19.06.2022
  156


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Күнәһар қу ұсталды қолы қанды...

Күнәһар қу ұсталды қолы қанды,
Ұрлық – мансап, кәсіп қып соны мәңгі.
Ат жалында жүреді түн жамылып,
Әбден әккі сырқынды болып алды.
Құлғанадай қоймайды аңдығанын,
Ей, жылқышы, жанға қас – қалғығаның.
Ымырт жайлап келеді бір қарақшы,
Нысана етіп жусаған малды қалың...
Ірге күш те көрсетпей қапы қалдың,
Жер дөңбекшіп шарасыз ақыладың.
Ию-қию шұрқырап қалың жылқы,
Аспан асты, жер үсті шатынадың.
«Аттандады» бәз біреу барқыраған,
Деді ме екен: «жылқымды тартып алам».
Шүйдесінен тиді де дүмді сойыл,
Кеудесінен үн шықты қорқыраған.
Жылқы кетті дүркіреп – жаудың малы,
Жоғалғандай жайлаудың, таудың мәні.
Тұл жамылып талай ат белдеулерде,
Бір-ақ күнде мәңгіріп қалдың, әне.
Қызығы да көшкендей, думаны да,
Жоқтау айтты азалы үй туғанына.
Жеткізбеді бәрібір жырынды қу,
Жабыла кеп жамиғат қуғанына.
Бұл – бір емес, қаншама зар илетті,
Теріс азу немеге әр үй кекті.
Тұтқындалды зәумен кеп зәндеміңіз,
Көрген көздер бірден-ақ тани кетті.
Мойындамай ешбірін тана берді,
Құдай шебер саспайтын сана берді.
Ант-су ішіп қарғанды кәдімгідей,
Бақырайтып тайынбай манағы елді.
«Қара күмән! – деді бір
шал шапанды,
– Имансыз ит жылқымды алса, танды.
Көр қазыңдар, өтеді үстіменен,
Құран ұстап,
Жығылып қалса – қалды».
Қорымға әкеп көр қазды лақаттаған,
Таппайды екен барқадар бата аттаған.
Құран ұстап, нан ұстап тақтайменен,
Өте бере құлады шатақ, надан.
Со бетінде кесекпен төпеледі,
Тірліктегі қылығы төтен еді.
Шығарылды қарғыспен жаназасы,
...Көп өкініш қайткенде өтеледі?
Ой мұхитқа жетелеп мың апарды,
Жауға бөгіп тұрғандай жыра таңғы.
«Қара күмән» бізге де тым-ақ қажет,
Жерлеу үшін бір жола күнәһарды.





Пікір жазу