20.06.2022
110
Тауды қара
Тауды қара
Мүлгіген тауды қара,
Тау – көңілім тау десе даурыға ма?
Шыңға шықпай өрмелеп,
Етегіңде,
Біз аралап жүріппіз бауды ғана.
Бауыры оның
Шыршамен көмкерілген,
Шұбар ала тастар көп төңкерілген.
Ақ қар жатыр басыңда
Түйсіз құздың,
«Орын берші балаңа,
Ең төріңнен!»
Сонда шығар нағыз жыр өлмейтұғын,
Сал-көңілім таппайды желдей тыным.
Кездесермін,
Жұмекен, Мұқаңдармен,
Шолпан жұлдыз солар ғой
Сөнбейтұғын.
...Тауды қара
Ақ шүлен тауды қара,
Тау – көңілім, тау десе даурыға ма?
Тау тұлпар ғой самғаған...
О, Тәңірім,
Мінгізе гөр тұрман сап,
Нар құлаға.