ТАМШЫБҰЛАҚ
Диптих
I
Тамшыбұлақ – мөп-мөлдір...
Сарқылмаған,
Шашылады сан моншақ жарқылдаған.
Кәусарлықты тек сенен табам келіп,
Айырықша көл-көсір – нарқың маған.
Тудырасың кіл сезім көргенде елге,
Қиялыммен әр нәрсе өргем мен де.
Жыладың-ау, Жер-Ана, ағыл-тегіл,
Баян қыздың жүрегі жерленгенде.
Содан бері көз жасың тиылмаған,
Барып, байқап тұрамын күйіңді әман.
Жанарыңда нала-мұң, бағдарласам,
Соны көру, түсінші, қиын маған.
Кете қоймас көңілдің қара дағы,
Ащы тірлік жаныңды жаралады.
Нәркес көздің жасы артты бір-ақ күнде,
Кеткен кезде мәңгілік Сара дағы.
...Тайынбай-ақ! Дәл осы бетіңде сен,
Жетілмес ең, егерде кетілмесең.
Тамшыбұлақ құралдың көп жақұттан,
Бір тамшың боп үзілсем – өкінбес ем.
II
Тамшыбұлақ – мұң көрем меймілдеген,
Жылап та алам жағаңда кей күнде мен.
Фатиманың көз жасы бар-ау мұнда,
Қараңдаршы, халайық, ей, білмеген.
Сезімісің – сұлудың,
Ұғынғанға,
Тұнжырайсың селт етпей, мұңың – бал ма?
Кәусар неткен тамшылар үзік-үзік,
Шимай-шимай дем бердің шыбын жанға.
Қарай бердім жанарды шылап шыққа,
Толған екен байланған бұлақ шытқа.
Естіп қалдым үнін де Ілиястың,
Тамшыбұлақ, өтінем, жылап шықпа.
Қайыстырып барасың қабырғамды,
Тірлігіңде кім ұғар қадір-халді?
...Тамшыбұлақ – көз жасың сенің ғана,
Содан кейін томпайып, қабір қалды.
Талаурағам, қос шекем шыңылдаған,
Сен ұғындың, түсінбес мұңымды адам.
...Әрбір тамшы бір тағдыр ағып түскен,
Дәлелдедің тірліктің құнын маған.