Перідей сұлу періште пешенемдегі...
Перідей сұлу періште пешенемдегі,
Сен тіккен отау – жұмақтай, кесел енбеді.
Еміздіктетіп сезімді ессіздендірдің,
Махаббат – шарап меймілдеп, еселенбеді.
Жатырсың менен хабарсыз, жарығым, қашық,
Уайым уды жұтамыз, арыдық ашып.
Маңдайың жарық, жылтырар күміс кекілің,
Сағынышымның сарқылмас сарығын басып.
Жарылқай қояр жалғанда тәңірі кімді?
Хикметтеріне жетелер қарымы мыңды.
Тірлікті кешіп жатырмыз күн жұбатумен,
Жалғыздығым-ақ түтетті қаңырығымды.
Зәумен бір келсең, не етемін?
Жарыламын ба?
Қабырға сөккен құсадан арыламын ба?
Арман ғой бәрі, қиялым – қысырақ үйір,
Жеткізбей қойдың, жалған-ай, тары бағыңа.
Сатқа ұрғандай-ақ жүдедім, тұңғиық батып,
Мазасыз ойлар жүрген жоқ түнде ұйықтатып.
Середек иттей сенделем із кесіп таңға,
...Отырсаң, ботам, тіліңді жымиып қатып.