АЛЫСТАҒЫ АУЫЛДА
Төр жақта, киiз үстiнде үш бала ойыншықтарын жайып салып, оюлы өрнегi бар тiк бұрышты кiрпiштерден үй қалауда. Сейiл оларға емес, төсек басына бар салмағымен асылып, сықырлата түстi де, аядай бөлменiң орта тұсында, қазан-ошаққа таяулау аласа столда нан ашытып отырған зор денелi, мойнының тамырлары күдiрейген, бадана көз, жалпақ беттi əйелге қарады. Ол бiлегiне жабысқан қамырды сыдырып, үлкен тегештегi илеуге қайта сұғады...
Етжендi болғанмен сүйектерi шығыңқы, иықты, еркек тұрпаттас əйел. Маңдайын, мұрнын, шықшытына дейiнгi бүкiл бет терiсiн шешек дағына ұқсас қып-қызыл безеу басып, шықшыттан төмен, мойнына қарай ғана сирей түседi. Бiрақ мойнынан да адам үңiлiп тартымды көрiк таба алмайсың.
Сейiл осы бiр жаратылысы оғаш кеспелтек əйелдiң өз қосағы екенiн мойындағысы келмей, ондай ойдан жиiркене қашады. Бiрақ тағдыр табандатып тап алдына қарсы қаратып отырғызып қойған соң амалсыз көзi түсе бередi. Оның бойынан, бет əлпетiнен өзiне жақпайтын белгiлердi iздейдi.
Өзiнiң бiр кездегi Қанымкүлiн де қатар еске алады. Мөп-мөлдiр айшықты көздерi, қыз кезiндегi реңiнен көп алыстай қоймаған мейiрiмдi ақшыл өңi, сəл толықша кеудесi, немесе ең соңғы кездесуiндегi көзiне жас iрiккен аянышты мұңымен əлсiн-əлсiн бiр көрiнiп кетiп, өмiрдiң солып, немесе аулақтап бара жатқан ақ талшықты гүлiне ұқсайды. Мұндайда Сейiлдiң кеудесiн тағылық қысып, өкiнiш пен ашу-ыза бəрi лықсып бiр-ақ келетiн.
Төргi бұрышта ойнап отырған үш бала төсек басына асылып, iштей күйзелген адамның өздерiне жақын екенiн, əкедей-ақ iш тартатынын жақсы бiледi. Оған еттерi де əбден үйренiскен. Сондықтан үйде бөгде адам бар деп бiлмейтiн. Өздерiмен өздерi болған алаңсыз күйде. Бiрақ, зəрлi шеше олардың жұрттың мазасын алуына, тартысып, жұлқысуына қатты тиым салған. Əлде бiр қауiптiң барын ыммен ескерткендей, қабағын түйiп, жермен- жексен етiп отыратын, сондай қабақ сыңайын ұққан балалар да көп мазасыздыққа бара бермейтiн.
Бұл үйде ол үш баладан ересектеу тағы екi бала бар. Олар көршi үйлердiң балаларымен ойнап кеткенге ұқсайды.
Бұрыштағы балалар жаққа аз-кем назар аударуы Сейiлдiң
iшкi сезiмiне ешқандай өзгерiс əкелген жоқ. Ол тек осы жолы
қарақан басының ғана қамына бойлап, мықтап ден қойған сияқты. Сондағы бар бiтiрмегi – қарсы алдындағы аласа столда үлкен тегешке нан илеп отырған еңгезердей əйелге қарап, ең бiр ащы, улы сөздердi айтқысы келедi. Жанына шанышқыдай тиiп, өзiнiң осы бiр бақытсыздығы үшiн кек алсам дейдi. Тек, бұл əйелге лайық шанышқы сөздердi таба алмай əлдебiр дəрменсiздiк қолын байлап, зығырданын қайнатады.
