20.06.2022
  130


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

САҒЫМ

 


Садық өзiнiң маған деген көңiлiмен, ашық мейiрбан жүзiмен елсiз далада буалдырланған сағымға ұқсайды. Мен оны елегiм келмейдi. Дала көрiнiсiн сол қалпында, ешқандай ауа қозғалысынан селт етпеген күйiнде көрсем деймiн. Ал сағым жоғалмайды. Қабағымды серпiп, көзiмдi ашып-жұмып қайта қарасам да, ол көз алдымнан кетпейдi. Далада туып-өскен мен мынау абыр-сабыр қала тiршiлiгiнiң ортасында да сағым қуған күндерiмдi ұмытпаймын. Мен оны қатты ұнатушы едiм.
Тастары күмiс үйiндiлерiндей жарқырайтын, баурайы көк шалғын, жоғарылай келе қоңырқай түске айналатын тау өңiрi осы сағыммен белдеуленiп, əлдебiр үн ырғағымен теңселiп тұрғанға ұқсайды. Егертаудыңсол иiлiп жазылған тұсына жетеқалсаң табан астындағы жер селкiлдегендей қызық күйге ұшырауың мүмкiн-ау деп, сағым қуалаған басым, қиыршық тас пен белуардан келетiн шалғынды кешiп талай рет биiкке көтерiлiп қайтқаным бар. Құлама құздары мен қалың жыңғылына жетсең, тау одан сайын құбылып, тарбиған бұталары мен жоталарына дейiн оның мың сан көздерiне ұқсап, асты-үстiңнен тегiс анталап қарап тұрады.
Iздеген сағымым үштi-күйлi жоғалса да, не кейiнде қалса да мен мұнда келгенiме өкiнбеймiн. Бұрын көзiм шалмаған ғажап

өмiр аралының ен ортасына қонғандай ендi осыдан қалай қол үзбеуге болатынын ойланыңқырай сəл уақыт өткiземiн де, кенет мынау жабайы табиғат селт етпеген қалпымен, көкiрегiмде сұмдық қорқыныш тудырып, кейiн қайтамын. Табаным астындағы қиыршық тастардың шықыры одан сайын шошытып, ендi анталаған таудың мың сан көзi жан-жақтан қамап алған жыртқыш аңдардың отты жанарына ұқсап, жаным мұрнымның ұшына келедi. Бұл қорқыныштан таудан ұзап, оның сағым дiрiлдеткен белдеулерi қайта шалынғанда ғана арыламын.
Иə, қазiргi есейген шағымда да мынау Садық сол сағымды еске түсiредi.
Мен қаладағы аспирантпын. Жасым жиырманы қусырып, отызға таяп қалған. Дене бiтiмiм кесек, етжеңдiмiн. Қол- аяғым анау-мынау ер адаммен тайталасу үшiн жаратылғандай кеспелтек, iрi жанмын. Жасым əлдеқашан жеткенмен менде семья жоқ. Ғылым жолына түскен қыздардың көпшiлiгi ол жағынан кешеуiлдеп жүретiн əдетi. Академияның жатақханасында өзiмнен көп кiшi қыздармен бiрге тұрамын. Садық болса үйлi-баранды, қалада өзiнiң жеке пəтерi бар. Сонда əйелi, бала-шағасымен тұрады. Алайда, менiң төңiрегiмде көлбеңдеп жүргенiне де көп болды. Маған «сүйдiм-күйдiм» деген сөздердi судай сапырып ешқашан айтқан емес. Бəрiн емеурiнмен бiлдiредi. Егер салт басты, сабау қамшылы бiреу болса əлдеқашан-ақ құшағына кiрiп алатын жiгiтiм.
Бiреудiң өзiмдей қызын алып отыр ғой, əрi екi-үш баласы бар. Солардың бəрiн ұлардай шулатып, мен мұны тартып əкетсем артында қалғандардың қиқуы мен зары құлағымнан кетпейтiндей көрiнiп, ондай ойдан басымды ала қашатынмын. Сонда да оның сөзiн шарт үзiп, кеудесiнен қатты қаққан емеспiн. Денем еңгезердей болғанымен көңiлшекпiн. Жұқа өңдi, жiбек мiнездi, маған деген мейiрбандығы керемет Садық та көңiлшек. Маған қарасында күннiң көзiнен үзiлiп түскен сəуледей ыстық ықылас бар. Бəрiн көрiп-бiлiп тұрамын да оның осы қалпына дақ салмайын деген оймен қатты сөйлемеймiн.
Садық менен көп еш нəрсе дəметпейтiндей. Бар болғаны онымен бiрге анда-санда сəл серуендесем, киноға барсам, сəл құшақтассам, соны ғана қанағат тұтатындай. Менiмен ең ақырында көңiлi көтерiле ризалықпен қоштасады.
Сөйтiп, кейде екi қолым алдыма сыймайтын бос уақытымды өткiзу үшiн ғана онымен жүрiп қалатыным бар. Бiрде оған осы жүрiсiнiң мəнiне көзiн ашқым келiп:

