20.06.2022
  132


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

АЯУЛЫ

 


Нартай тапа-тал түсте бөлмеде жалғыз өзi қалғанда қолын қоярға жер таппай əлденеден елегiзе бердi. Сыздана сықырлап, қиюы көрiнген есiктiң ар жағынан сыңқылдай əзiлдескен екi əйелдiң даусы қоса естiлген. Бiрi – осы үйдегi жеңгесi, жаңа ғана өзiн жалғыз қалдырып кеткен əйел. Екiншiсi кiм?
– Былай өзi өзгерiп пе? Тани алар ма екенбiз?
– Е, неге танымайсың? Сол баяғы Нартай. Тек ақ қағаздай өңi жұқарып кетiптi. Күн тимей, жел қақпай жүрсе керек.
– Рас па, дала адамымыз, үстiне баса-көктеп кiргенiмiздi жақтырмас, ендеше.
– Кiм бiлсiн. Жə, қойшы əрi.
Ашықтан-ашық мұның басын сарапқа салып келе жатқан екi əйелдiң бұған бейтанысы да көрiндi. Сұңғақты да балғын денесiндегi сымбатын iрiкпей төгiлдiрген сұлу бейне даланың хош иiсiн өзiмен бiрге əкеле жатқандай Нартайға бiрден жақсы əсер еттi.
Ол есiктен еңкейе кiрген. Нартайдың көзiне сұлу келбет оттай басылды. Салмағынан айрылып, су бетiне қалқып шыққандай бiр сəттiк ерiксiздiкпен орнынан көтерiлмесi бар ма? Мұнысы кiрген кiсiге көрсеткен инабаты емес, сасқалақ мiнезiнiң əперген
«ұшпағы» екенiн, немесе өткендегi бiр ағат iсiнiң көлденең көзге емес, өз көзiне ғана ашылған тұстағы ойсыз қимылы екенiн өзi де тез түсiндi. Қайта отыра қалудың мəнiсiн таппай, үнсiз дағдарып, оғаш қылығына жаман қысылды.
Елесi жылдар бойы жадында сақталып, көңiлi құлазыған шақтарда көкейiн сезiм алауымен жылытып жүрген таныс жүз едi бұл. Соңғы уақытта жансар сəулесi емiс-емiс шалынатын таң алдындағы жалғыз жұлдыздай өшуге айналған.
Тұла бойын тыз еткiзiп лап ете қалған бiр сезiмдi жұқа өңi жасыра алмай, жақтаулы көз əйнегiнiң ар жағынан берекесiз кiрпiк қағысы байқалады.
– Жəния, аманбысың!– дегенi өзiне де сөлекет естiлдi. Келiншектiң соңын ала кiрген жеңгейiнiң алдында сөкет болады- ау деп қиналды. Жəнияның амандығын шала естiдi. Тек сөз соңында:
– Соншама сағындырдыңыз ғой. Келгенiңiзге бəрiмiз қуаныштымыз,– дегенi айқын жеттi оған.
Жəнияның мұндай сымбат мүсiнiн Нартай ешқашан елестете алмас едi. Көзден тасада қалып, тұла бойында жастық қуат қайнап,

