МӨЛДIР ТАМШЫЛАР
Жаз айының тамаша бiр күндерi едi. Демалыс кезiнде Алматыдан ауылға кеп жатқаныма бiрнеше күн болған. Жолым түсiп көршi колхозға да бара қалдым. Күн ыстық, тал түстiң кезi. Көшенi көлденең кесiп өтетiн əлдекiмдер болмаса, көп ешкiм көрiнбейдi. Жан баласы түгел саяда жатқан. Айнала тыныштық.
Менi күннiң ыстығы қажады бiлем, жол шетiнен аулақтап, жер бауыр бұта аралас өскен қалың ағаш арасымен жүре бастадым. Мұнда дем аларлық сая көп екен.
Тамағымды ағытып, салқындай бастағанымда бiр үйдiң ауласына тiрелгенiмдi бiлмей қалдым. Саялы маңға тиiстiре салынған үйдiң өзге үйлерден оқшау ештеңесi жоқ.
Үйдiң тап қасында арық суымен ойнап отырған бiр балдақты қызды көрдiм. Шешесi есiк алдында кiр жуып жатыр. Қыздың жас шамасы 14–15-терде ғана. Алғашқыда маған назары ауа қойған жоқ. Сiз оның балдағына қарап, қанатынан айрылған қарлығаштай жаутаң көздi дерсiз, жоқ тiптi де олай емес.
Қайнап жатқан бұлақ көзiндей бар болмысын өзi айтып, бойындағы ынта-ықыласқа өзiңнiң де ерiксiз мейiрiмiң түсетiн əдемi қыз екен. Ашылмаған жауқазындай көркiнде жұқа əсемдiктiң үлпiлдек реңкi бар.
Артындағы айқасып жатқан қос балдақ та оған көз түрткi болмай, тағдырдың бұл қиянаты оның бал-бұл жанған жүзiнде мұңның iзiн қалдыра алмаған. Ол арық суын аспанға атады да, көктен сорғалаған мөлдiр тамшыларды тiлiмен қағып алып отыр.
Бiр байқағаным, бұл қыздың iс-əрекетi, қимылы жасына лайық емес. Өзiнен жас шамасы əлдеқайда төмен, тұлымшығы желбiреп күнi бойы қуыршақпен болатын кiшкентай қыздардай қозғалысы тым шапшаң, ұсақ.
Ол маған көзiн жаудырата қарады да, су аққан иегiн жеңiмен бiр сүйкеп қойды. Қасы-қабағы түгел шықтанып тұр. Мен оның қылығына қызыққан көзбен сəл жымидым.
Шешесi күн қақты жүзiн маған бiр-ақ рет көрсеттi де өз жұмысымен бола бердi. Желке шашының түбiт сияқты бояуы оңып, кiр шайқаған суы шылп-шылп етiп көбiгi аса төгiлiп жатыр.
Көк əуеде сағым ойнап, жарқыраған үй шатырларында, даланың барлық көлеңкесiн бауырына басып алған қалың ағаш желбiршек ұштарында төгiлгелi тұрған бiр əдемi əуез бардай. Тек қана үнсiз өтiнiшпен ұйтқы тiлеп тұр ма дейсiз.
Мен осы тұста бiраз жүрiп қалған едiм. Кенет таңғы ұйқыдан оятқандай ғажап бiрдеме əсер еттi. Торғай шырылы сияқты шырқап салған əрi қысқа, ақықтай жiңiшке дауыс көктен үзiлiп түскендей көрiндi маған.
Жалт қарасам, жаңағы қыз екен. Жүзi жанып кеткен. Бiрақ ол дейтiндей емес едiм. Əлдебiр əн перiштесi төбемнен құйылып жоқ болғандай, дүние көркiн бiр ашып тастайтын əдемi дауысқа кенет елiккенiм соншалық, жан-жағыма жалтақтап, иесiн аласұра iздей бастаппын.
Бiр таңқалғаным, балдақты қыз бен оның шешесiне бұл дауыс əсер етпеген. Неге екенi белгiсiз, шешесi көзiмен ата қарағанда
қыз өзiнiң əлдебiр жаман ырым жасап қойғанын шындап мойындағандай өлгенше қызарып, төмен тұқырып кеттi. Апырау, ол не iстеп қойды? Жаңағы дауыс қайда? Бiрақ оны ұмыта берiп, балдақты қыздың қысылған түрiн көрiп, оған соншама бiр нəзiк аянышпен елжiрей қарадым. Шешесiнен жасқанғаны емес, шаңқан тартқан күн сəулесiнен қарай алмайтындай. Басы- көзiндегi кебе бастаған су тамшылары ұсақ шыны түйiрлерiндей күнге шағылысып, əлдебiр ынта-ықыласқа толы балалық назары байқалады. Үзiлiп түсердей еркелiк наз iлiгiп тұрған кiрпiктерi əлсiн-əлсiн көмiп қалып, жанары жасырынбақ ойнайтын сияқты. Көлеңке қуысынан шыққанымда, амандығыма əйел ернiн ғана жыбырлатып, ишара бiлдiрдi. Менiң бағанадан осы маңда жүрiп алғанымды кəдiк көргендей едi. Мен шешесiнен сөз тартқым
келiп:
– Мына қарындас əн салатын көрiнедi. Даусы қандай жақсы өзiнiң?– дедiм.
«Əй, қарағым-ай, оның несiн айтасың» – дегендей, шешесi салғырт тұрды. Қолының сабынын сыпырып, қасы-қабағы ауырлай бердi. Одан кейiн маған таныс көзбен қарады да, манадан берi неге үйге кiрмей тұрғанымды сұрады. Бұл əйел менi сырттай танитын болып шықты.
– Сен мына «Қызыл күншығыстағы» шал Бейiсбектiң үнемi сыртта жүретiн баласы емессiң бе?– дедi. (Шал Бейiсбек дейтiнi бiздiң ауылда екi Бейiсбек бар).
– Тап өзiмiн,– деппiн. Ақыры мен үйге беттегенде, қыз да орнынан атып тұрып, қос балдағымен тақ-тақ етiп жүре бастады. Ұшқанда қанаты ұзын келетiн қарлығашқа ұқсап кеттi ол.
Əлденеден апыл-ғұпыл қуанышқа бөленiп жүзi шұғылаланды. Мен есiктен енгенде табалдырықты тарс еткiзiп, ол да аттап түстi.
Үй iшi қазақша жиналған. Топырлайтын ешкiм жоқтықтан бəрi де өзiнiң ескi орнында мiз бақпай тұрған сияқты. Төрге төселген киiз, ағаш керует, арзандық тұскиiздер бұл үйде ескi көзқарастың барын көрсетiп тұр. Еденге су себiлген, салқындау. Мен алғаш отырыста-ақ қызға бұрылдым:
– Атың кiм, қарындас?– Төсектiң басына иегiмен асылған күйi: «Əйкен»,– дедi сыбырлап қана. Ұзын көйлегiн салбыратып, илiге шешесi де кiрдi. Жүзiнде жабырқау немқұрайдылық бар. Алғашқыда ұстамдылықпен сыр бермей-ақ отырып едi, артынша- ақ қызының жайын жылап отырып айтты.
