20.06.2022
  163


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

ЖОЛДА

 


Машина бұзылып, үмiт үзген бiз шаңдақ жолға тақау қырқаға шығып, төңiрекке көз тiгiп едiк, алыстан қалың ши арасында күн аптабына көмiлiп тұрған жалғыз киiз үйдi көрдiк. Шофер бiзге iлескен жоқ. Осы жолмен шөп таситын машиналар өтуге тиiс, солардан керегiн алып, жөндеудiң қамымен қала бердi. Бұл тарбиған бұта, түбi теңкиген шилерден басқа түгi жоқ, шiлденiң күндерiнде жаңбыр жаумай мүлдем өң-түсiнен айрылып бозарып жататын қуаң дала. Тек алыста Iле өзенiнiң жағалауында ғана қалың ағаш бары байқалады. Бiрақ оның көлеңкесi, саясы мұнда жетпейдi. Қойлы ауыл қашанғы əдет бойынша ондай қалыңнан аулақ, айналасы тақыр жазаңға шығып қонады. Жоғалған мал оңай табылады жəне анау-мынау ит-құстан да қапы қалмауға осындай ашық алаңқай жақсы.
Бұл маңда егiн шықпайды, тек мал жайылымы үшiн пайдаланылады. Онда да қой баласы тiрнектеп, тiсiмен жұлып жейтiн шөптi əрең табады. Тек жер молшылығы медеу. Арқаны кеңге салып, қанша көшсең де бұл даланың ұшы-қиырына жетпейсiң.

Тас төбеден шыжыған күн бiздi сая iздеуге мəжбүр еткен. Кенеземiз кеуiп, айдалада жалғыз жапырайған киiз үйде ғана бiз үшiн бар жақсылық тұнып тұрғандай соған қарай жылжыдық.
Мен осы өлкенiң жер қыртысын зерттеуге келген алматылық ғалыммын, қасымда совхоз басшылары қосып берген жолбасшым жергiлiктi адам, екiншiсi, сырқаттанып қалған малшы, орталықта дəрiгерге көрiну үшiн бiздiң машинамызға мiне шыққан.
Келген үйiмiзде кiсi көп екен, даладағы жерошақта үлкен қазанда ет қайнап жатыр. Бiзден бұрын келген кiсiлер шайларын асықпай самарқау ұрттап, ет түсiрiлгенше уақыт өткiзудiң ғана қамымен отырғаны аңғарылады.
Үй иесi ұзын бойлы, қара торы өңiнде бiр жылылық бар, үлкен қыр мұрынды елгезектеу жiгiт екен. Бiздiң тосыннан келуiмiзге дəн риза сияқты. Əйелi толық кеуделi, орамалын көзiне түсiре тартқан, сүйкiмдi көздерiнде адамға деген ықылас мол кiсi екен.
Сiрə, адам көркi iлтипат екенi екеуiнен де аңғарылып тұр. Киiз үйдiң төрiнде бiзбен қатар отырған кiсiлер осы жас малшы үй иесiнiң келiншегiне жиi үн қатып: «Бибiш, орамал əперiп жiбершi»,– деген сияқты күйеуiнен гөрi оның өзiне көбiрек назар аударып отырғанын байқаймын. Қонақтар Бибiшке не айтса да бəрiн iстейтiн күйеуi, жауап беретiн де сол.
Далада ас қамдап жүрген жас келiншектiң үйге кiрiп-шығысы көп. Үлкендер құрметiн сезгендей аса көңiлдi күйде, қимылы да сергек. Кейде күйеуiне қадала қараса, екi бетiнде албырт нұр бұрқ ете қалып, мүлдем құлпырып кетедi.
Қонақтар жас жұбайлардың бақытты тiрлiгiне қызыққандай алақ-жұлақ етiседi де, қайтадан көздерiн төмен түсiредi. Бiз болсақ осы тал түсте ет астырып, бас қосуларының не мəнi барын əлi ұққамыз жоқ. Алшақ отырған қойлы ауылдардың бiр-бiрiне жай қатынауы ғана шығар деп жорамалдағамыз.
Бұрыннан отырғандардың iшiнде қатпа қара шал көбiрек сөйлейдi. Еңсерiп əкеткен кəрiлiгi де жоқ, болса алпысқа жаңа iлiнген. Иегiндегi ұзын сақалы үшкiрленiп, сиырдың мүйiзi сияқтанып, бiр жағына қарай иiлiп тұр. Екi көзi осы жақтың тақыр даласындай бозарып, нұрсыз қарайды. Күн мен жел қаққан өңi тобылғы түстес.
Бiзден көп жөн сұрасқан да осы. Елдiң бəрi кесесiн төңкерсе де, бұл шарт жүгiнген молдаларша дастарқанға кеудесiмен ентелей шайды жалғыз өзi iшiп отыр. Есiктен көрiнген жерошақ басындағы жас келiншек қозғалысын қоса бақылап, сiрə, еттiң

