Естiмеген елде көп
Тамбурға шығып, вагон есiгiнiң əйнегiнен сыртқа үңiлген Шəкiр көз сүрiнерi шамалы Арқаның даласын тапжылмай ұзақ қызықтады. Мұның басқа ермегi де жоқ. Осыдан үш сағаттай бұрын iрi станция, əрi аудан орталығы саналатын елдi мекенде поезд тоқтағанда мұның купесiне баса-көктеп кiрген совхоз директорлары Шəкiрдi қақпайлап қуып шыққандай едi. Қуып шыққанда ондай «мейiрбанды» ишарат жасаған ешқайсысы жоқ (өйтуге олардың құқы кəне, купедегi бiр орын заңды түрде осынiкi ғой), тек олар көршi купелерден өз əрiптестерiн қонаққа шақырды. Аудандық мəслихаттан қайтқан, əрi қалталары қашан да қалың директорлар поезға мiнерден бұрын портфельдерiн iшiмдiктiң қызыл-жасылды неше түрлiсiмен, пiскен тауық, сервелад, балық консервiлерi, тiске жұмсақ басқа да тағамдармен сықап-ақ алыпты. Көбiне қоңды, бiразы түйенiң жарты етiндей бар директорлар екi полкаға қарама-қарсы отырысып, жайғаса бастағанда небəрi отыз жасар Шəкiрдiң онсыз да қушықтай денесi, бұлардың қасында одан сайын көрнексiзденiп, жеп-жеңiл арзан дүниедей есiкке қарай ығыстырыла бердi. Келген қонақтар ендi бiр толқыса бұл тiптi қабырғаға жаншылып кетердей.
Iшу-жеу басталды. Ұзақ жолда зерiккен Шəкiрдiң де аузына
сiлекей толды. Ендi қайтсiн. Əлi көп жүремiз ғой, қарыздары кетпес мойнымда, не бопты деп, бұлармен араласып кетудi ойлаған. Бiрақ бекер дəме қылған екен, сiлекейiн iшке жұтып отыра бердi. Қонақасы иелерi – осы купеге орныққан директорлар жас жiгiтке iшiмдiк ұсынбады, дəм ал да демедi. Басқалардың да бұған көзi түскен жоқ. Шиенiң суындай шетелдiк коньяк жартылап құйылған қырлы стақан бəрiн екi жағалағанда да бұған соқпай өттi.
Шəкiрдiң шығып кетпесiне амалы жоқ едi. Вагон-ресторанға барып, екi шыны сырамен тамағын шайды, шөлiн басты. Өзi орналасқан вагонның тамбурына қайтып келiп, əлдекiмнен жəбiр көргендей терезеге ұзақ қадалды.
Бара-бара соншама қуаң, бұдырсыз, бiркелкi көрiнген Арқа жерiнiң бедерi мұның кiрпiк қақпай қадалған көздерiне көбiрек шалына бердi. Қараса дүние көшiндей бiлiнбей өтiп жатқан сары дала тақтайдай жазық емес, адамның алақаны сияқты ойлы- қырлы болып келедi екен. Кеуiп қалған өзен сұлбасына ұқсас иректер де шималай берiптi.
Бұл көрiнiс поезбен бiрге жарысып, қалыспай келе жатқандай. Ұзақ жүрiсте осылай алма-кезек көзiне түсiп, мықтап назарын аударған тағы бiр нəрсе бар. Ол ауық-ауық қазақ зираттарындағы қызыл кiрпiштен қаланған, сəулет-бiтiмi əр алуан, бiрiнен екiншiсiнiң еңсесi жоғары күмбездер шоғыры едi. Көбiне киiз үй сияқты, бiрақ одан биiгiрек кетiп көкке шаншылған, төбесiне жарты ай қондырылған сиықтары көбiрек қайталанады. Қалайы түстес ақ қаңылтырдан жасалған айдың екi-үш жаңасындағы қалпы темiр жол жақтан əр түрлi қырынан көрiнедi. Кейбiр зираттарда олар əлденеденорман iшiнде өскенсаңырауқұлақтарды еске салады.
Шəкiр терезе алдында мұңға батқандай ұзақ тұрды. Аяғы талса да қозғалар емес. Мұның купесi жақтан кеуделерiне жел бiткен директорлардың қарқ-қарқ күлкiсi естiледi. Республикалық мəдениет саласындағы мекемелердiң бiрiндегi қатардағы қызметкер, iссапарға көп шығып үлгермегендiктен ел iшiнiң жағдайын жақсы бiлiңкiремейтiн Шəкiр алғашқыда олардың жолаушы көршiнi елемеген паңдығына қарны ашса, ендi мүлдем жирене бастады. Бiр шаруашылықтың тұтқасын ұстаған, ақыл-өнеге, нұсқау-бұйрық ауыздарынан саңқылдап шығатын адамдардың ел көзiнен тая бере iстейтiнi осы екен-ау деген түйсiк мұны жарға тiрегендей.
Бұл сар даладағы күздiң бiр ашық күнi едi. Күнде көрiп жатқам жоқ қой деп, Шəкiр вагон терезесiнен көз жетер кеңiстiктегiнiң бəрiн байқап өткiсi, керек жерде жадында тұтқысы келдi. Тек бiр көргенi қайталана бергесiн бұл ермегi ұзаққа созылмады. Ендi осы байқағандарынан мұны бiр түйiндi ой елең еткiздi. Ол да жаңағы ауық-ауық көздiң жауын алып қала беретiн зираттарға, ондағы күмбездерге байланысты едi.
Ара-тұра жол жиегiнен қашығырақта елдi мекендер де ұшырасады. Олар көбiне совхоз, не бөлiмше орталықтары. Тек бұлардағы бiр өзгешелiк – араларында бой көтерiп, алыстан көз тартатын, сəулелi бөлек бiр шаңырақ жоқ, бəрi жермен-жексен, белуарынан батып бара жатқан, жатаған үйлерден тұрады екен.
Не төбесiн шифермен жауып, сырты мұқият əктелген стандартты да емес, төбесiн жалпайтып, əркiм өз қора-қопсысының ыңғайына қарай тұрғыза салған тоқал үйлер. Олардың iшiнде де не жиһаз, дүниелiк барынан Шəкiр бұл жолы хабардар болып қайтқан. Өзi тексерген аудан орталығына таяу екi-үш совхозда болып, есiгiнен еңкейiп тоқал үйлердiң бiразынан дəм татып та шыққан. Оқта- текте ғана бiреудiң төрiнде қымбаттық кiлем iлулi тұрады. Басқа дүниесi əбден тепкiсi шыққан қырық жылғы алаша, пұшпақтары ит тiстегендей жырым-жырым ескi киiз, көн тулақ, тағы осыларға ұқсас ұсқыны кетiп, тiршiлiк көркiн құрауға қабiлетсiз нəрселер болып келедi. Тек көрпе, жастықтардың iшiнде ғана, онда да қонаққа арналған бiразының атлас, шайы жiбекпен тысталғандары бар.
Мəдениет саласындағы басқару мекемесiнiң қызметкерi Шəкiр тұрмыстағы бұл жүдеулiктiң түп-тамырына ден қойғысы келген. Мүмкiн қаражат жағы бұдан арғыға көсiлуге мүмкiндiк бермейтiн шығар. Жоқ, тоқал тамның iргесiнде есiгi мұқият бекiтiлген қораның iшiнде үйездеп тұрған «Жигулидi» талайынан көрдi. Стол басындағы əңгiмелерi де сол темiр көлiк төңiрегiнде. Ақшасы бола тұра машина ала алмау, «Жигулидi» сатып, «Волга» алғандардың мейманасының асуы, кiмде қанша машинаның пұлы бар, ол пұлы сандық түбiнде ме, жинақ кассасында ма, аяқты мал түрiнде жайылымда жүр ме, осы мəселелерден арқандаулы аттай ұзасашы, кəне. Тыңдағыңкеле ме, жоқ па, оған қарамайды, осындай əңгiмелермен құлағыңды сарсытып қоятынын қайтерсiң...
Мiне, осы адамдардың тұрағы əне. Қара жердiң бетiне бiткен сүйелдей, мықтаса одан екi-ақ елi көтерiңкi, əлдеқашан тасталған, бүгiнгi ұрпақ маңына жуымайтын, тек жын-шайтандар ғана айналасында күнге қақталып өрiп жүрген, атам заманғы қаңыраған мекен-жайға ұқсайды.
Шəкiр мұндағылардың түсiне де кiрмейтiндей əсем шаһар
- астанаға кетiп барады. Ал анау жатаған үйлердегiлер сол қалпында осында қала бермек. Осыны ойлағанда Шəкiрдiң оларға жаны ашып, iшi де ұлып қоя бердi.
Ендi бiр кезекте əр түрлi ғимаратқа толы тағы бiр зират көрiндi. Бұл жаңағы елдi мекеннен тұрпаты мүлде басқа, тап бiр Самарқанның сонау Ақсақ Темiр заманынан қалған, көк тастан қаланған қаласы дерсiң. «Апырау, мұны орнатқан оның астында жатқан өлiктер емес, тiрiлер ғой. Олар ең алдымен өз тiршiлiгiн неге ойламайды?»,– деп салды Шəкiр iштей.
Купеден iшкен-жегендерi мiселерiнен асып, ауыздарынан буы бұрқыраған екi-үш директор да тамбурға шығып, темекi тартты. Жалғыз тұрған Шəкiрдi бұл жолы да көзге iлетiн емес. Өзара əңгiмелерi жұмыс күшi жайында. Iштерiнде өңi ақшыл, қасы- көзi, шебер қол əдемiлеп қырыққан шашы қап-қара, басқаларға қарағанда жасырақ, əрi иманжүздiлеу бiреуi сөйлеп тұр:
- Əлгi механизаторым əлi райынан қайтпапты, ертеңiне келiп тұр, қолына арызын алып. «Əй, қарағым,– дедiм оған,– сен бала емессiң, шаға емессiң, алды-артыңды болжайтын адамсың. Осыдан кетсең бiржола кет! Бiрақ қайтып келушi болма! Ұқтың ба?! Бiздiң совхоз жұрттың ойы былай толқыса шығып, былай толқыса кiре қоятын ешкiмнiң жекеменшiк үйi емес. Мұны сен мықтап жадыңда тұт! Əрбiр жанұялы, бала-шағалы адамдай жауапкершiлiкпен қара! Ал егер шештiм, түйдiм деп, бiржолата өкiнбестей болып бекiнсең, сенi ешкiм де зорламайды. Арызыңа қол қоям да берем. Бiрақ қайталап ескертемiн, сен қайтып келушi болма! Саған ендiгi жерде мұнда орын жоқ»,– дедiм. Сөйтiп, ақыры ол қалатын болды. Сосын мен де əлгi жұмысты тездеткiздiм.
