19.06.2022
96
Сен бе едің мені айырып тастар ырқымнан...
Сен бе едің мені айырып тастар ырқымнан,
Ғашық боп қалдым – көрдім де бірден сыртыңнан.
Ішімде дауыл, жарқылдап жатыр нажағай,
Тұнжырап жүрмін, білмессің әсте шырқымнан.
Бүлдіршін кейпің сезімді алды тұмшалап,
Мүсәпір күйге түспеп ем бұрын мұнша нақ.
Жолықпай кеткен бір бейне ме едің мәңгілік?
Күнелтіп жүрмін, жете алмай саған күн санап.
Көрсем де жиі, жаныңа жақын бара алман,
Тілдесу ғана сенімен жеке – бар арман.
Табысып кетсек дәл мұндай ыстық болмас шын,
Махаббат өзі сағыныштардан жаралған.