20.06.2022
  100


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Әсте тоқтап көрмеген ғұмыр-ағым...

Әсте тоқтап көрмеген ғұмыр-ағым,
Жетегімен әрнеге ұрынамын.
Кең дегенім – тар екен,
Сөйтсем, сөйтсем –
Ішіндегі диюмын құмыраның.
Болмақ емес жалғанда азат басым,
Жолдан тайып жолықтым кәззапқа шын.
Қиянат көп пендеге мен жасаған,
«Қарулыға – ерулі»
Азаптасын.
Келіп еді әлеумет қорғап, бағып,
«Мың жолдыны – бір жолсыз сорлатқан» ұқ.
Сыздағанда сүйегі қазағымның,
Тартшы менің жанымды сорбақта ғып.
Алып қашып барады адасқан күн,
Салғанына Құдайдың таласқан кім?
Қалың ойдан бастырып,
Құрым жабу,
Ұйқы көрмей кермеде таң асқанмын.
Қарап тұрсам қамауда, зындандамын,
Уысында қалыппын сұм жалғанның.
Өрмекшінің
Шыбындай торындағы,
Қайла таппай бұлқынып, жынданғанмын.





Пікір жазу