Шалғайдағы шаруашылықтар қашан да мұқтаж, тоқсан түрлi техниканың тiлiн түсiнетiн механизаторды көшiп кеткелi тұрған жерiнен өзiнiң мысы басып тоқтатқанын мақтанкөрушiлiк жоқ, тек болған жағдайды болған күйiнде айтып, əрiптесiн өз совхозының жай-күйiнен хабардар етпек директорға Шəкiр түсiнгендiкпен қарады.
Бұл үшеудiң əңгiмесi бiразға созылып, аздан соң соңғы сөздi айтқан иманжүздiлеу, жас директор басқалардан сəл шеттеп, бөлiнiңкiрегенде Шəкiр оны өзiне қаратты:
- Айтыңызшы, анау зиратты көрдiңiз бе? Мен бiр нəрсеге қатты таңырқап тұрмын. Осы жол бойы көрiп келе жатқаным екi-ақ нəрсе ғана. Ауық-ауық кездесетiн осындай зираттар мен ауыл орталықтары. Мынау зиратқа қараңызшы. Анау күмбездер қандай шеберлiкпен жасалған. Өрнегi қандай тамаша. Құдды əлгi ертегiде айтылатын су астындағы патшалықтың қаласы сияқты. Ал тiрi адамдар мекендеген ауылдар неге осылай емес? Түрiнен адам шошитын тоқал тамдардан3 басқа ештемесi жоқ, жермен- жексен болып жатқан бiрдеме. Бұл жұрт өз тiршiлiгiн ойламайтын болған ба?
Иман жүздi директор қалалық жiгiтке ендi ғана бажайлап қарап, əзiлге сая жауап бердi:
3 Там – бұл жерде үй деген мағынаны бiлдiредi. (Ұ. Д.)
– Анау уақытша да, мынау зираттағысы мəңгiлiк мекен болғасын сөйтетiн шығар.
Бұл сөз Шəкiрге түрпiдей тидi. Сəлден соң ғана директор жөнiне көштi. Оның пайымдауынша ерте замандарда адамдар əкелерiне ас берiп даңқын шығарса, қазiр осылай бiрiнен бiрi асырып, күмбез орнатып, абырой тапқысы келедi. «Пəлен сөйттi, төлен бүйттi» деген сияқты дақпырттан олжа жию үшiн жан беруге əзiр жүргендерi де бар. Үй iшi тұрмысы нашар бола тұрып, машина алуға құмарлық қалай деген Шəкiр сұрағына ол да осы атаққұмарлықтың бiр қыры деп жауап бердi.
Шəкiрдiң сөзге ашықтау, иманжүздi директордан тағы бiр ұққаны – темiр жол бойы дегенмен бұл маңда қызыл кiрпiш, цемент, ағаш сияқты құрылыс материалдары жəне оларды бабына келтiрiп, ұқсата алатын адамдар жоқтың қасы, ал күмбез орнатуға шын кiрiскен адам тиiстi мөлшерден кем дегенде бес есе артық шығынға батады екен. Бiрақ оған қарамай пұлын шашқанда керемет. Əрi өздерiнiң де ала өкпесi шығып жүргенi. Сонау жер түбiнен керек нəрселердi жеткiзу ақшалы адамға да орасан мехнат қой.
Сосын мұны айтушы өз басында да бiр кiнəрат қалмасын ойлағандай осында директорлыққа жақында ғана ауысқанын, шаруашылығы бiрнеше жылдан шығында, құрылысқа бөлiнген қаржының өте аз, əрi баяу игерiлуде екенiн, мал өсiру, егiншiлiкке байланысты кадрларды тұрақтандыру iсiнiң басқаға көп мұрсат, мүмкiндiк бермейтiнiн ескертiп өттi. Жаңа шет-жағасын мұның аузынан өзi де естiп қалған Шəкiр ол жағын көп қазбаламады. Тек жоқтан бар жасайтын қазекеңнiң кей кездегi өлермендiгiн өзiнше салмақтап тұрды. Аузы-мұрнынан жалын шашып, шаң бұрқыратып, кiрпiш заводтары жұмыс iстеп жатқан қала болса бiр сəрi, ондай орталықтардан құстың қанаты талатын қашықтықтағы жұрт үшiн анау күмбездердi орнатуға кеткен əрбiр кесектiң өзi аттың жалы, түйенiң қомындағы нəрсе ғой. Жоқ, керек етсе, делебесi қозса адам таппасты табады. Тек оны оң мақсатқа бұра ала ма? Жиырмасыншы ғасыр сүйегiң жер астына түскеннен кейiнгi, күмəндi о дүниелiк өмiрдi емес, ең алдымен жер бетiндегi тiршiлiк қызығының шашбауын көтеретiн-ақ кезең емес пе? Тiптi пайғамбар қолынан туған құранның да соған меңзейтiн сүрелерi бар ғой. Бұл қазақ соны неге ұқпайды?
Шəкiр осы бiлген-түйгенiмен Алматыға келдi. Ертеңiне өзi есеп беруге тиiс бастығына кiрдi. Iссапарда көрген-түйгенiнiң бiразын ауызша, бiразын жазбаша баяндап, сөз арасында жол бойы байқағанын да қыстыруды ұмытқам жоқ.
Қалайда бұл мəдениет мəселелерiмен шұғылданатын республикалық басқару мекемесi ғой. Мүмкiн шамадан тыс дарақылыққа шектеу қойып, ең алдымен жұрттың қиын-қыстаудан болса да қолға түсiре алатын құрылыс материалдарын, қысқа тiрлiктегi жылы ұя – баспана салуға бұратындай, соған ынтасын оятатындай бiр шараның оңтайы келмес пе екен деген сыңайы.
Шəкiрдiң бастығы қазақшылығы басым, егде адам едi.
– Неғыласың ол жағына тиiсiп? Əрқайсысы бiр ауылдың ұранына айналған, сыйлы, аруақты деген адамдарына орнатқан күмбездерi шығар,– деп, Шəкiр сөзiне пейiл бермедi. Шəкiрдiң де одан арыға батылдық жасауға ықыласы жетпедi. Мүмкiн бара- бара мұны өзi де ұмытар ма едi. Бiрақ бұл жайды миына шегедей қадаған тағы бiр тосын құбылыс қарсы алдынан шықты.
Келесi жазда Шəкiр демалыс алып, жанұясымен туған елiне кеттi. Мұнда өлiп-өшiп, аңсап күтiп отырған ешкiмi жоқ, тек əкесiн көрген, шешесiн көрген, бiраз жақын-жақыбайлары ғана бар. Солардың үйiнде аз күн қыдырыстап қайтпақ.
Туған жерге деген сағыныш бұл жолғы демалысты осылай жоспарлатқан. Өткен жылғы Арқа жаққа барған iссапарының əсерi əлдеқашан өшкен.
Мұның туған жерi Талдықорған облысының таулы аймақтарындағы бiр көрiктi тұс. Бала кезiнен жадында тұтқан ақ бас шыңдар, иiр-иiр қойнаулардан соққан салқын самал алғашқы күнi-ақ қайта түлеткендей. Əйелiн, балаларын жатқан үйiнде қалдырып, жалғыз өзi тау жақты кезiп кеттi. Бiр жайдан əке-шешесiнiң де моласын көре қайтпақ. Неге екенi белгiсiз бала- шағасын олай қарай ерткiсi келмедi.
Жаз жауынды болып, бұл аймақта көк дегенiң қаулап, мол шыққан екен. Жолсызбен тартқан оның Саржотаның төбесiне қарай жүрiсi тым өнiмсiз едi. Оған өкiнген жоқ, қайта көптен көрмеген туған жердi мейлiнше қызықтамақ.
Төбе басына жеткенше қара сорпасы шықты. Сонда да дамылдамады, ата-бабалары жатқан зиратқа қарай жылжи бердi. Төбенiң арғы еңiсiнде соғыс алдында ғана орнаған Текелi атты шағын өндiрiстiк қала бар едi. Оның шет-пұшпағы осы арадан да көрiнедi екен. Жылдан-жылға қанат жайған қаланың бүгiнгi аумағын ойша мөлшерлеген болды.
Зиратқа келдi. Бұл жақтағы халықтың бiр ерекшелiгi өндiрiстi қала iрге тиiстiрiп тұрса да Самарқанның ғимараттарындай күмбез орнатуға құштарлығы аса белең алмаған. Оны iлуде шалуда бiреу iстейдi. Кейбiр қолы жеткендер темiрмен қоршай салады. Ал кей жағдайда өлген адамға қоятын белгiсi – көп болып күрекпен үйген топырақ қана. Сосын да мұндағы зират көбiне көзге шалына бермейдi.
Шəкiр қатар қойылған өз əке-шешесiнiң моласын əрең тапты. Алпысыншы жылдардың басында қайтыс болған оларға саманнан төрт құлақты қорған тұрғызылған. Қазiр оның үш қабырғасы құлапты да, шыдамдылық еткен бiр қабырғасын күн мен жел ортан белiне дейiн мүжiптi.
Өзiн дүниеге əкелген адамдарға тауап етiп бiраз тұрғасын ескi зиратты жағалай шолды. Бала кезiнде атасы мен əжесiнiң де моласын көргенi бар едi, қазiр олардың қай тұста екенiн ұмытыпты. Қайтсе де туған жерi ғой, мұнда кеп, тыным тапқандардың iшiнде өзi танитындардан кiмдер бар екен деп, қағылған ағаш қадалардағы, темiр қоршаулардағы, əр жерде бiр бой көрсетiп тұрған, қызыл кiрпiштен қаланған күмбездердегi жазуларды оқи бастады. Көбiсi, өзiнiң əкесi тұстас егде адамдар екен. Шəкiрдiң бiр қиналғаны соғыс бiткеннен кейiнгi жүдеу тiрлiк жағдайында қайтыс болған, есiмi ел аузында, бiраз айтулы адамдардың қазiр қайсысы қайда жатқаны белгiсiз екен. Топырағының торқасы шығып, тегiстелiп кетiптi. Өткен жылы Арқа жақта көрген əсем күмбездердi есiне алып, əттең сондай ғимараттар осы шын мəнiнде есiмi ел аузында қалған азаматтардың басына қойылсашы деп армандады.