– Садық, менiмен осыншама көп уақытыңды рəсуа ететiнiң қалай? Екеуiмiздi байланыстыратындай еш нəрсе жоқ қой. Ана бала-шағаң болса сенi күтiп, екi көздерi төрт болып отырған шығар. Сен болсаң менiмен бiрге ерiккеннiң ермегiн iстеп жүрсiң. Онан да осылай өз əйелiңмен қыдырсаң қайтедi?
Ол мұндайда бiрден жауап бермейдi. Жауап берген күнде де мен қанағаттанарлық еш нəрсе айтпайды. Ақшыл өңi, қап-қара көздерiн уайым басқандай салғырт күйге түсiп, менi батылырақ бауырына тартады. Мен онысына көнбей, қалай да түпкi ойын ашып айтуын тiлеп, екi қолын күшпен жазып жiберемiн. Ол сонда да үндемейдi. Сəлден соң ғана жiгерсiз адамның қалпына түсiп:
– Жаным, сенi қалап тұрса қайтейiн. Əрине, семьям бар, басым байлаулы екенi рас. Сен соны айтып, несiне көзiмдi шұқи бересiң? Бəрiбiр мен сенсiз тұра алмаймын. Осыны түсiнетiн уақытың болды ғой,– дейдi.
Мұның ар жағында оның да, менiң де көкейiмде бiр сөз тұрады. Оны айтуға екеумiздiң де батылымыз жетпейдi. «Басы байлаулы болса оны босатып алар хал мұнда неге жоқ? Бүйтiп екi жарылғанша жолындағыны бұзып-жарып бiр жағына неге шықпайды?». Бар гəп осыған тiрелiп тұрған сияқты. Оны қайсымыз айтып салсақ та үлкен дүниенi бүлдiрiп, сау басқа сақина тiлеп алатындай көремiз. Мұны айтқызбайтын Садықтың əлде iшкi бiр жағдайы бар ма? Қашанда мұндай қамал бұзар сөздiң шиiн мен шығарсам дұрыс па деймiн? Қанша рет оқталғанмен көз алдымдағы аз күндiк болса да алданыш Садықтан айрылып қалатындай, немесе ондай атты күңкiлiм оған қамшымен басқа соққандай тиiп, əйелiнен ажырасуға шындап бет қояр деп қауiптенемiн. Бiреудiң семьясын бұзайын деген жаман атақтан жалтарғаным емес, қалайда əлдекiмдердiң обалына қалудың да, шынымды айтайын жақсылық емес екенiн жүрегiммен сезiнушi едiм. Адамның ең жоғарғы ақыл-ойы қызмет ететiн ғылым жолына түскен басымды, ондай пəле-жаладан аулақ ұстаймын деген нық шешiмiм əлдеқашан қалыптасқан. Оның шеңберiнен ауытқып шығар күш менде жоқ.
Сонда да Садық осы қалпымен де, ыстық суығына араласпаған осы күйде де өмiрдiң аса бiр қызық төрiне шақырған, соған көзiмдi ашқан асыл бейнедей. Оны қаншама елегiм келмесе де сол елес боп көлбеңдеген өмiр төрiнен көз жазып қалмау үшiн ғана мынау қол ұшын берген Садыққа ес-түссiз жұмсаратын сияқтымын.
Садықтың бала кезiмде көп көрген, көп қуған сағым бейнесiн ойыма салатыны да сондықтан болса керек. Дiрiлдеген ауа

