20.06.2022
  102


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жүреді ғой кездейсоқтау шақ қабат...

Жүреді ғой кездейсоқтау шақ қабат,
Қолдан келсе, білеуіттер таптамақ.
«Сицилия» кафесінде сорпа ішсе,
«Мерсінде» жатқаны анық, автомат.
Бұл – Алматы.
Сұлу қала сұқ қадар,
Жан бітірген тұнып қалған шыққа да әр.
Бас алудан тайынбайды – жігіті,
Жоғарыдан түссе пәрмен,
Нық хабар.
Қонақүйлер...
«Иномарка» итінген,
Іздеп жүрген қарақшылар күй түннен.
Неткен, қазақ, көнбіс едің?
Жаңылмас,
Тақай жүріс – сол баяғы китіңнен.
Ал біреулер – қолы ұзындар жонданды,
Небір айла сұмдықтарын қолданды.
Бір-ақ түнде Сымағұлов зым-зия,
Ізделмеді,
Қара халық долданды.
...Құбылады сол Алматым, сан әрмен,
Ақша көрсем мен де жолдан танар ма ем?
«Сицилия» кафесінде оңаша,
Назар салдым поэзиялық жанармен.
Сылқ-сылқ күлген қыздар қандай келісті ең?
Өліп-өшіп...
Өлерменмен өбіскен.
Дәйекшіге ақша берді бопыр көк,
Коньягым у боп кетті мен ішкен.
Қазағым-ай, қоңыз теріп сандалған,
Өз елінде келімсекке жалданған.
Теңгеңді ұстап тек тексіздер,
Сен баққан,
Ақ қойыңның етін жеді мангалдан.
Сыртқа шықтым, уайым боп «сыбағам»,
Еске түсті әлдеқайдан Тұма ағам.
«Еһ-һ» дедім де,
100 долларды лақтырып,
Салып алдым бір «сұлуды» ұнаған...





Пікір жазу