АЙНАБҰЛАҚ
Жер жәнаті мөп-мөлдір Айнабұлақ,
Ғашық болған өзіңе Ай да құлап.
Отыратын сыра ішіп Жұмекен мен
Мұқағали,
Алаңсыз жайланып ап.
Сыбдыр-сыбдыр теректер мұңын шағар,
Қиял жүйрік кеудеде құлынша ағар.
Қос ақиық сезімге шарпылады,
Жүрегінде бүр ашқан гүлін санар.
Долы тасқын өзегін жарып шығып,
Әл береді бір сәтке қарықса үміт.
Дүр сілкініп, жадырап қалары анық,
Басса дағы иығын кәріпшілік.
Қоздырады жыр-пері делебесін,
«Жадылайды» иектеп, өлең есін.
Қос ақын да айналар Алатауға,
Кеңге жайып сол замат керегесін.
Теңесер кім жалғанда ақшүленмен,
Амал қанша жаман да, жақсы да өлген.
Алатаудың қос бірдей серігі еді,
Кеткені ме алыстап қап, шын елден?
Шарпысатын сезімнің майданы ұнап,
Саған келген қос алып сайланып ап.
Сондықтан ба жырлары мөп-мөлдір боп,
Сарқырайды өзіңдей, Айнабұлақ.
Әділдікті жақтайтын қайда қуат?
Қуып жүр ғой кейбіреу пайданы уақ.
...Армандары жататын сайда құлап,
Шын ақынның басында қайдағы бақ?..