бұла өскен қыр асауындай серпiндi көрiндi. Жұқа ерiндерi бiрiгiп, əдемi ойылған сызат ұшында жарасымды күлкi нышаны тұр. Қыл қаламдай қиылған қасы қимылға икемдi көрiнгенiмен қанат серiпкен жоқ. Осы бiр табиғи қалпында өзiмен бiрге жаратылған асыл сымбат, нұр сəуле бардай.
Ғайыптан шыққандай көз алдындағы таң-тамаша сурет Нартайдың есiн кетiрiп, əрi көкiрегiн қызғаныш отындай қарыды. Бiрақ Жəнияның байсалды қарасынан тез бойын жиды.
Үй иесi – əзiлқой жеңгей, Нартай жүзiндегi оқыс құбылысты күлкi үйiрiлген көзiмен бағып тұрғанымен, бетiне баспады. Өз əзiлiнiң аш етiне ине сұққандай тиетiнiн сезгендiктен бе, қонақжай пейiлмен оларды жайғастырып отырғызды. Нартайдың оған деген ырзалығы шексiз едi.
Көңiлдегi сол бiр көмескi сəуле, сөнген от қайта жанданып, лаулай бастады. Бiрақ Жəния мен екеуiнiң арасында асу бермес бiр бел қалғанын сезген Нартайдың жүрегi қалтырап, алтын жақтаулы көз əйнегiнiң ар жағында сабырсыз сəуле ойнады. Күзгi селеу түстес ашаң жүзi қуқыл тартқан. Жəния қазiргi қалпымен бiр көрiнер елестей қапияда тағы да тайып кете ме дегендей қыпылдап отыр.
Жəния бұл кездесуге пəлендей мəн бере қоймаған сияқты. Бұл пəни дүниеде кiмдер кездесiп, кiмдер айрылмайды дейсiң.
Үй иесi – жеңгейдiң мол ықыласындай кең дастарқан да жайылды. Сəлима қайын атаулыны тiлмен шағатын сөзуар болғанмен, тап осы арада өзiн салауатты ұстады. Нартай мен Жəния екеуiнiң оқыстан бетпе-бет келуiндегi өзi көрген шырай жүздестiгiн ара ағайын iшiнде суық сөз тудырар нəрсе деп, оны өз ойының өресiнше шештi.
«Əкем-ау, қайтiп ашна боп жүр бұлар»,– деп те қойды, Нартайдың жетi-сегiз жылдай оқудың соңында жүрiп ауыл адамдарына жат болып кеткенiн есiне алып. Əлдебiр əуестiкпен осы күдiкке тiрелген Сəлима бұл ойым жаңсақ па деп те iркiлдi. Шай құйып отырып, осы бiр жастық сырға қызыққандай сөз əлпетiн сыбыссыз бағып, орамалын көзiне таман түсiрiп қойды.
Таза, ашық көңiлмен Жəния Нартайдың хал-жағдайын сұрады. Нартай ендi өз сөзiне өзi қылғынбай тiл орамын жуасытып, ырқына оңай көндiрiп те алды. Күрең шайды ұрттай отырып, сөз тiзгiнiн Жəния еркiне қарай ұстауға тырысты.
– Тiрлiк жолы сан тарау ғой. Соның бiр саласында кетiппiз. Сол үшiн сарп еткен көп жылымда өкiнiш жоқ сияқты, Жəния.

Бiрақ сонда да iстеген iсiңнiң көп көзiне көрiнбегенi қиын екен. Бұрынғы ауылдас, ағайын-тумалардың көзi сан жылдар сырт жастанып жүргенде жеткенiң не, тапқаның қайсы деп қарағандай болады. Соған қысылады да екенсiң.
Керiлген төсiне дiрiл кiргендей Жəния майда күлдi. Ақ бəтестей өңiнен жеңiл ғана ойнақы сəуле жүгiрiп өтiп, əсем құбыла сөйледi.
– Сiз шыққан биiк – қыран ғана қонақтар құз емес пе! Техника ғылымының кандидаты дей ме сiздi! Бұл ауылдастарың, бiздер үшiн, аспандағы күндей алыс биiк қой. Оған масаттанбай, қысылатыныңыз жаман екен.
Нартай жүдеу райынан тез арылды. Ендi өз бойын нық ұстап, мақтаныш иесi ретiнде отырды. Жəния сөздерi айқын көрiнгенмен астарлы сияқты. Қақас жiбермей əр сөзiн дəл ұғуға тырысты.
– Бiз бiрге өстiк. Бiр бұлақтан су татып дегендей, бiрге жетiлдiк. Арамыздан ешқайсымызды даралап, тасымызды өрге домалатқан ешкiм жоқ. Бiрақ адамды тағдыр билейдi деген рас екен ғой. Жолымыз басқа болып шықты,– дедi Жəния.
Нартайдың көз алды бiр ауық тұманданып, сезiм дүниесi алысты кездi. Елес қызығына түскендей. Шынында да бiрге өскен едi олар. Жалаңаш балтыры күнге күйген құбақай өңдi қыз едi Жəния ол кезде. Нартай екеуi күнi бойы бiрге асыр салатын. Бiр қызығы Жəния тау, дала көрiнiстерiне дəл бiр қимасындай қарайтын. Ауыл сыртындағы жасыл шалғыны мол тау бөктерiне Нартайды үнемi бiрге ертiп шығатын. Өзiнiң қызық мiнезi де көп. Балтырын қытықтай сипалаған шөптесiн соқпақпен тез басып барады да, артына шұғыл бұрылып, əлденеден тұнжырап селқос келе жатқан Нартайды күтiп алады. Нартай бұл серуендi бос əуре дегендей кейде iштей қынжылатын-ды. Бiрақ кешiрiмпаздық жасап, əлденеге жүрегiнде Жəнияға деген ризалық пайда болады.
Олар тау етегiне тырмысқанда күн ыстығынан денелерi балбырап, жас қуат бойға дарығандай едi. Қоңыр салқын самал еседi. Жапырыла құбылған көк майсадан жұпар иiс аңқиды.
Олар қашан да шаршап қайтады. Бiрақ əрдайым көңiлдерi көтерiңкi. Ауылға жете бере айрық жол оларды iлiп алып, екi бөлiп əкетедi. Бiрде осылай екеуi ауылдан ұзап кетiп, күн артын аңдамапты. Батыс жақтан түйiлген бұлт қанатын кеңге салып, қара бауыры жер сызып келiп қалған екен. Олар жауын астында қалды. Күн күркiреп, аспан қақ айрылғандай дыбыс жетедi.