Бiрауық адамның тiршiлiкте еткен еңбегi, ол үшiн кейiнгi ұрпақтың жасар iлтипаты, азын-аулақ ырым, көрсетер құрметi қашан да өз нысанасын тауып жата ма, жоқ, даңғаза – шумен өз мiндетiн орындауға асықтырған аңдаусыздық адастырып əкете ме? Сүйегi қойылған жердегi белгi ғана емес, сонау өнер, ғылым тарихы төңiрегiнде де айтылатын қошемет, қолпаштау сөздер пышақ қырындай ғана əдiлет iзiмен тура тартылып жата ма? Жоқ,
«Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегеннiң де керi келетiнi бола ма? Осы тұста Алматыда өзi таныс орталардағы жүрек қыжылдататын кейбiр жағдайларды ойына алды. Иə, əлi де дұрыстап еске түсiретiн бағзы есiмдер, жағдаяттар көп-ақ қой. Мынау өлгендер мекен-жайының əсерiнен бе, мұның өзi Шəкiрдiң басында ұзақ сарыуайымға айналатын сияқты.
Ара-тұра қыршын кеткендердiң де моласын ұшыратты.
Соңғы кезде тұрғызылған, басқаларға қарағанда биiгiрек те, мұқияттырақ жасалған бiр күмбез назарын ерекше аударды.
Қайтсе де халқына қадiрлi, зиялы бiреудiкi-ау, кiм екен деп, жазуына үңiлгенде бiр тосын жəйт көзiне оттай басылды. Алғашқыда жазуында қате бар деп ойлаған. Ендi қалай? (Əбдiрахман Зəуiрұлы. Төретай руынан. 1887–1955 жыл). Ширек ғасыр бұрын өлген адамның күмбезi кеше ғана қаланғаны кiрпiш, сылақтарынан көрiнiп тұр. Ал уақыт өткiзiп барып, белгi орнату қай жақтың қазағы болса да салтта жоқ нəрсе.
Жазуға одан əрi үңiле түскенде тағы бiр тосын сұмдық жүрегiн осқылап өттi. «Əкем-ау, мынау сол Əбдiрахман ба? Баяғы өздерiнiң көршiсi, көзi тұздай ершi шал ма?».
Жоқ, ол емес, өзi бiлетiн Əбдiрахман шалды қайта есiне алғанда мына жазуда бiр қателiк барына күмəнi де қалмап едi. Бiрақ олай дейiн десе тағы бiр бөренедей сұрақ кесе көлденең келдi. Ел боп, жұрт боп, зəуiммен бiр жазатын жазудан қате жiберiп не көрiнiптi?
«Апырау, мен бiрдеменiң шалығы шалғаннан саумын ба?». Көзiн жыпылықтатып, уқалап, қайта оқыды. Тап солай. Шалдың өзiнiң, əкесiнiң есiмдерi ғана емес, шыққан руы, өлген жылына дейiн мен солмын деп ұрандап тұр. Ештемесiн ұмытпаған айқын, сергек ойлы Шəкiрге мұның өзi бiр жайдан шынында үлкен жұмбақ едi.
Ендi есiнде қалған адам жүздерiн, олар хақында бiлетiндерiн басында қайта сапырыстырып, алыста қалған күндер мен оқиғаларды тiзбектете бастап едi, жүрегi одан сайын өрекпiдi.
Сəлден соң ғана бұл қиналыс, қамаудан құтылып шығу үшiн бiр саңлау тапқандай. Əкем-ау, бұл шынында сол жұрт тiрiдей өлiкке санап, маңына жуымай қойған, көзi тұздай, қаныпезер ершi шал болса оған көл-көсiр құрмет көрсетiп, бұл жақтың дағдысында көп дейтiндей емес, мұншалықты төбесi көк тiреген, даңғарадай күмбез орнатарлық ешкiм жоқ едi ғой. Соңын шулыған етiп, алыстағы бiреумен қашып кеткен жалғыз қызы ғана болған. Оның қайда екенiн қазiр көп ешкiм бiле де бермейтiн шығар. Қыздың аты қыз, Дарабоздай4 саңлақ қасиетi жоқ қарапайым ғана қыздан мұндай өнер, құрмет шығар деуге тағы да ауыз бармайды.
Жоқ, мынада бiр кiлтипан бар деп шештi. Оның түбiне жетпей дамылдай алмасын сезiп, ауылға қарай асықты. Бала кезiнде сан қызықтаған, кейiн сан рет сағындырып, iш-құста еткен туған жердiң тау-тасы бұдан жүз жасырғысы келгендей.
4 Дарабоз – Жалайырдан шыққан ақылгөй, шешен əйел, Абылай ханның замандасы.
Жанұясымен тоқтаған жақын ағайынының үйiне келдi. Шəкiрдi күткендiктен түскi шайдың дастарқаны əлi жайылмапты. Жеңгесi сөзуар мол денелi, сары қарын əйел. Шəкiрдiң қуаңқы жүзiндегi ой табын бiрден аңғарып, саңғыр еттi.
- Көбелек қуып кеттiң бе, қайда жүрсiң iз-тозсыз жоғалып? Əлде бала кезiнде ғашық болған қыздарыңның (келiнiне көзiн қысып қойып) мен сияқты томардай қатын болғанын көрiп, қиялдап, соның мехнатын шегiп қайттың ба?– дедi.
Шəкiр жеңге əзiлiне қарсы ештеңе айтпады. Тек сыйлы адамына көрсеткен жылы шырайындай мырс еткен болды. Шай үстiнде зиратқа барып, көргенiн баяндай келiп:
- Сол күмбез баяғыда бiз бiлетiн Əбдiрахман шалдың басына қойылған ба?– деп сұрады.
- Тап сол қақпастың басына!..– Жеңгесi күле жауап бермекшi болып, шайына шашалып қала жаздады.
- Апырау, оған соншама бауыры езiлiп жүрген кiм? Əрi ол кiсi өлгелi қай заман? Ал мынау – жаңадан орнатылған күмбез ғой?
Жеңгесiнiң өңi қызарыңқырап, iштен лықылдап көтерiлген күлкiсiн əрең басып, қалпына келдi. Сосын ғана мəн-жайды түсiндiре бастады.
- Əй, қарағым-ау, бұл күндегi байлық, тоқшылық адамды қалай секiртпей жүр дейсiң. Есiңде бар ма, жоқ па, бiлмеймiн, ол кезде баласыңдар ғой, осы Əбдiрахман шалдың баяғы заманда сырт бiреумен қашып кеткен қызы бар емес пе едi. Аты – Оразгүл, мүмкiн бiлерсiң де.
- Оразгүлдi бiлемiн ғой. Əп-əдемi келiншек болатын.
- Бiлсең сол əдемi келiншегiң қазiр аяғын алып жүре алмайтын, сал ауруы бар кемпiр. Тұлыптай болып семiрiп кеткен екен өзi. Осы жаққа келгенде оны түстеп таныған да бiр адам жоқ. Сол Оразгүл, барған жерi бұл арадан алыста ғой, басқасымен бiрге басына қан шапшитын да ауруға шалдығыпты. Ер жеткен балалары көп екен, олар қанша емдеткенмен болмайды. Ақыры дəрiгерлер, сен туған, өскен жерiңе бар дептi ғой. Ауруыңның бiр емi болса сол болар дептi. Сосын амалы қанша, шалы қайтыс болған екен, бiр баласымен мына қалаға көшiп келдi.– Жеңгесi мана Шəкiр барып қайтқан зираттың арғы ойысындағы қаланы атады.– Келуiн келдi, бiрақ ауруының сап басылған ештемесi жоқ. Өзi былай, адамды мазасыз ететiн ауру ғой деймiн, шамасы. Əйтеуiр бiр кездегi əкесiн ойлап жылай бередi екен. «Өлiмiңнiң өзi анадай, менен басқа ешкiмiң жоқ, басыңа бiр белгi де қоя
алмадым ғой»,– дейдi екен. Шамасы бұлардың келген жағында өлген кiсiнiң басына бiрiмен-бiрi бəсекелесiп, күмбез орнататын дағды болса керек. Əйтеуiр не керек, шешесiнiң осы сөзiн ести берген баласы, бiрдеме ғып, оның көңiлiн көтерейiн дедi ме, өзi құрылысшы, тiптi гiлəуный iнженер дей ме, ақшаны төгiп жiберiп, атасының басына бiр-ақ күнде қоқырайтты да қойды ғой сол күмбездi. Бұл ауылда ол туралы неше қаңқу сөз туды десеңшi. Мұның ерсiлiгiн өзi де сездi ме, жоқ əлде жанына жақты ма, содан берi, олардың көшiп келгенiне үш-ақ жыл болды ғой, Оразгүл бiраз тынышталыпты дейдi.
Шəкiр жеңгесiнiң сөзiн одан əрi тыңдамай өзiмен өзi болып кеттi. Басына бала күннен есте қалған жайлар бiрiнен соң бiрi келе бердi.
* * *
Соғыстан кейiнгi жылдар. Шəкiр ол кезде тоғыз жасар бала. Əкесi Жақыпбек пен шешесi Айтбала жұмыстан кеш қайтатын да, бұл есiк алдында iңiр қараңғылығында жалғыз өзi оларды күтiп отыратын. Кейде мұндайда оны қорқыныш билейтiн. Анау- мынау қауiп туса кiмнiң үйiне қашып тығылуға болатынын ойша мөлшерлейтiнi бар.
Ондайда басқанiкiне болар, тек жолдың ар жағындағы ершi Əбдiрахман шалдың үйiне ғана артынан азу тiсi сояудай қабылан қуса да беттей қоймасын топшылайтын. Ол пана болып жарытпас. Оның үйiнде Шəкiр бiр ұстап көруге соншама құмартатын шаппа шоттың неше түрлiсi бар. Оған көзi де, көңiлi де суық Əбдiрахман жан баласын жуытпайтын. Бiр рет Шəкiр ол үйге шешесiне ерiп барып, шаппа шоттың бiрiне қолын тигiзе бергенде, Əбдiрахман Айтбаладан ұялмастан «тəйт» деп, қатты жекiрiп қалған.
Шəкiрдiң селк етiп, шошынғаны соншалық, бiрнеше күн кеудесiне үрей ұялап, арыла алмап едi. Шалдың мұнысы Айтбаланың жаман көңлiне келген, əй-шəй десер қатары емес, баласын жетектеп, келген шаруасын айтпастан тез шығып кеткен.
Əбдiрахман насыбай атады, апиын iшедi. Қақырық түкiртетiн көкжөтел ауруы жəне бар. Сонау жаз шыққанша жағылатын темiр пештен шығатын ыс, насыбай, апиын, үйдiң көгерген бұрыш- бұрыштары бəрi қосылып, адамды дем алдырмайтын ауыр иiс басып тұрады. Шəкiр шаппа шоттарды қызықтағаны болмаса
бұл үйде отырғысы келмейтiн, бара қалса кетейiкшi деп шешесiн мазалай берушi едi.