пiсуiне бiраз бар, оған дейiн шай жиылмасын дегендей тырп етпестен кесесiн сораптап, самаурын қасында шай құйып отырған кексе əйелдi қоса салғыртып қойған.
– Иə, солай деңiздер!– деп қойды шал əңгiменiң бiр үзiлген тұсында.
Бибiш қазандық астына салуға қурайларды жиыстырып, жерошақтан арырақ кеткенде жаңағы қатпа шал соңғы келген үшеумiзге қайта бұрылып, көздерiндегi сөнген отты үрлеп жандырмақ сияқты бiр күштi тегеурiнмен бағжия қарап сыбыр еттi.
– Ана жас келiншектiң мына Құланды сайындағы əкесi өлiп отыр. Соны естiртуге келдiк. Неғыласыз, əкесi жап-жас, қайратты едi, аттан жығылып мерт боп кеттi. Аузымыздан жаманат шығаруға да батылымыз бармайды. Сол...
Осы кезде дүр етiп, есiк алдына бiздiң машинамыз да келдi. Бiз қыпылықтап, мұндағы жұртқа бөгесiн болып отырғанымызды сезiп, орнымыздан тұруды ойластырғанда, жаңағы қатпа қара шал мұнымызды ұға қойып:
– Жоқ, ет жеп кетiңiздер,– деп салмақты айтты.
Бiз қайта отырып қалдық. Сонда да бұрынғыдай жайғаса алмай қипалақтай бердiк... Шынында, ендi бөгелуiмiз қисынсыз да сияқты. Əзiр жүре қоймайтынымызды бiлiп, шофер да үйге кiрген. Еш нəрседен хабарсыз ол машинаны жөндеймiн деп қатты шалдыққаны байқалады. Оның да сəл тынығуы керек едi. Əсiресе, үй иесi Бибiштiң күйеуi бiзге жiк-жапар болып, дайын асқа қарамай кету қазақ салтын аяққа басқандық деп, қалжың аралас сөзiн де айтып қалды. Келiншегiнiң алаңсыз жүзiне қарағанымда, шығандап шырқырар шағын сезбеген адамның қазiргi көңiлдi қалпының өзiнде көзге шалынар-шалынбас бiр көлеңке дiр-дiр қағып тұрғандай. Менi бiр мазасыздық иектеп алды.
Ас түсiрiлгенде мен өзiмнен-өзiм кекiрiк атқандай халде отыр едiм. Бiлеу-бiлеу боп асылған қой етi аппақ қардай екен. Ыстық күннен қашып келгендiк пе, жоқ осы үйдiң тап қазiргi қалпындағы көңiлдi қонақжайлық бiр сəттiк алдамшы құбылыс сияқтанып кеңiрдектен ала ма, қалай да мынау кесiм ет жоқ қалақ-қалақ май бiр қарағанның өзiнде-ақ жүрегiмдi айнытып, тап қазiр оны аузыма бiреу зорлап салардай дəмiн татпай жатып- ақ тартыншақтай бердiм.
Ет тураған қатпа шал маған қасақана iстегендей жұдырықтай бiр кесегiн ұсынбасы бар ма? Алмасқа, тағы онысын тауысып жемеске лаж таппай, аузыма күштеп тықпалай берiппiн.

