20.06.2022
  105


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

...Бейнеуі жоқ, қасынамын сидаға...

...Бейнеуі жоқ, қасынамын сидаға,
Әуем кетті, әулекіңді қинама.
Пәйтін таппай пәтшағарлық айланың,
Бір-ақ құлаш байланамын бұйдаға.
Қайың саудым, қарамықты қайнаттым,
Бірді-бірге жалғастырып, жайдақ тым –
Күн кешіппін,
Кеңсірікті қаңсытып,
Мен өлген соң туса көрім, әйбәт күн.
Пәлсапаңның теріс келіп ботасы,
Беу, дариға-ай, бір болмады
Опасы.
Ақмұрттанбас кедей-кепшік көн киген,
Тісі сынық бүтінделмес соқасы.
Қанжыға – бос: қабақ кейіс тартады,
Көкіректе тауқыметтің бар табы.
Шипың байтал мінген бала секілді,
Абыздықтан ажыраған қарт, әне!
Әйел үнді ерде болмас ар, айдын,
Мінбелерге сауал көзбен қараймын.
Халық – бор да, кісәпірлік – тас кілең,
Салтанаты
Асқақтайды сарайдың.
...Бейнеуі жоқ, қасынамын сидаға,
Шу сүйреткен тұсақтайсың, Ми Дала.
Пәйтін таппай пәтшағардың тұрсың ба?
Өзегіңді өртеп мастық күй...
Нала...





Пікір жазу