Төсек басын бар кеудесiмен жанши одан сайын сықырлатып, əйелдiң бетiне тағы тура қарады:
– Сен өзiңдi менiң əйелiм санамақшысың ғой, ə? Қасыңа матап-байлап, айрандай ұйыған жанұямыз мынау демексiң ғой жұртқа! Күндiз-түнi құдайдан жата-жастана сұрайтының менiң саған мейiрiмiмнiң түсуi ғой, шамасы. Ондай атты күнге иегiң қышымасын сенiң...
Сейiлдiң қатқыл шыққан үнiнен Бəтима оған жалпақ бетiн төңкере қарады. Көз жанары мен бет терiсiнiң арасында ешқандай шекара iзi бiлiнбейдi. Өлi мен тiрiнiң өңiнде бола беретiн ақсұр, сарғыш рең бiтестiрiп, тек өзiне өзi батыл болып қараған адам ғана екi көз орнынан дөңгелек қос ойықты ажыратар едi. Кеудесiндегi сана-түйсiкпен ешқандай байланысы жоқтай қарасында жансыздық, қимылсыздық басым.
Сейiл сөзiн жалғастыра бердi:
– Менiң байғұс ағайым басына күн туып жүрген шақта саған илiге салған, бiлдiң бе? Қиыншылық адамды қандай жарға соқтырмайды дейсiң. Бiрақ сен, көр қуысты бейбақ, менiң ықыласымнан үмiттенбе. Ондай жақсылықтан бiржола күдерiңдi үз, ұқтың ба? Сен бəрiбiр маған Қанымкүлiмдей бола алмайсың.
Бəтиманың көкiрегi қор еткендей болып барып, аузынан дыбыс шықты:
– Тетежан-ау, балаларға əке болмайсың ба? Ағасының балаларын жетiм етпесiн дедiм ғой.
– Сен өйтiп, арбама менi. Менiң ағайымның балалары онсыз да жетiм болмайтын едi. Жетiмдiк көрсетпейтiн едiм оларға. Бiрақ менiң өз өмiрiмдi отқа күйдiргенiңдi ешқашан кешiрмеймiн. Кешiрмеймiн, бiлдiң бе? Кешiрмеймiн. Менiң отқа түскен басым бiр басқа. Ал мен өзiмнен де Қанымкүлiмдi қатты аяймын. Бiлесiң бе, ағайымның өлгенi туралы хабар келгенде Қанымкүл де қатты қайғырды. Балаларды қайтемiз, бiздiң баламыз жоқ қой. Бiр баламыз бар, оның өзi де қайнағамдiкi, ана балаларын да қолымызға алмасақ болмайды ғой, деп көздерi жасаурай бердi.
Тiптi, əке орнына əке, шеше орнына шеше болған жалғыз ағайым көз жұмған қаралы күнде де Қанымкүлiме сол сөздерi үшiн қатты риза едiм. Бiрақ менiң ағайымның өлiмi оның өз басы үшiн қандай қасiрет əкелетiндiгiн ол бiрден түйсiнген жоқ. Iстiң ақыры осымен тынатындығына Қанымкүл, тiптi менiң өзiм де ешқашан ақылымды жеткiзе алмас едiм. Мұның өзi ауыр қазамен қоса қабат келген, жас өмiрiмiздiң тұнығын лайлап, ұйқы-тұйқы еткен тағы бiр кесапатты пəлеге айналды. Осыны түсiнетiндей сенiң кеудеңнен бiр саңылау табыла ма, жоқ па?
Есiңде ме, ағайым өлген күнi бiз Қанымкүл екеуiмiз бiрден осында жеттiк. Улаған-шулаған жылау ортасында жүрiп, өлiктiң артын күттiк. Ендi жетiсiне дейiн өз үйiмiзде болып қайтпаққа жүрейiн деп тұрған шағымызда ақсақалдар менi қалқалап, жеке алып қалды. Қанымкүл қайтып кеттi.