– Ал, алыңыздар!– деп, қатпа шал табаққа бас бармақты батыра салды. Осы тамақпен бiрге iргедегi сандықтың түбiнен шығарылған бiр жартылық арақ құйылды. Шофер екеумiз онысынан татқамыз жоқ. Ендi ғана қатпа шал: «Мынау қандай адам өзi»,– деп, табақтағы еттi шеңгелдеп жатып, менi көзiмен бiр атып қойды. Онысын аузына салып, шықшытын екi-үш рет қана бүлк-бүлк еткiзiп, маған сөз қатуға аузын əрең босатты. Алдында қырлы стақанға аз-ақ толмаған арақты жұтып салған. Тек сол екi көзiне əр кiргiзгендей маған қарағанда қос жанарының сiрiңке талындай сəуле ойнап, қоюлап қалғанын аңғардым.
– Сен бала, өзiң қалай тартыншақтап отырсың? Арақ iшпедiң,
ол өз алдына, тiптi мына еттен жөндеп аузыңа бiр салмадың ғой.
– Ой, ақсақал, шамамыз осы ғой. Майлы еттi жей алмаушы едiм. Жаңа өзiңiз берген бiр кесек еттен күптi болып қалыппын.
– Бəле, сендер жiгiт емес екенсiңдер. Өзiмiз майды нанша жеймiз.
Табаққа қолды бұрынғыдан да молырақ салып, iрi туралған қойдың ақ сарғыш сүбесiн көмейлеп кеңiрдекке қарай тоғытып жатыр. Басқалардың да мынау шалыңдай опырып бара жатқан ешқайсысы жоқ. Əлдекiм қолдарынан қаққандай ортадағы асқа қадала қарағандары болмаса, басқа тұстан табақтың мұрты ойылмады.
Үй иесi жас жiгiт пен келiншегi Бибiш: «Жеңiздер, жеңiздер»,– дей отырып, басқалардың жайын анық ұққандықтан ба, еттi қатпа шалдың алдына қарай көбiрек ысыра бередi. Осынша тəбетпен бұл қалай семiрмеген адам деп, шалға қайран қалып отырмын.
Шалды жалғызсыратпау үшiн үй иесi мен Бибiш қана тамақ алған болады. Бибiш күйеуiнiң, басқалардың «əке-көкелеуiмен» жаңағы арақтан елу грамдай ғана жұтқан. Қазiр бұрынғысынан да құлпыра түсiп, қонақтарына бейiл берiп отыр.
Ақыры төпелеме табақтан жұғын да қалмады. Сорпа келдi. Бес елi май мұнда да кiлкiп тұр. Ауыз тиiп қана кесесiн қайтып бердiм.
Қатпа шал бұдан да есесiн жiбермедi. Ыстық сорпаның үш- төрт кесесiн сораптай тартып iшiп алды. Ақыры оны да мiсе тұтпады.
– Бибiшжан, анау тұрған не?– деп босағада уықтағы шегеге
iлулi бидонды көрсеттi.
– Қайырылған май едi, ата?
– Бiр кесесiн бершi, шырағым.

