20.06.2022
  167


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

ПРОФЕССОРДЫҢ ƏҢГIМЕСI

Қала мейманханасында бiздер əр жақтан кештете келiп түйiсiппiз. Үшеумiз люстра шамының жарығында таныстық. Менен басқа екеудiң бiрi – Алматыдағы белгiлi ғалым, профессор, жалпақ сары жүздi, зор денелi адам. Екiншiсi, сыптай киiнген таза өңдi жас жiгiт. Шамасы студент болуы керек. Бiзбен көп отырған жоқ. Əлденеге қапалы жүзбен төсегiне шалқасынан түсiп жатып қалды. Сiрiңкедей ашаң жүзiнде люстра шамының тура түскен сəулесi ойнап, қыр мұрнының ар жағында көлеңке қарауытады.
Менi таңырқатқан – профессордың сабырлылығы. Ол қарсы алдындағы жас жiгiттiң жай-күйiн аңғармаған адамша алдына

қағаздарын жайып салып, əр жерiнен шұқылап оқи бастады. Менiмен сөйлескен жоқ.
Өзiм ауылдық мұғалiммiн. Алматыдан, бiлiм жетiлдiру институтынан қайтып келе жатқан бетiм. Алғашқы танысқан сəтте осындай атағы бар ғылым адамымен жолыққаныма iштей қуанып едiм. Бiрақ бұл қуанышым ұзаққа барған жоқ. Ендi көңiл құлазытқан осы екi мiнез ортасында бiр дəнекер табуға құмарттым. Не де болса, студент жiгiттен жағдай сұрасып, сыр тартып көргiм келдi.
Ол көзiн сығырайтып ашты да, менiң түр-түсiмдi бағдарлап жатты. Көздерi терең, ақылды. Маған жауап беру керек екендiгiн ескерген жоқ. Қайта одан сайын сырын iшiне бүгiп тұйықтала бердi. Сөзiмiз жараспағандай тағы да томаға-тұйық қалдық.
Қала түнiнiң алыстан естiлген мазасыз шуы ендi дəл құлақ түбiне келiп, неше түрлi сыбызғы үнiне салатын сияқты.
Студент жiгiт сары ауру меңдеген адамдай қинала сөйледi:
– Адамға сенуге болмайды ғой, қараңызшы, дүниеде алдамшы, қиянат қандай көп, тiптi аяқ алып жүргiсiз,– дедi ол.
Бұл сөздi не мақсатпен айтқанын түсiнгенiмiз жоқ. Күн тимей, жел қақпай өскен жұқа өңi люстра шамының сəулесiне малынып, соншама сұлу көрiндi.
– Мысалы, сiзде жазық жоқ қой. Сiз тек адамға тəн бақыт құшқыңыз келедi. Соның шылауында жүрiп-жүрiп, тап жеме- жемге келгенде тақыр мұзға отырып қалсаңыз, ол қалай болғаны? Жалпы, дүниеде əдiлет жоқ, бiз тек оны бар деп əсiрелеймiз. Ал шындығында əдiлет пен əдiлетсiздiктiң бiр-бiрiнен ажырамастай айқасып жатқанын көре бермеймiз.
Профессор өзiнiң салқын қалпын бұзған жоқ. Жүзi бөрткен күйi терең зейiнмен отыр. Студент жiгiт одан кейiнгi сөздерiнде осы қалада өзiнiң перiштедей мəпелейтiн сүйген қызы болғандығын, араларынан сағыныш арқалаған хат үзiлмей тұрғанын, ендi оның күйеуге тигенiн, бұған дегенде құлағының тарс бекiтiлiп қалғанын соншама қаралы етiп айтты.
Мен студент жiгiттiң бала кезiн елестеттiм. Мүмкiн ол зерек, оқытушыларға ұнамды, үлгiлi бала болған шығар. Оның сергек ойы сол кезде-ақ сонау болашақтың төрiн мың-сан рет шарлап шықты ма екен.
Менiң бақылағаным – профессор. Оның бет терiсi жылтырап əйнектей суық тарта бастады. Қалай да бiр тегеурiндi күштi жеңе алмай отырғанға ұқсайды.