– Бiреу бақ тiлейдi, бiреу байлық тiлейдi. Тiлеудiң де тiлеуi бар. Пенде шiркiнде астамшылық та бар ғой, қарағым. Басың жас көрiнедi. Ұқпағаның да, көрмегенiң де бар шығар, зиялы адамның баласы деп айтып отырмын. Өзiм үшiн құдайдан сұрайтын да ешнəрсем қалған жоқ. Бар тiлектi осы үшiн ғана үйiп-төгiп отырушы едiм, қайтейiн.
Бiрауық дiр-дiр еттi де, көзiнен жас ыршып түстi. Таусыла сөйлейiн десе, тамағына тас тығылып отырғандай, күйiнiш оты жанып-жанып барып қайтады:
– Мұның əкесi соғыстан болған жарасы қайта ашылып, былтыр қайтыс болған. Көз нұрым, бақытты бол деп кетiп едi, мұндай боларын қайдан бiлсiн. Менiң қызым əншi болады, ержеткенде даусын радиодан тыңдайсыңдар деп, сорлы жазған елге жар салушы едi. Тойда болсын, жиында болсын, ал менiң қызым өлең айтады, ал менiң қызым... деп, тiзесiне отырғызып алып, асқақтата берушi едi. Өзiм сонысын онша жақтырмасам да, көз ашып көрген қызығы сол болған соң, қайтып бетiнен қағайын. Асыра мақтау, қошемет десе ел қандай? «Ойбай, Əуелбектiң қызы мұндай болып туыпты». «Ойбай, Əуелбектiң қызының таңдайы жез екен». «Шешесi мұны көтергенде неге жерiк болған екен?» Əй қарағым-ай, бұл елдi қойсаңшы. Ол ол ма, бiздiң арғы аталарымызға шейiн сан-саққа жүгiртумен болды.
«Адам тiлi тас жарады, тас жармаса бас жарады» – деп қазақ тегiн айтпаған ғой. Сөйтiп елдiң тiл-көзi қойсын ба? Осында бiр Байсалбай деген бар. Өзi бiзге құдандал адам. Сайтандай соның баласына той жасай қалғаны.
Сонда ал Əуелбектiң қызы əн салады дегенге, қасынан тастамай алып жүретiн əлгi сорлы əкесi қандай, тотыдай сайратыпты. Сонда тiл-көзiң тасқа болғыр əлгi Байсалбайдың əйелi отырып:
«Əуелбектiң бiр қызынан қырдағы қазақтың қырық қызы садаға кетсiн»,– дептi. Сол күнi-ақ үйге келе қызым аяғым дей бастады. Əкесi байғұс мұның қасында шыр көбелек айналды да қалды. Қанша аңғал болғанмен о дүниелiк адам ғой, сезiктенiп қалса керек. Өзiм болсам көп есiм шыға сасқалақтағам жоқ. Алғашқыда күнi бойы секектеп шаршағансың ғой дедiк. Бiрақ ертеңiне де ауырсына тұрды. Сөйтiп бiр-екi күн жүрдi де, қайта сақ-сақ күлiп кеттi. Одан кейiн оған назар аударған ешкiм болған жоқ.
Осы сəтте мен сəл елеңдей Əйкеннiң қып-қызыл боп ұялған жүзiне қарадым. Жаңа сыртта осы үйдiң маңында жүрiп естiген қысқа, ақықтай таза жiңiшке дауыстың əсерi менен əлi кете
қоймап едi. Бiр сəт шеше əңгiмесiнiң жетегiнде барып, қалың топтың жүзiн жандыра қырық қыздың көркiн бiр өзi берген Əйкеннiң күндей тұлғасын тап қасымнан көрiп, оны перiштедей мəпелейтiн қиялыма ерiк бергiм келдi.
– Содан көп кешiкпей-ақ бiздiң үйге ақырет орнады. Ескi жараның орны ушығып əлгi сорлы əкесiнiң өзi құлады. Бiрден күрт төмендеп кеттi де, ертеңiне-ақ о дүниелiк екенi көзiнде ойнады. Жаны шықпаған адамға қалай дауыс шығарайын, iшiмнен үгiтiлiп отыра бердiм. Жыланкөз, сұп-сұр, бөрiге ұқсап кеттi. Халiн сұрап келген жұрт жағасын ұстап шықты. Түн болса ағайын-туғандар жиылып күзетiп отырды. Содан бiр күнi қатты даусымның қалай шығып кеткенiн бiлмеймiн, талып түссем керек. Заржақ қатынның даусын бiлетiн шығарсың, қарағым. Арғы-бергiнi айтып, аза шақырып отырып, ес жиғанымды бiлемiн. Ал содан өлiк шыққан үй қандай, көрiскен ел ат-көпiр болып, кiмнiң келiп, кiмнiң қойғанын бiлмеймiн. Сол Əуелбектi жөнелткен уақыттың iшiнде Əйкендi бiр ойласамшы. Өкiрген елден шошып екi-үш күн сызды жерге жатып қалса керек. Үй iшi ел аяғынан арылғаннан кейiн қызымның қатты жүдеп қалғанын көрдiм. Шашы маңдайына түсiп, жасқа толы көздерi жыламсырап қарайды. Сезiктi басым аяғынан секем алып қалдым. Көтеруге қиынсынып тұр екен.
Төсек салып жатқызсам, қатты қиналғандықтан ба, басының қызуы көтерiлiп барады. Бiрақ сонда да оны жақсы күте алғам жоқ. Əлi келiп болмаған шет жақтағы жұрт-жұрағат тұс-тұстан ат қойып бiр басылмады. Содан аза бойы қаза болды ма, қызым күннен-күнге нашарлап барады. Үйден өлiк шыққанға шошығаны ғой дейiн десем, аяғым деп ыңырси бередi. Ақыры болмаған соң, көршi-қолаңды жиып алдым да, келген елдi жылатпадым.
Мен болсам бас жарған тiл-көзге, көңiлi көл-көсiр боп өткен əке тағдырына, тəнi ақаулы тоты қызға, ақырында жаны қаяулы шеше əңгiмесiне де сыншылдықпен қарағым келген сияқты. Қайғыдан қарайған шешенiң етсiз жүзiне қарап отырып, өзiмнiң сонда не ойлағанымды қазiр есiме түсiре алмаймын.
Далбасалықпен қызыма бiр себеп бола ма деп өзiнiң тəуiптен тəуiп қоймағанын жаны күйзелiп отырып айтты. Осы отырған көршi-қолаңдардан да емшiлердiң сан бесаспабы шығыпты. Жемтiк iлген құстай, тұмсығы иiлiп, тамыры күдiрейген арық, етсiз қолдардың талайы тiзесiнен сипағанмен ешқайсысының шарапаты тимейдi. Қайта аяғын құрт жей бастағандай, түн баласы шырқырап шығатын болады. Есi шыққан шеше өзi қосыла бебеу
қағып, ермеген сөзi, iстетпеген емi қалмайды. Ақыры ауылдық фельдшерге апарысады. Қазақы жердiң топырағын жақсы бiлетiн ол бас шайқап сөйлесе керек.