Бұл жақта көшпелi жұрт сары майды қайырып ұстамаса сақтай алмайды. Бибiш оны кесеге құйғанда сұйық майдың қызғылт күрең түсiн көрiп одан сайын жүрегiм айныды. Шалың одан екi- үш рет қайталай құйғызды.
Өмiрiмде мұндай адамды бiрiншi рет көруiм едi.
Ендi ғана шалдың жүзiне қызғылт шырай кiрiп, əсiресе, менiң таңырқаған пiшiнiмдi бiр барлап алды да: «Асықпа, бала, əлi сұмдық алда»,– дегендей өз өмiрiнен сөз бастады. Бiрақ əңгiмесi аса қызғылықты емес. Айтуынша соғыстан кейiнгi алғашқы жылдары бұл осы маңдағы белсендiлердiң бiрi екен. Ақ айғыр мен көк айғырлардың нешеуiн алмастырғанын бiраз тiзбелеп кеттi. Бiрде сол айғырлардың бiр шəлкестеуi əлдеқалай өзiн қызықтаған бiр жесiр қатынның жалғыз баласын иықтан тiстейдi. Бала есi танып құлап қалады. Оны көрген шешесi аттандап, байлаулы тұрған айғырға балта лақтырады. Бала да аман, айғыр да аман. Айғырдың тек балта тиген тұмсығы ғана қанаса керек. Сол өзi мiнген жылқының қанаған тұмсығы үшiн əлгi жесiр қатынның бiр бұзауын орталыққа өткiздiредi. Мұны тым созбұйдалап, өзiнiң айдынын асыра айтты. Сол кездегi жiгiтшiлiк өнерлерiн де ұмытқан жоқ. Ойлаймын, кезiнде шаш ал десе, бас алатын баяғының ұр да жықтарының бiрi болса керек. Ол кездегi зорлық- зомбылығын жаймаламайды да, қайта далитып көрсеткiсi келедi. Сөзiнде шашыраңқылық, үзiк тұстар тым көп. Менi елең еткiзген əңгiмесiнiң тiгiсi жатық мына тұсы ғана:
«...Несiн айтасың болып тұрған дəурен ғой. 1948 жылдың күзi ғой деймiн. Мал əбден семiрген уақыт. Сонда дүркiреп аты шыққан атақты қойшы, əрi өзiммен құрдас Қаймолда дейтiн кiсiнiң үйiнде отырмыз. Əлгiмен сөзден-сөз шығып отырып: «Мен бiр қойдың құйрығын бiр отырғанда жеп қоямын», Қаймолда болса: «Жей алмайсың»,– деп екеумiздiң шартта-шұрт бəсекелесе кеткенiмiз. Құрдас адамдар бiр-бiрiмен iлiгiсiп отырмай ма?! «Ал жей алмасаң сен не бересiң?», «ал жесем сен не бересiң?», «Мен нəн бiр қой өңгертемiн», «мен де соны беремiн», «ал ендеше болсын», сол- ақ екен Қаймолда əйелiне қойдың тегенедей құйрығын астырып, алдыма қойғаны. Қасымда екi-үш белсендi бар, олар да көздерi алақандай боп қарап отыр. Жаңағы құйрықты шетiнен кесiп жеп отырмын. Ара-арасында су iшiп қоюға ғана рұқсат алғанмын. Қаймолда əйелi екеуi, басқалар да мен қанша жерге барып сүрiнер екен деп, көз алмай қадағалап отыр. Дегенмен олар қалай да мен ұтылады деп, жандары ашығансып қарайтын сияқты. Ал