– Бiз қашанда қиялдауды сүйетiн халықпыз ғой,– дедi ол газеттен көзiн айырғысы келмей. Сөздерi соншама байыпты шықты, бiрақсыртболмысыменүйлеспейтiн нəзiк тебiренiскетолы едi.– Бiз таң атырып, күн батырып қана қоймай, өз қолымыздан шыққандай арғы-бергiнi түгел айтамыз. Қара жерден қол үзген адам өзiн ойшылдардың санатына қосылдым деп ойлайтын болса керек.
Профессор аз тыныс алды да, сөзiн жалғастырды. Даусында, адамға турақарамайтынкөздерiнде кiмнiң де болса ұққысы келетiн бiр тартымдылық бар. Ол сөзiн кiмге, неге айтып отырғанын бiздiң дұрыс ұғынып отырғанымызға күмəн келтiрмейтiн болса керек. Шалқасынан жатқан студент жiгiттiң сарылған жүзiнде еш өзгерiс жоқ.
– Бiздiң қашанда жаңа сөздер айтқымыз келедi. Жаңа болжаулар, дүниенiң жаратылысы туралы өз ойларымызды, өз топшылауларымызды жеткiзуге асықпыз. Кейде соншама батылдыққа барып, шектен шығамыз. Қайталап айтайын, ол жастықтың жалыны болуы да мүмкiн. Бiрақ əңгiме онда емес. Сол батылдықтың кейде адастыратыны соншалық, адам өзiне өзi ие болудан қалады. Тас болып үгiтiлiп кетуге дайын тұрады. Сiз дүниедегiнiң бəрi алданыш, əдiлетсiздiк, өмiрге сенуге болмайды дейсiз. Сiз осы сөздi айту үшiн неше рет толғандыңыз? Жарқ еткен бiр көрiнiстен шешкен мəселеңiз емес пе екен? Жердегi тiршiлiктi, сол тiршiлiк қызығы елiткен адамдарды кемсiтушiлiк бар мұнда!
Ал осындай түңiлушiлiктi адам қайдан алар едi? Бұған кiнəлi кiм? Кездейсоқ, күтпеген жағдай ма екен? Жоқ, бəрiне кiнəлi сол адамның жерден алғаш қол үзгендегi балаң ойшылдығы болса керек.
Профессордың қабағы жазылып, шабыт шақырған адамның реңi байқалды. Мандайында, бет əлпетiнде айқыш-ұйқыш жазулар толы, бiрақ оны көру үшiн тереңiрек үңiлу керек сияқты. Ол газеттен көзiн əлi айырған жоқ. Қала шуы ендi көп iшектi оркестр үнiне ұқсайды. Студент жiгiттiң жарық шағылысқан сары тапты ақшыл өңiнде қайғылы адамның өз тəкəппарлығы бар. Бiрақ оны профессор əңгiмесiнiң əсерi деп айту да қиын едi.
– Мен сiздерге өз басымның бiр оқиғасын айтайын. Қырқыншы жылдардың аяқ кезi, ел арасында соғыс дүмпуi əбден басылып жайшылық тұрмыс орнап жатқан кез.
Мен онда университетте кафедра меңгерушiсi болып iстеймiн.
Докторлық диссертациям аяқталып, соны қорғау қарсаңындағы

қарбаласта жүргем. Жолдастарым менiң еңбегiмдi асыра мақтап, бұл бүгiнгi физика ғылымына қосылған зор үлес деп тапты. Мəскеуден, Ленинградтан, тiптi басқа қалалардан да еңбегiммен танысқан əрiптес достардан телеграммалар келiп жатты. Əйтеуiр қуанышымда шек жоқ. Маған күн көзi де бөлек сияқты. Жүрiс- тұрысымда, мiнезiмде шектен тыс мейiрiмдiлiк пайда болды. ғылыми журналдарда, газеттерде етек-етек мақалалар басылып, менiң еңбегiмде үлкен ғылыми проблемаға жол ашылғаны айқын болды.
Бiрақ мен жолдан таймайтын едiм. Қаншама сезiмге бөленгiш, əсерленгiш жан болғаныммен өзiме-өзiм қатал болатынмын. Жиi-жиi қонақасыда болу, стақандар сыңғыры мен суша ысырап етiлген қошемет лебiздер, даңқ сəулетi – соның ешбiрi де басымды айналдыра алған жоқ. Мен қайта берiк бола түстiм. Бұл шығар межемнiң осымен шектелмейтiндiгiнiң айғағы едi.
Менiң сол бiр қарбалас қуанышты уақытым бiздiң университетте жыл сайын болып тұратын қабылдау емтиханы қарсаңына тап келгенi. Сонда оқуға түсуге нелер бiр қазақтың жасөспiрiм балалары келедi ғой. Көбiнесе ауылдық жерден келедi. Бұрын ешқайда аттап шығып көрмеген олар сыпайы, ұяң, адаммен ашық тiлге келiп сөйлесе алмайды, тек тереңiрек үңiлген адам ғана күн табы ұялаған көздерiнен зерек ынта байқар едi. Қабылдау емтиханы үстiнде барынша əдiл қадағалап, ой- санасына, қабiлетiне жан-жақты шолу жасағың келедi. Iшiндегi ең бiр саңлақтары сараланып бетiне шықса өз еңбегiңнiң гүл-гүл жанғаны дей бер.
Мұнда университетте iстейтiн ғалымдардан, оқытушылардан екiншi қабiлет талап етiледi, ол – педагогикалық қырағылық, адам танығыштық. Болашақ мамандарын, табиғатқа сыр шерткiзер шеберлерiн өзiң таңдап ал дейтiн ұлы сенiм тудырылып отырған шақта iзгi парасатты, адамшылық,орасан əдiлетшiл сезiмдi басшылыққа алмай болмайды. Ол адамшылық, əдiлет жолы дегенiмiз – өткiрдiң жүзiндей көзге көрiнбейтiн жол. Оң жағың өрт, сол жағың теңiз сияқты бiр шетiне тая бассаң қиянат, екiншi шетiне тая бассаң опасыздық, ал дəл басып жүру үшiн өз бойыңнан сұрапыл күш-қуат табуың керек. Өзiмнiң сол үшiн қаншама өлермендiк еткенiм əлi есiмде. Ары-берi кiрiп шығып сапырылысқан талапкерлер арасында менiң тұлғама елдiң көзi көбiрек түсетiн сияқты. Мүмкiн олар өздерiнiң мерейi үстем жансебiл қамқоршысын таныған болар деймiн. Кiм бiлсiн, өз

