Саңмүйіздердің қалтасы бопыр ақшалар...
Саңмүйіздердің қалтасы бопыр ақшалар,
Бояуы керім, алыстан соқыр-ақ шалар.
Ұмытты мүлде туғаным – барлықтың буы,
Көз жұмсам оқыс – сәл жоқтап, топырақ салар.
Осыны толқып ойладым, ілбіген қалпы,
Білетін едім жақсырақ кімді мен жалпы?
«Жібек жолының» бойында ұйлығысады...
Барақы даудай күздегі жүнжіген халқы.
Ырқылдап күлер қоттанып, ырғынға батқан,
Сөлбеңдеп жүрер қауқарсыз құрдымға батқан.
Жауыр мен жауыр табысар «Жібек жолы» ғой,
Атысқан көз бен тұратын қырғи-қабақтан.
Қоғамның кейпі – осында.
Ындыны жаман,
Қоймайды екен-ау, ұғындым, құндыны заман.
Депутат сайлап алды анық үйірлі қасқыр –
Кәрі төбетін.
Мақтады жындыны жалаң.
Жолықты жолай дәруіш алақан жайып,
Монтаны жүзі, қорғансыз «балапандай» ұқ.
Көк тиын жоқ қой жанымда ұстата салар,
Осылар түбі, аңдасаң – алатын байып.
«Жібек жолында» обырлар андыздап шапқан,
Бірішек көкжал жолығар жалғыздап шапқан.
Тапа-тал түсте жоғалды осында кісі,
Көз жазып қалдық қапыда сан қызғалдақтан,
Ішіне сіңдім нөпірдің әлгі неше мың,
Нарық-ай, нарық! Дәуірің мәңгі ме сенің?
Бір күні мен де абайсыз, оқпаны сұмдық –
Құрбаны болып кетем бе қанды көшенің?