қабатымен белдеуленiп жатқан тау өңiрi сол Садық нұсқаған өмiр төрi, оның қызығы мен қуанышы. Оны осы ақшыл өңдi мейiрбан жүздi жiгiт арқылы ғана көрiп тұрғандай ендi Садықтың көлеңкесiн сағалап, өзiм аңсаған қиырға жетiп алсам деймiн. Бұл жолы сағым қуған бала кезiмдегiдей тек таудың тасы мен шалғынын таптап, үрейлене керi қайтатын емес, ғұмырлық игiлiкке белшесiнен бататын сəт сапарының бастамасы сияқты.
Мүмкiн Садық қолымнан жетектеп, ол қиырға алып бармас, сонда да оның бiр адамға жетерлiк қасиетi мен көркiнiң жарығы арқасында түпкiлiктi нысанамнан адаспауыма жақсы ғой.
Кiм бiлсiн, бұлай ойлауым Садықтан басқа көңiлдес жiгiттiң маңымнан табыла қоймауынан да шығар. Мейлi, солай-ақ дейiк. Қалайда адамға жабыққанда мұң шағу үшiн болса да, бiр таяныш, əлсiз жұбаныш керек қой.
Оқу-шоқудан табысым баршылық болғанымен, iшкi өмiрiм иен қалған үйдей құлазиды да тұрады. Онда жарық жағып, ел- жұрттың отының басындай киiз-алаша төсеп, түскиiз, перде iлiп, тұрмыс көркiн құрайтын дүниелiктермен əшекейлейтiн күн мен қанша аңсағанмен алыс сияқты. Мен қиялдап, солай қарай шарқ ұрғанмен ол жел қуған шаң мен құм тозаңындай сейiлiп, көз алдымда ғайып болып, тiптi елесiне дейiн жоғалады. Мұндайда ауыр мұңға түсемiн. «Суға батқан тал қармайды» дегендей, сөйтiп, басым айналып күш-қуатымнан айрыла бастағанда ненi болсын сүйенiш етуге əзiр əлсiздiкпен Садыққа қол артамын. Мұндайда ол маңдайының жұлдызы жанғандай бiр жасап қалады.
Тағы айтайын, тек көшеде жүрiп қайтамыз, киноға кiремiз, шеткерi жұпынылау кафелердiң бiрiнен дəм татамыз.
Осылай жылдар өте бердi. Мен кандидаттық диссертация қорғадым. Бiрақ жатын орным сол баяғы. Садықпен арақатынасымда да еш нəрсе өзгерген жоқ. Бiздiң жүрiсiмiздi байқаған жұрт неше алуан лақап таратып, кейiн келе ол лақап өрге баспады... Садық екеумiздiң достығымыздағы басы ашық шынайылық басқаның да көзiне шалынды бiлем. Ақыры олар бұлардың арасында еш сүйiспеншiлiк жоқ. Қызмет бабы ма, жоқ ғылымдағы мақсат па, қандай да бiр төтенше жағдай тудырған iлiктестiк қана бар деп жорамалдауға көштi. Сөйтiп Садық екеумiздiң қыдырысымызды таныстардан ешкiм байқамайтын да болған.
Осы уақыттың iшiнде Садықтың келiншегiн бiр-екi рет қана көрдiм. Онда да əлдеқалай екеуi көшеде бiр шаруамен келе

жатқандарында ұшырасып едiм. Сонда есiмде қалғаны ол да мен сияқты еңгезердей əйел екен. Өз пiшiнiмдi көргендей болып, мұншама ұқсастыққа қатты таңқалғанмын. Тек қана көздерiндегi оты бөлек. Көмiрдей қарауытқан жанарында түйдек-түйдек жалын лапылдап тұрғандай, аса жiгерлi өжет əйелдiң қарасын танытады. Мұны көргенде аздап бойым тiтiркенген. Садық əлдеқалай сыр үстiнде əйелiнiң өте ашушаң, жолында кесе-көлденең бiреу тұрса бас салып шайнап жiберуден тайынбайтынын айтып едi. Айтса айтқандай-ақ екен. Менiң осынша жылдар iшiнде күйеуiмен бiр iлiк-шатысы бар адамдай-ақ қосақтасып жүргенiмдi сезсе, мына айдаһар əйел оның ақ-қарасына бармай-ақ бар сұрапыл қайратымен найзағайша атылмасына кiм кепiл.
Бұл болжамым айтқандай-ақ расқа шықты. Əңгiменiң көкесi мен пəтер алып, жеке шыққасын болды. Төрт қабырға өзiме оңаша тигесiн тынысым кеңiген басым алғашқыда қатты қуанып едiм. Байқасам, менiкi Садық қуанышының қасында түк емес екен. Ол осы кеңшiлiкке өз басының азабымен жеткендей-ақ құлашты кере созып, менiң төрiмде шалқалап жатып алды. Қанша дегенмен көп жылдардан берi үйренiсiп қалған адамбыз ғой, алғашқыда мұнысына аса мəн бермеп едiм. Сөйтсем, мұным жаңсақтық екен. Оның маған көзқарасында шұғыл өзгерiс байқалды. Ендi ол ақай- тоқайға қарайтын емес, менiмен бiржола бас қосу жөнiнде сөз шығара бастады.
– Өй, қарағым-ау, мұныңды естiртпе! Мен саған талай рет ұқтыра айттым ғой. Бiздiкi жай достықтан ары бармауы тиiс. Ендi оны естен шығарып, бұлай деп қолқа салып тұрғаның қалай?– деп өзiне ашуландым да. Байқаймын, бұл сөзiме Садық құлақ асар емес. Бiрақ мен де өз дегенiме берiк едiм. Ал Садықтың өлермендiгi менен де басым сияқты.
Сөйтiп жүргенде, бiрде ол өз əйелiне ажырасатынын ашық мəлiмдептi. Маған онысын соншама сендiре айтты.
– Мұның не, Садық, мен сенiң бала-шағаңның, өзiмдей жас келiншегiңнiң обалына қала алмаймын ғой. Менiң басымды бүйтiп шатастырмасаң қайтедi?– деп ренжiдiм. Ал Садық болса бұған бүлк етпейдi.
Көптен бергi сыралғы досты қыз мiнездi көңiлшек жiгiт ретiнде бiлсем де, ендi оның осы жолы күрт кеткенiн сезгендеймiн. Мұның ақырынан үлкен сұмдық көрiп, мен қатты шошыдым. Басымды пəле-жаладан аулақ ұстайын деп əрекет жасадым. Садыққа аты жоқ, мағынасы жоқ бұл жүрiстi тиямыз, ендi менiң үйiме келушi

