20.06.2022
  118


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Хош бол енді, Қызылағаш...

Хош бол енді, Қызылағаш,
Аймағым,
Жегізіп ең ырыздықтын қаймағын.
Қала бердің насырыңды төктің де,
Сен қайдасың?
Ал мен болсам қайдамын?
Ұмытылған бір ауылсың, тастанды,
Адам ұқпас зеңгі-заман басталды.
Таңдық ақыл түске ас болып жарытпас,
Тіреп тұрған басшың да жоқ аспанды.
Деректірлер кетті ішіп-жеп, кіжінген,
Кеңсеңнің де маңдайшасы мүжілген.
Көжесінің қатығы жоқ, көп елдің,
Бас сұқпайды, үміт шіркін үзілген.
Тірнектейді әркім бөлек, тырбанып,
Жоғалады жылқы да ептеп, ұрланып.
Қанапия – қаңбақ шалда қауқар жоқ,
Сартабайды салатұғын бір барып.
Балалар жүр табандары тілініп,
Біреулер жүр әлденеге күбініп.
Ырдуаннан сәл қалқыңқы төбесі,
Барады әне Қанапия түңіліп.
Хош бол енді, Қызылағаш, кең өлкем,
Деп ойлаушы ем: «Ырыздыққа кенелтем».
Мына қыста тас көмір де жоқ шығар,
Ақмоладан бір состав қар жөнелтем.





Пікір жазу