19.06.2022
  101


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Қаншама сені жылаттым, мұңға бөледім....

Қаншама сені жылаттым, мұңға бөледім,
Айтқанға көнбей алжасып, сұмға келемін.
Тілін емізіп алдайды жалмауыз кемпір,
Тіредім талай тұмсығын құмға кеменің.
Жасыңды төгіп айтқанда тыңдамап едім,
«Қош бол» деп саған қолымды бұлғамап едім.
Періштем, тағы жолымнан шықпағаныңда,
Құрдымға батып, бір жола тынған-ақ едім.
Бір күндік думан қайдан да табылады әлі,
Бекем болмасаң сайтандар сабылады әні.
Бағзы заманғы гректің аңыздарындай,
Кеш білдім қу қар дуамен жадылағаны.
Құдайдың ісі, тәлеймен таласпағамын,
Керек-ақ енді шатасып, адаспағаным.
Періштем менің, пәктіктің тәңірі тектес,
Кіршіксіз әппақ арыңмен аласталамын.





Пікір жазу