болма деп, кесiп айттым. Қараңыз, соншама көңiлшек көрiнген Садық тiптi селт етпейдi. Мен жақсы айтайын, жаман айтайын мұның миына кiрiп шықпайтын сияқты. Сол мейiрбан қалпымен, ашық, ақ көңiлдiлiгiмен көз алдымда күн сəулесiнiң шұғылысына малынғандай жарқырап тұра бередi.
Өз басымды таза ұстау үшiн бұдан əрмен қайрат қылуға менде дəрмен жоқ. Көп жылғы сырластық, достық ондай қимылға жiбермей қол-аяғымды матап ұстайтын сияқты.
Бiр күнi Садықтың келiншегi өзiм жоқта менiң жұмысыма келiп кетiптi. Кабинетте бiрге отыратын көңiлдес құрбым бар едi. Ол маған мұны үлкен қауiппен айтты. Келiсiнiң түрi жаман, сақтанбасаң болмайды деген жазу тұр едi, көзiнде. Мен оны айтқызбай ұқтым. Өмiр күнде той емес, ендi оның үлкен бiр лаңы төбемнен қара бұлт боп төнiп келе жатқаны анық. Мен одан қашып құтыла алмаймын. Осы қаланың қай қалтарысынан болмасын тауып алатын лаң. Əлде бəрiн тастап басқа қиырға тайып тұрамын ба? Өйтiп, бас сауғалау қайда? Бар өмiрiмдi, жалын жастығымды арнаған ғылым жолындағы арман-мұратым бəрi осы қаламен байланысты. Басқа қай жерге барсам да оны дəл осы қалпында таба алмасыма көзiм жетедi.
Иə, бəлен жерде бақыр бар деп, қызықтырушылар табылса да Садықтың келiншегiнен қорқып олай қарай қия басар мен жоқ. Соншама сорлы болатындай мен де оңай пенде емес шығармын. Егер ағына барыссақ ол замандасымның алдында судан ақ, сүттен таза екенiмдi дəлелдеп шығармын. Қолынан жетелеп, Садығының алдына апарып, өз басымды ақтап алармын деймiн. Егер жетегiме көнсе солай, көнбесе ше?
Абұйыр болғанда, ол екiншi рет келгенде де мен жоқ едiм. Бұл жолы қызметтес құрбыларым көздерi алақандай болып, тiптi жаман шошып, ұлардай шуласып қарсы алды. Мыналардың айтысына қарағанда ол менiң жетегiме жүрiп, iстiң байыбына баратын жан емес. Көрген жерде бас салып, əлi жетсе басымды кеудемнен бөлiп тастайтын сияқты.
Күйеуiнiң өзiнен ажырасу пейiлiн танығасын оның осылай ауытқуының түп қазығы қайда, əуелi соны жұлып тастамақ болып, онсыз да бұзық қаны көп, бiлектегi күшiне сенiп үйренген тайқардай долы келiншек жатқан жерiнен ұмтыла түрегелгенге ұқсайды.
Бiр сəт мен тоғайда əлдене аяғын басып, ұйқысынан оятқан жыртқыш аңды елестеттiм. Адамның да, аңның да қас қаққандай

