiп қозғала таяғын бұрышқа тастап, төсегiне барып қисайды.
Ол күнi бойы бас көтерместен жатты. Уақыттың да қалай өткенiн бiлген жоқ. Əйтеуiр ашық сəуле төккен терезеден ғана сыртта күн қыздырған күзгi дала көл-көсiр болып жатқанын ұмытпайды. Ақбибi жаңағы қайтар жолда қатты шалдығып қалған. Қазiргi жатысы кəрi буынына əрi жайлы тыныштық та едi. Манаурап, ұйқыда ма, ояу ма, өзiне де айырғысыз. Бiрде көзiн жұмып, түс көрiп жатқандай неше түрлi елес қуып кетедi де, бiрде тап қасында əлдекiмдер анталап кеп тұрғанға ұқсайды. Жоқ болмаса, тұп-тұнық теңiз жағалауында отыр ма? Жап-жалтыр су бетiнде ойнаған ақ сəуле, күн сəулесi көзiн шағылыстырып аштырмайды. Жұмсақ жайлы төсекте бiраз арқасы кеңiген соң, басын көтерiп терезеге қарағанда даладағы күндiзгi жарық күрт өзгерiп, күңгiрт тарта қалыпты. Сарғыш сəулелер де көлбей жосылып түскен. «Бұл қалай?» деп бiраз таңданған Ақбибi кеш болып қалғанын аңғарып, осыншалық азап уақытының тез өткенiне iштей қуанды да. Төсектi сықыр еткiзiп, кеудесiн көтермекшi болды. Қысыңқы тартқан көздерi сүп-сүйiр екi қара қиыққа ұқсайды. Аздап бетi де iскен.
Өзiнiң бұл жатысының себебiн iздеп, бүгiнгi өз күйiгiн көкiрегiнде қайта тұтандырып, өртенбекшi едi, сыртқы есiктiң ашылған дыбысы оны қалт сергiттi. Əлдененi жасырғысы келгендей дыбыс естiлген жаққа үрке қарап, жастығына қайта құлай кеттi. Ендi бергi есiк те ашылып, бөлмеге кiрген келiнi Қалима екендiгiн Ақбибiнiң iшi аса суықтықпен сездi. Бiрден қозғала қоймай, бiр сəттi өткiзе берiп қана есiнегендей басын көтердi де, табалдырықтан берi аттап əлденеден қалшиып тұрып қалған келiнiне қарады. Қалиманың кiрпiгi төгiлiңкi, көздерiнiң күнсiп қарайып, шаршап шалдыққан, шаң басқан қуаңқы ажарының астынан, тал бойында, денесiнiң бұлшық еттерi бiлеуленiп көрiнген бұлтың жерлерiнде жас күштiң толықсып тұрғанын көзi шалды. Бұл да өзегiне өрт болып тигендей.
– Қалимаш-ай! Балам деп бауырыма басқаным рас едi, құдайдың қу тақыр еткенiне амалым бар ма? Жолың болсын,

