ТАРИХ САБАҒЫНДА
(Бiрiншi новелла)
Мұғалiмнiң жүзi сұрланып кеттi. Əлденеден тiксiнген адамша қабағы тез жиырылды да, дiмкəстiгi бар ауыр денесi құрыса, əрi демiккендей болды. Оның оқыс жағдайға қалай тап бола кеткенiн ешқайсымыз байқамай қалғанбыз. Тарих пəнiнiң оқытушысы Кəрiпжан ағайды не де болса əлдебiр елес ұрымтал жерден соққандай.
Бiз ол кiсiнiң жанарынан жасқанатынбыз. Кластағы небiр ересек, немесе өткiр дегендердiң өздерi де оның бетiне тура қарауға батылы бармай, тiптi қадалған көздерiне түспеуге тырысатын. Қазiр сол көздер iштегi бiр сұрапыл толқу күшiмен лайланып, өзгерiп кеткен сияқты. Тек қана сұрғылт жүзiндегi суық тас секiлдi жансыздық оның өз бейнесiнiң елесiн ғана сақтап тұр.
Бұл сəт ұзаққа созылған жоқ. Қырау шалғандай жүндес қабағын кенет тiк көтерiп, маған қарады.
– Өркенов!
Орнымнан тұрған мен жəне күллi класс болып ұстаз жүзiне қадала қатып қалғанбыз.
– Сен айт!– дедi ол менен көзiн аудармай.– Бiз кiмдермен соғыстық?
Өтiп жатқан тақырыбымыз Ұлы Отан соғысы болатын. Кешегi майдангер-ұстаз осы сəт соғыс туралы бiрдеме айтар ма екен деп үмiттенген едiк. Бiздiң сол ынтамызға қарсы шырай бiлдiргiсi келгендей өңi бұзылған күйi ол тым-тырыс отыр.
Кəрiпжан ағайды ұғу соншама қиын едi. Жаздай жадырап отырып, əп-сəтте өзгере қалатын қызық мiнездi адам екендiгiн де бiлемiз. Бiреулер оны соғыстан алып қайтқан мiнезi десетiн.
– Немiстермен дейсiң бе?
Менiң жауабым оған оқыс əсер еттi бiлем, сұқ саусағын маған оқтай қадап, «отыр» деген ишара бiлдiрдi де, тұнжырап жүзi күрт төмен түсiп кеттi.
Кəрiпжан ағай қайтып ешқайсымыздан ештеңе сұраған жоқ. Оның мұндайда даусы да ғажап едi. Егер ойда жоқта бiрiмiздiң фамилиямызды атаса, сөз жоқ, ол өзiне бiр үлкен iстiң кезегi келгенiн жан-дүниесi, алпыс екi тамырымен сезетiндей. Оның бiздi соған қимайтыны көрiнiп тұр.
Жүзiндегi кiрбең қатерлi дауыл алдындағы сабырлы тыныштыққа ұқсайды. Ауық-ауық көкiрегiнiң сырылдағаны естiледi.
Бiздiң мектептiң терезесiнен аспанның ашық айнасы көрiнiп тұратын. Қалың ағаш арасына жайғасқан үйлердiң шатырлары күнге шағылысып, айналасында бiр топ көгершiндер ұшып жүр. Ал анау ауыл шетiнде оқшау тұрған Бекбосын атайдың үйi. Ол кешегi қан майданда бес баласынан бiрдей айрылған ақсақал. Кемпiрi осынша ауыр құсаны көтере алмай осыдан бiрнеше жыл бұрын өлдi десетiн. Үйiнiң алдында басын найзағай өртеп кеткен зəулiм терек бар. Қазiр ол маған бұрынғысынан əлдеқайда сымбатты, сұлу көрiндi.
Менiң бiр сəт көңiлiм ауа толқып, көзiм сол терекке түстi. Кəрiпжан ағаймен назарым қайта ұшырасқанда, оның жүзi əлi алабұртып тұр екен. Оның жан-жүрек жарасына бiрдеме ауыр тиген сияқты. Бiрақ сыр бермей, өз шəкiрттерiне iш сарайындағы арпалысты сездiргiсi келмейтiнi байқалып тұр.