бойы бұлтқа жеткенде адам жердегi жыпырлаған балапанның да көтерiлiп ұшқанын қызғанбай, қайта алып қанатының астына алып бауырына тартқанды бақыт көрер.
Мен өзiм əрi емтихан алуға қатысып, əрi сол емтиханды қабылдаушы жолдастардың үстiнен қарайтын болғандықтан ма- ған тiлек-талап та, шағым да көп болатын. Сол қарбалас күндердiң iшiнде адам оңай шатасатын қауырт жұмыстың шиырында кетпей, өзiмдi барынша қырағы ұстадым. Алдыңа жас бала, талапкер келедi. Көзiнде өздерiнiң ой-санасын, қабiлетiн көтере көрсетсем бе деген ынта-жiгер, сонымен қабат жалынышты тiлек байқалады. Дүниеде адамның бетiн қайтарғаннан қиын не бар дейсiң. Бiздiң университет оқытушылары сол қабылдау емтиханы үстiнде ойы, психологиясы адамнан көрi, математикалық дəлдiкпен басқарылатын машинаның жұмысын атқаруға мəжбүр. Егер дөрекi тiлмен айтсақ «сенiң конкурстан өтуге шамаң бар ма, жоқ па?» деп бiр ғана талап қоямыз да, құлаш-құлаш тiзiмде əр тағдырдың белгiсiндей етiп нұқат қалдыра беремiз. Бiрақ сол белгiлердiң қаншалықты дəлдiкпен қойылып жатқанын өз басың шешiп, үнемi аңғара алмайтындықтан ырықсыз, тосын бiр бөгде күшке бағынғың, сүйенгiң келедi. Бiрақ ол күштi қайдан табасың, амалсыз сыртқы жағдайға да көз сүзуге тура келедi. Қабылдау емтиханының барысында бiз жасқаншақ жауқазын көздердiң ар жағындағы зерденi танып саралауда көп жағдайда өз iскерлiгiмiзге iштей сүйсiнiп те жүрдiк.
Емтихан қабылдау əдiстерiнiң сан қырлы сапасы мен машақатын бойыңа сiңiрiп, ыстық-суығын сезiнбей одан жақсы нəтиже аңғару мүмкiн емес. Өзiңнен жап-жақсы баға алып кеткен талапкер келесi емтиханнан құлап қалса, ол қандай абыройсыз- дық. Бiрақ ол кiм үшiн? Сен үшiн бе, жоқ өзiңнен кейiнгi мұғалiм үшiн бе? Қайсымыз жаза бастық. Əйтеуiр бiреумiздiң қылыш қырындай iзден ауытқып кеткенiмiз айқын.
Мiне, осындай аласапыран, əрi кеме капитанындай қырағылықты талап ететiн аса маңызды жұмысты бiз, университет оқытушылары болып, жұп жазбастан жүргiзе бердiк. Мiне оның да ең соңғы, қиын жауапты кезеңi келдi. Емтихан аяқталып ендi бар талапкерді конкурс елегiнен өткiзу керек. Бiр өзгешелiгi бұл бiздiң оңаша жұмысымыз.
Тап соның қарсаңында маған ойда жоқта бiр ескi досым телефон соқты. Əңгiменiң бəрi сол достан басталды. Дос болғанда қандай, көп жылдар бiрге оқып, етене бауыр болып

кеткенбiз. Əттең-ай, екеумiздiң бiрiмiз болып тұрсақ, екiншiмiздi қолтығынан көтермес пе едiк деп те қиялдайтынбыз. Мiне, сол қиял шындыққа айналып, қалай желкемiзден төнiп қалғанын аңғармай да қалыппыз.
– Əй, Сəлiм,– дейдi əлгi таныс дауыс. Өзiң шаршап жүргенде көптен көрiспеген доспен шүйiркелесу деген қандай, бойыңдағы жүгiң жеңiлейiп, қалбаңдап бiр көтерiлiп қалмайсың ба!
Дос сөзiнiң мазмұны мынау болып шықты. Бiздегi бiр талапкер туған ағасының баласы екен. Ағасының сəлемi бар, ал баланың өзi емтиханнан кiлең үштiк баға алып, конкурстан өтетiн түрi жоқ, досымның жаны соған қиналып тұрса керек.
Ол да ұмытпаған екен. Бала кездегi қиялды бiр ескертiп өттi. Мен оны одан əрi сөйлеткем жоқ, болсын-болсын деп өзiм жiк- жапар болдым.
Сөйтiп менiң бiр iске қолым барғаны. Ол баланың фамилиясын қағазға жазып алдым да, конкурстан өткен көп фамилиялардың қайсысының орнына қыстыруды қарастырдым. Иə, қай фамилияны алып тастау керек, қайсысы бiздiң университет үшiн арзандау? Университет үшiн арзандауын iздеуiмде иненiң жасуындай болса да дұрыстық болғанымен, осы пəрменiмде қандай қылмыс жатқанын қасапшының пышағындай қалтыраған қолым ойлатпады. Əйтеуiр бiр «Өмiрбеков» деген фамилияның көзiме қалай сұрықсыз көрiнгенiн қайдам. Өмiрбеков! Көз алдымнан қаншама студенттер өттi. Олар оқу бiтiрiп, жылдар өткен соң, бəрiнiң де бет əлпетiн, сырт қасиетiн ұмыта берушi ем. Студенттердiң қандайы болмады дейсiң. Олардың жүзiнен мен өз суретiмдi көруге дағдыланғамын. Мысалы бүгiнгi лекциям қалай өттi, сол əр күндiк еңбегiмнiң жемiсiн де жəне өз басым, болмысым, ойым қандай сатыға көтерiле алды – бəрiн де соларға қарап бағалайтынмын. Бiрақ солардың ешқайсысының əсерi тап осы жасөспiрiмдей болған жоқ.
Сонымен əлгi досымның өтiнiшiн тiлегенiндей-ақ орындадым. Конкурс қорытындысы шығарылып жарияланғаннан кейiн теңiздегi дауыл басылғандай тыныштық орнады. Оқуға қабылданғандарды бiр-екi айлық жұмысқа жiберетiн болып шарт жасастық та, ендi университет маңында ешкiм қалмауға тиiс едi. Осындай қауырт жұмыстан кейiн жанға жайлы жақсы бiр демалыстың келетiнi бар ғой. Оған кiм шығуға құмартпайды. Бiрақ мына соңғы құжаттарды реттеп тапсыру бəрiмiзге қол байлау болып жүрген.

