Асық жатыр шашылып, алашада...
Асық жатыр шашылып, алашада,
Тірлік жалған, алтынға баласа да.
«Әттең» деумен өкіне күй кешеміз,
Ойымызбен уақыт санаса ма?
Жылдар, жылдар... сөккені
Іргемізді,
Жүргізер ме қайтадан бірге бізді?
Жетесіз бе, шаңқ етіп мұзбалақтай,
Бұзып-жарып құрсаулы түрмеңізді.
Бейнеңізді көруге
Асығамын,
Кездерің көп жабысқан басыңа мұң.
Анаң кетті сен жоқта келмесіне,
Жасымағын, жан аға, жасымағын.
Саған деген сезімі құба белде,
Ерік беріп, шабарсың Құлагерге.
Басасың ба мауқыңды біле алмадым,
Жеткізбес-ау дүние бірақ, ерге.
Сені күтіп көп жылдар сағынды ана,
Елестетіп, балалық шағыңды, аға.
Анаңыздың шалғайы тәрізденіп,
Бұлдырайды Далада сағым ғана.
Қарс айрылып жыларсың, көкірегің,
Мен де жоқтап әкемді
Өкіремін.
Баса алмады мауқымды
Еш дүние,
Өгейсініп өмірді кетіп едім.
Кісінеді сені іздеп құла құнан,
Қиқу кетпей елеңдеп, құлағынан.
Ұзақ күнге оттамай көп аңырып,
Жер тарпыды от шашып тұяғынан.
Бұл күндері нән айғыр азынаған,
Білінеді көзінен назы маған.
Құйрық-жалы қабадай жануардың,
Қалғаны осы ескілік қазынадан.
Бұрынғыдай далаңның қыраттары,
Жатыр сізді жабыла сұрап бәрі.
Қойшылар да дін аман ежелгідей,
Бастарынан түспеген тұмақтары.