– Ақыры құдайдан сұрағаным адамнан келiп сол пелшiрдiң қолы жеңiлдiк еттi, қарағым. Сонда да сап басып жүрiп кеткен ештемесi жоқ. Əйтеуiр алғашқыда ұйқысы тынышталып, бара- бара балдаққа сүйенiп, үйге кiрiп шығатын болды. Ал əлгi пелшiр Алматыға апарып үлкен лөктiрге əперəтсия жасату керек дейдi. Əкем-ау, оған кiм апарады? Өзiм болсам тiлiн де, жолын да бiлмеймiн оның. Үйде баққаннан басқа менде не бар? Сонымен отырмын, қарағым.
Iшiндегi күйiк бiрден-бiрге өршiп бара жатқандай, қыз шешесi көзiндегi жасын сығып алды. «Жалғыздығым ғой, қарағым» деп тамағына тас тығылғандай дiр-дiр етiп, үнi шықпай қалды. Дауыс салып жiбере ме деп, тұла бойым мұздап кетiп едi, бiрақ қабағын сəл көтердi де, жүзi ашыла түстi. Əйкенге бұрыла қарап, өңiнiң күлдей оңыңқы екенiн ендi ғана байқадым.
Əйкендi Алматыға мен апарсам қайтедi деген бiр ой сап ете қап едi менде... Бұл сыңайыма шешесi көп қарсы болған жоқ. Алғашында қолың кесiп бiреуге қимаған адамша бiраз сипақтады да, «болсын» деген шарасыз кесiмге келдi.
Қандай iске тəуекелдiк еткенiмдi толғап шешпедiм де. Жаздық демалысым аяқталудан бiр жұма бұрын Əйкендi қасыма алып, осы үйден жүрiп кетпекшi болып келiстiм. Қыз шешесi бүгiн де қонып кетуiмдi қиыла сұрады. Көңілi жарым адам ренжiп қалар деп оған да ықылас бiлдiрдiм.
Сол күнi көбiнесе, бүкiл кеш бойы менiң əңгiмем Əйкенмен болды. Бiркелкi боп қиылған кiрпiктерiнiң астындағы жанары бiр қалыптан аумай, жанып тұра беретiн түн жауынындағы жарық шам сияқты.
Мен аздап əн салдырып көргiм келген едi. Тiл-көз десе шаншу тигендей болатын шешесi оның таңдайына да қатты тыйым салса керек. Бiрақ бұл жолы менiң алдымда оған кеңшiлiк еткенiне Əйкеннiң өзi де қатты қуанды.
Алғашқыда ол бəсең дауыспен айтты. Екi-үш əннiң басын шалғанда-ақ мен оның қақпағы ашылмай тұрғанын сездiм.
Төселмеген жас тосаң дауыс əн өнерiнiң тайғақ өрiсiнде қалт кете бередi де, ашық шырқап көтерiле алмайды. Тек əлдекiм өзiн көктен шақырып тұрғандай жердегi қыбырлаған тiршiлiкке көнгiсi жоқ, қанатына оқ тиiп, тыпырлаған балапан құс сияқты. Бiр əндi бастап, демiккендей көздерi айшықтанып қайта жалғастырды.
«Жоқ, жоқ, сiз менi сөкпеңiз, мен жаралы киiк, қанатын оқ қиған балапанмын» дегендей, əннiң əрбiр қалтарысында көздерi жарқ-жұрқ етедi.
Түнде төсек салып жатқызып, шам сөндiргеннен кейiн, əлден уақытта шешесiнiң:
– Əйкен, сен неге көзiңдi ашып жатырсың, ұйықтамайсың ба?– деген дауысын естiдiм.
Əйкен екеумiздiң таныстығымыз осылай басталды. Ақыры уəделескен күн жетiп, Алматыға өзiммен бiрге ала шыққанымда, жол бойы ол маған қатты бауыр басып қалған. Бұрын ешқайда шығып көрмеген жас қыздың көз алдында дүние сағым құшағын ұқсатып-ақ аша бердi. Даланың ақ селеу басқан бұйрат-бұйрат төбелерi жол үстiнде тау-тау боп үйiлiп жатады да, тез жалтарып кетiп, алыста қала бередi.
Бiрде астық даласы басталады.
Əйкен поезд вагонының iшiндегi тар купеде маған жабыса отырып, түрлi сұрақтар бередi. Ол бұрын жер бетiнде мұндай кеңшiлiк барын, адамды биiкке, əнге шақыратын тылсым жаратылыстың сағымша ойнаған сиқыр күшi барын ойламаса керек. Дүниедегi тiрлiктiң, бақыт пен қуаныштың сарқылмас көзi, күйiнiштiң шипасы, сұңқар өлiмiнiң кезбе рухына орын осынау кеңшiлiкте, осынау ұлы дарқандықта екенiн ол бала көзбен ұғып отырған сияқты.
Əйкен тiптi бұрын танымайтын адамның белгiсiз бiр жаққа алып бара жатқандығына қауiптенбейтiн сияқты. Қайта өзiндегi бар жақсыны, аласыз көңілi мен айтылмаған əндей ықыласын маған, осы сапарға арнағандай.
Алматыдағы орталық госпитальдiң биiк қабырғасы бiздi суық қарсы алды. Мiз бақпай биiктеп алысқа қарасында iшiңе ұрлана кiретiн қорқыныш бардай.
Баспалдақ айналасында өмiрi күнмен жайқалып көрмеген, түсi солғын гүлдер өскен. Екi-үш қабат биiктегi ашық терезелерден аурулардың ыңыранған үнi келетiн сияқты. Əйкен жүрексiнбедi ме екен деп, жүзiне қарасам, қос балдағымен тас сатыларды тақ-тұқ басып, əлi жүзiндегi өше қоймаған жол қуанышының өлеусiреген нұрымен өзiме талпына қарайды.
Бiз алғашқы күнi-ақ осы госпиталь үйiнде орналасқан экспериментальдық хирургия институтының ортопедия бөлiмiндегi үлкен дəрiгердiң алдынан шықтық. Алтындай сары мұртты толық адам бiздiң келiсiмiзге онша таңданған жоқ. Сырт
пiшiнi қазақтан гөрi орысқа жақын, сары жолақ қасы көзiн жауып, мұртынан кем төгiлiп тұрған жоқ.
Ол Əйкеннiң аянышты тағдырын күнде көрiп жүрген үйрен- шiктi нəрсесiндей жеңiл сырғыта салғысы келген адам сияқты. Менiң үстi-үстiне мəнерлеп айтқан түсiнiктерiмдi ұқпайтындай, тiптi Əйкеннiң аяғын сипағансып, сырт айнала бередi. Қатал мiнездi адам ба деп, өкiнiшке ұқсас бiрдеме тамағыма кеп қалды. Ақыры ол Əйкендi басқа бөлмеге шақырды. Мен тұруына көмектестiм де, ол тақ-тұқ басып жүре бастады. Бетiмнен қаққандай ақ халатты дəрiгер есiктi тарс жауып алып, мен ауызғы бөлмеде жалғыз қалдым. Үлкен мансаппен денесi ауырлағандай ол көп зарықтыратын емес екен. Артынша-ақ қайта шықты.
