ЖИДЕБАЙДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Жапан дала.
Жидебай – желі улеген,
...Тайсақтадым жұртыңа келуге мен.
Желең шапан үстіңде, шықтың сыртқа,
Бір сен үшін тіпті жат өлу деген.
Мәңгі-бақи тұрғыны Жидебайдың,
Таусылмады түзде – шер, үйде – қайғың.
«Өңшең қиқым» қазақты қосамын деп,
Жүрегіңді жаныштап, биледі-ай мұң.
Жынды дауыл жынданып, жінігеді,
Топан қысса, кімді кім біліп еді?
Саған тиген қамшының ащы ұшы кеп,
Осып түсер секілді түбі мені.
Сендік тағдыр жүректі қозғағасын:
Ел аузында, Ұлы Абай, сөз боласың.
Құшағында Ділдәнің – Данышпансың,
Тоғжанның жанында бозбаласың.
Ойың – құзарт.
Тамсанам: «Пай-пай алмас!»
Сен болмасаң бір қазақ айта да алмас.
«Өлең , сөздің – патшасы» деп кетіп ең,
Қара сөздің – Құдайы, қайталанбас.
Баласы едің тым балдыр Бақанастың,
Бұйымтайын қумадың аталастың.
Пайғамбарға айналдың құдіретті,
Түспейтұғын аузынан – аты Алаштың.
Ойлайтыны – қамы елдің, бар ұлының,
Шықпай кетті, ішіңде қамырығың.
...Мен де сендей аһ ұрған айла таппай,
Қайғы деген халықтың қара ұлымын.