20.06.2022
  99


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Қалғандай бір аз ғұмырым шілделік...

Қалғандай бір аз ғұмырым шілделік,
Жастық өтті.
Қалай өтті?
Білмедік!
Жесір әйел төбетіне нан тастап,
Қағатынбыз дарбазасын күнделік.
Екшемедік, көргенсізбен үйіктік,
Мұрат, мақсат болмады әсте биіктік.
Нәпсі деген айтылатын нәйіс сөз,
Енді ұялды табақтай бет күйіп, күп.
Қайран жылдар, қадіріңді білмегем,
Жас боп қалар көрініппін мүлде мен.
Ойсыратып опындырдың – не табам,
Бүлдіргені
Ағып кеткен шілдеден?
Жүйрік күндер апарады қайда алып?
Бүгінгіге соға алмаспын айналып.
Арбасының дөңгелегін суға сап,
Ертеңінде жол шегетін сайланып.
Әкем менің жайын білді арбаның,
Ісіндіріп, қаңсып қаған шарбағын.
Содан кейін көк атына жегетін,
Қумақ болып, жеткізбеген арманын.
Күн кешіппін күн білтелеп, алданып,
О дүниеде Әкем жатыр шамданып.
Ақ қайыңды бөгде әйелдей құшақтап,
Әлпетіне сұқ қадаймын таңданып.
Үмітіңді ақтамаппын,
Саппаспын,
Енді маған шамдал-шырақ жақпас күн.
Жастық өтті нан тастаумен көп итке,
Іздесем де қайтып сені таппаспын.





Пікір жазу