– Қыз осында қалатын болады! Аяғын паралич соққан!– дедi. Түрлi емдiк шаралардан кейiн, күрделi хирургиялық операция жасалатындығын өз кабинетiнде айналып жүрiп айтты. Қалың мұрты тiсiн жауып сөйлейдi екен. Мен өзiмнiң студент екенiмдi, осында оқитынымды айтып, күнде келiп тұрудың жөнi қалай болатындығын бiлгiм келген едi, бiрақ оның түсiнiксiз райы бетiмнен қаққандай əсер еткендiктен тоқтап қалғамын.
Əйкен сол күнi-ақ ақ арулы палаталардың бiрiне орналастырылды. Əлденеден үлкен дəрiгердiң бет бейнесi алғашқы күндерi менiң көкейiмде суық күйiнде қалды. Мен госпитальдан ұзап шыққанымда ғасырлар қашауынан шыққандай биiк тас қабырға өмiрге, тiршiлiкке iсi түспей, адамға гүлдей нəзiк көңiл бере бiлген тылсым жаратылыстың бұл да бiр бойсынбаған суық бейнесiндей қарайды. Əйкендi осында қалдырғанымда, оның маған ұшқынды көзi жалтырап, «сiз дəрменсiз екенсiз, сiз дəрменсiз екенсiз» дегенiн ұққандай, естiгендей боламын.
Күнi бойы сондай сарсаң мазасыздықтан арылмай, өзiмнiң ескi пəтерiме кешiнде бiр-ақ оралдым. (Əйкендi қонақүйге түнетiп шығарғанмын). Алдымен асықпай отырып, Əйкеннiң апасына хат жаздым. Мекен-жайын толық көрсетiп, бiр-екi рет атын ескерткенiммен қоймай, үлкен дəрiгердiң мақтауын асырдым. Бас- аяғын тап-тұйнақтай етiп, өз жанымнан да жылылық қостым.
Ертеңгiсiн қалт оянғанымда таңғы жарық бөлменi сықап тұр екен. Кешегiнiң бəрi есiме бiрден оралды. Киiне сала солай қарай жүгiрдiм. Жолдағы дүкендерден қағазға ораулы шоколад конфеттердiң екi-үш түрлiсiн сатып алуды да ұмытпадым.
Мен Əйкен жатқан бөлмеге бiрден бас сұғып кiре алғам жоқ. Сарғыш шашы маңдайына түсiп тұрған ақ халатты орыс қызы
бiрден қойып кете жаздаған «тəртiпсiздiгiме» езуiнде күлкi ойнап, кекiл астынан бiраз ежiрейе қарап тұрды да: «Сiзге не болған?»– дедi. Мен оның мысқылды қарасынан ажуа көргендей болып, өзiме ештеменiң болмағанын айттым. Бiрақ iшiмнен қысылғанымды анық аңғарттым бiлем, қыз да менiмен қоса ұялғандай болып, бөлме есiгiнен жоқ болды. Аздан кейiн қайта шығып, маған ақ халат бердi.
Əйкен менi көргенде шалқасынан жатқан күйi жастықтан басын жұлып алып көздерi шағаладай ойнап жалт-жұлт еттi. Ол төргi терезеден оң жаққа жатқызылған екен. Бөлмеде небары төрт-ақ төсек бар. Оның бiреуi бос та, қалған екеуiнде ақ жайманы иегiне дейiн тартып, маңдайында қара меңi бар, тана көздi жас сұлу əйел мен қабырғаға қарай аунап түсiп, бурыл шашты бiр кəртамыс кемпiр жатыр. Кемпiрдiң ақ пiстедей құлағының астынан суалған жағы көрiнiп тұр. Əйкен ол екеуiмен əлi тiл қатыспаған сияқты. Менiң жай бұрылған назарыма iлесiп, қазiр де оларға iлкi бiр секемдiлiкпен қарап қойғанын байқадым.
Сонда да ол жаңа ортаның тынысын тыңдауға құныға кiрiскен екен. Əлi айналасына қарап та болмаған сияқты. Палата бөлмесi төбесi биiк, ақ арулап тастаған аядай ғана. Люстра шамының аспалы шарлары қозғалмай тұр. Мүмкiн, Əйкен түнiмен ұйқтамай соның жанғанына қарап шыққан болар.
Мен барып қасына отырдым. Ол менi бiр-ақ түнде сағынып қалған сияқты.
Үстiне ақ жолақ халат киген, ашық омырауынан ақ көкiрекшесi көрiнiп тұр. Одан жоғарырақ қылдырықтай мойны, иегi, сəби күлкiсi бар жiңiшке езуi, ойылған қос шұқыр бəрi де жас балаға бiтер нəзiк, гүл көрiктi танытады.
Өзiмен көп сөйлесе алғам жоқ. Көзi танадай сұлу əйел мен бурыл шашты кемпiр қабағын шытар деп ойладым. Сонда да болса Əйкенге бiр жақсы сөздер айтқым келiп, өзiмнiң босауыз келгенiме қатты өкiндiм. Тек қайта-қайта халiн сұрай беремiн. Менiң алдымда ғана кешегi үлкен дəрiгердiң келiп кеткенiн, өзiне көп кiдiрмегенiн айтты да, «өзi бiр асықпайтын адам ғой деймiн» дедi.
Оның үлкен дəрiгердi «асықпайтын адам ғой» деп жазғыруы, менiң алдымда сол үлкен дəрiгердi ақтап алмақ пейiлi сияқты.
Көзiнде дала құсындай асық бiр сезiм оянғанға ұқсайды. Бiрақ өзiнiң тордағы тотыдай тағдырын көрмеске лажы болмай, ауылдан шыққаннан бергi жол бойы көрiп келген кеңшiлiкке
деген жалын құштарлық алғашқы күнi-ақ жүзiн шалып қап, сол жүзiндегi əдемi биязылық жүрегiңдi кесiп түскендей болады.
– Аға, ертең де келесiз бе?
– Күнде келiп тұрамын саған,– деймiн де, өзiм ықыласпен орындайтын бiр тiлектiң болғанына қатты қуанамын. Содан кейiн ол басын жастыққа жабыстырып ұзақ жатады да, ертегi айтшы деп аузыңа қарайтын зерек балаға ұқсайды. Бiздiң жолымызға бар бақытты төсеп қалған анасын аузына алатын емес.
Мен келген сайын осы көрiнiстер аз ғана өзгерiспен қайталана бердi. Əйкендегi маған деген ықылас күннен күнге құбылып, жаңара түседi. Мен оған үнемi əртүрлi сыйлықтар ала барамын. Тiптi Алматының дүкендерiнде шоколадты конфеттердiң мен сатып алмаған түрi қалған жоқ. Аурухана қабырғасында Əйкендi оқуға қоспайтындықтан, түрлi суреттi кiтапша, тiптi атақты əншiлердiң де портреттерiнен бiрнешеуiн апарғаным бар.
Əсiресе, оған соңғы сыйлықтарым қатты ұнайтын. Ол қандай да үлкен əншiнiң бет-бедерiн алдына ұстап, көпке дейiн көз айырмайды да, кiрпiгi сөнiп-жанған ыстық жалынның тiлiне ұқсайды. Нəркес жанары өзiме жарқ ете қалғанда, көкiрегiме ұшқын үзiлiп түскендей болады.
