20.06.2022
  89


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Егізтұма – жанарындай жамалдың...

Егізтұма – жанарындай жамалдың,
Сені көріп, қалың ойға қамалдым.
Кәдімгі көз секілдісің, жылаған,
Жоқтығынан тағдырға істер амалдың.
Мөлт-мөлт етіп, кәусар суың ығады,
Сені ұғынса – шерлі көңіл ұғады.
Айман-Шолпан тәріздісің,
Сарылып,
Таусылғаннан жылап жатқан шыдамы.
Мекеніне айналыпсың еліктің,
Одан басқа жұбатады келіп кім?
Анда-санда барушы едім басыңа,
Енді мүлде бара алмаймын – өлікпін.
Егізтұма – қос жанарсың кәдімгі,
Кешші мені, кеш ұғындым мәніңді.
Бала күнді тастап саған аттандым,
Қала бердің бұлғап, сағым шәліңді.
О, не деген керім едің, нәркес тым,
Өз қызығы бар еді ғой әр кештің.
Сағынамын мәңгі сені сағынам,
Оғына ұшып кеткенімше Дантестің.





Пікір жазу