қарағым! Мен сұңғыланы тербете беруден ештеме өнбесiн ұққандығың шығар бұл. Ақ жүрiп, адал бас! Теңiңдi тапқаныңа сөкпеймiн сенi, кiнəламаймын.
Қалима алғашқыда оның түрiнен шошыған. Ендi мына сөздерi анық сордың лебiндей, қатал ызғарындай кеудесiн суық кернеп кеттi.
– Апа-ау, сiз не деп тұрсыз, есiңiздi жисаңызшы азырақ?– деп, көзiнен жас домалай енесiн құшақтай алды.– Мұныңыз қалай, тiптi түсiнбедiм ғой сiздi.
Ақбибi оның ендiгi сөзiне құлағы бiтеу қалғандай көзiн жұмып жастыққа қайта қисайғысы келдi. Қалима қасында шыр қақты:
– Балам деп бауырыма басып едiм дейсiз, тiптi соның бəрi өтiрiк екен ғой. Жаныңыз бiр иiсешi тегi маған. Не жаздым сiзге? Баласынан кем көрмес деп қаншама үмiттенсем де, қара боран болып есуiңiздi қоймадыңыз ғой. Не қылығым болса да сiзге жат-бауыр тартар жөнiм жоқ. Өле-өлгенiңiзше өз қолыммен əлпештеймiн, маған сенiңiз, апа. Суық сөздiң керегi не осы? Ендiгi жерде ол сiздiң жолдасыңыз болмай-ақ қойсын.
Сол кештi, түндi ене мен келiн бiр-бiрiн құшақтаумен өткiздi. Бiрақ Ақбибi жiбiген жоқ. Мұз болып қатқан күйi сазара түсiп, келiнiне оң шырай бермедi. Жансыз денесi өлiкке ұқсап, жүрексiз, мейiр-шапағатсыз жаралған тас кесектей өзiнiң қатыбас қаһарлығына салып бақты. Қаза дертiнен айығып, қу даланың жетiм шыбығындай бой жаза бастаған Қалимаға бұл тағы да бiр айналып соққан, ара тұрарлық ешкiм жоқ адасқан дерттей көрiндi. Аласыз көңiлмен ана алдында қаншама жарқырағысы, ақ болып көрiнгiсi келгенмен тағылық тасы маңдайына тигендей,
бетiн қайтарып жасыта бердi.
...Осыдан кейiн бiраз күндер өттi. Даладағы жұмыс əбiгерi аяқталысымен iле-шала қыстың алғашқы қары да түстi. Бiрақ қыс жұмсақ келдi. Жапалақтап қар жауып, жер-дүние əп-сəтте ақ бəтестей болады да, кенет күн қыздырған соң, үстiне киген ақ шапаны iрiп тозғандай, ойдым-ойдым жер қарасы қайта көрiне бастайды. Көше көбiне лайсаң, ауыр жүктi арбалардың доңғалағы ары-берi тiлгiлеп, белуардан батпақ болып сойылып жатады. Тек түнгi суықтан соң, таңертеңгi шақтарда ғана ауыл қыдырғандар, арбакештер қатқақ жолмен ерсiлi-қарсылы ширақ өнiмдi қимылдайды. Түске қарсы тағы да жол бұзылып сала бередi.
Осындай күздi көктемнен айырғысыз бiр шақ едi.
Ауылдың бiраз адамдары Ақбибiнiң үйiне жиналды. Жас желең аса көрнектi емес, көбiсi Ақбибiнiң өз тұстастары дерлiк

қартаң, немесе, орта жастағы адамдар. Бегiмбай сияқты көп ұйтқысы бiрлi-жарым белсендiлер де бар.
Ақбибi келген жұрттың пейiлiн түстерiне қарамай-ақ түсiнгендей, терезе алдында төселген көрпе үстiнде тiзесiн қолымен құшақтаған күйi сұлық түсiп отыр. Жұрт сөзiне құлақ қоймағандай, құлақ қойса да естiмегендей тырп еткен белгi бермейдi. Қалима болса ауызғы үйде жұрт көзiне көрiнбей, ас- су қамдап, қызмет етiп жүр. Ауыл адамдарының бұл келiсi салт- дəстүр бойынша болғанмен, олардың əрқайсысында бiразына өз аузымен, бiразына басқалар арқылы Қалима таптап тапсырған бiр сыр бар. Қалима өз енесiн даладағы жазықсыз қайыңдай бiр тiлегiне бойсұндыра алмап едi. Көпшiлiктен соны сұраған.
Қақ төрде қысық көз, сирек шоқша сақалды, бар болмысы бiр уыстай ғана шал отыр. Сөйлесе, сағыз шайнағандай аузы шапшаң қимылдайды. Сырт пiшiнi жинақы, қутың, көбiне елгезек жас баланың отырысын еске түсiредi. Жұрттың тыныштығын бұзып, қайта-қайта дабырлап қойып отырған сол:
– Биыл өзi қыс қалай болар екен, ə? Мынау лайсаң тiптi, жүруден қалдырды ғой. Таза қарымның өзi жақсы едi бұдан да.
Бiрақ оның сөзiне мəн берiп отырған ешкiм жоқ. Ешкiм оның сөзiн артық та көрiп отырған жоқ. Күнделiктi өздерi көрiп жүрген лайсаң, табиғат құбылысы. Оны айту артық та, сөкет те емес. Отырған жұрт əрқайсысы маңызды iс туралы ой үстiнде сияқты. Бегiмбай болса төмен қарап, семiз түктi саусағымен киiз үстiндегi əлдебiр қиқымдарды жинап, сыпырып, iштегi мазасыздығын өзiнiң ер кеудесiмен бүктеп отырғандай. Тек ортаға шай келгенде ғана жұрт еңсесi бiраз көтерiлiп, жабығыңқы отырыстарынан айыға бастады.
Дастарқан жайып, самаурын кiргiзiп жүргендер көршi үйлердегi жас келiншектер, Қалиманың жақын сырластары. Қалиманың өзi жұрт көзiне əлi көрiнген жоқ.
Ақбибi жансыз өңiмен бұрылып, алдындағы кесенi қолымен алғанда ғана жұртқа соншама бiр секемдiкпен шоли қарады. Өзiне жақсы таныс емес адамдар бар ма деген де ой келген едi. Əсiресе, Бегiмбайдың сол жағында бiр адамнан кейiн дастарқанға аса ентелемей қиыс отырған жас адам бейнесi көзiне оқыс шалынды. «Əкем-ау, соқталдай болған бұл кiмнiң баласы?» – деп, өзiнiң үйiне шақырусыз келген бөгде бiреуге тыжырына қарады. Мұның үйiне, мұның дүние-мүлкiне бас-көзсiз осылай басқалар иелiк етiп, өзiнiң барлық билiктен, иелiктен ада бола бастағаны

