20.06.2022
  149


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

«Жетімкөл»...

«Жетімкөл»,
Сен де мендей жетім бе едің?
Өмірдің құлама жар
Шетіндемін.
Мұңың бар толқыныңда,
Ал менде – шер,
Әйтеуір, ақын болдым –
Жетілгенім.
Тұңғиық...
Самал желпіп тербелесің,
Белгілі –
Тартылмасаң – өрлемесің.
Желкенін жасадым да жапырақтан,
Жібердім сүйретіп кеп,
Шер – кемесін.
Жүрмейді алып қашып,
Нәшінінде,
Таусылды қайла, қарақ,
Тәсілім де.
Айналып шыға алмаймын аумағымнан,
Жетім боп жаралған соң
Нәсілінде.
Амал жоқ, болмағаны-ай, қапалағың,
Кептелген қайғыға әттең қақаламын.
«Жетімкөл» сені көріп, мөлт-мөлт еткен,
Жертезек тәрізденіп, тапаламын.
Берер ме, өміріме құт: уайым?
Жылауға бар көрінді
Құқың, айым.
Жүргенше
Екі жетім өгейсумен,
Мен сенің көз жасыңа
Жұтылайын...





Пікір жазу