Əбдiрахман үйiнде балалардың көзiн тартатын тағы бiр оқшау нəрсе, оның бақшасында өсiп тұрған көкнəр гүлдерi. Кiшiгiрiм тостағандай ақ, сары, қызғылт, басқа түстi гүлдер алыстан көздiң жауын алатын. Оны үзуге Шəкiрдiң қолы жеткен емес. Көзi тұздай, сақалы сапсиған Əбдiрахман шал осы көкнəр гүлi дегенде аса қатерлi. Оның бiр түбi үшiн ол кiм-кiмнiң де басын шаппа шотпен қақ айырудан тайынбайтындай.
Əке-шешенi жалғыз күткен бейуақ кештерде сəби көңiлi мұздап, дүние құлазығандай көрiнгенде Шəкiрдiң жанын селт еткiзер жақсылық, қуаныш атаулы сол Əбдiрахман шалдың бақшасындағы көкнəр гүлiндей нелер бiр сұмдық қатердiң ар жағында қалғанға ұқсайтын.
Иə, Шəкiрдiң ағасы да бар. Бiрақ мұның өзiнен көп үлкен, он тоғыз жасар Марқабай Айтбаладан туғанмен əкесi бөлек. Марқабай Шəкiрдiң əкесi Жақыпбектiң ерте қайтқан жақын ағасынан қалған тұяқ едi. Жеңге алған Жақыпбек үшiн ол өз ұлынан бiр былай емес.
Бiрақ Марқабай колхоздың онда-мұнда деуiмен үнемi сырт жұмыста жүретiндiктен Шəкiр оны айында, жылында бiр-ақ рет көредi. Бұл үйде кiшкентайдан өзiнен басқа ешкiм жоқ.
Шiлденiң қайнаған күндерiнде əркiм өз тiрлiгiн iстейдi. Əбдiрахман шал насыбай атып, талмастан ер шабады. Күзде малы семiрген, жабағысы пiскен шопандардың жайлаудан етекке түсiп, ауыл үстiнен өтетiнiн бiледi.
Малшылар колхоз малын баққанмен өздерiнiң де он шақты, жиырма шақты тұяқтары болмай қоймайды. Жас төлдер өсiп жетiлгесiн бiр малы екеу болған олар сəл нығайып, анау-мынау салтанат қамын да ескередi. Соғыс тоқтап, жұрттың мауқы басылып қалған шақ қой, ендiгi тiрлiкке бiраз көрiк берудi де ойластырады. Малшылар арасында, əсiресе бозбалалары, олардың келiншектерi, тiптi қартаңдаулары да көш үстiнде əдемi жасалған ер, күмiстелген айыл-тұрман сияқты бұйымдарға қатты көңiл бөлушi едi. Ондайда атағы бiраз елге тараған Əбдiрахман сияқты ершiлерге соқпай өтпейдi. Мұның бiтулi дүниесi болмай қалса қиылып өтiнiш етедi. Жарамды қой, бiтiмi мол жабағы, қозыларын да аямайды.
Əбдiрахман бiр ердi бiр бас малдан кемге бермейтiн. Тек таудан ағаш тасығандар екi ер шығатын қайың шауып əкелсе
басқа ақы алмай соның бiреуiнен өзiне ер жасап беретiн. Малға шамасы жоқ кейбiреулер сөйтетiн.
Күзгi, көктемгi көшi-қон кезiнде Əбдiрахманның ырысы əбден-ақ мол. Ертелi-кеш үйiне келiп түсетiн атты адамдар көбейедi. Ара-кiдiк белсендiлер де бар. Қой, жарамды тоқты өңгерiп əкеледi де, қызыл, сары, қараға боялған əдемi ерлердi аударып, төңкерiп, қызыға қарап əкетiп бара жатады.
Əбдiрахманның осы жазда туған iнiсi көшiп келген.
Ағасының үйiмен қатар үйдi сатып алды. Əбдiрахман осындай еңбеккерлiгiне қарамай ғұмырының аз қалғанын жыланып жиi айтатын. «Ауырсам басымды сүйейтiн адам да жоқ, өле кетсем көмусiз қаламын-ау» деп боздай бергесiн iнiсi шыдамап едi. Олар жаздың соңын ала дəл жиын-терiннiң үстiне келген. Қазiр ол iнiсi арбамен астық тасиды, əйелi қызылша жонуда.
Iнiсiнiң үйiне Əбдiрахман бiр қойын сойып бердi.
Шəкiрдiң əке-шешесi ерулiкке шақырды. Iнiсi қаншардай қатқан арық қара əйелiмен, Əбдiрахман кемпiрiмен – бəрi келдi. Риза боп шықты үйден. Бiр-бiрiне бұлардан өткен бауырмал адам жоқ сияқты едi. Кенет тап сол күзде бұл ауылдағы жұрт ашық күнгi найзағайдай бiр сұмдық оқиғаның куəсi болды.
Əбдiрахман шалдың ұзатылған қызы бар-тын. Күйеуi соғыстың бiтуiне бiр жыл қалғанда ғана майданға кетiп, жас бейбақ сол бетте-ақ ауыр жараланып қайтқан. Қыздың барған жерi ат аяғы əрең жететiн Жаркент жақта. Əбдiрахманның күйеу баласын бұл жақта көп ешкiм көрмеген де едi. Мiне, сол бала ауыр жарақатының азабын аулында көрiп, биыл ерте көктемде қар кетпей-ақ қайтыс болғанын мұндағы жұрт тегiс естiген.
Күйеуiнiң əкесiнен қалған үй-жайы бар екен. Опырайып жалғыз қалған жас Оразгүл, оны бiрден тастап кете алмай, осы күзде əкесi қолына алдырғанша сонда тұрып қалған.
Ерте ұзатылған Оразгүл биыл он тоғызға ғана толады. Анау- мынаудай тез сыны кете қойған ештеңесi жоқ, елiктiң лағындай əсем, ойнап тұрған бала. Күйеуге тиген дейтiндей де емес. Осы ауылдағы ең кəрi кемпiрлердiң бiрi – Ақлима Шəкiрдiң шешесi Айтбаланың қолынан шəй iшiп отырып, үйiнiң алдында оны- мұныны iстеп жүрген Оразгүлдi көрiп, күрсiнiп салды:
- Қу соғыс-ай, бесiктен белдерiң шығып болмай, көздерiңдi төрт қылып мұндақ етiп, бастарыңа қара жапты ғой. Əйтпесе бүйтетiн заман ба едi?
Оразгүлге Айтбала да қызығатын. Бiр күнi күлiмсiреп отырып, күйеуi Жақыпбекке ақыл салды:
- Əй, осы Əбдiрахман шалдың қызын күйеуге тиiп шықты деп ешкiм айтпайды. Осыны Марқабайға айттырсақ қайтедi?
Жақыпбектiң өзiнен туған бала Шəкiр тоғызда ғана. Мына ой оған бiр түрлi қызық көрiнген. Марқабайға туған шеше Айтбала сөзiн бұл да күлiмсiреп құптады.
Бұл колхоздың малы Қора, Шажаның суы барып құятын Қаратал өзенiнiң төменгi ағысының бойын қыстайды. Мұнда күн суық болғанмен қар жұқа, қыс айларында мал жайылымына ыңғайлы. Марқабай сонда қора салушылармен бiрге. Анда-санда көлiк қатынағанда ғана келедi. Осындай бiр келiсiнде Айтбала сыр тартып айтып көрiп едi, жуастығы басым Марқабай «керегi жоқ» деп, терiс бұрылып кетiп, сөйлеспей қойды. Айтбала Оразгүлдiң өзiмен де үйде ешкiм жоқта шақырып алып, сыр тартып көрдi. Қыз сəл бұйығыланып, басын төмен салып алып, ештеме айтпады. Бiр ыңғайын аңыстаған болып, Айтбала көп ұстамады. Ендi əке мен шешенiң өздерiн шақыртып, солармен сөйлеспек. Сөз соларда қалған.
Бiр күнi ершi шал кемпiрiмен екеуi шарт да шұрт шатақтасты- ай келiп. Əбдiрахманның мiнезi жойқын. Кемпiрi Үмiтейдi дəу жұдырығымен ұрып жығады. Үмiтей есi кiргесiн бода-бода болып жылап, «қартайғанша ұрғаныңды қоймадың, кетемiн» деп арпалысады. Əбдiрахман үлкен тонын жамылып, «жiбермеймiн» деп, табалдырықта отырып алады. Айтбала осы халдерiнiң үстiне барған. Ол бiраз татуластырды. «Кешкiсiн бiздiң үйге келiп ашуларыңды басыңдар»,– деп қонаққа шақырды. Екеуi де ештеме болмағандай аспай-саспай келiп тамақ iштi. Шəкiр ершi шалдың тұздай көздерiн төмен салып, келiп отырғанына таңдана қарағандай, əке-шешесiне алақтай «бұларды неге шақырдыңдар» деп сұрағысы келгендей. Олар қайтуға ыңғайланғанда Айтбала:
- Ал ендi тату болыңыздар, ұрыспаңыздар бiр-бiрiңiзге. Қайта бала-шағаға тоқтау салатын үлкен адам емессiздер ме, шатақтаспаңыздар,– деп шығарып салды.
Осыдан бiрер жұма өткесiн оларды ендi əдейiлеп шақырды. Марқабай да үйде. Сөздi Айтбала айтты. Жауап берген Үмiтей. Ол шалының жақтырмаған қабағын байқаған.
- Қайдам, қарақтарым, пəлен деп, төлен деп, тап қазiр қызымызға ен салар жайымыз жоқ. Қыз жат жұрттық қой. Сонда да болса қолымызға жаңа келдi. Анау-мынау шаруамыз бар соған болыссын. Əзiр басқа ойымыз жоқ. Осы ел-жұрт тап қазiр қызға кенде емес. Бiзге əуре болмаңыздар.
Анық жауабын жаттап келгендей бұлай тақ еткiзедi деп ойламаған Жақыпбек пен Айтбала дағдарып қалды. Өз құлақтарына сенбегендей тағы да байқастап көрiп едi, екi кəрi мiз бағатын емес екен.
Жақыпбек пен Айтбаланың сырт ешкiмге дабыра қылмаған бiр құдалыққа аттанысы осылай аяқталып едi. Ал Əбдiрахман кемпiрi екеуi өздерiн бiр əлекке əзiрлеп жүргенiн аңғармапты.
Əбдiрахманның iнiсi Əлiбек бiртоға, жұмысқа ерте кетiп, кеш келгеннен басқа, қақ-соқпен iсi жоқ, өзi денесi еңгезердей жуас адам болатын. Анда-санда бiреуге қадала қараса ағасына ұқсас тұздай көк көздерiн əлдебiр мұң шалғандай қозғалмай қараушы едi.
