20.06.2022
  107


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Қалың ойдың

Қалың ойдың
Жатырмын далдасында,
Жабығу мен торығу
Жамбасымда.
Сақаймадым,
Сәт сайын мұңаямын,
Қасіретті қайғының қамбасында.
Қаламаймын
Дертімнің дендегенін,
Мен көрдім ғой кесірдің көлденеңін.
Аяулым-ау,
Таусылып жұқарамын,
Тобыр болып шықты әттең,
«Ел» дегенім.
Көз жасыңды
Ала бұлт шыра қылма,
Жырым қалды шашылып,
Жыра,
Құмда.
Шағыл барып мұңымды шағып жүрмін,
Өлсем – өлем, тұншығып,
Сірә, мұңға.
Өмір осы – дәнүкіс,
Нойыс ұқтым,
Кетіп барам
Пәниден ойысып тым.
Тілін емген жандарға қатты алданып,
Астымдағы
Атымды сойысыппын.
Аққуым жүр ұша алмай,
Сұңқылдаған,
Көрсеткім жоқ
Күйзелген қылпымды оған.
Ақырында
Жынды етіп тындыра ма,
Сен сап кеткен тұтқындап,
Құлпың маған?..





Пікір жазу