– Мына əншiнiң түрiне қараңызшы. Өзi соншама сұлу түскен. Көзi күлiп тұр. Жаңа ғана əн салып шыққанында түсiрiп алған ғой деймiн,– дегендi өзi де көзiмен күлiп айтады.
Кiм бiлсiн, мен де Əйкен сияқты тəттi арманға көп берiлетiн шығармын. Əйтеуiр оған келiп-кетiп жүрген осы күндерiмнiң iшiнде мiнезiме көп өзгерiс кiрдi. Əрдайым бос уақыттарымда ол үшiн жақсы сөздер жаттаумен боламын да, кеш болса бос алаңқайларда, адам аяғы аз аллеяларда жүрiп алатынды шығардым. Əр нəрсенi аңғарғыш та болған сияқтымын. Астананың шулы өмiрi, гүжiлдеген машина, адамдардың ақ жарқын жүздерi – əйтеуiр осы абыр-сабыр дүние толқынындай ығыстырып, менi бiр бақыттан қақпайлай бергендей болады да, əрi өзiм де үнемi аулаққа шыққанды ұнатамын. Қаланың шетiнде жағасынан балдыр исi аңқыған əдемi көл бар. Көбiнесе соның жағасына келiп күндi батырамын. Мен мұнда өзiмнiң болашағымды, Əйкендi ойлаймын.
Осы госпитальда өзiмше ұғыспай жүрген тағы бiр адам бар. Ол – үлкен дəрiгер. Өзiн алғашқы күндегiден кейiн бiр-ақ рет көрдiм. Онда да жанымнан қиыс өтiп кеттi де, ұзын коридорға ауыр салмағын түсiрiп бара жатты. Бiлектерi жуан, басында үлкен ойлардың торабы тоғысқан адамның кескiнi бар. Ол көзiнен
сiрiңкенiң талындай ұшқын ойылып түскен Əйкеннiң ақ шағала тағдырын уысына қысып бара жатқандай, коридордың ұзына бойындағы қараңғылықта дыбысы үзiлiп өшкенше артынан сiлейiп тұрдым.
Бiрде госпитальдың iшiне жан жiбермей, уақытша қатаң тəртiп орнады да, шыны есiктiң аржағынан ақ халатты швейцар əйелдер сұрағыңа бəлсiнген көзбен қарап, өздерiне бiткен «мансаптың ауырлығын» өзара əңгiме етумен болды. Үш күндей бос лағып жүрдiм де, төртiншi күн дегенде ғана госпитальдың қабырғасы сөгiлгендей есiк сықыр етiп, жол ашылды.
Əйкенге кiре алмаған осы үш күн маған аса ауыр тидi.
Бiрде ол «сен есейген жансың, бiрақ ауыз тұшытарлық ештемең жоқ. Сенi жас сұлусыз, жаныңның көркi ашылмаған күйде көргiм келмейдi, сүйегiң сорайған, студенттiк өмiр бойыңа шақ емес»,– деп кiнə таққандай.
Бiрде аяғының жарасы қинап кеткендегi жасты көзiн көремiн. Ендi ол у қорғасын iшкен жас тоты, жатқан ортасы, ақ жаймасы, бурыл шашты жəне тана көздi екi аруақ жан – бəрi де көзiме елестейдi. Əсiресе сол екi ауру маған əркез жаман əсер қалдырушы едi. Тана көздi əйел ақ жаймасын иегiне дейiн тартып сiрескен күйi, ерте заманғы бiр қираған сұлу мүсiннiң қалдығына ұқсайтын. Ал кемпiр болса бiресе ары аунап, бiресе берi аунап жататын. Көкiрегiнде кейде ұзақ сарылға басатын демiккен үн бар. Iшiнен күбiрлеп жатқандай, ернi жыбырлай бередi. Бұл да бiр қарапайым тiршiлiктiң адамы емес, көктегi құдайдың əмiрiмен тақыр жазыққа қуылып, апанға байланумен келген көр мехнатты ғазалы жан сияқты. Бiр кезде шешесi айтқан əңгiмесi есiме түсiп, Əйкеннiң де сондай көр мехнаттан үлесi бардай, кейде басымда ақты-қаралы ойлар арпалысады. Мiне, осындай шақтарда қатты ұнататын балдырлы көлге барып күн өткiзетiнмiн.
Ақыры госпитальдың есiгi ашылып үйреншiктi ағаш баспалдақпен жоғары көтерiле бастағанымда, сол ойлардың бəрiн бұрын басымда болмағандай сыпырып тастағым келдi.
Əйкен жататын палатаға екi-үш бұрылыстан кейiн жеттiм. Қайдан шыққанын бiлмеймiн, сары кекiлдi орыс қызы пайда бола кеттi де, менi бiрден танып қасыма жақын келдi. Ойнақы мiнезiн тежей ұстап, тұла бойынан орнықты қарапайымдылық көрсеткенiне iштей риза болдым. Менiң қабақ қана қаққан көзтаныс сəлемiмдi байқамағандай құлағыма шың еткен дауыспен:
– Сiз келiп жүрген қызға операция жасалды,– дедi. Мен əлдеқалай алаңғасарлық еттiм бiлем, ашық дауыспен, бiркелкi етiп сөзiн қайталады.
– Сəттi аяқталды. Тiптi Сыдық Иманберлиновичтiң өзi де қатты сүйсiндi. Операцияны сол кiсi жасаған,– дедi. Сыдық Иманберлинович деп тұрғаны үлкен дəрiгер. Менiң алғаш қатты таңырқағаным сол кiсiнiң қалай сүйсiнгенi болды. Мұртынан мырс етiп, атып жiберген мысқылы сияқты елестеттiм.
Палатаның ауызғы жарық бөлмесiне ендiм де, арғы есiктi аштым. Бурыл шашты кемпiр төсегiнде түрегелiп отыр екен. Жүзi айғыз-айғыз, жанарында от бар. Əлдеқалай ауру адамның көзiне көрiнiп, қонып отыратын баяғының шашы дудыраған желаяқ кемпiрiне ұқсайды.
Тана көздi жас əйел де иегiн қозғап қойып жатыр.
Төрдегi Əйкеннiң денесi төсекке төмен түсiп кеткен, ал аяғын қаптап қойған сияқты. Көз шарасы мен көкке көтерген иегiнде жансыздық бар. Қасына екi аттап бардым да, қазықтай тұрып қалдым. Оның жақ сүйегi, суалған жүзi менi бетке қаққандай əсер еттi. Көздерi үлкейiп кеткен. Күштi жарықпен жарқ етiп сөнетiн электр шамының ақырғы қуатындай. Жанары менi көргенде бiрден-бiрге төңкерiле түстi де, самал ескен түнгi көл бетiнде ай сəулесi ойнап кеткендей əсер еттi. Бiрте-бiрте демiн iшке тарта бастады да, өз-өзiнен жетiмсiрегендей, бiр кезде тiзесiне отырғызып əн салдыратын əкесiнiң жоқтығын сезгендегi жүдеу ой жүзiне ойнап шыққанға ұқсайды. Сол ақжүрек аяулы əкенiң керегi ендi бiлiнгендей. Соны түйсiнгенiмде жүрегiмде қадақтай бiр сезiм пайда болды. Менi, əсiресе, қатты қобалжытқан етiнiң сылынып түскенi едi. Өңiндегi бұрынғы ойылған шұқыр мен əнқұмар сүйкiмдiлiк бу боп ұшып кеткендей, көз сүйегiнiң пышақтай қыры ғана қалған. Самайына қарай мөп-мөлдiр екi тамшы бiрiн-бiрi қуалап өтiп, жастыққа сiңiп жоқ болды.
