20.06.2022
112
Ғасыр, Ғасыр!
Ғасыр, Ғасыр!
Ит тірлікті сапырған,
Көкейіңде
Ұйып қалған жатыр қан.
Жүзжылдықта жанкештілік
Кештік біз,
Болды талай
Арыстандар ақырған.
Жинап жүрміз жақсылықты там-тұмдап,
Мейірімге
Өгейсінген халқым хат.
Озбырлығы талайлардың өлтірді,
Хайуандар –
Тақ мінгендер алтындап.
Келеді әрең,
Ілбіп басып шерлі елім,
Шапан етіп жамылыпты жөргегін.
Марқасқалар маңып кетті,
Мандымай,
Кісеннен соң дайын тұрды көр, кебін.
Жезтырнақтар салды аямай
Шеңгелін,
Тарттық соның залалының ең көбін.
«Кемелденген» кезімізді көрмек боп,
бекер босқа зая кетті
еңбегің.
Аянышты,
Қарап тұрсаң қайғылы,
Әлдекімнің асқақтайды
Айдыны.
Кәрі ғасыр
Таяққа тұр сүйеніп,
Жақын қалған тоқалының
Ай-күні.