Бiрде ол өзiнше бiр тебiренiп отырғанға ұқсайды. «Сендер анау жаны жарым теректi көрдiңдер ме? Сендер оның күн сүйген көңiлiн, жаз күнi аялаған жанарын аңғарасыңдар ма? Мен оның бəрiн өз көзiммен, өз жаныммен түйсiнемiн. Мен тереңнен толғаймын. Өмiр менi темiрден соғып, темiрмен шынықтырып, соны жаныммен сезiнуге үйреткен».
Жүрек тынысымен қоса қабат тырсылдап минуттар өтiп жатты. Көзiм ұстаз жүзiнен тайқып кетедi де, далада сап тұнған ауаға, Бекбосын атайдың ауласындағы кəрi терекке, қалың ағаш, жарқыраған үй шатырларына қараймын. Солай алаң көңiл болып отырып, Кəрiпжан ағайдың қолын сермеп қойып, сөйлей бастағанын əлден уақытта əрең сездiм.
Сөздерi алғашқыда құлаққа жағымсыз, əрсiз шықты. Оның үстiне ауық-ауық сырылдаған көкiрегi жел майыстырған ағаштың уiлiне ұқсап, даусын бұза бердi.
Бiздiң жақта ауа райы құбылмалы келедi. Терезе əйнегiн жел сипап өттi де, далада шуақты күннiң абыр-сабыры басталды. Батыстан шоғырланған қара бұлт та көрiнген болатын. Осы мезгiл Кəрiпжан ағайдың да даусы қатты шықты.
– Бiз Бетховендi тудырған немiс халқы екендiгiн бiлемiз.
Далада жел күшейiп, ақ көгершiндер үй шағырларына жапырласа қонып жатыр. Бауырын төмен түсiрген бұлт бiрте- бiрте тұтасып келе жатты. Бекбосын қарттың ауласындағы зəулiм
терек теңселе шайқалып, жапырағын желге бермейiн дегендей аласұрып тұр. Бұлт тез жақындады.
Класс iшi күңгiрт тартып, бой мұздай бастаған. Терезе əйнегiн алғашқы тамшылар қаға бастады. Осы уақытта жер ана өзiнiң ұлы рухын танытып, қара бұлттың бауырын жарқ еткiзiп тiлiп түстi.
Ендi жер мен аспан ашық беттесiп, бiр-бiрiне қарсы майдан ашқандай.
Ауыл үстi сұрғылт перденiң ар жағында қалған. Төбесiнен от шағала ойнап, қалың ағаш қатты жапырылады. Бекбосын қарттың ауласындағы терек те жалаң көкiрек қариядай қатты шайқақтап тұр. Күркiреген аспан астында көк сөгiлiп, бұлт омырылып, найзағай шақпақ отынша ұшқын шашып, алмас сəуле ұстаз жүзiн дiр еткiзiп жалап түстi.
– Бiз тарих бетiн ашқан сайын адамзат жеңiсiнiң iзiн көремiз. Əлбетте ол жеңiстер өз бетiмен емес, керемет қан төгiстер арқылы келгенi белгiлi...
Жауын дүниенi селге айландырып барады.
– Ол күн ұмытылмақ емес, ұмытылмайды ол!
Мен селт оянып, Кəрiпжан ағайға қарағанымда оның бетi сұрланып, жанарының ұшқындап кеткенiн көрдiм. Манадан сабақ тыңдамай қақас қалып отырғанымды байқап қалған адамша көздерi маған шатынай қарады.
«Ұмытылмаймын, ұмытылмақ емеспiн»,– деп оның сөздерiн жаңғырықтыра күркiреген күн алыстан естiлдi. Көкжиектен аспан қиығы көрiнiп, жер мен көктiң жаңағы қақтығысы ұмыт болған. Ауыл аспанында көгершiндер сайрандап жүр.
1963 жыл.