Жаңа қоныстағы адамның шаруасы да көп. Жаз, күз бойы колхоз жұмысында ебiл-себiлi шығып, қолы қалт еткенде екi үйдiң отын-суын, шөбiн тасумен жүретiн. «Қың» деген сөзiн ауыл-аймақ естiмейтiн. Əлiбектiң бойындағы осы олқылықты толтыру үшiн жаралғандай-ақ оның арық қара əйелi Қатшаның жүрiсi мен сөзi көп екен. Мұнда көшiп келген бiрер айдың iшiнде- ақ, көшенiң бас-аяғына əлденеше рет шығып, жұрттың бəрiмен таныс-бiлiс болып алған.
Оразгүл осы Қатшамен бiрге егiн басында қызылша жонуда. Ерке өскен қағылез Оразгүл жеңгесiнiң қасында əлдеқайда басалқалы көрiнушi едi. Қатшаның əңгiмесiн тыңдаймын деп, онымен жүрсе аузын ашпайды.
Алғашқы қар түстi. Сонда да қызылша жиналып бiткен жоқ. Ендi анау-мынау жұмыстағы ер адамдарға шейiн қызылша жонуға шықты. Осы аз күндiк қарбалас үстiнде Қатша бiр iстiң басын қайырып та үлгерген екен.
Бiр жауған қар ерiп, жер қарайып күн жылынғанмен бригадирлер тынышсыздануын қоймаған. Үйдi-үйге кiрiп, кəрi- құртандарға дейiн жұмысқа қууменболды. Көбi «қазiр жаздағыдай емес, əнеукүнгi қардан кейiнгi топырақ суық, қызылша жона алмаймыз» деп зар илесе де, «ойбай аз күнге өлмейсiңдер» деп дiгiрлеген бригадирлерге лажы болмай кəрi сүйектерiн сүйретiп барып жүрдi.
Айла тапқан Əбдiрахманның кемпiрi Үмiтей. Оның сəл суық тисе тұла бойы қақсайтын ескiлiктi ауруы болушы едi. Содан сақтанып, бригадирлерге өзiн-өзi желкелетпес үшiн тап осы күндерде көршi колхоздағы бiр туысқанының үйiне жатып қайтуға кеттi. Сөйтiп «құланның қасуына мергеннiң басуы» дəл келген. Үмiтей жоқта Қатша өз елiнiң бiр жiгiтiмен Оразгүлдi уəделестiрiп, қашырып жiбередi. Барлық пəле осыдан басталады. Ол жiгiттiң Қатшамен алыс туыс екенiн Əбдiрахман бiлетiн.
Кемпiрi екеуiнiң iштей сөз байласулары бойынша бұлар Оразгүлдi сыртқа қарай қия бастырмақ емес едi. Кiм де болса қолдарына келiп, бұлардың отымен кiрiп, күлiмен шығатын, сөйтiп шыбын жанға тыныштық əперетiн бiреуге қоспақ. Сол бiр соғыстан кейiнгi еркек қара сиреген жылдары ондай дайын жұмыс күшiн бұларға бiреу жетелеп əкеп бере қоя ма, жоқ па, ол жағын ақыл тезiне салмады. Уыздай жастың обадай омалып, өңiнiң сынып, ажарының тайып, жұлқысаң үзiлмес, тiстесең шешiлмес жалғызбастылыққа бiржола байланар қауiп барын қырқылжың немелер ескерiп жатпады. Тiптi ондайлық ақыл-сана бұларға дарымағандай да едi. Мiне, ендi о бастағы көп опырсам деген ойдың, тəттi қиялдың күлi аспанға ұшты. Оразгүл ата-анасы бар, ағайыны мол бiреудiң жетегiнде кетiп отыр.
Ол кезде қазақтың сыңаржақ ғұрпы өз күшiнде. Атасыз- енесiз əлдекiмдер болмаса, алған əйелiнiң, оның ата-анасының үйiне «күшiк күйеу» боп кiрудi ел естiмеген қорлық санайтын. Мiне, Оразгүл сондай малды-басты, «намысты» ойлай бiлетiн, iрге бауы мықты бiреудiң уысына түстi. Əбдiрахман мұны алғаш сəтте-ақ айна-қатесiз түйсiнiп үлгердi.
Бұл Қатшаның iсi екенiн қоса сезiп, сол күнi-ақ iнiсiнiң үйiн қырып кете жаздады. Əлiбек «Оразгүлдiң басын айналдырған мен емеспiн, араластырмасын менi» деп ант-су iшкен Қатшаның бұрынғы қылығынан хабарсыз екен. Қартайса да қарулы ағасының тарамыс қолдарынан өз басын, əйелiн арашалап, бiр-екi рет үйден күштеп шығарып, есiктi iштен жауып алды.
Əбдiрахман – əрi қайратты, əрi бiрбеткей, бiр бүлiнсе қайтып жөнiне келмейтiн айтулы тоңмойынның өзi. «Биыл ғана менiң кəрi басымды сыйлап көшiп келiп отырған жалғыз iнiмнiң үй iшi ғой» – дейтiн ой адамға тəн басқа да көп қасиет сияқты мұның басынан алыс айналып ұшқандай.
Көп кешiкпей Үмiтей декелдi. Көршi-қолаңның жүрегiсездiме, байқастап отырып, «жаманат» хабарды оған абайлап, там-тұмдап жеткiздi. Үмiтей аузын жыбырлатып, көкiп отырған əйелдердi тұмсықтан салып жiберердей оқты көзiмен атып, кенет босаға жақта қасы-қабағы салбырап, жұрттың аузындағы «жаманат» хабарды үнсiз растап отырған Əбдiрахманға ұмтылды:
- Қақпас, сенiң көзiңдi шел басты ма? Неңдi бақтың, қақпас? Мен сенiң сақалыңды жұламын, жалғыз қызға ие бола алмаған,
қақпас!– деп, əншейiнде одан таяқ жейтiн кемпiр бұл жолы шалынан əлдеқайда мықты болып шықты. Жұрт араша түсiп үлгермедi, шалын жығып салып, үстiне мiндi. Ендi сақалға қол салмақшы болғанда ғана айырып алысты. Əбдiрахман кемпiрi тап бергенде əбден күш-қуаттан айрылған адамдай қиралаң етiп, түк қарсылық бiлдiрмеген. Түбi шiрiген кəрi теректей сұлап түстi. Шарт-шұрт, қырыс мiнезi бар Əбдiрахманның сырына қанық жұрт олардың мына халдерiне қайран қалысты.
Үмiтей «қақпас, сенi тұншықтырып өлтiремiн, ажалыңнан бұрын көрге тығамын» деп жұрттың қолында тулады. Сол күнi көршi-қолаңның қатындары тегiс Үмiтеймен арпалысты. Басына қара жамылғандай Əбдiрахман шал кемпiрi тап қазiр өзiн үйтiп жесе де тұяқ серпе алмастай жерге қарап, безере бақты.
Осы iстiң ақырына таман бұл үйге Айтбала да барған. Екi бетi қап-қара боп түйiлген Үмiтей оған қарай алған жоқ. Екi иығынан дем алып тұрып, бiр əдiкте айтқан сөзi:
- Əлжуаз қақпас, құдай сенi алайын десе бүйтiп ала алмай тұрғанын бiлгенiмде мына Айтбалаларға əнеукүнi оң сөзiмiздi айтатын едiк қой.
Мұны күтпеген Айтбала өңiн өрт шалғандай өзiне жалт қарасқан көршiлердiң көздерiнен қалай жүз жасырарын бiле алмай, сасқанынан:
- Ой, жеңеше-ау, өткен iске өкiнiп не қыласыз? Болары болды, сабыр қылсаңызшы, басылаңыз ендi. Тең теңiмен, тезек қабымен деген. Оразгүл малға, жалға кеткен жоқ, өз қалауымен теңiн тауып кетiп отыр емес пе? Оған күйiнетiн не бар соншама? Қайта ақ бата айтудың орнына, не мынау? Тiптi жараспайды сiзге!– дей бердi. Айтбаланың «ақ бата» дегенi Үмiтейдiң бет-жүзiн одан сайын қара күреңiтiп жiбердi. Мына сөзiн айтуын айтқанмен Айтбала көлденең жұртқа дабыра қылмайық деген бiр сырды оспадарсыз кемпiрдiң төбеден қойып қалғандай жария етуiнен қатты қипалақтаған.
Сол күнi Үмiтей лаңының ақыры ұзақ күңкiлге айналып, түннiң бiр уағына дейiн басылмағанын көршiлердiң құлағы естiп отырды.
Ертеңiне Үмiтей қаһарына қайта мiнiп, Əбдiрахманның мүлдем басына шықты. Арашалайтын ешкiмнiң жоқтығын бiлiп, тақыр басына, бетiне тырнақ iзiн салып, сақалдан жұлқылап та алды. Атып тұрып, қайратына мiнсе атан түйе секiлдi Əбдiрахманның мынау шүйкедей кемпiрдi шыбын ғұрлы көрмей жаншып кетерi анық. Сөйте тұра оның осыншама жүнi жығылып, көнбiс болуы жұрттың жағасын ұстатты. Ершi шал тiптi бiрдеменiң шалығы шалғанға да ұқсайды.
Тағы үш күн өткен. Үмiтей күңкiлiне көршiлердiң құлағы үйренiп те қалды. Ағалы-iнiлi Əбдiрахман мен Əлiбек үйлерi бiр- бiрiне сыртын берiп, өзара қатынаспай қойды. Сырт көзге осылай доң араздықпен ғана даудың аяғы бiтетiнге ұқсап едi. Əбдiрахман қайтып iнiсiнiң үйiнiң əлек-шəлегiн шығарған жоқ, тiптi олай қарай аттап та баспады. Тек күндiз баласы кемпiрiнiң күңкiлiне шыдамағасын ба, үйiнiң арт жағында iрге тасқа арқасын сүйеп жол жаққа қарап отырады да қояды. Тек əрi-берi өткен адамдар тұздай көздерiнiң нала, мұңмен шыланып, өзгерiп кеткенiн аңғаратын. Мұны Шəкiр де байқап, Əбдiрахман үйiнiң тұсынан өтуге қорқатын болды.
Əлiбек арық қара əйелiн үйде жүмпездеп алып:
- Көлбеңдеп, ана шалдың көзiне көрiне берме, құртады сенi!– деп, қатты ескертiп қойды.