ма? Ендi Ақбибiнiң көзiне жиналғандардың бəрi дұшпандық ниетiн бүркенiп келiп отырғанға ұқсады. Осы бiр түйсiк оны одан сайын қатыгездендiре түстi. Ақбибi санасы айқын, көкiрегiнде күмбiрлеген толқын, ашу-айбат, аталы сөз, татымды байлау, кесiм бəрi бар. Ол жүдеп-жадап аза шеккен, қаза күйiгiн тартқан адам емес. Сүт емiп жараған бедеудей жүйрiк көңiлi, өр тынысы бар жан.
Мiне, қазiр де осы жұртшылық пейiлiн, мiскiн ниетiн осындай көңiлi биiк, өр тынысты күйiнде шештi. Жас тағдыр тағатсыз талпынады. Оның алдында өрiс кең. Бiрақ Ақбибi өз еркiн, өз басын бiреудiң байлауына берiп, əлдекiмнiң бақшасында қауыз жарған гүлге көзiн қызартпақ емес. Өз нұры сөнген болса, сол сөнген шыраққа, өлген жанға да тiрiлерден бiр сүйенiш керек қой. Егер Ақбибi бұл үйдiң түтiнiн өшiрiп, қуыс көрдей етiп қалдырып кетсе, Алмабегiнiң киелi аруағы орнын сипап қалмай ма. Жоқ, жұртым, кешiр.
Ақбибi өзiнiң жан дүниесiн бүрген осы оймен бекiндi.
Жұртшылыққа да осы кесiмiн айна-қатесiз танытты.
Ең алдымен тағатсызданып сөз бастаған төрдегi қысық көз, сирек шоқша сақалды елгезек шал. Ол Ақбибiнiң тұстасы ретiнде оған жылпос жiгiт шағындағыдай-ақ қыр көрсеткенсiп, емекси сөйледi.
– Ақбибiжан-ай, ауыл көшiп, қырдан асып бара жатқанда, өзiмiз өңкей бозбалалар, қыз-келiншектер тасада үлкендердiң көзiнен қақаста қалып, тас лақтырып ойнамаушы ма едiк. Сонда бiздiң қылығымызды көзi шалып қалған ақсақалдар: «əй, жастар- ай, жастық қуат жалын атады. Сендердiң бұл қылықтарың өздерiңе жарасады. Бiрақ бiздiң сендерге айтатынымыз нала ғой, өзiмiзге келген кəрiлiк наласы»,– деп қариялар мұң шағушы едi. Ендi сол мұңды бiздiң айтпасымызға шара қайсы? Кəрiлiк жетiп, көзiмiздiң алдын мұнар басты ғой. Қазiр жақсының не, жаманның не екенiн айыра аламыз ба?– деп, Ақбибiнiң шымбайына тиiңкiреп, əрi оны сөзге тартқысы келгендей екi жақтап сөйледi.
Бiраз жұтынып, дамылдап алды да, тағы да, ендi екi тiзерлеп отырып сөйледi. Сөзi бiраз ұзақ кеттi. Бiрақ сонда да болса жұртты мезi ететiндей емес едi. Ол Алмабектi аузына алды. Орны толмас қаза. Бiрақ тағдыр жазуы солай. Оған қарсы тұрар күш қайсы. Ол сөзiн былай бiтiрдi:
– Дүниеде өлмейтiн-өшпейтiн де салт-дəстүр, тiршiлiк, пендешiлiк дегендер бар ғой. Бiздiң ойымыз саған Алмабектi