Кафедра есiгiнен кiрiп-шығып жүргенiмде əмiсе бiр өздiгiнен тапжылмай тұрған балаға көзiм түсе бердi. Əлдекiмдi тынысы тарыла сағаттап күткен түрi бар. Алғашқыда аңғармаппын, былай көз қырымды салып байқасам, оның бар ынтасы менде сияқты. Конкурстан өтпеген соң өтiнiшпен кеп тұрған талапкер ғой деп ұйғардым да өте бердiм.
«Ағай», деген дауыс менi ерiксiз кiлт тоқтатты. Əлдене иығыма қона кеткендей бiр ауырлықты сездiм. Даусы нəзiк қалтыраңқы, бiрақ алыстағы теңiз сарынындай құлақтан өтетiн бiр қасиет бар.
«Ағай» дедi ол тағы да, маған қарай бiр аттап. Мен оның көзiндегi ғажап жайды анық көрдiм. Жоқ, бұл соншама сұрапыл қарас едi. Жас баладан өңменiңнен өтетiн мұндай қаһарды ешқашан күтуге болмас.
– Менiң бес сабақтан жиырма екi балым болған. Ал Жапаров қалай өтiп кеттi, оныкi небары жиырма-ақ бал ғой?
– Əй қарағым,– дедiм мен даусымды қатаң етiп.– Жапаров менiң əкем-шешем емес. Елдiң алған бағасын дұрыс есептерлiктей шамамыз бар.
Жапаров əкем-шешем болмағанмен досымның ағасының баласы деп қалай айтайын. Оның күнəлi жерiмдi тап басып келiп тұрғаны маған оқыс, əрi қатты тидi. Жанымдағы жарық сызатын қақыратып алмай тұрғанда сусып кете бергендi жөн көрдiм.
Сол күнi ұзақ уақыт кафедрадан шықпадым. Есiк алдындағы тұрған баладан жасқандым ба, жоқ əлде жұмысбастылық па, ол жағы есiмде жоқ. Тек əлден уақытта аласапыран қағаздардан бас көтерiп қайтатын уақыт болғанын ескергенiм бар. Сол кезде санама ең алғаш келген нəрсе манағы баланың шарасынан шыққан көздерi едi. Күнi бойы əлдене желкемнен басып ауырлатып тастапты. Жұмысым – бейберекет. Қағаздарымды жинастырып есiктi сықыр еткiзiп шыға берсем, манағы бала əлi тұр екен.
Коридордан күндiзгi жарық əлi кетiп болмаған. Мен баланың кескiн-кейпiн анық көрдiм. Манағы көздегi ғажайып қаһар оты сөнiп, ендi жыламсырай бастапты. Өңi – боп-боз. Күздiң қара суығында тiзесiнен су кешiп, үсiп-жаураған балаға ұқсайды. Өзiне назар аударту үшiн тағы бiр қырынан көрiнгiсi келген жас баланың бұл да бiр айла-əрекетi сияқты. Бiрақ басына сөз жоқ қиын iс түскенiн ұқтырмай кетер емес.
– Ағай,– дедi ол тағы да,– менiң фамилиям – Өмiрбеков. Сiз қайталап қараңызшы, ана...

Мен жалт қарадым. Ол көзiн бiр жарқ еткiздi де сөзiн жалғастыра бердi.
– Ағай, сiз қараңызшы...
Аяқ астынан жынша ойнақтап кеудемде дауыл тұрғандай сөзiнiң артын тыңдауға дəт қылмадым. Бiр қисыны кеп тұр деп бiлдiм бе, əйтеуiр өзiме өзiм ерiк бергенiм соншалық, бетiме қан тепкендей əлдене тамағыма кептелiп қалды. Көзiм де одан сайын шатынап кеттi-ау деймiн. Жаман тiлдеп тастағым келгенмен, аузыма түскен сөздi ғана айтуға шамам келiп шарасыз тыйылдым.
– Қарағым, өзiң желiмдей жабысқан бала екенсiң. Көктен түскен бiреу болсаң да жөнiңдi неге таппайсың,– дедiм.
Мен осы шақта өзiмдi-өзiм түсiнбей кеттiм. Балаға ашуландым ба, өзiме ашуландым ба, əлде жұмысқа ма, кiмге ашуланғанымды айыру қиын. Тек бiр түсiнгенiм – ойым, сөзiм, iсiм – үшеуi үш бөлек.
Шыға берiстегi швейцар шалмен əңгiмелесiп аздап ашуымды басқым келдi.
Мен онымен сөйлесiп тұрғанымда, жаңағы баланың құр сүлдерi өтiп бара жатты жанымыздан. Ол табалдырықтан аттап, есiк жабылғанда мен селк етiп оянып, əлдебiр нəзiк қымбаттымнан айрылғандай əлденеден жүрегiм қысылғаны. Көз алдымнан қорқынышты елес жүгiрiп өтiп, басыма үйдей бақытсыздық келе қалғандай жандəрмен қауырт қимылға көштiм. Далаға жүгiрiп шыққанымда ауа салқындау тартып, күннiң қою күрең шапағы ағаштардың тасасына жасырынып, түн қараңғылығы тез түсiп келедi екен.
Мен университет ауласындағы тас төселген үлкен алаңға көз жiбердiм. Өкшесi тырс-тырс тиiп жаңағы бала ұзап барады. Қараңғылыққа енген сайын денесi зорайып, елеске айналып бара жатқандай. Дүлей сезiм əлдеқайда жұлқа тартты. Тап осы сəтте мен өзiме бiткен күллi атақ-абыройдың күл боп ұшқанын көрдiм.
Аллея ағаштарының ар жағынан биiк үйлер қызыл көзденiп маған жексұрын қарайды. Өзiме алтын ошақ болған қала ендi тап осы сəттен бастап суық тас қабырғалы қамалға айналып бара жатқандай.
Жоқ, қалайда бiр шара қолдану керек едi. Не iстесем екен? Ба- ланы қуып жетiп мойнынан құшақтап жалбарынсам ба деймiн. Бi- рақ бiр сəттiк ойдың дұрыс-бұрыстығына көзiмнiң жете қоймауы