Кешке ел жұмыстан қайтқан шақ, қазiр суық түсiп, əйелдердiң, басқалардың қызылша жонуға қолы шыдамағасын күн барда-ақ оралатын. Əлiбек те ертерек келiп ауыл сыртындағы бiр шөмеле шөбiн осы екi кештiң ортасында əкеп алмаққа арбасына шарбақ байлап, жан-дəрмен қимыл үстiнде едi.
Ағалы-iнiлi екi үйдiң арасы отыз-қырық қадамдай ашық жер. Арба Əбдiрахман үйiне қараған қабырға сыртында. Əлiбек ол жаққа арқасын берiп, еңкейе бiр шегенi тықылдатып қағып жатқан.
Кенет Əбдiрахман үйiнен бiр буда қыл арқанды алып шықты да алдын ала əзiрлеп қойған тұзақ жағын аяғының дыбысын бiлдiрмей келiп, iнiсiнiң мойнына салып жiбердi.
Кəрi қабылан бар қайратын осындай жауыздыққа жиып жүргенi ендi анық едi. Мойнына арқан түскенде бойынан əл кеткен Əлiбек шалқасынан құлады. Əбдiрахман оны он қадамдай жерге сүйретiп барды. Одан əрi қарай əкетпекшi едi Əлiбектiң бiр иығы ағаш түбiрiне тiрелiп, қозғалта алмай қалды.
Айтбала оларды тап осы хал үстiнде көрiп, өз үйiнiң табалдырығынан берi секiре аттан салды. Жұмыстан қайтқан Жақыпбек те өз үйiнiң тұсына кеп қапты. Ол əйелiнiң даусынан бала жазым болған екен деп ойлаған.
Əй, не болды?– деп ол да берi қарай жүгiргенде жүрегi алқымына тiрелдi. Алғаш сəтте есi шыққан оның көзiне арқан шұбатқан Əбдiрахман ғана түскен. Көзi тұздай қырыс мiнездi шал балаларға сұмдық рахымсыз. Өзiнiң кiшкентай Шəкiрiне бұл қайтсе де кəкiр келтiрдi деп, қас қаққандай сəтте жаман ойлар басынан зу-зу еттi. Кенет арыстандай боп сұлап жатқан Əлiбектi көрiп, миының тағы бiр бұрандасы қозғалып кеткенге ұқсады.
Шəкiр де үйден атып шығып, осылай қарай жүгiрген. Жақыпбек оның амандығын жаман көзiмен ата барлап алды да Əлiбекке ұмтылды. Мойнындағы қыл арқанды көрiп:
- Өй, қақпас!– деп Əбдiрахманға ақыра ұмтылды. Айтбала оның қолына жармасып, арқанды ендi жұлқылаттырмауға күш салып жатқан. Жақыпбек арқанды күшпен өзiне тартты да Əлiбектiң мойнын тұзақтан босатып алып, басын сүйедi. Кiрпiгi əрең қозғалады.
Əбдiрахман ендi Айтбаламен арқанға таласып, онысын шала- жансар iнiсiнiң мойнына қайта салмаққа өңмендей бердi. Қарулы Жақыпбек атып тұрып, шалды ұрып жықпақшы едi, Əлiбектi тастап кете алмады.
Əп-сəтте у-шуласып, көршiлер де жиналып қалды. Əлiбектiң əйелi Қатша да зар еңiреп күйеуiн бассалды. Əлдеқайдан бригадир Сəмет пайда бола кеткен.
Сəмет-ей, Əлiбектiң басына келшi, мен ана қақпасты бiржолата сұлатайын,– деген Жақыпбекке ол қолын бiр-ақ сiлтеп, «сабыр ет, неғыласың, болар iс болды» деген белгi бердi. Салы суға кеткен адамша, ол да тiзесiн бүгiп Əлiбектiң жүзiне үңiлдi.
Əбдiрахман көп адам топырлап қалғасын арқанын жиып, үйiне кеттi.
Керегiң сол едi, керегiң сол едi!– деп барады.
Бармысың, жоқпысың, ойбай!– деп аттандаған Қатшаның үнiн жұрт əп-сəтте өшiрдi. Күдiк пен үмiт жүздерiнде алма-кезек ауысып, жиналғандар үнсiз қимылдады. Бастығы Сəмет пен Жақыпбек.
Кемпiрлердiң бiрi Əлiбектi осы жерде ұшықтап, балаларды аздап тəуiптiгi бар Ақлимаға жүгiрттi. Ақлима жүзге келсе де бойы тiп-тiк, жұрттан еңсесi биiк, қолы шипалы, көзi қарақты жан едi. Астында қамыты жаңа сыпырылған қос аты бар бiр жас бозбаланы жолдан бұрып алып, оны жекеменшiк мал қамалатын қораға жөнелттi. Ол Əлiбек үйiнiң бiр қойын алып кеп, оны сол алагеуiм кеште бауыздап, етiн терiсiне дейiн Қатша көршi-қолаңға табанда үлестiрiп бердi. Ырым бойынша садақаға сойылған малдың етiн иелерi татпауға тиiс. Қанын итке жегiзбей жерге көмдi.
Қараңғы түсе Ақлимаға тағы ұшақтатып, Əлiбектi үйiне енгiздi. «Бармысың, алтыным, ойбай» – деп Қатша тыныштықты бұза сұңқылдап қоя берсе, бəрi жапа-тармағай ұмтылып, тiстерiн сықырлатып, жабыла нығарлай үнiн өшiредi.
Əлiбектi ешқайсысы тарамай күзетiстi. Үйлерi алаң- ашық қалса да азаматтың жаны үшiн бəрi садақа дегендей əрқайсымыздың қол ұшымыз алда-жалда бiр керек болып қала ма деп, кiрпiк қақпай қарауылға тұрған.
Мұндайда туған бауырдың да ауылы алыс қалып, жан алқымға тiрелген қиын шақта қасынан табылған көршi-қолаң едi.
Əбдiрахман үш-төрт күннен берi өзiн көк тулақша үйiрген кемпiрiне ата жауынан кек алып қайтқандай айдынын асыра келдi. Үмiтей мұның не iстегенiн терезеден көрiп қап едi. Ендi үйден шыға алмай отыр. Шалына үн қатпақ түгiл көзiне тура қарауға дəтi жоқ. Қанға малынған шеңгелiн ашу үстiнде ендi өзiме салып жiбере ме деп денесi қушиып, терезе алдында бүк түсiп отырып қап едi.
- Атаңа нəлет, барсын баратын жағына, барсын баратын жағына. Қаншырдай қатқан қатыныңа ие бола алмайсың. Сенi аяудың қажетi жоқ. Баратын жағың сол болса, қидым сенi, қидым сенi! Əке-шешемнен де əулие емессiң. Олар да сол жақта.
Əбдiрахман есiк пен төрдiң арасында ерсiлi-қарсылы дамыл таппай алабұртып, сөйлеп жүр. Сырғауылдай бойына лайық жүндес бет-өңiрi, көз бен жақ сүйектерiнiң қыры ерекше айқындалып кеткен. Қозғалысы – ширақ. Қарсыласын тез сұлатып салып, күреске тоймай қалған кəрi балуандай аласұрып, тиiсетiн қара таппағанға ұқсайды. Көптен жатып, тот басқан ескi балта сiлтесең əлi де қатты тиедi. Əбдiрахманда да сондай тозбаған ескi қайрат тұлабойында буырқана оянып, қызыл ала түске боялғандай қолдары не қимылға да əзiр, қалт кетiп, тая сағатын емес.
Үмiтей басын шағып, шалына қайтiп жағудың, тым болмаса осындай қанқұйлы кеште өз басын қауiпсiз етудiң амалын таппай азулы аң мен тас қабырғаның ортасында қалғанын сезiп, астындағы қара жер ойылып кетер ме екен деген əлсiз үмiтпен ғана бiр уыс бола түстi. Тысқа шығып, жан баласына көрiнер бет жоқ. Үйде мына арыстанның ойнағында отыр. Барлық тiрлiк- тынысы бiр тал қылға iлiнiп тұрғаны өзiне айқын.
Апырау, үндемесем осы күйiмде тұншықтырар. Бiр ауыз сөз айтуым қайтсе де керек шығар. Бiрақ, не деу керек? Əлiбектiң үйiне барып, жұртпен бiрге басын сүйесейiн бе? Жоқ, «Əбдiрахман, отыр, тыныштал, мен шəй қояйын дейiн бе?» Адуын шалдың мына сойқан мiнезi үстiнде қанды шеңгелiн өзiме бұрып алмауым үшiн бұған қай қырынан келуiм керек? Ажалдан бас сауғалауды ойлаймын деп, əлсiн-əлсiн өзiнiң жұртқа бет көрсете алмайтынын да ұмыта бередi.
Үмiтей бар мен жоқтың арасында осылай екi-үш сағаттай отырды. Əбдiрахман есiк пен төрге талмай жортуылдап, ақырында сол жақ босағаға барып, бiр жамбасымен дүрс еттi. Сансырап жығылған. Қайтып қозғалған жоқ. Ұйқтаған адамша тынысын ауыр алады. Үйреншiктi қорылы естiлер ме екен деп Үмiтей жаны шыға күттi. Қорылы естiлмедi, əрi ояу адамға ұқсамайды. Түннiң бiр уағы боп қалған.
Арыстай азамат бар мен жоқтың арасында жатқан көршi үйден дауыс шықпады. Демек Əлiбектiң кеудесiнен əлi жан кетпеген ғой. Кеудедегi жан дегеннiң қадiрiн Үмiтей шалының табанында тапталу қаупiн өткерген осы кеште ұқты. Ағайынды екеудi көпе- көрнеу бiр-бiрiне қол салдырған өз əрекет-тiрлiгiн ақылмен болса да бiр шолып сарапқа салуды ойламады. Тек күнəсiн iштей сезiп, осы қатерден өз басын аман алып шығудың ғана төңiрегiнде ес таппай амал-шара ойластырды.
Əлiбек үйiнен жұрт ел жатар уақытта ғана тарады. Бəрiне басшы Ақлима: «қарақтарым, сендер қайтыңдар, өзiм осында бола тұрамын»– деген. Сөзi салмақты, ажары салқын кəрi кемпiр Əлiбек басындағы жастыққа шынтағын сүйеп, түнiмен өз бiлген дұғасын əлденеше рет қайталап шықты.
Таң ата ғана аурудың кiрпiгi қимылдады. Ертеңгiсiн жұрт жұмысқа кетерде Əлiбектiң халiн бiлiп шықпаққа бiрiнен соң бiрi осы үйге келе бердi. Бiрақ Ақлима бiрiн де «аурудың мазасын алмасын» деп, Əлiбек жатқан бөлмеге жолаттырмаған. Күн шыға осы ауылдағы жалғыз молда келiп ауруды үшкiрдi. Ол қазiр түн баласы арбаға жегiлетiн, басқармалар мiнетiн жұмыс аттарын бағатын. Кеше кешкiсiн оған жүгiрткенде ол аттарды айдап, ауыл сыртынан ұзап кеткен екен.