Желбiреген тұлымшағын жаңбыр жуып, самайы айғыздалған Жəнияның түсi бозарып, тұла бойына қорқыныш кiрдi. Жаңбыр астында жапырақтай қалтырап, иегiнен су тамшылайды, Нартай суға малшынған жейдесiн шешiп бердi.
– Жоқ, жоқ, Нартай, өзiң жаурайсың. Қайта ки, мен жаурамаймын.
– Жоқ, сен басыңа жамылып ал. Əне көрдiң бе, жаурап барасың, тiптi тiсiң сақылдады ғой.
Жəния Нартайдың жейдесiн жамылды. Ауылға қарай жүгiрiстi. Жел қарсы беттен соғып, Нартайдың жалаңаш көкiрегiн бұршақтай тамшылар ұра бастады. Жəния оның ығын қалқа көрiп келе жатыр. Су болған шалғын қызарған балтырларын ысқылап, дызылдатып барады.
Бiрақ күн қаһары ұзаққа созылған жоқ. Нақ төбеден зiркiлдеп өттi де, қара бұлт тау шоқысына бауырын төсей батыс жақтан етегiн түрдi. Шайдай ашық аспан жиегi де көрiндi. Жаңбыр соңғы ұсақ селдiр тамшысын бүркiп, өткiншi екенiн көрсеттi. Опырылған жардай күркiреген күн ендi алыстан естiлiп жатты.
Жəния жүзiнен қуаныш аралас нұр жүгiрiп өтiп, Нартайды шексiз бақытты еттi. Төгiлген шуақ астында құлпыра, жүз көрсете қыр мəуесi де күлiмдейдi.
Олар ауыл сыртындағы айналасын құрақ басқан айрық жолға жеткенше киiмдерi дегдiп қалған. Бұл жолы олар бiрден айрылысып кеткен жоқ. Түсiнiксiз бiр сезiм алқымдарына тiрелгендей алаңдата бердi. Үнсiз қипақтасқан екеуi қимасына қолқа салғандай болып тұрды да, кенет əлденеден ұят қысып, бiр-бiрiне сырт берiп кеттi. Он адым ұзамай-ақ ұры көздер соқтығысып қалды да, одан əрi айрық жол алаңсыз-ақ бұларды екi жарып өз бағыт-бағдарымен əкете барды.
Бұл кезде соның бəрi елес қана қалдырған түстей едi. Он жылдықтан кейiн тумысында сергек Нартай жоғары оқу орнына түстi. Қабiлеттi жасты ол да қанағаттандырмады. Аспирантурада оқып, астанадағы ғылым ордасының тас қабырғасы Нартайды көкке көтердi. Мiне, тап осындай жолмен бұл күнге шейiн толысу үстiндегi шəкiрт сезiмiнен арылмаған ол бiр дүниеден қақас қалып бара жатқанын сезген жоқ. Жасы отызды алқымдағанмен үйлену мəселесiн шешпеген-дi. Қала салтындағы қынама бел əйелдердiң сұлу мүсiнiн iштей қызықтаумен тынатын. Оның өзi де бiр сəттiк құмарлық. Ой қызметiнiң тауқыметi басып, одан арыға апармаған. Туған ауылдан жырақта мойынға жылдар асып,