тұсау болды. «Жоқ, бұл бала жөнiмен бара берсiн, нем шайқалып кетер дейсiң, өкiнiш орны ушыққан жарадай бiр күнi жазылар, уақыт жұтар мұны». Осы оймен орнымда қатып, тыйылып қалып едiм. Бiрақ бұл бос далбаса боп шықты. Уақыт жұтудың орнына қайта өзiмдi сiлкiлей түсiп, ойымды шым-шытырақ еттi.
Бiр күн өттi, екi күн өттi, бiр жұма өттi. Осыншама қысқа уақыттың iшiнде адам айтқысыз, ауыр азапты бастан кешiргенiмдi сiздерге қалай баяндасам екен. Кеудем алай-түлей, көзiм қарауытатынға ұқсайды.
Қайда барсам да сол баланың найзағайлы көз қарасы, аш сүлдерi, тағдырына бойсынып, салбыраған басы кейде орнымнан ұшып тұрғызып, ес таппай жүрiп кетемiн. Менде ешқандай жұмыс қабiлетi қалған жоқ. Қызмет орным, ғылыми зертханам бəрi де қаңырап бос қалған. Тiптi, қарапайым адамға тəн өмiр қалмаған сияқты. Есейген шақта да адамның осындай күйгелектiкке душар болуы мүмкiн-ау деп ойламап едiм. Өзiмдi қоршаған адамдардан, жолдас-жоралардан да қол үзе бастағандаймын. Олар маған таңырқай қарасып, өзара сөз қылатын сияқты.
«Əкем-ау, бұл не, бұл не қапа менi алып жегiсi келетiн»,– деп кейде өзiм таң қаламын. Бiрақ түбiне жетiп басымды арашалаудың жолын таба алмаймын. Тiптi, психикалық ауруға ұшырамасам жарар едi. Айналадағы дүние көзiме дұрыс көрiнбей, бəрi де қисық айнадағы сурет сықылды, парша-парша əйнек сынықтарындай күнге шағылысып сақ-сақ күлгенге ұқсайды...
Осы тұста профессордың жүзi адам аярлықтай болып қатты өзгердi. Тосын көздердiң алдында басын кемiтуi мүмкiн, адамның өз iшiнде ғана сақталып, өкiнiшi жылдар бойы жанына азық болатын жасырын жайтты əңгiмелеп отырғанына өзiн кiнəлi санағандай нала сезiм бар. Үлкен адамның əңгiмесiн қалт еткiзбей бағып отырмын. Студент жiгiт қыбыр етпей жатыр. Тек анда- санда қаққан кiрпiктерi «тiрiмiн, ояумын» дегендей. Сырттан ызыңдаған қала шуының шиырына iлесiп, өзiнше бiр ойға берiлiп жатқанға ұқсайды.
– Жоқ, сiздер ойларсыздар. Мен осындай бейшара халге қалай түстiм. Мүмкiн мұны сiздерге түсiндiрiп те болмас. Себебi, адамның осынша күрт кетуi сирек нəрсе ғой. Мысалы, бiр көп балалы ананы алайық. Егер ол балаларының бəрiн жақсы өсiрiп, тек бiреуiнiң ғана бақытына ақау түсiрiп алса, қандай азапқа душар болар едi. Сау өскен, жақсы өскен балаларын көрмей, тек жаны жарым жалғызының ғана тағдыры көзiне көк шеңгелдей

қадалатыны даусыз. Мен де сондай бiр ессiз жүдеткен сезiмдi бастан кешiрдiм.
Мiне, кең даланың бiр түпкiрiне өз басымнан қатты түңiлген бiр жан кетiп бара жатты. Мүмкiн өзiмдi биiк сезiнгендiктен болар, ешқандай ұяттан, жаманаттан жүзiмдi жасыра алмайтын халде едiм. Қанша айтқанмен санам айқын, денiм сау, бұл дел- салдықтан қалай да бiр ебiн тауып сытылып шығуға əлiм келетiн сияқты. Бiрақ жаныңа түскен жараны түк болмағандай қайта жаза салу қиын, тек алғашқы беттегi зəрiн қайтару керек. Ол өз басымның жұмыс қабiлетiнен айырылмауым үшiн, титықтаған дегбiрсiз көңiлiмнiң өрекпи тұншығуынан арылуым үшiн қажет. Сондықтан осы жағдайыма себi тиер деген бiр iске бел будым.
Жоқ, мен ол баладан барып кешiрiм сұрағым келген жоқ, iшiмдегi құсаны басу керек едi.
Күз күндерi тақау қалған, қабылдау комиссиясының портфелiн ақтартып сол баланың аты-жөнiн, мекен-жайын толық мұқияттап жазып алдым да, ешкiммен тiл қатысып кеңеспестен бимəлiм сапарға поезбен жүрiп кеттiм. Жыл сайын барып тұратын курорт, демалыс үйлерi болмаса ауылдық жерлерге сирек шығушы едiм, тiптi өзiме-өзiм есеп берiп қарасам, соңғы бес-алты жылдың iшiнде ел ортасына аттап баспаппын.
Бiрде ойпат, бiрде қырат болып тез алмасып отыратын туған дала сағынышы көзiме оттай басылып, ойыма нəр, көңiлiме жайдарлылық, қуат бердi. Тек қана алып ұшқан поезд дүрсiлi ғана өзiмдi не жетектеп бара жатқанын есiме түсiрiп əлсiн-əлсiн ескертiп қояды.
Вагон терезесiнен көрiнген далада күз белгiсi ойдым-ойдым боп көрiнедi. Əсiресе ерте пiсетiн ақселеулi беткейлер алтын шашты арудай желкiлдеп күнге шағылысады... Алыстағы таулардың бөктерiн көлегейлеп сағым толқиды. Жаз көркiмен ойнап құбылады. Əлi сарғыш таңба түспей бəйшешегi көз тартқан көгал тұстар өзiнiң балауса шағына өкiнiшсiз қарайтын сияқты. Олар «күзiм тақау, бояуым оңбақ» демейдi, сонау алтын шашты жапанмен де қол ұстасып, өзiнiң мəңгi жас екенiн, уылжыған жастық көрiкке, сезiмге толы екенiн айтады, əлденеге мезiретi жасағандай бас изеген бiр үзiлiстен кейiн қайта толқып көтерiлiп, қандай да болмасын iшiндегi бiр қапасын ұялшақ көздер жасыра алмай қарашықтары шықтана күлiмсiреген жас балаға, немесе ер жетiп, ұясынан əлдеқашан ұшқан ұлының маңғаз көркiн көрiп, қызара қызықтап, ештеме дəметпейтiн ананың қызғаныш па,