Бурыл шашты кемпiр гүжiлдеген зор дауыспен:
– Мына бала кiмiң болады, қарағым?– дедi. Артыма бұрылып қарағанымда, ол алды түгел жасқа жуылып отыр екен. Бiрақ жылап отырған адамға ұқсамайды, бойынан қайраттылық байқалады. Көкiрегi қор-қор еттi де, ықылық атып басылды.
– Құдайдың көк соққысы ғой бұ да. Желкеңнен түйiп жер құштырып қан тамырыңды қоса солқылдататын. Мына бала түнiмен жылап шықты. Аузына шайтан салған сөздi айтып, қылғырсиды, жазған. Аға, аға, дейдi. Əн салайын ба дейдi. Əп-
əдемi-ақ бала екен өзi. Тырнағын жазбай келiп жабысқан қара түйiн дерт қой, зар илетiп шыққан.– Осыны айтты да, қолын алдына салып, денесiмен жартастағы бүркiтше сiлкiндi. Көзiнiң алдына iрiң жиналып, ертеңгiлiк шық жылтыраған ақ тақырдай түсi бозарып кеттi. Мен Əйкенге қарағым келгенiмен, оған да жалтақтай беремiн. Əйкен бесiктегi баладай қозғалар емес. Ұшқынды жанарында аяулы жұмсақтық та, өзiнен биiктегiнiң бəрiн жұлып түсетiндей күштi қаһар да бар.
Мен «Əйкен» деп жүзiне жақындай түскенiмде, жанары қоюлай тағы да екi-үш тамшыны ытқытып жiбердi. Бiрақ одан реңi бұзыла қойған жоқ, ернi де жыбырламады. Əлден уақытта ғана:
– Аға,– деп болымсыз дыбыс шығарды. Мен де:
– Əйкен!– деп, оны демей түскендей болдым.– Əйкен, ендi бəрi бiттi. Сен тез жазылатын болдың. Ертең-ақ өз аяғыңмен жүрiп, керемет сұлу қыз болып шыға келесiң. Сонда бар даусыңмен сахнада тұрып əн салатын боласың.
Кемпiрдiң көкiрегi қор ете қалды да, менiң сөзiмдi бөлiп əкеттi. Əйкеннiң жүзiнен бiр тамшы қан жүгiрiп өтiп, дəл мұрнының үстiнде тоқтап қалған. Кемпiр бiрден басыла алмады. Көкiрегi тасырлап барып, тамағынан лоқсық қайтқанда ғана еңсесiн жазып алды.
– Азулы құдай жер жаратқан соң қалай қасармасын. Он екi баланың анасы болған заржақ сұңғыла мен едiм, бесеуiн жау алды, жетеуiн жер алды. Ең кенжесi ұршықтай иiрiлген қыз болатын. Төсек салып жатқыза қалсам, тап алдыңдағы баладан аумай көзi жылтырап жатушы едi. Азулы құдайдың iшiн жылан жалады ма, ақырында ең соңғысының қазасынан кейiн ол да аяқ серiппей кеттi.
Оның сөздерi аса суық едi. Iшiн жылан жалаған, жер жаратқан азулы құдай да, адаммен ойнайтын да мұның өзi сияқты көрiндi маған. Ендi ол терiс бұрылып, күрк-күрк етiп, төсегiне бүк түсiп жата бастады.
Əйкен екеумiздiң үлесiмiзге тиген ендiгi минуттарды бiр- бiрiмiзге үнсiз қараумен өткiздiк. Əйкен бойындағы барлық жас ынта-жiгер құлаққа ұрған танадай үнсiздiкпен ғана ояна бастағандай. Қимылсыз өңiнде қарғыбаулылық бар. Менiң ұзақ отырғанымды қалайды да, тұра кетсем қолымнан ұстай алып, шырқырап жiберетiн сияқты.
Бiрақ мұндай қимылсыз шақтар есте қаларлықтай көпке созылған жоқ. Жүзiне қызыл қан түйiршiктерiнiң реңi жайылып. Əйкен екi-үш күннен кейiн-ақ оңала бастады. Оның пышақ қырындай көз сүйегi, қара қастары iштен жымдасқандай өңiнде жарастық туып келе жатты. Бурыл шашты кемпiр болса қайтып еңсесiн көтерген жоқ. Анда-санда бұрқ-сарқ етiп көкiрегi ғана күркiреп басылатын.
Əйкенге операция жасалғаннан кейiнгi осы үш-төрт күннiң iшiнде мен көбiнесе өз сабағыммен болып, бағдарсыз ойларға берiлгем жоқ. Əйкеннiң сөз айтарлық шамасы бар болғанымен, үзбей келiп-кетiп жүрген маған қақпағы ашыла қоймады. Қайта қарасы күннен-күнге тереңдей өзiм күнде көретiн кешкiлiк көл бетiндегi бауырын төмен түсiрген бейуақ, тылсым жаратылыс көлеңкесiндей баяу леппен орап, түндiк ашқысы келгендей əсер етедi.
Бiрде одан он бес жасар қызға ұқсамайтын басқа бiр назарды көремiн. Менiң қара басымда оның көзiне бұрын iлiкпеген бiрдеме бардай. Күннен-күнге отша жана бастаған жанары қаршығадай қарайды.
Ендi бiрде оның қарасында жеңiлейгендiк, ара-тұра əуесқойлық болады. Сонау бiр ауылда үй алдындағы арық суымен ойнап, арт жағында қос балдақ айқасып жатқан Əйкендi алғашқы көргенiмдегi оның ұялшақ жүзiн, ғайыптан шыққандай алмас даусын, шешесiнiң атып жiберген қатулы қабағын есiме түсiремiн...
Əйкен осылайша бiр ай жатты да, дəл шығатын қарсаңында ауылдан шешесi жеттi.
«Жол тауып жүре алмаймын» деген шешенiң мұнда келгенiне мен таңданғам жоқ. Сұрай-сұрай Меке барған деген ғой. Көз нұрындай жалғыз қуанышын қолға берiп қарап отыра алмасы хақ. Қызының балдақсыз өз аяғымен тiк басып жүре алғанын көрiп, алғашқыда талып қала жаздады. Аузынан сөзi түсiп қалғандай, көкiрегi дiр-дiр етiп, көзiнен жасын бұршақтата бердi.
– Қарағым-ай, сенi бiзге құдай жiбердi ме? Сен болмасаң бұл қияңға кiм бастап əкелер едi? Тiлегенiң жолыңда, не сый дəметсең де өзiң бiл, қарағым. Аулыңа барғаныңда бiздiң үйге де кел, келiп тұр.