оқу мен iзденуге берiлген ол, ауыл салтындағы адам мен адам арасындағы қарапайым қатынас, сөз сипатын ұмытыпты. Мана Жəния кiрiп келгенде көрсеткен жеңiлтектiгi де содан едi. Осы уақыттың iшiнде Жəния, оның аяулы Жəниясы, тап осындай қалыппен жүзбе-жүз келiп, көз алдында қатаң тəртiппен отырар деп ойлап па едi.
Күйеуге шыққанын жасырмай ашық сездiрiп отырған сияқты. Сол үшiн аздаған наразылығы бар. Ауылдан Жəнияны қатты сүйген шағында аттанса да, онымен қайтып хабарласқан жоқ. Тек кəрi əкесiне сирек жолдайтын қысқа амандық хабардан басқа хат жазуға да машықтанбаған. Бiрақ тап қазiр оны ойламады. Қабағына аз кiрбең жинай бiраз үнсiз отырып, сонау ауыл сыртындағы көк құраққа сүйiр тұмсығымен сұғына кiрiп жататын айыр соқпақты көзiне елестеттi.
Кiм бiлсiн, Жəния одан кейiн де сол соқпақпен сан жүрген шығар. Бiр кезде өзi де түсiнiп болмаған сəби сезiм ендi махаббатқа айналғанда жас жанын от болып шарпыды ма екен? Ол Нартай сияқты бiлiм қуған жоқ, өзi сүйген туған даланың өңiрiнде қалды.
Нартай мұны сабырмен ойлады. Шымбайына батқан жан толқынын бүркеп, сыр сақтай сөйледi:
– Ұшпа көңiл бiткен адамбыз. Өзiмiздiң қай санатқа қосылатынымызды о баста бiлмесек керек. Мақсат қумас адам бар ма? Туған жерге көп жылдар көлеңкемiз түспептi. Өзiң де адаспапсың. Туған жер игiлiгiн бiрге жасасып, ел ортасында жүргенге не жетсiн. Бiрақ екеумiз бiрге туғанмен бөлек есейiппiз.
Жəнияда да шешiлген түр бар. Байсалды салқын жүзiнде кешкi самал үйiрген көл бетiндей мазасыз кiрбең жүгiрiп өттi:
– Дұрыс айтасыз. Туған жер – бесiк, ел-ана, жұтқанымыз ел мерейi. Адам үшiн одан артық не керек? Бiрге туып, бөлек есейгенiмiз де рас. Талайлардың алдынан бiр айрық жол шығар да. Мүмкiн, ол көбiне мақсатқа жеткiзер игi жол да бар. Бiрақ соның əуенiнде кейде бiр серпiнсiз бағынышпен жүре беремiз. Құрыққа түскендей, мойынға жылдар асып та кетемiз. Əлдебiр жақын адамның өзiңе бергiсi келген асыл сыйын қадiрлемей ұмытамыз. Бəрiмiзде кездесе беретiн көп ақаудың бiрi ғой бұл.
Бұл сөздер Нартайға ашық, таза үнмен жеттi. Алдын ала өлшеп-пiшiлген, мұның жас өмiрiне деген кесiм үлгiсiндей. Нартай осы тұста өзiн-өзi алғашқы рет аяусыз кiнəлады...

Уақыт кешке бейiм алған. Ауыл аймағы ыстық шарапатпен көңiлге талай ой жүгiртiп, өкiнiшке де, қуанышқа да жан бiтiрiп, өзiнiң кең тынысты шалғай қойнауына тартады. Нəзiк үнмен тербелген көк əуенi, ауа толқыны сыбыссыз жетiп, жүрек тереңiн қытықтайды.
Ауыл сыртына шыққан Нартайдың көзiне адырланған көк жон төскейлер күнмен күлiп, жалтаң көңiлiн сиқырмен құбылта бердi. Етегiн еңiске салған жүзi таныс таудың ақ шоқысы шаңқан жарқырап, асқақ сезiмiмен қоса өрiлiп тұр. Жай аяңдаған Нартай соған өз өресiн созып бара жатқандай.
Ол кiлт тоқтады. Тосын көзге аяқ астында қым-қиғаш сүрлеу iздер басқан көк құрақты құнарлы жер ғана жатыр едi. Ол өз сүрлеуiн, өзiнiң гүл атып, махаббатқа жалғаса алмаған бiр кездегi сəби достығынан айырған айыр соқпағын ажырата алмады. Бiрақ соны өзi тап басып тұрғандай əлденеден бойы тебiрендi.
Нартайды көп алаңдатқан мына бөгде сүрлеу соқпақтар.
Кiмдердi айырып, кiмдердi табыстырды екен бұлар?
Ол айналасын шола қарады. Бiр кезде ұшан-теңiз көрiнетiн туған жер, ендi айналасы ат шаптырым ғана, алақандай аяға сыйып тұрған сияқты. Ана көзiндей кең мейiрiм, əрi ыстықтық бар. Сол мейiрiмнен, сол ыстықтан жеткiзгенi де, жеткiзбегенi де мол, ол да бiр өткен аяулы шағы екенiн ұға ма?
1961 жыл.


 





Пікір жазу