19.06.2022
  181


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Құрдасы бар әкемнің үзеңгілес...

Құрдасы бар әкемнің үзеңгілес,
Араладым соны іздеп, күземді бес.
Балағаттап кетуші ем, балалық-ай,
Артықтау ғой. Білмеймін, түзелді ме ес?
Жоқ-жітікке арсыз күн қарамады-ай,
Жақсы менен жаманды сараламай.
...Байқап қалып қуандым Қанекеңнің,
Басындағы қалпағын дағарадай.
Алшаң басып жүрер ед еркек тегі,
Ашық айтам, ұлындай ерке еткелі.
Емпең-емпең жүрісін көрдім-дағы,
Қаңбақ шалға ұқсаттым ертектегі.
Кеткені ме соңғы кез шалдығы асып?
Тәтті қиял әп-сәтте қалды басып.
Ойнақшытып көздерін қуланатын,
Әкемменен қалжыңы таңға ұласып.
Бойы қапты бір тұтам бәкенедей,
Көрсе бізді кетпейді мәпелемей.
Қанапия – әкемнің жан құрдасы,
Тәріздісің бұл күні – «әкем өгей».
Күйін күйттеп кетпеді өз басының,
Азаматтық парасат – тозбас ұғым.
...Дарияға ұласар болашақта,
Құрдасыңның бір тамшы көз жасымын.





Пікір жазу