Алматыны екi-үш күн аралатып, ауылға аттандырып жiбергенiмше ғазиз шешенiң маған айтпаған алғысы, шығармаған мəртебесi қалған жоқ.
Нəркес жанары күлiм қағып, Əйкенде де айтылмаған сұлу сезiм, бiр түйсiк кете барды.
Оның шешесiне ешқандай сый дəметпейтiндiгiмдi, мұнда үлкен дəрiгердiң барын, өзiмнiң Əйкенге қылған жақсылығым қарлығаштың қанатымен су сепкендей екенiн қанша ұқтырғым келгенмен санасына жеткiзе алмадым...
Содан берi екi жыл өткен. Мен университет қабырғасындағы соңғы айларымды өткiзiп, мемлекеттiк емтихан қыспағы қарсаңында жүргенмiн. Əйкен болса жақында ғана осы Алматыда опера жəне балет театры жанындағы вокальды жəне хор училищесiне келiп түскен. Бiрде ол маған филармонияда жас орындаушылардың концертi болатынын, оған өзiнiң де қатынасатынын айтып, «Сiз де келiңiз»,– дедi.
Аяғы жазылғаннан кейiн онда тез есейгендiк байқалған. Бiрде ауылға тағы бара қалғанымда, көршi колхоздағы Əйкеннiң де үйiне соққаным бар. Сонда ол бұрынғыдан ұяң, бiрақ от тiлеп тұрған көздерi соншама сұлу көрiнген. Маған ыстық ықыласпен ұзақ тесiле қарайды да, бұрынғыдай алаңсыз бала көңiлмен жанаса алмайды.
Шешесiнiң қозғаласында, сырт болмысында еш өзгерiс жоқ. Тек қана əйелдiк бар қимыл ұсақтығымен менiң алдымда аянбай, қалтқысыз қызмет еткiсi келдi.
– Əйкен-ау, ағаңның жанына отырсаңшы,– деп, ауық-ауық қызына шаншылады.
Əйкен тартыншақтай жүзi бал-бұл жанып, бойын ауыр сыр толқыны жеңген адамша, жүрегiн қалтыратқан бiр сезiмiн жасыра алмайды. Аяғын ептеп басып, қаншама қарапайым болам десе де, бойындағы шарасынан асқан сұлулық оған көл-көсiр сурет бейнесiн берiп, жарқ-жұрқ еткiзетiндей.
Ол менiң қасыма келмейдi. Сонау бiр кездегi госпитальда жатқандағысындай нəзiк үнсiздiкпен ғана табысқысы келе ме? Екеуiмiздiң жас шамамызда көп айырмашылық болғанмен, өзiмiзбен ғана бiрге туып жасасқан жақындық, бауырмалдық бар, соны қастерлей ме Əйкен? Əйтеуiр менiң ұғуыма қиын тиген бiр сыр бар едi онда.
Ол Алматыдан кеткеннен кейiн, госпитальдың биiк тас қабырғасына əлдебiр тамаша құстың жылы ұясындай екi-үш рет көз сүзiп өттiм де, қайтып маңына жуыған емеспiн. Ондағы сары кекiлдi орыс қызын да, ол да бiр күн көзi тимеген солғын гүлдей ойымнан қақпайлап, ұмытқым келетiн. Байқасам, Əйкеннен маған бiр-ақ ескерткiш қалыпты. Ол қала шетiндегi балдырлы көл едi.
Жағасына сыңсып өскен ағаш үстiне төгiлiп, сол көлдiң көкпеңбек аясынан да аспан, жасыл желек көрiнетiн. Маған Əйкен берген əлдебiр ғажайып сезiмталдық осында оянып, сол аспан суреттi тұңғиық жүрегiме от берiп, адамға тəн ең бiр сұлу сезiмге баулитын едi.
Батқан күн дүниенi соңғы жалынымен шарпып, ұлы рухты тыныштық көл үстiне қоса төңкерiлгенде, оның қызғылт шырайы сол бiр сұлу сезiм, асыл сырды алтынша жарқыратады. Жасыл желектi жапанда саңқ ететiн құс үнiнде де əсемдiк бар. Бiрте- бiрте қараңғылық торғындай оралып көл бетiне шөге бередi де, батыс жиекте оттан суырған темiрдей күннiң сары жалқын сəулесi ғана қалады. Ауада балдыр исi күшейiп, көл рухы көтерiле бастайды. Жапырағына түн оралған ағаштар бiрте-бiрте мақпал қараңғылыққа араласады. Осы кезде осынау түн дүниесi айтылмаған əндей шарасыз ұлылықпен бас көтерiп, аспандағы жұлдызға кол созғандай, өмiрдегi ең бiр аяулыны жоқсынған қарттық наламен белi қайысады да, «Əйкен» деп үн қатқандай болады...
Мен филармонияның үлкен залына сахна ашылардан аз- ақ бұрын келiп, алдыңғы орындардың бiрiне жылыстап өттiм. Алғашқыда ырғақты музыка басталды да, таң көтергендей бiрте- бiрте еңбек күйiне айналды. Көрушiлердiң ақ сары маңдайлары бiр-бiрiне тиiстiрiлiп қойылған табан тастай қаланып, сонау зал түкпiрiне дейiн самсап бiткен.
Ара-тұра соғылған алақан бұршақша төгiп өтедi. Өзiм болсам Əйкен қашан шығар екен, ол қысылмас па екен деп ұстараның жүзiнде отырғандай қыпылдаудамын. Жарқырап жүздерi ашыла бастаған жұрт менiң сол ойымнан қақас, ешнəрсенi елең қылар емес. Сахнаға бiрде аққу қыздар шығады. Ақ көйлектер сусылдаған қанаттай тiзбектелiп, адам жүрегiн əсемдiкке, баладай сезiмталдыққа шақырады. Көзге ұстатпайтын нəзiк қимылмен жердегi тiршiлiктi гүлдей жайнатып, дел-сал көкiрекке нұр құяды. Көл бетiнде сайраңдап, бiрде оның қайраңына соқтыққандай iркес-тiркес болады да, оқтай түзу қатарын түзеп, қайта зулап өте шығады.
Сахнада əн де шырқалды, үлде мен бүлдеге оранған бишiлер де лек-легiмен өтiп жатты. Бəрiнде де ашық сұлулық, айқын дене қимылы басым. Люстра шамынан жарқылдап көрiнетiн ақ балтырлар ойнап, қыздар көкiрегiне ауада қалықтағандай қалт дiрiл бiтiредi де, аспан биiгiне ұласқан созалаң, нəзiк тербелiстi
қимылмен жалғасады. Араларынан суырылып шыққан жас арудын дөңгеленген жүзi, қайырылған қолдары сұңқар өрлiгiн танытып, аш көкiрегiне ауырлық түседi де, сол ауырлықтан бүкiл залды кернеген тыныштық белi сықырлап бара жатқанға ұқсайды. Осынау көрiнiске күш түсiрiп, басқарып отырған қайратты музыка да бiрте-бiрте құрдымға айналып, кенет сұңқар төстi аруды белiнен қапсыра құшақтай лақтырып тастайды да, дəуiрлеп ала жөнеледi. Кең залға қуаныш секундтық жылдамдықпен жалын сеуiп өтiп, көрушi жұрттың қалың шоқ жүздерi қайта жарқырап ашылады. Ендi сахнада шырқ айналған қыздар тобының иiрiмi кеттi. Ақ желпуiштер тұтас матадай оралып, жүздерiн жауып кеттi де, толысқан көкiректер тiзбегi мен ұшқыр жылдамдықпен айналған ақ балтырлар ғана қалды. Бəрi де люстра шамының жарығына шағылысып суырылып өтiп жатқан асыл суретке ұқсайды.