сəтте ештеменi болжамай, иiлген серiппелi темiрдей өзiне-өзi ие болудан кетiп, өлер жерiн аңдамайтын сойқандықпен найзағайша атылатын қатты бiр шамырқанған шақтары болады. Садық келiншегiнiң сондай бiр сəтiне тағдыр жазуымен дөп келгенiмдi ұқтым. Бiр сəт ойым ауа толқып, апырай, қыз мiнездi Садық мұншама адуын жанға қалай тап болып жүр деймiн. Кезiнде оның өз келiншегi жайында айтқан үздiк-үздiк сырларына мен үшiн келiп-кетерi жоқ нəрседей жете мəн бермеген едiм. Ендi оның кейбiр сөздерi құлағымда қайта жаңғырғандай дұрысырақ мағынасын ұстағым келдi. Иə, солайы солай, мынау оңай жан емес. Сонда оның уысына Садық қалай түстi? Жоқ, бұл өмiрдiң қат-қабат шытырманына əкететiн бас-аяғы жоқ ұзақ философия. Оның соңына түсiп, сағым қуалаған бала кезiмдегiдей босқа сенделетiн шама қазiр менде жоқ. Басыма құлағалы келе жатқан зембiл тастан қашып құтылудың əрекетiн ғана жасауым керек.
Жоқ, мен Садық келiншегiнiң жойқын күшiне төтеп бере алмаймын деп, қорқып жүргем жоқ. Əйтсе де бұл сойқанды болдырмаудың жолы қалай? Садықты арашаға салмақ ойым бар едi, бiрақ оның мəнiсi қалай болады? Сен бiздiң отбасымызға ойран салған бiреудi қорғайсың деп, дию қатын Садықтың өзiне төнбей ме? Жоқ, Садықтың онсыз да көрiп жүрген машақаты бiр басына жетерлiк шығар. Оны араластырмай-ақ қояйын. Сонда бұл iстiң басқа шешуi бар ма?
Мiне, осы сұрақтармен басым қатып, мен есiмдi жинап үлгермедiм. Таңертеңгiлiк институттан алған жұмысымды оңашада iстейiн деп үйде отыр едiм. Көзiм талғасын əлдеқалай балконға шыққанымда бiздiң подъезге кiрiп келе жатқан Садық- тың келiншегiн көрiп қалдым.
Ойбай, ендi қайттым. Алғашқыда осылай шошып қалсам да, тез қалпыма келдiм. Есiк кiлттеулi едi. Оны ашпай, үйде жан баласы жоқ сияқтандырып, үн шығармай отырып қалсам, қоңырауды шарылдатып-шарылдатып, жөнiне кетуден басқа айласы қалмасы анық. Жан жоқ үйдiң құлпын бұзып кiру ол үшiн мүлде мағынасыз iс. Тiптi солай тағы бiр жолға құтылуға да болар едi. Бiрақ, қас пен көздiң арасында келген ой, жоқ, бұл пəледен бəрiбiр қашып құтыла алмаймын. Не де болса тап осы жолы қарсы алайын. Қазiр көршiлердiң бəрi жұмыста. Егер мұнда қарсы алмасам бəрiбiр жұмысыма барады ғой. Ел-жұрттың анталаған көзiнiң алдында масқара болғанша бəрi оңашада бiтiп тынсын. Қыз үшiн ең басты нəрсе оның жаман атының шықпауы ғой.

Мiне, оның баспалдақпен көтерiлiп келе жатқан аяғының тықыры естiлдi. Бүкiл қабырғаға дейiн солқ-солқ етедi. Əлде жүрегiмнiң соғысы жиiлеп, маған солай көрiндi ме? Оның аяғы- ның тықыры жақындаған сайын мен үшiн бейбiт шақ судың соңғы тамшыларындай мөлдiреп, бiржола сарқылып бара жатқанға ұқсайды. Бұл кезде: «Апырау, мен бүкiл өмiрiмдi адамның ең жоғарғы ақыл-ойының жемiсi – ғылымға арнап едiм. Адам қол еңбегiнен бiрте-бiрте арылып, сана, ой қызметiне көп ауытқып бара жатқан шақта менiң мынадай халге тап болуым қалай? Ғылым құдiретiне, адамның асыл ойының дəрежесiне деген сенiм мен үшiн сонау бала кезiмде қуған сағымдай жоғалғаны ма? Тас дəуiрiнде өмiр сүрген тағы адамдай өз басымды осы кеспелтек қолдарыммен арашаламақпын ба»,– деген ой жанымды жегiдей жеп тұр едi.
Апырау, бұл сұмдыққа қашан, қай жерде, қалай ғана жол берiп алдым?!


1972 жыл.


 





Пікір жазу