Жалғыз ағайымнан айрылып, қаза күйiгiнен арыла алмай тұрған, талай елмен көрiсiп, азан-қазан жылау iшiнен бордай егiлiп шыққан менi ақсақалдар өз ырқына оңай көндiрiп алды. Мен өзiмдi айтпай, Қанымкүлге обал ғой деп тартыншақтап көрiп едiм, Қанымкүлдi өзiмiз көндiремiз, оған қиналма, тек сен келiсiмiндi берсең жетедi. Қанымкүл немене, жаны жоқ дейсiң бе, бiз айтсақ түсiнедi. Əлде Қанымкүлдiң бiр басы үшiн ағаңның шиеттей бала-шағасын жетiм етiп қоймақсың ба, десiп, бермесiмдi тартып əкеткендей сөзiмдi алды.
Амалым қанша? Аға дегенде менде не жан қалатын едi. Ол маған тек аға емес едi ғой. Əлi есiмде сонау отызыншы жылдардағы қиыншылық кезде əкемiзден, шешемiзден қабат айрылдық. Ыстық ұя, кең сарайдай көрiнген үйiмiз тап бiр бағзы заманнан қалған кəрi моладай бiздiң үрейiмiздi ұшырды. Қос жетiмек өз үйiнен шошитын халге жеттiк. Ылғи ағайын, жақын дегендердiкiнде түнеп жүрдiк.
Əке-шешемiздiң қастерлеп жиған дүниесi тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кеттi. Оған қабырғасы қайысып жатқан бiз жоқ едiк. Бiрақ ағайым сол кезде-ақ маған əжептəуiр ересек көрiнетiн. Ол көп абыржымай, естиярлықпен маған қамқорлық жасады. Кiмнiң босағасына барып сығалап отырсақ та, олардың
«əй, байғұстар-ай, мə, мынаны жеңдер» деп ұсынғанының ең бiр дəмдiсiн, жұмсағын маған берiп алдандырып, өзiнiң де қарны аш екенiне қарамастан үнемi тоқмейiлсiп отыратын. Кейде көшенi көп кезгендiктен жалаңаш аяқтарым тiлiнiп кетiп, жүруге жарамай қалсам, ол менi арқасына салып алатын. Əлденеден беймазаланып
жылай бастасам, əдемi-əдемi ертегiлер айтып жұбататын. Иə, тiптi əбден ес бiлiп, қатайғанша оның арқасынан түспедiм десем де артық емес.
Кiм бiлсiн, егер сол ғазиз бауырым, жалғыз ағайым болмаса, менiң тағдырым əлде не күйге ұшырар едi? Оның алдында қаншалықты борышты екенiмдi ойласам, жүрегiмдi у қорғасын жайлағандай егiлiп түсе жаздаймын. Иə сөйткен аға едi ғой.
Ақсақалдардың үйретуiмен ағайымның жетiсiн өткiзетiн күнi мен əлдененi сылтауратып, үйде қалдым да, осында Қанымкүлдiң өзiн ғана жiбердiм. Сол жолы ақжем ауызды ақсақалдар мен бəлекей кемпiрлер оны да қатты қысымға алыпты. Қанымкүл үйге есi ауғандай, аяғы əрең сүйретiлiп жеттi. Аузынан сөз шықпайды, көзiнен жас бұршақтап, өзiнен-өзi талықси бередi. Тек бiраз уақыттан соң ғана тiлге келiп, маған қарап:
– Сейiлжан-ай, ағаңның жетiсiне неге бармады десем, осындай себеппен бармаған екенсiң ғой. Рұхсатымды бердiм, бар, жолың болсын. Мен үшiн ағаңның балаларын жетiм етпей-ақ қой. Қысқа өмiрiмде аз бақытты өзiңмен бiрге көрiп едiм, қайтейiн, тағдыр жазуысолай шығар,– дедi. Сонда мен оны қалай аяп кеттiм десеңшi. Бiрақ ақжем ауызды ақсақалдар мен бəлекей кемпiрлердiң сөздерi менi əлдебiр мойын бұрғызбас құрыққа салып қойғандай едi. Мен онда өзiмнiң осыншама өкiнiшке қалатынымды, мандайымның тасқа тиетiнiн жете ойламаппын. Сорлы басым сенiмен тұрмыс құрып кетермiн, басқасы ұмытылар, жөнге келер деп ойладым бiлем. Бiрақ тiптi олай емес екен.
