20.06.2022
130
Ойжайлауым...
Ойжайлауым,
Құт мекенім,
Тұнығым,
Сені аңсаумен
Құрттады ғой жұлыным.
Тұмаларың қайнап шыққан, шіркін-ай,
Жырақта жүр сағынумен «шыбының».
Ой-һой, дәурен,
Атқа мінген қыл бұрау,
Біраз уақыт
Серілікті құрдым-ау.
Шерліліктің шілдесінде шыжыдым,
Көрден шыққан аруақтай
Түр мынау.
Сені ойласам –
Қарсы айрылар өзегім,
Ит тірліктің иттігінен беземін.
Қайда кетті балаң достар,
...құрбылар,
Шөлдеп келсең суын берген көженің.
Ойжайлауым –
Той жайлауым!
Қызық,
Құт,
Сәл өкініп,
Өткен күнге қызықтық.
Асау дөнен ұстатпайтын шылбырын,
Уақыт та тарпаң екен
Біз ұқтық.
Еске түссең, жүрек құрғыр шым етіп,
Жібереді көңіліңді жүдетіп.
Сүлеленген сұрықсыздау күй кештім,
Сағынышты көкірекке түнетіп.