20.06.2022
  188


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Сен де жынды, мен де ақымақ екенмін...

Сен де жынды, мен де ақымақ екенмін,
Сөзін тыңдап, иланамыз бөтеннің.
Ал еркектің еректігі болмай ма?
Қиналтады жетпегені жетеңнің.
Алыстадым, аулақ салам іргемді,
Қатар жүру қиын соғар бірге енді.
Тастап шықтым қиналсам да қия алмай,
Сен орнатқан салтанатты түрмеңді.
Жол таба алмай түтігемін басқадай,
Соңым – мәнсіз...
Сүрлеу жатыр таспадай.
Екеуміз де ғашық едік, гөзәлім,
Ойлай-ойлай сабырымның қашқаны-ай.
Соның бәрі қайда қалды?
Адастым,
Мықтылары маңып кеткен алаштың.
Мені де әлсіз шақырады жол алыс,
Болашақты бір безбендеп бал аштым.
Сен ақылды, мен ақымақ ерек тым,
Сұлулығы сенде бар ғой теректің.
Сұмыраймын өзің жиі айтатын,
Қудың мені, енді кімге керекпін?





Пікір жазу