қуаныш па екенi айырғысыз жақұтша құбылған көз жанарына ұқсайды.
Туған дала, қандай айтпақ ойың бар деймiн. Дəл сенiң қуыс қолтығыңда тумағанмен, мен туғанда тап осындай күмiс белдер шаттана қарап тұрмаушы ма едi, мен қазақ ұлымын, ендеше күллi қазақ жерiн туған далам десем сөкеттiк пе, ал сен менi өз ұлым десең «жатбауыр тарттың» дегiзем бе деймiн.
Поезд тынымсыз жүрiп келедi. Түн келдi, таң атты. Темiр дөңгелектер қаншама қарыштай басқанмен жалпақ дүние өзiнiң шегiн көрсетер емес.
Бiр жарым сөткеден кейiн ғана тау барайына орналасқан шағындау станцияға келiп түстiм. Айналада көп адамдар көрiнбейдi. Күн кешкiрiп, төңiрек қып-қызыл албырт нұрға бөленiп тұр. Мен бiреулерден өзiме керек колхозға қалай бару ыңғайлы екенiн сұрастырдым. Жастау арбакеш бала сол колхозға ала кетуге келiсе кеттi.
Жолдасым денесi қунақ жас бала. Жұқа өңi күн мен желден қатты қарайған. Көптен қырылмаған мұрты тебiндеп, иегiне де бiрнеше қылтанақтар өскен. Жол бойы сұрап келемiн. Өзi сол колхозда iстейтiн боп шықты, ат-арбасы колхоздiкi. Əкесi соғыста өлгендiктен онжылдықтан кейiн əрi оқуға жағдайы келмей колхоз жұмысына араласыпты. Сөзi ашық, өмiрiне дəн ризалығы байқалады.
–Шүу, ə!– деп аттарды əлсiн-əлсiн дүркiретiп айдап келедi. Жағалай келiп, «Өмiрбеков Қонысбай» деген бала осында тұра ма деп сұрадым.
– Осында. Жақында оқуға барып, конкурс қатты екен, өте алмай қайтты. Бiр ауылдан жалғыз өзi кетiп едi... Бiрақ өкiнетiнi жоқ. Былтыр кешке оқи жүрiп тракторшы мамандығын алған. Қазiр зябь жыртып жүр.
Аттарға тағы бiр ысқырып қойып, қамшы үйiрдi. Бiз ауылға жеткенше күн ұясына кiрiп, дем арасында көз байлана бастады. Кенет бала аз-кем сасқалақтағандай маған жалт қарады да:
– Анау жүрген сол,– дедi оттары жарқырай бастаған ауылдың оң жақ сыртындағы биiк қошқыл төбенi нұсқап.– Түнгi кезегiм бар деп мана солай бара жатқан.
Мен жаңа байқадым. Ауылдан сыртқары түн қараңғылығында қызыл шоқтай болып трактор жүзiп барады екен. Үнi де құлаққа ап-айқын жетiп тұр. Ел ортасынан аулақ жүргенi маған ұнап қалғандай едi.

