20.06.2022
  99


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Аталардың жалғастырып...

Аталардың жалғастырып,
Арманын,
Алға басып,
Бара жатыр тармағың.
Әкелерім «Капиталды» жаттады...
Өкініштен шайнап отыр,
Бармағын.
Атам менің тек құранға
Иланды,
Сонда ғана құрылым бар иманды.
Социализм, коммунизм –
Сандырақ,
Коммунистер матростан жиналды.
Ал матрос –
Аш-жалаңаш бурлактар,
Аяз түссе су жиегі сырдақтар.
Жұмысшы тап көсемінен,
Күн сайын,
Қарша борап,
Қасқырларға тұрды ақпар.
Тексіздердің тентектігі теңдессіз,
Көтерілсе,
Жұрындарды жеңбессіз.
Партияның біз де оқыдық тарихын,
«5» алуға
ұмтылдым-ау, мен де ессіз.
Дегенмен де тиді маған
Шалығы,
Болып жүрдім сап алдында –
«тап» ұлы.
Қайдан білсін сәби көңіл,
Көп жайды,
Мен Қазақтың баласы екем – анығы.
Аталардың іске асса екен,
Аңсары,
Міне, міне!
Білінді енді таң сәрі.
Ұлы Қазақ Даласының түлегі,
Шаруаң бар басталмаған,
Қанша әлі!..





Пікір жазу