мен болсам бiрте-бiрте тамақтан өткiзiп отырмын. Бiр уақытта жаңағы тегенедей майдың үштен екiсiн еңсердiм. Сонда тұрып, Қаймолдаға айтқаным. «Əй, Қаймолда, мына қалғанын мен қайтсем де жеймiн. Мұнымен онан да мына қонақтарыңды сыйла, сөйт те жаңағы нəн қойыңды ұстап əкел»,– дедiм. Қаймолда: «Жоқ, қонаққа беретiн ас табылады, мынаны же, же түгел, əйтпесе сен ұтыласың»,– деп маған одан сайын қадала түстi. Ақыры онысын да тауыстым. Қаймолда да, қонақтар да бəрi сылқ түстi.
Киiз үй едi, кешкiсiн бiзге төсектi сыртқа салып берген. Таң алагеуiм боп қалған шақ екен деймiн, тұла бойымды тұп-тура жалын шалып барады. Алақаныммен кеудемдi ұстасам тұп-тура май жағып қойғандай жылт-жылт етедi. Өкпем өшiп, жүрегiм алқымыма тiрелiп, өлiп барады екем деп ойладым. Еш нəрсенi ойлауға шамам жоқ, төсектен атып тұрып от ортасында кетiп бара жатқандай жүрiп кеттiм. Сонда бұлаққа кезiге кеткен екем. Айналасына қалың құрақ өскен батпақты жерден қайнап шығып жатыр. Қай жағынан келу ыңғайлы екенiне қарағам жоқ, тiземе дейiн шалшыққа батыра-матыра бұлақтың дəл көзiне барып жата кеттiм. Беу, сонда судың iшiнде жатып көрген рақатым-ай. Анадан шыр етiп туа ондай рақатты сезiнгем жоқ шығар деймiн. Одан тез тұра қояйын ба, жата бердiм. Сол елең-алаңда бiр əйел иiн ағашпен суға келе жатыр екен. Неғылса да есiмдi жиып қалған шағым екен, атып тұрып, қалың құрақтың арасына жасырына қалдым. Əйел менi байқаған жоқ, лайланған суға қарады да, аз бөгелiңкiреп тұрып: «Мынаған қай иттiң малы аунап кеткен»,– деп, қасында əлдекiмге арнап айтқандай-ақ саңқ ете қалды.
«Тiптi, бетiнде майы шылқып тұр ғой мына судың»,– деп тағы
бiр қойды. «Ой, пəлекет-ай»,– деп жүрiп, шелегiмен судың бетiн толқыта ысырып, бiраз тазарғанша күттi де, ақырында керек суын алып кете бердi...».
Бiз бұл үйден аттанып шыққанда қатпа шалдың əңгiмесiнен бе, жоқ əлде төбесiнен тоқпақ ұрғандай жаманат хабарды естiгелi отырған Бибiштiң алаңсыз жүзiнен бе, болмаса сол екеуiнiң бiр-бiрiне ешқандай жалғассыз алабөтен көрiнуiнен бе, əйтеуiр көкiрегiмде оқтай қадалған бiрдеме кеттi. Бiз ендi Iле өзенiнiң жағалауындағы қалың ағашты жанамалай жүрдiк. Биiк тораңғы, үйеңкi, шiлiктiң желбiршек ұштарында жан даусы шығып, ендi ғана шырқыраған Бибiш даусы iлiгiп тұрғандай. Мейлi, ауыр қаза, жаманат, мейлi, шат-шадыман қуаныш үстiнде болсын адамның

бұрқ етiп шырқап шығатын құйын көңiлi аспанда ғана ұшып жүретiн сияқты.
Ауық-ауық биiк ағаштарға қонақтап, солардың желбiршек ұштарында сəл дамыл тауып, қайта шырқайды. Зеңгiр көк те, ақ мамық бұлттар да, асқар таулар да адам көңiлiнiң сазына қосылады. Мейлi, ол саз қасiрет, мейлi, шаттық күйi болсын адамның ең бiр шиыршық атқан шағыңда, оның оңайлықпен көзi ашыла қоймас шабытынан туғандықтан нағыз асыл өнердiң өзiндей өлмес-өшпес қасиетке бөленедi.
Ал жаңағы қатпа қара шалдың мешкейлiгi сияқты жан қойнауынан серпiлiп, қанат қағып шықпаған оғаш қылық, арзан өнер аспанда қалықтап ұшпай адамның жердегi тұнығын ғана лайлайды.


1972 жыл.


 





Пікір жазу