Осылай əрi-сəрi халде жатқан Əлiбек үшiншi күнде ғана басын көтердi. Аяғын басып жүре алатын да шаққа жеттi. Бiрақ тым сүлдесоқ, басын ауырсынғандай жастыққа қайта қисая бередi. Жұрт өзiмен жарқылдап сөйлесейiн десе бұл бiр сөздi де көтере алмайды. Ендiгi тiрлiкке жат бауыр тартып, бəрiнен терiс айналған. Ешкiмге тiл қатпайды. Бiр кесе сұйық тамақтың өзiн жарты сағаттап, сораптап отырып, əрең iшедi.
Саржотаның арғы ойысында жаңадан түтiн түтеткен Текелi қаласы бар. Аз уақыттың iшiнде алыстан ақ жұмыртқадай болып көрiнетiн əсем екi-үш қабат үйлерi пайда болып едi. Сонда керемет дəрiгерлер бар деген емiс-емiс хабарлар осы ауылға да жететiн. Жұрттың қараңғылығына дауа бар ма, ауру-сырқау көп бола тұра осы таяқ тастам жерге бұл ауылдан ешкiм аяқ аттап басқан емес. Қатша, көршi-қолаң Əлiбектi сол дəрiгерге барып көрiн деп қажай бастады. Əлiбек бұл сөзге мəн беретiн емес. Кейде жұрт не айтып отыр дегендей болып, ағасына ұқсаған тұздай көк көздерiн көтерiп, ес-түс жоқ адамдай ұзақ самарқау қарайтын.
Қатша бұдан не келiсiм, не қарсылық белгiсiн көре алмай ақырында өздерiнiң биесiн арбаға жегiп, күйеуiн сүйемелдеп отырғызды да сол қалаға қарай тартты. Бұлар сол күнi-ақ оралып, Əлiбек қайтадан бас көтерместен жатып алды. Дəрiгердiң не дегенiн Қатша бiлмейдi, көршi-қолаң қайта-қайта келiп, Əлiбектiң аузына қарап дiлгiр болды.
Осыдан тағы он күн өткен соң ғана Əлiбек тiлге келдi. Үйде Ақлима кемпiр, Айтбала, тағы екi-үш əйел шай iшiп отырған. Бəрi жан-жақтан анталап:
Қарағым-ау, ауруын жасырған өледi деген. Ең ғұрмаса дəрiгер не дедi, соны айтсаңшы. Егер ол дəрiгердiң қолынан ешнəрсе келмесе, онда емшi iздесеңдершi. Бүйтiп оңған шүберектей болып жантая бергенiң жақсылық емес қой,– дестi. Əлiбек сонда ғана мұрнынан леп шығарып, бiр ыңылдап алды да жөнге келiп, тiл қатты:Менiкi жасыратын жара ма? Жұртым, мен бiткен адаммын,– деп, маңдайын сүйеп, төмен тұқырып аз отырды да, тағы сөйледi.– Дəрiгердiң өзi маған қайран қалды. Мұндай сұмдықты көрмеп едiм деп, жағасын ұстап шошыды ғой. Өңешiңнiң бiр жағы жыртылған дедi. Аттан жығылдың ба, ағаштан құладың ба деп, жанымды қоймай сұрай берген соң, иə аттан жығылдым дей салдым. Сосын бiз əперəсия жасаймыз, бiрақ бұл хауiптi əперəсия, өле кетсең бiз жауапты емеспiз, соған тiлхат бересiң дедi. Əрi əперəсия кезiнде ең жақын туған-туыстарың қатысып отырады дедi.
Əлiбек басын төмен салбыратып, əлденеден қатты шалдыққан адамша ауыр тыныс алып, бiраз отырды да сөзiн ақырына жеткiздi.
Иə, ең жақын туған-туысқандарың дедi. Сондағы туған- туысқан мынау Əбдiрахман ба? Жоқ, ағайын, менi əуре қылмаңдар, мен бəрiбiр мал болмаймын.
Əлiбек осылай үйiнде тырп етпей жатып, тағы бiр ай өткесiн қар əбден бекiген кезде қайтыс болды.
Əлiбек ауласы ағыл-тегiл улыған-шулыған боп жатқанда Əбдiрахман шал өз үйiнiң сыртында арқасын қабырғаға жапсырып, қасында ешкiм жоқ, қара басы «жалғыз қалдым-ау, жалғыз қалдым-ау» деп кемсеңдеп, күн ұзаққа жылап отырды. Кеудесiнен жаны шыққан Əлiбектiң екi туып, бiр қалған дейтiн бұл жалғыз бауырына ешкiм қайрылып көңiл айтқан жоқ.
Өлiк шыққан үйдi балалар алыстан торуылдап, көздерiн қадаумен болып едi. Мұндай жерге өздерiн жолатқысы келмеген үлкендердiң қаһарынан именiп, көлденең көшенiң ар жақ бетiнде, көршiлер ауласында, қора-қопсыға, ағаштарға сүйенген күйi əрқайсысы өз орнында тапжылмаған.
Шəкiр Əбдiрахман үйiне таяу тұста едi, ершi шалдың елден оқшау отырысын, тұздай көздерi тап бүгiн ағып түскендей оларын қолымен басып, жүнi жығыла еңкiлдеп жылауын қызық көрiп, анау дүрмектен гөрi осыған көбiрек алаңдаған.
У-шу жылаулар ортасынан бригадир Сəмет берi бөлiнiп шықты. Бұл ауылдағы ең беделдi адам едi. Ол Əбдiрахманның халiн алыстан байқап, оған қыли қарап келедi. Шəкiр бұл мына шалды жұбатпақшы шығар деп ойлаған. Олай болмады. Əбдiрахманға таяқ тастам жер қалғанда екi мықынын тiреп, оған қалшия қарап тұрып қалған. Шəкiр де, оның қасындағы балалар да мұның жүзiнен бiр кекесiн көрдi.
Сəмет мұртын тiстелеп, Əбдiрахманнан көзiн айырмай бiраз тұрды да:
- Əй, Əбеке!– деп саңқ ете қалды.– Ендi сенi кiм көмедi?
Сəметтiң мына сөзi Шəкiрге анық жұмбақ едi. Ол жұрттың өлген Əлiбектi бейiтке апарып көму үшiн жиналғанын, өз əкесiнiң бiраз кiсiмен бiрге ақым қазып келгенiн мана ұққан. Кеудесiнен жан шыққан адамның қандай болатынын бiлмейтiн Шəкiрге ендi мынау ершi шал да өлген сияқты көрiндi. Сəметтiң жаңағыдай сауал қоюы, жұрттың бəрi Əлiбектi жерлеуге жиналып, ал Əбдiрахманды көмуге ешкiмнiң қолы тимейтiнiне қабырғасы қайысқаны деп ұқты. Мүмкiн Əлiбек те осы ершi шалға ұқсап, анау аңыраған жұрттың ортасында екi көзiн басып еңкiлдеп отырған шығар.
Ақыры Əлiбектiң бəйтеректей ұзын денесiн киiзге орап арбаға салғанда жұрт зорлықпен үнiн өшiрiп, жер астына тастауға əкетiп бара жатқанға ұқсады.
* * *
Сонымен өмiр өте бердi. Бiр қызығы Шəкiр осы жасында- ақ Əбдiрахман шал, оның ел аман, жұрт тынышта жесiр қалған келiнi Қатша жөнiнде өзiнiң əке-шешесi, басқа да ересектер не айтады деп, соған көп алаңдайтынды шығарды. Ертелi-кеш от басында ершi шалды айыптаған, ел арасынан тып-типыл жоғалған Əлiбектi аяушылықпен еске алған сөздердiң талай көкесiн естiдi. Тек Қатшаны ғана жұрт не даттамайды, не мақтамайды. Сөздерiнiң бас-аяғында оның есiмiн қыстырғанмен қай мағынада екенiн Шəкiр бiртүрлi ажырата алмайтын. Ендi Қатша жөнiндегi жұрт пейiлiн олардың бет құбылысына қарап қана тану қалып едi. Шəкiрдiң оған да аңсары ауды. Мiне, бiрде Шəкiрдiң əкесi жұмыстан қайтып, көлденең көшеден үйiне бұрыла бергенде марқұм Əлiбек ауласында Қатшаның көйлегi бұлғаң етiп, ғайып болды. Далаға əлдебiр шаруамен шыққан бетiнде Жақыпбектi көрiп, керi қарай жалт берген. Жақыпбек жүрiсiн тоқтатып, аз-кем ойланып қалды. Əкесiмен бiрге назарын солай аударған Шəкiрдiң көзiне жолдың төмен жақ ойысындағы Əлiбек үйi көрнеу көзге аласарып кеткендей тым қушиып көрiнедi. Əншейiндегi жеңiлтек əйел Қатша да соңғы кезде жұрт көзiне көп түсе бермейдi. Қайта елден, жұрттан жүз жасырып, бойын аулақ алып қашқысы келедi. Күйеу баласы өлiсiмен осында көшiп келген Қатшаның шешесi де айнала көршi-қолаңмен табыса қоймады. От басына үңiлiп, қатып-семiп қалғандай көршiлердiң бiрiнiң де табалдырығын аттаған жоқ. Шəкiрдiң кейiн есейе келе ойлағаны бар. Əкесi осылай қараған кезде Қатшаның ең алғаш көшiп келгендегi мiнезiн еске алатын шығар. Ол кездегi Қатша мүлдем бөлек едi ғой. Кiм- кiмге де қазiргiдей емес, басқа қырынан танылған. Көшенiң бас- аяғына бiр-ақ күнде шығып, бiрер жұмада-ақ жұрттың бəрiмен танысып алған. Ал қазiргiсi мынау. Күйеуi соғыста емес, қасында өлсе де бəрiбiр ер қазасын көтерген қаралы əйел ғой. Бет-жүзiн неге жасыра бередi? Басқа жесiрлер өйтпек түгiл, маңынан жүрiп кетсең-ақ шартта-шұрт бүлiнiп, жер-көктi күңiрентiп дауыс салуға əзiр тұрады.
