20.06.2022
  111


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Боқжамамды көтеріп бостым, лақтым...

Боқжамамды көтеріп бостым, лақтым,
Жалын жуды көз жасым қос құла аттың.
Сіреп түскен санама сары уайым,
Енді кімді басқадай дос қымақпын?
Сарыарқаны сабылып, сенделемін,
Қу дүние қаңбақтай дөңгеледің.
Басым қайда қалады?
Сол – дүдәмал,
Берсең берші, көрейін, жөндеп өлім.
Қос құланы кезектеп жетеледім,
Келе жатыр танытып көкеме мұң.
...Күпселенген күртікті күрт-күрт тарпып,
Іздеп қояд тұқылын бетегенің.
Сыр бермейді қос пырақ қабырғалы,
Әппақ түзде қанша күн мамырлады.
Сүйегіне қарысқан қос сәйгүлік,
Жүрсе қуат көрсетер, қарымды әлі.
Бірақ қайда?
Жағады пендеге кім?
Сенде де мін табылар, менде де мін.
...Бірін мініп, біреуін жетекке алып,
Көкжиекте көрінбес сенделемін.





Пікір жазу