19.06.2022
228

Ақ орамал, ақ жүзің – тым-ақ әсем...
Ақ орамал, ақ жүзің – тым-ақ әсем,
Шыға келдің бөкендей бұлана сен.
Көрер көзге тап салар бөлек бітім,
Періштедей болмасаң, ұнамас ең.
Ашаң бойың, нәзіктік тұлғаң тұнған,
Сағымдайсың маң дала, құмға ұмтылған.
Камзолыңның кеудесі қаз омырау –
Сұлулық қой...
Ынтықтым бұлдан, тұлдан.
Кереметің – көзіңде сәл нілденген,
Қарап тұрып мүдуар жан гүлденген.
Қарашығың жалт етті найзағайдай,
Ес-тұсымнан айрылдым әлгіңнен мен.
Кеттің сіңіп бірдемде самалға, айнам,
Бола қойсын сол шақта амал қайдан?
Талған көңіл қалғаны талғажау ғып,
Жетпейді екен тағдырға шамам, қайлам.