Құс қанатты қыздардың жас тұлғалары көзге оттай басылып, сол толысқан көкiрек, ақ балтырлар жарқылынан əркiмде өзiнше бiр түйсiк қалып жатқан сияқты.
Бiр кезде кəрi құлақ домбыра күйi үн көтерiп, қазақтың ғасырлық тарихынан сөз бастап, құлаққа таныс үнмен күмбiрледi. Жаз жайлауы, салқын самал, сахара даласынан сəлем əкелгендей. Бiрақ соның бəрiнiң үстiнде ақты-қызылды елес өргенге ұқсап, көз алдымда бiр көрiнiс аумай тұр. Əлi де сол аққу қыздардың толысқан көкiректерi, ақ балтырлары ойнап, үлбiрек сезiмдерге жол беретiн сияқты.
Мендегi шытырман елестi серпiлткен концерт жүргiзушi əйелдiң саңқ еткен даусы болды. Əйкеннiң аты аталған едi. Алғашқыда ол қысылмас па екен деп ұстараның жүзiнде отырған басым тап қазiр өзiмдi соншама бақытты сезiндiм. Баладай жеңiлтектiгiм ұстап, арт жағыма жалтақ-жалтақ қараймын да, өз бақытымды паш еткендей боламын.
Қанатын алтынға малғандай нұрға балқып шықты Əйкен. Айдын көлдiң бетiнен кəусер iлген аққудай су жұқпас сұлу көрiндi.
Ол əнiн өмiрге, оның жастық нұрына арнады. Дүрлiккен көпшiлiк дария тасығандай гу еттi де, шың басында ойнағандай ару қыздың алмас даусы шың етiп, серпiле тартты. Əйкен шығанға талмай шырқады. Найзағайға жанын жалатқандай өткiр кескiн бар. Люстра шамдарының күштi жарқылын оның даусы одан сайын шақырайтып, құлаққа құрыш құйып жатқандай.
Тап осы сəтте мен өз жүрегiмнiң орасан қатты соққанын сездiм.
Алғашқы əн аяқталған кезде сатырлаған қол, айқайлаған дауыстар арт жағымнан толқындай жауып кетiп, басымды жұлып алып қайта қарағанымда сахнадан күнше жарқыраған Əйкендi көрдiм. Бойына бiткен ұяңдығы осы арада ғана келiп, бетiне қан теуiп кеткен сияқты. Концерт жүргiзушi əйел шығып, жаңа əннiң атын айтты. Гуiл аралас сатырлаған қол тағы да көтерiлiп барып, тасты жарып шыққандай созыңқы жiңiшке дауыстан демiгiп басылды.
Маған Əйкеннiң бiр кездегi тiл-көзден жасқанып, əнге қиян- кестiк еткiсi келген өз шешесi де көпшiлiкпен бiрге осынау дауыс астында көзiне жас алып тұрғандай көрiндi. Мүмкiн, қасы-қабағы екi жылдай көз алдымнан кетпеген үлкен дəрiгер де жұбайымен осында отырған болар. Жүзiнде көмулi тұрған жiңiшке нышанымен мұртының астынан оған күбiр етiп, мана қызды мен емдеп жазып едiм деп емес, менiң қарауымда болған едi деп қана айтты ма екен? Кiм бiлсiн, көкiрегi құйын бурыл шашты он екi баланың анасы да қу мекен құла дүзде жатқан жерiнен бас көтерiп, нажағай жарқылдап өткен көк аспаннан мынау дауыстың iзiн көрген болар. Бұл мен үшiн көз iлеспей өткен жаңашыл сəттер едi. Бiрде сонау қала шетiнде балдырлы көл жағасында отырғандай сезiнiп, жапырағына түн оралған ағаштар күнмен жайқалып, аспан суреттi тұңғиық жарқырап ашылғанын көремiн.
Бұлтқа кiрген болат сүңгiдей жоқ болып, Əйкен даусы қайта шырқап көтерiлiп, соңғы шабытпен өзiне бақыт шақырды: «Мiне, менiң көкiрегiм ашық, көңiлiм сау, қайдасың махаббат, қайдасың махаббат?». Ашық аспан астындағы ғажайып тiлек, үн кесегi едi бұл.
Сатырлаған қол орнымнан көтерiп əкеткендей, ақыры гүл құшақтаған Əйкен сахнадан жоқ болғанда, мен өзiмнiң бұл орында отыра алмайтындығымды ұқтым. Көрермен жұрт қошеметi толқындай қақпайлағанына қарамай қатар аралығынан жылыстай жөнелдiм де, залдан шыға бiрден фойеге бет қойдым. Аққу қыздар шешiнiп таранатын бөлмеге қойып кетудiң қалай екендiгi туралы өзiме есеп берiп үлгергем жоқ. Есiгiн ашып, табалдырығынан аттап түскенiмде топтан бөлiнiп жүгiре басқан Əйкендi көрдiм. Өзiн құттықтай жамырасқан жас əртістердің арасынан сытылып шыққан бетi болса керек. Көкiрегiн қуанышпен ашқан құс балапаны сияқты бiраз жүгiрiп келiп, менi көргенде қалт тоқтай қалды да, қолын қабырғаға апарды. Мен қасына адымдай жетiп, тұңғыш рет Əйкен алдында əдепсiздiкке бардым. Жүрегiм
тамағыма тығылғандай, тұла бойым түгел тарс-тарс етiп, əлдебiр үлкен сезiмнiң сағаты соққанын айтқан едi.
– Əйкен, мен сенi сүйемiн,– дедiм.
Сонда оның түрi қалай өзгердi десейшi. Сонау əнмен шақырған бақыты қара бұлт боп үйiрiлiп келгендей, өңi боп-боз тартып қуарып, суықтан қалтыраған адамша жұқа ерiндерi дiрiлдеп кеттi. «Жоқ, мен сiзден мұны күткен жоқ едiм» дегенi сияқты. Əлi демiгi басылмаған кеудесiн қатты-қатты қағып, қабырғаға сүйенiп шалқалай бердi. Көз алдымда əлi де əн салып тұрғандай гүл көкiрегi ақ талшығын ашқан. Бiр кезде өзiм үшiн дүниенiң көзiн аршыған, ойлауға, сезiмге үйреткен Əйкеннiң шағаладай нəркес жанары қазiр де ыстық отпен жарқ етiп сөнiп, көзiнiң астынан мөп-мөлдiр екi тамшы дөңгеледi.
1962 жыл.