Мен қоштасып арбадан түскенiмде бала аттарын одан сайын ысқыртып айдай жөнелдi. Ол ұзап кетiсiмен менде сүлдесоқ суық үрей пайда болды. Мен Қонысбаймен қалай жолықпақпын, не демекпiн, тiптi оны тап осы сəтке дейiн шешпей келуiм өзiме ауыр тидi. Тiптi келген сапарымның түп мағынасын жоғалтып алғандаймын. Мен бiресе үңiрейген қараңғылыққа, бiресе ауыл оттарына қарап, алыстағы трактор үнiне құлақ түрiп, өзiмдi осында нендей жан толқынының айдап келгенiн көкiрегiмде қайта тiрiлтiп, талдау жасағым келдi. Кенет сонау университет коридорындағы жас талапкер баланың қаһарлы қарасы көз алдымда айна-қатесiз тұра қалды да, ырқына көндiрiп алған таныс бiр сезiм сол трактор отына қарай асықтырды.
Ауылдың сыртымен өтетiн тар соқпақты қараңғыда көре алмай келемiн. Бiрде теңкиген ши түбiне сүрiнiп, бiрде жатқан кесектi басып кетемiн. Жақындаған сайын трактор үнi зорайып, қорқыныш, үрей аралас тайсақтаған бiр сезiм пайда болды. Бiрде алдымда аңғарды кеулеп үлкен өзен жатқандай дүрiлдеген үн шалынады. Ендiгi жерде өз еркiмнен тыс ессiз бiр күштiң бiржола жетектеп алғанын аңғарып келемiн.
Жоқ, бұл минуттардың мен үшiн зор мəнi бар едi. Мен өмiрiмдi қайта бастап, бұрын жете бағаламаған өрiстi дүниенiң қиын-қыстау шақта ғана сезiлетiн ыстық, алғыр тынысы бетiме соққандай əсер еттi. Күнəлi жанның бүкiл пендешiлiк өмiрiнде байқамай, тек өлiм жазасы алдында ғана аспандағы күнге көзi түсiп, оның соншама ыстық нұрлы екенiн көрген пақыр сезiмiне ұқсас едi бұл.
Сүрлеу соқпақтар бiржола адастырып кеттi де, ендi жолсызбен келемiн. Ауадағы ащы исi мұрын жарып, бұл өңiрде шоқат-шоқат жусанды төбелердiң қойнауын қуалап басқа да ермен, құлқайыр, қау өсетiнiн аңғартады. Маған ендi трактордың өз нобайы да анық көрiне бастады. Екi көзiнен от шашып, мүлгiген түн қараңғылығын жеңем деп тағдырдың қара түнегiне айбат шеккен абзал жүректi шойқара дəуге ұқсайды. Жарқ-жұрқ етiп жалын шашып, түнекқұмар шайтан шымылдығын тiлiп түседi. Оқат- шоқат жердiң қыртысын тiлгенде қаһарына от түсiп өртенгендей көзi одан сайын бағжиып түн көрпесiн алысқа лақтырады. Бiрақ қараңғылық қарысып баққандай.
Екi көзi лапылдап трактор маған қиыстау болса да қарсы келе жатқан. Көкiрекке от құйып, асқаралы ұлылыққа бастайтын қаһар бар. Түнек қаншама шексiз болғанмен оны дүр сiлкiнте, етегiн

аяусыз уыстай жұлқып бұл дүниеде тұрлаусыз етердей. Сонау аңша тiршiлiк еткен алғашқы адамның қараңғы санасын айқын еткен адал еңбекке дегендегi от-жiгерiн, айбатын көз алдыңа əкеледi.
Мiне, осы көрiнiске қарап мен өзiмнiң бүгiнгi ғылымға сарсылуымның сонау ата-бабамыздың арғы тегiнен бастап дару болған қарапайым адал қол еңбегiнiң жалғасы, кiршiк көтермес мөлдiр арнасы екенiн ұқтым. Оған жүзiңдi жалтыратып жат пиғылмен бару – өзiңдi өмiрден аластау, халыққа бөтен болу деген сөз. Мысалы, көпшiлiк шомылып жатқан таза суға күс басқан денеңiзбен қойып кетсеңiз, жұрттың бəрi сiзден тыжырынып, ол арадан тез қараңызды өшiруге мəжбүр боласыз. Өмiр өзегi – еңбек айдыны да сол көл суы тəрiздес. Сол көл суының тəн тазалығын көрсетуге мəжбүр ететiнi сияқты, еңбек те адамның ақ-қарасын бiрден ашады. Өмiрде қаншама ұлы ғазиз жандар өткен, солардың қайсысы болмасын əдiлетсiздiктен жаны қиналған шақта адал еңбекке табынған. Еңбек кескiндi əдiл көрсететiн айна десе де болғандай.
Мiне, сонау жапан далаға ұжданым айдап апарғанда түнек пен жарық арбасқандай сол бiр суреттен жылт етiп осы бiр түйсiк оянған едi менде. Трактормен арамыз жақын қалды. Тағы да бiр дүниенi басына көшiре бiр орында ырғалып қап гүж еткенде, от жанары менi де шалып қап, өзiме тура жүрдi. Алдым теп-тегiс жарық боп кеткенмен, ешнəрсенi көрмей тiк басып қарсы жүрiп келемiн. Адам тəнiне жылылық беретiн от күшi осындай-ау деген мұнар iшiндегi сəуледей ой жүгiрiп өтедi. Бiрақ тап қазiргi сəтке қандай оралғы болмасын, бəрiн басымнан аластау керек едi. Жүрегiмнiң қатты соққанын, балтырымның дiрiлдегенiн байқаймын. Табаным астындағы жердiң солқылдағанын сездiм. Сол кезде менi де көрген болуы керек, трактор тоқтай қалды да, екi-үш қаһарлы үн қатып барып, күрт бəсеңдедi.
Мен ши қалпағымды бұлғап шақырған ишара бiлдiрдiм. Əлдекiмнiң нобайы от сəуленi кесiп, өзiме қарсы жүргендей болды. Бой шамасын болжатпайды, тек ұзынынан сұлай түскен көлеңкесi ғана көрiнедi. Тап иегiме тақалғанда ғана жас баланың жұқалтаң нəзiк денесi ашылып айқын көрiндi. Ол тағы да аттап басуға қорыққандай тоқтай қалып, менi барлап тұр едi.
– Аман ба, Қонысбай,– дедiм мен жақындай түсiп.
– Сəлеметсiз бе...
Мен оның бет əлпетiн анықтап көргiм келiп тағы бiр аттап, жарық ағынынан жасқанғандай оң жақ қырын ала тұрдым. Ол