Осының бəрi сенiң шоқ-шоқ деуiңмен iстелдi ғой. Егер сенен бiз ауыз адал сөз шықса бұлай iс насырға шаппас едi. Сен көзiң қанталап, жемтiк аңдыған жыртқыш құстай маған қадалдың. Сөйтiп дегенiңе жеттiң. Бiрақ сен қу шөңгедей менiң денеме қадаласың. Оған мен шыдай алмаймын.
Бiлесiң бе, Қанымкүлден кетер сəтте өзiме-өзiм болып түтiн түтеткен отауға қаншама қарайладым десеңшi. Бiздiң үйдегi Еркебай бар ғой, ол да сендердiң балаларың емес пе? Бiзде бала жоқ болғасын асырап алмап па едiк. Қазiр ол Қанымгүлдi туған шешем деп бiледi. Мен оны да алып кетейiн дегенмiн. Бiрақ ол бар даусымен шырқырап, Қанымкүлден айырылғысы келмедi. Оның сол сиқын көрдiм де Қанымкүлге «жарайды, Еркебай сенiң- ақ балаң болсын, iшетiн тамағын, киетiн киiмiн берiп тұрармын» дедiм.
Бiрақ өзiм де үйден шығуын шыққанмен Қанымкүлiмдi, өз үй-өлең төсегiмдi қимай, арқандаулы аттай айналсоқтап, орта
жолдан бес рет қайта оралып бардым. Ең соңғысында шыдамы таусылған Қанымкүл: «Сейiлжан-ай, менi қайта-қайта өлтiре бермей, бар, барсаңшы, ендi келме!»,– дедi. Мiне, сол бойыммен кете бардым.
Ал қазiргi өмiрiм өмiр ме? Жоқ, өмiр емес.
Бəтима тегештегi нанды ендi тым баяу аударыстырып отыр. Алдының бəрi тегiс ұн. Сейiлге қараған көздерi арылмас қалың сордан, уайымнан шелдене түскен. Дыбыс шығарсам дүние бүлiнiп кетер дегендей ерiндерi қыбырсыз тұр.
Барлық сормаңдайлығы бетiне кiлкiп шыққан Бəтиманың кескiн-кейпiне одан əрi қарағысы келмеген, əрi iштегi күйiгi қозғалған сайын өртене түскен Сейiлдi əлдене қудалап сыртқа шығарды. Орталықтан жырақта, Iле өзенi сонау Балқаш көлiне барып құятын сағаға тақау орналасқан ауыл бұл. Айнала құмайт жазық. Селеу-селеу болып өскен ши шоқтары ғана алыстан бұлғаңдап күн сəулесiне инедей жылтырайды. Ауыл үйлерi сағым мұнарына көмiлiп, аласарып кеткен сияқты.
Сейiлдi осы үй алдынан басталып, ауылдан тысқары ен далаға қарай шығатын жалғыз аяқ жол жетелегендей. Ол бұл жолмен бiр кезде сонау жарқырап жатқан құм шағылдардың ар жағына жасырынып қалған басқа ауылдағы үйiнен Қанымкүлмен қоштасып шыққанда соңғы рет жүрiп келген едi. Ендi сол жолға тағы түстi. Келгендегi iзiмен керi қайтып бара жатқанға ұқсайды.
Қанша жерге барып тоқтар екен? Жоқ, əлде, барлық шырмауды серпiп тастап, бiржола кеткенi ме? Оны өзi де бiлмейдi.
1969 жыл.