жоқтатпау. Анау жас жiгiт осы отырған көбiмiзге дос-жар адамның баласы,– деп, Бегiмбайдан бiр адам төмен дастарқанға аса ентелемей, қиыс орналасқан жiгiттi нұсқады.– Жақсы адамда жаттық жоқ деген, жақсының ұрпағы ғой. Келiнiң бұрынғы келiн, балаң бұрынғы балаң. Тек сен мейiр-шапағатың мен ризалығыңды берсең болғаны. Қалима да бiзге ағатайлап қиылып, сенiң көңiлiңдi жiбiтiп, туған анам етiп берiңдер, деп өтiнiш етiп едi, Ақбибiжан.
Жұрт сiлейiп, үнсiз тұнып қалғандай.
Ақбибi ендi ғана өзiне-өзi келдi. Алдымен төрде молдаларша шарт жүгiнген елгезек шалға жаңағы сөздiң бəрiн маған айтты ма дегендей сұқтана бiр қарап алды да кеудесiн сəл теңселте ыңғайланды.
– Жұртым, бұл лебiздерiң, қадiр-қошеметтерiң үшiн рақмет. Бəрiңнiң де адал ниеттерiң, ақ көңiлдерiңдi танып, бiлiп отырмын. Жаманшылық айтпассыңдар, жақсылық айтарсыңдар. Жастың жалын қуаты бойында. Су бүркiп суытып, қапасқа шегендеп отырғызар мен емес. Жолы ашық, ақ батамды беремiн. Бiрақ Алмабегiмнiң түтiнiн өшiрiп, ешкiмнiң босағасына бармақ емеспiн, түйiп айтарым осы.
Ақбибiнi бұл байлауынан ел болып та қайтара алған жоқ.
Осыдан кейiн екi жұмадан соң, алдына пар ат жегiлген арба келiп тоқтады. Бiраз көршi қолаң да жиналып қалды. Қалима табалдырықтан берi бiр адым ғана пеш қасында сiлейiп тұр. Ақбибi үшiн тағы бiр азалы сəт туатындай жұрттың бəрi тұнжырай, iстiң ақырын үнсiз күткен күйде. Келгендердi Ақбибi өзi серпiлткiсi келiп, ашық, ширақ дауысымен Қалимаға бұрылды:
– Қалимаш-ай, қиналып, дағдаратын ештеме жоқ. Бұл үйде өзiңе не керек болса, бəрi сенiкi, ала бер. Қолыңды қағатын мен бар ма едiм?– дедi.
Бiрақ Қалиманы алаңдатқан дүние емес едi. Соны ана көңiлi сезбедi, түсiнбедi.
Қалима үйден азын-аулақ нəрселерiн алды да, арбаға отырды. Жұрттың бəрi далаға шыққан. Қалиманың құлағына естiртiп қана бiразы «бағың ашылсын» айтып жатыр. Арба қозғалып кеткеннен кейiн көршi-қолаң бəрi көп тұрысқан жоқ, үйдi-үйiне тарады. Алыстап бара жатқан арбаға Ақбибi жалғыз өзi қарап тұр. Өлiнiң аруағын ардақтап, тiрiнiң тiршiлiгiне тəкаппарлықпен елiкпеген Ақбибi ендi өзiне бұрынғыдан əлдеқайда зор азалы күндер мен түндердiң келетiнiн, жалғыздық пен торығушылықтың

қорғасындай ауыр зiлi басып, дүние темiр татығандай, көкiрегiне ауыр зардап оты орнап, көз жасының көл болып ағатынын ұқпады. Өлген жаннан емес, тiршiлiк қызығынан тiрi болып айрылып, моладай қарауытып қалуының қандай өкiнiш əкелетiнiн пендешiлiкпен ұқпады.
1962 жыл.


 





Пікір жазу