20.06.2022
  112


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Қанжілік боп қалжырадым...

Қанжілік боп қалжырадым...
Қасаңмын,
Шаң қапқаны жерге тимес шашамның.
Неткен сонша шетін едім,
Шерменде,
Қара бұлтын алып кетер қашан мұң?
Көріп жүрмін өзек түсіп,
Шырғалаң,
Бедірейіп қарсы алдымда тұр ғалам.
Адағайлап қуып жетті
Албастым,
Кездерім жоқ «сыбағамнан» құр қаған.
Болып аппын қарап тұрсам –
Жаңғалақ,
Бір кездері мінуші едім таңдап ат.
Серілігім бұл өмірде бейбаян,
Жоғалыпты,
Маңдайға әжім таңбалап.
Кімдер маған қол жетпесті
Әпермек?
«Ол туралы ойлау тіпті – қатер» деп,
Бір жолдасым тұра қашты
Содан соң,
Көп нәрсені қойдым іштей
Қаперлеп.
Жаман оймен салаға сап,
Талдадым,
Қаракетке қара қанжар қамдадым.
...Салмадағы кептірілген етке ұқсап,
Ақырында шықты менің
Дал-далым...





Пікір жазу