Ал Қатшаның мiнез-құлқы оларға тiптен қарама-қарсы. Ел көзiнше бiр ұрлығы ашылғандай өз-өзiнен жүз жасырудың қамын жасап жүредi. Əлдебiр жастардың сауабын алам деп, оның аржағынан мұншама сұмдық туындарын болжамай ойсыз от басқан өз қылығының нəтижесiнен өзгерген сын-сипаты ма? Жоқ, бұл күнде қасында жоқ күйеуiн «ақыр шығасы адамсың, күйiгiңдi мұнда көтерткенше ел қатарлы кешегi соғыстан неге қайтпай қалмадың» деп, iштей жазғырғаны ма?
Ел қорғап шəһит болғандарды жұрт құрметпен еске алады. Олардың жетiм-жесiрi не деп қиғылық салса да бəрi орынды, мынауың олай емес, былай дейтiн ешкiм жоқ. Мұны Қатша түсiнбейдi дейсiң бе? Қанша санасыз болса да, өз қасiретi мен мұның мұңын мұңдасарлық ел-жұртының арасында бiр ор қазылып қалғанын көрiп жүр ғой.
«Ағаңның жанына көшiп келемiн деп, ит өлiмiмен өлген сенi кiм құрметтеп еске алар дейсiң. Бiздiң босағамыз ойрандалды дегенге кiмнiң қабырғасы қайысар? Қазақтан күлге аунап өлдi деп, ең ақыры оның өлiмiн де қорсынар пендесi өзiң болдың ғой». Шəкiрдiң түсiнiгiнше əкесi Жақыпбек қана емес, басқа ересектер де Қатшаның iшкi дүниесiнiң жай-күйiн өз көкiректерiнде осылай сайратады. Оны зерделi Шəкiр үлкендердiң кейбiр сөздерiнен де ұстап қалатын. Əйтпесе, Қатша ауыл-аймақ алдында абыройы төгiлгендей көлеңкесiн көрсетпей, жымын жасырып, өз үйiнде ғана моладай жапырайған күйге түсер ме едi.
Ары-берi өткен-кеткен, көршi-қолаң Əбдiрахман шалдың үйiне жаман көзiн ата қарағанмен ол жақтан да жан баласы көрiнбейтiн. Қайта Қатша оқта-текте жұрт көзiне көлбең етсе ершi шал кемпiрi екеуi жердiң жарығына бiржола түсiп кеткендей.
Əлiбек өлiмiнен соң үш жыл өткенде Шəкiрдiң шешесi Айтбала бiраз жыл өткiзiп барып қайта құрсақ көтердi. Ақыры толғақ сəтi келiп, көршi-қолаңның əйелдерi жиналғанда лып етiп, есiктен ершi шалдың кемпiрi Үмiтей де көрiндi. Шəкiрдiң көптен берi алғаш түстеп танығаны осы едi. Бұл кезде аздап естияр Шəкiр оның қатты өзгерiп кеткенiн байқады.
Шар етiп, бала туғанда əйелдердiң бəрi сергек қимылдады. Бiрақ солардың iшiндегi ең елгезегi Үмiтей сияқты. Сəл бетi iсiп домыққан ол Айтбала төңiрегiнде не көмекке де дайын шапшаңдықпен лыпып тұр. Аласа бойлы, толық, қалың киiм кисе мүлдем домаланып қалатын бұл қартаң əйелдiң түр-түсi қазiргi қозғалысына лайық қажыр-қайрат молдығын танытпайды. Көзiнiң айналасы көлкiлдеп, тамағы қырылдап, төсек тартып жатқан жерiнен оқыс шаруа қамы атып тұрғызған жанға көбiрек ұқсайды. Сонда да қозғалысы ширақ. Лажсыздың күнiмен елпеңдеп тұрғанын көлденең көзден жасыру үшiн ауық-ауық орынсыз ыржиып, зорлана күлген күлкiсi айналасы iскен қысыңқы көздерiн жаман үңiрейтедi. Ал айнаға қарап, өзiнiң түр-түсiн əрқилы бет құбылысы үстiнде бақылау ол заманда Үмiтей ғана емес, жалпы
шаруа адамына бiтпеген, естiлмеген дағды ғой.
Бiр кезде дiнi қатты, көзi тұздай апиыншы Əбдiрахман шалды еркiне бағындырып, тiптi оны қандықол қылмыскер етуге де құдiретi жеткен Үмiтейдiң осындай күйгелек бейшара қалпының төркiнiн танудың қиындығы жоқ. Iнiсiнiң мойнына арқан тастап ажалына себеп болған ершi Əбдiрахман бұл кезде қатты ауру. Жан баласы оның халiн сұрап, үйiне бас сұққан емес. Шаппа шоттардың неше түрлiсi iлiнген, ыс басқан тар бөлмеде көкiрегi күрiлдеп, сарылдап, қақырып-түкiрiп, төсек тартып жатқанына көп болған. Ешкiмдi көрмей, кемпiрi Үмiтейден басқа адам жүздерiн ұмыта бастағандай да едi.
Төрiнен көрiжуыққалған Əбдiрахманшалдың ондайқылмысқа неге барғанын анық бiлiп болған жұрт бұлардан əлдеқашан терiс айналған. Көздерiне көрiнбейтiн, үйiнен шықпайтын Əбдiрахманды небiр, улы сөздермен ғайбаттаса, Үмiтейдi одан əрмен қағып-соғатын. Еркек атаулы көсенiң сақалындай селдiреп, жесiрлердiң даусы құлақ тұндырған мына заманда қызының теңiн тапқанына шүкiршiлiк етудiң орнына əңгүдiк шалының қолын қанға малғанын кiм кешiре алсын. Ол кездегi жұрт қазақшылыққа салынып, Əбдiрахманның iсiн заң орнына жеткiзген де жоқ.
Əбдiрахманның қаза болған iнiсiнiң əйелi де бұл күнде көшiп кеткен. Оның арғы түбi Арқа жақтан едi. Күйеуiнiң жалғыз ағасы мынау Əбдiрахман шал болса оған қарайлап қайтсiн? Баяғыда осы көршi шалдың қызы Оразгүлдi өзiнiң көмегiмен алып қашқан ағайыны сол атамекен – Арқа жаққа қайта көшуге ыңғай бiлдiргесiн, Қатша ешбiр ай-шайға қарамай солармен бiрге кете барған. Қазiр ершi шалдың үйi үй емес, төңiрегi тап-тақыр, елсiз жазықтағы жалғыз молаға ұқсайды.
Мiне, Үмiтейдiң сол моладан шығып, тiрлiк иелерiн iздегендегiсi осы. Айтбала толғатып, жұрттың жас нəресте күткендегi абыр-сабыры, Үмiтейдiң осы абыр-сабыр ортасындағы емiн-еркiндiгi мұның басына күн орнағандай шамадан тыс зор бақыт едi. Айтбала толғағына арнайы шақырған да ешкiм жоқ. Жаңа өз үйiнiң ауласында тұрып, осылай қарай самбырлай жөнелiскен кемпiрлердiң сөздерiн естiп қалғасын келiп отыр. Басқалар мұның келуiн жаман ырымдай көрiп, жақтырмаса да «кет» деп қалай айтсын. Өз үйi, өз босағасында əдейiлеп кiсi шақырып жасаған той-томалағына сұраусыз баса-көктеп кiрiп келiп отырған жоқ. Көршi əйелдiң толғағы үстiнде бұл да қол ұшын бермек боп, қайтсе де жақсы ниетпен жеттi ғой. Сол ғана бұлардың қатал кəрiне тұсау сияқты.
Үмiтейдiң зорлана күлiп, өтiрiк ыржиюы мынау жұрт iшiнде емiн-еркiн болуын өз басының қипалақтамай, ауырсынбай көтеретiн қуанышындай көрсетпек пиғылынан да едi. Ешкiмнiң мұны бөле жармауы, қырыс қабақпен атпауы үйдегi шалының қақырық-түкiрiгiнен кейiн көз алдында айқара ашылған жұмақ төрiндей мұның қасаң жанына жылы ағын бердi. Тек оқта-текте ауылдас əйелдердiң мынадай iзгi, жақсылық ниетiне қатты тосаңсып қалған ол өз қимылы өзiне дөрекi көрiнiп, салдыр-гүлдiр еткiзiп ойда жоқта бiрдеменi қиратып алудан қатты сақтанады. Үмiтейдiң осы түр-түсi Шəкiрдiң бiржола есiнде қалыпты.
Тағы бiрер жылда Əбдiрахман ершiнiң өзi де өлдi. Шəкiр осыдан бiраз жыл бұрын бұл шалдың өз iнiсiнiң қайғылы қазасы үстiнде у-шу жұрттан аулақ жалғыз кемсеңдеп отырған түрiн көрiп, бригадир Сəметтiң «сен қақпасты ендi кiм көмедi?» деген сөздерiн еске алды. Сонда жас баланың ершi шалға қарап, «өлген деген осылай болады екен-ау» деп ойлағаны да басына сап еттi. Шəкiрдiң көкiрегiне бiрте-бiрте дендеп енген шындық – ершi шал сонда расымен-ақ өлген екен, тек кеш көмiлiптi.
Тек «сенi кiм көмедi» деп Сəметтiң таңырқауы бос болып шықты. Апиыншы шалдың өлiмiне ауыл-аймақтың аяғын сүйреткен кəрi-құртаңдары тегiс жиналды. Баяғыда қашып кеткен қызы сонау жер түбiнен қойылуына келе алмаса да, жетiсiне үлгерiп, күйеуi екеуi ырым етiп, шалдың моласына бiр-бiр уыс топырақ тастады. Қай жағдайда да қазақтың өлсек көмусiз қалармыз деп жылайтыны нағыз пақыршылық екен. Кеудеден жаны шыққан пенде жер бетiнде қала бермек емес, ерте ме, кеш пе бəрiбiр жүзiн топырақ бүркейдi. Қарға-құзғын жесе де солай. Қарға-құзғынның да өмiрi қанша ұзақ болғанмен мəңгiлiк емес қой. Тым құрмаса олардың тамағынан өтпес сүйек-саяғыңды жел үрлеп, шаң-тозаң басып, жер астына қарай тереңдете бередi.
Иə, адам көмусiз қалмайды.
Қайта не хикметтiң бəрi барлық пен байлыққа тiрелген күнде мейлi сен өмiр-бақи өз басыңды күйтте, ата-бабадан қалған, əрi болашаққа да жетер тозбас қасиет атаулыға тас лақтыр, не оны аяққа бас, тiрлiгiңде жүзiп жүрiп адам қанын iш, бəрiбiр уақыты келгенде жүзiңдi топырақ жасырады. Тiптi онымен қоймай осы жалғанның ендiгi хас əулиесiндей болып, басыңа зəулiм күмбез орнамасын де. «Естiмеген елде көп» деген сөз бiзге тегiн мирас етiлмеген ғой.
1980 жыл.