19.06.2022
329
Бауыры бүтін пенде жоқ бүгін, жарқыным....
Бауыры бүтін пенде жоқ бүгін, жарқыным,
Самғашы биік, үдесін бәсең қарқының.
Күйгенмен аузың алғашқы ащы дәмдерден,
Үгіле берме, тәттісі шығар артының.
Сор болып біткен кер тартып жүр ме кежегең?
Кім екен сенің жолыңды кесіп, тежеген.
Мұңлылау көзің ой тастап маған қарайды,
Жымия қалсаң, жаным-ау, соның – өзі өлең.
Күлкіңде шаттық дертіме менің дару бар,
Тұп-тұнық қалпы тап-таза қардай қалуда ар.
Сұлусың неткен, періште ме едің жоқ әлде?
Тең келмес саған жаһанда небір арулар.