маған бұрыла қарағанда сонау университет коридорында есiмде қалған ғажайып жүздi көрдiм. Таңырқап тұрғаны байқалады.
– Мен саған келдiм, Қонысбай. Танисың ба?
– Танимын,– деп тағы бiрдеме айтқысы келгендей тоқтап қалды. Үнiнде кiшiлiк ибалықпен қабат күтпеген оқыс оқиғаға түсiне алмаушылық бар.
– Трактор айдап жүрсiң бе? Мұның аса дұрыс болған. Егер арың таза болса еңбек ешкiмдi де жатырқамайды. Сен анада оқуға түсе алмай қайттың ғой, Қонысбай?.. Сен мынадай жағдайды осы бастан ұққаның абзал. Өмiрде əдiлет қанша басым дегенмен, оның ары-берi ауытқуы, сəтсiздiк деген бола бередi. Ондай ауытқуларды адам өз қайрат, жiгерiмен түзеп жiберуi қажет. Сен бiр рет оқуға түсе алмадым деп тауың шағылса оның дұрыс болмағаны. Қандай жағдайда да адам алдағы үлкен нысанадан, биiк мұраттан көз жазбауға тиiс.
Ары қарай не айтқаным есiмде жоқ, бiрақ ұғымды етуге тырысып, жұбату, көкiректе талап отын өшiрмеу сияқты бiршама уағыз сөздер айттым. Бiрақ бұл сөздерiм кiмге жұбаныш, кiмге қажет. Жапан түзде еңбек отын жағып жүрген балаға ма, жоқ менiң өзiме ме, ол жағын ақтармадым.
Ақырында Қонысбайға:
– Сен ендiгi жылы оқуға кел, түсiп кетесiң,– дедiм.
Кейiн сұрастырып бiлдiм, келесi жылы ол оқуға келуiн келiптi, бiрақ бiздiң университетке емес, ауыл шаруашылығы институтына емтихан тапсырып, сонда қабылданыпты.
Мiне, менiң басымнан осындай бiр жайт өткен едi. Ойлап қараңызшы, егер сол бала сонау бiр бетi қайтқаннан кейiн өмiрде əдiлет жоқ, ақ жүрiп, адал iзденумен ешнəрсеге қолың жетпейдi дегенге бекiп, соған бойын алдырса, оның тағдыры қандай сорға соқтығар едi?!
Сiз өмiрге сенуге болмайды дейсiз. Бұл сөзiңiзде ешқандай негiз жоқ. Ал мен сiздiң сөзiңiзге сенуге болмайды десем, оған негiз де, дəлел де көп.
Жарайды, сiз бiр кезде сұлуға құлай берiлдiңiз, ғашық болдыңыз, дүние сiзге үлде мен бүлдеге оранған алқызыл гүлге ұқсап, сiз оны қалай дəрiптедiңiз екен? Ал ендi ғашығыңыз сырт бергенде дүниеге топырақ шашып, қаралап масқара еткiңiз келедi. Қайсысы дұрыс? Ал егер, жазатайым сол сұлу аяғыңызды қайта құшса, сiз дүниеге көзқарасыңызды тағы өзгертесiз бе?
Шындығында дүние сондай құбылмалылыққа көне ме? Ол адамға жер, су, ауа, күн сəулесiн бередi. Мұның бəрi адал еңбек,

саналы өмiр үшiн сарқылмас көздер. Дүниенiң осы дарқандығына пейiл берiп сүйгендiктен ғана халық өркендеп өстi. Тарих бетiне қараңызшы, күн көзiн қолмен көлегейлегiсi келген қаншама өрескел жауыздық iздерiн көресiз. Жер күйiп, орман өртенiп, су ылайланғанына кiмнiң жаны түршiкпес. Бiрақ солардың қайсысы дүние, өмiр пейiлiне нұқсан келтiрдi. Жоқ, халыққа, өмiрге жат пиғыл, əрекеттiң қандайы болмасын мəңгi үстем болып тұра алған жоқ, тұра алмақ та емес. Сол өмiрдегi, халықтағы оң, ақ пиғылды дұрыс танып, оның қайнар күшiне сенiп бейiмделген күнде ғана адам қолы бақытқа жетпек, шырағым!– деп профессор əңгiмесiн аяқтады. «Шырағым» деген соңғы сөзi оған əкелiк көрiк бергенмен, қаталдық белгiсiндей едi.
Өзiне арналып соншама сөз айтылғанын ұқпағандай студент жiгiттiң жатысы менi қайран қалдырды. Маған ол қарсы сөзге жоқ, тауансыз көрiнiп едi. Ренiш, қайғы ма, өкiнiш пе, əлде ұялғандық па, не екенiн айырғысыз əйтеуiр сары ауру таңбасындай бiр белгi жүзiнен кеткен жоқ. Мен оның ойына жел бергiм келгендей профессорға:
– Ағай, сонда да өмiрдiң шытырман сыры көп қой, кей кезде ұғуға қиын соғып, миға зiл түсетiнi де бар,– дедiм. Профессор жұлып алғандай:
– Ал сол ұғуға қиын, миыма зiл түседi деп, өз ойыңның қара көлеңкесiмен дүниенi көлегейлеймiн деу неткен, қайдан келген есерлiк ол? Ойлаңызшы, тiптi бұл кешiрерлiк қылық па?!– деп салды. Iште жатқан ыза салқыны сезiлдi.
Бұл кеште арамызда қайтып ол мəселе туралы сөз болған жоқ. Əңгiме шаршатқан болу керек, профессор жатысымен тез ұйқыға кеттi. Мен оның ендiгi тыныш жүзiне қарап отырып, жер жүзiнде қанша адам болса, солардың барлығының да жүрегiн байланыстырып, ешкiм үзiп-ырғап кете алмай келе жатқан қандай да болмасын көзге көрiнбейтiн бiр желi бар-ау деп түйдiм.


1963 жыл.





Пікір жазу