20.06.2022
98
«Бусырмандар» бұқтырып, Киевіңді...
«Бусырмандар» бұқтырып, Киевіңді,
Аласартты тым асқақ, биігіңді.
...Қарт Қонжықтың қолынан шықты билік,
Тартып жүрміз біз содан күйігіңді.
Вассалдарға қыз беріп иектетіп,
Көңіліңнің түбінен тиек кетіп.
Жасамақшы ең барлығын Дешті Қыпшақ,
Сіңді олардың қулығы сүйекке өтіп.
Бір қателік жібердің
Ғұмырлық шын,
Ақылшың кім?
Білмедің!
Кім ұрлықшың?
Әкең Артық қыз берді кәпірлерге,
Жақсыға да, жаманға....
Мұрындықсың.
Мемлекет күйреді Қыпшақ деген,
Жүрегімді
Ауыртты дық сап көнең.
Қобыланды батырды жоқтаймын да,
Қобыланды батырға
Ұқсап келем.
Шығады екен шындықтың
Түбінде үні,
Пісетұғын тарихты күбің міні...
Енді мың жыл өткен соң
Тағы біреу,
Отырмасын жазғырып,
Бүгінгіні.